"Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Шетелдік инвесторлар кеңесін құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 шілдедегі № 603 Жарлығы

                                    Қазақстан Республикасы Президенті
                                    мен Үкіметі актілерінің жинағында
                                            жариялануға тиіс       

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Шетелдік инвесторлар кеңесін құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 18, 156-құжат; 2000 ж., № 17, 168-құжат; 2003 ж., № 45, 486-құжат; 2007 ж., № 14, 160-құжат; 2011 ж., № 30, 366-құжат; 2012 ж. № 10, 189-құжат; № 36, 476-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі туралы ереже осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                          Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2013 жылғы 24 шілдедегі
№ 603 Жарлығына   
ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
1998 жылғы 30 маусымдағы
№ 3985 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік
инвесторлар кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Шетелдік инвесторлар кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Кеңес қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.
      3. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар комитеті Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі - Кеңестің жұмыс органы) болып табылады.

2. Кеңестің негізгі міндеттері

      5. Кеңестің негізгі міндеті:
      Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау;
      Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;
      Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;
      Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіптік секторын индустрияландыруға, шағын және орта бизнесін дамытуға шетелдік компаниялардың жәрдемдесуі;
      Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау;
      Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту стратегиясы;
      Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар ірі инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Кеңестің құрамы

      6. Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.
      7. Лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі және Кеңестің жұмыс органының бірінші басшысы Кеңестің тұрақты мүшелері болып табылады.
      8. Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де лауазымды адамдары кіре алады.
      9. Кеңестің шетелдік тараптан құрамы осы Ережеде айқындалған тәртіппен халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарының (бұдан әрі - халықаралық ұйымдар) өкілдері, шетелдік компаниялардың бірінші басшылары немесе олардың орынбасарлары (бұдан әрі - Кеңестің шетелдік мүшелері) қатарынан құрылады.
      10. Кеңестің өзіне жүктелген міндеттерін тиімді орындауына жәрдемдесу мақсатында Кеңестің операциялық қызметі жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылады.
      11. Кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

4. Кеңеске мүшелікке өтінімдер беру және қарау тәртібі

      12. Кеңестің құрамына қабылдану үшін халықаралық ұйымдардың, шетелдік компаниялардың өкілдері (бұдан әрі — үміткерлер) жұмыс органына осы Ережеге қосымшада белгіленген нысан бойынша өтінім береді.
      13. Халықаралық ұйымдардың және шетелдік компаниялардың, олар ұсынған үміткерлердің Қазақстан Республикасының экономикасына жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істейтін инвесторлар үшін кемінде 500 миллион АҚШ долларына және экономиканың өзге де секторларындағы  инвесторлар үшін кемінде 125 миллион АҚШ долларына баламалы сомада тікелей инвестициялар салуы Кеңестің мүшелігіне қабылдану үшін негізгі өлшем болып табылады.
      Қазақстан Республикасының экономикасында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және инвестициялық процестерді жандандыру жөніндегі жұмысқа белсенді қатысатын халықаралық және өзге де ұйымдардың, банктердің өкілдері де Кеңестің мүшелері бола алады.
      14. Кеңестің мүшелігіне қабылдау туралы өтінімдерді қарау кезінде, сонымен қатар:
      1) Кеңестің жұмыс топтарының қызметіне байқаушы мәртебесінде қатысуы;
      2) халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның тәжірибесі мен іскерлік беделі;
      3) Қазақстан Республикасының экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту үшін халықаралық ұйым немесе шетелдік компания қызметінің маңыздылығы;
      4) Қазақстан Республикасының әлеуметтік міндеттерін және экологиялық сипаттағы міндеттерін шешуге қатысуы, Қазақстан Республикасының аумағындағы демеушілік және қайырымдылық қызметі;
      5) Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметті стратегиялық кеңейтуге әзірлігі;
      6) шет елдерде Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін арттыру жөніндегі жұмысқа қатысуы;
      7) Қазақстан Республикасында тіркелген өнеркәсіптік және іскерлік қауымдастықтардың, мемлекеттер елшіліктерінің ұсынымдары;
      8) Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының басым салаларындағы халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның қызметі ескеріледі.
      15. Жұмыс органы өтінімдерді олардың келіп түсу кезектілігі тәртібімен қарайды және олар осы Ереженің 13 және 14-тармақтарында белгіленген өлшемдерге сай келген жағдайда, Комиссияның қарауына шығарылады.
      16. Егер Кеңестің жұмыс органының ұсынымына сәйкес үміткер осы Ереженің 13 және 14-тармақтарында белгіленген өлшемдерді қанағаттандырмаған, бірақ оларды орындауға әлеуеті мен ниеті бар болған жағдайда, үміткердің өтінімі байқаушылар құрамына қосу үшін Комиссияның қарауына енгізілуі мүмкін.
      17. Комиссия шешімі оң болған жағдайда, үміткер Кеңестің құрамына енгізу үшін Кеңестің төрағасына ұсынылады немесе Кеңестің байқаушылар құрамына енгізіледі.

5. Кеңестің операциялық қызметі жөніндегі комиссия

      18. Кеңеске жүктелген міндеттерді тиімді орындауға жәрдемдесу Комиссияның негізгі міндеті болып табылады. Комиссияның құрамы Кеңестің жұмыс органының ұсынысы және Комиссия құрамына қосылуға үміткерлердің барлығының келісімі бойынша Комиссия төрағасының шешімімен бекітіледі.
      19. Комиссия қазақстандық тараптан алты өкілден және шетелдік тараптан алты өкілден тұрады.
      Қазақстандық тараптан лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары (Комиссия төрағасы), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі, Кеңестің жұмыс органының бірінші басшысы (Комиссия хатшысы) Комиссия мүшелері болып табылады.
      20. Комиссия отырыстары жылына екі реттен жиі өткізілмейді. Комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      21. Комиссия Қазақстан Республикасының Президентіне Кеңестің шетелдік тараптан құрамы, Кеңес қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар тұжырымдайды, осы Ереженің 6-тарауында айқындалған тәртіппен Кеңес байқаушыларының, Кеңестің жұмыс тобының қазақстандық және шетелдік тараптарынан құрамдарын, Кеңес отырыстарын дайындау және өткізу тәртібін, жылдық жұмыс жоспарларын, Кеңестің жұмыс топтары туралы есептерді және ережелерді бекітеді, жұмыс топтарының тиімділігін, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің және Кеңес мақсаттары үшін оларға тиісті компаниялардың жұмыс топтары қызметін бағалауды жүзеге асырады, бірыңғай ұсынымдар тізбесіне (бұдан әрі - бірыңғай ұсынымдар тізбесі) ресімделетін Кеңестің жұмыс тобы әзірлейтін Кеңеске ұсынымдарды келіседі.

6. Байқаушылар

      22. Байқаушылар Кеңестің мүшелері болып табылмайды.
      23. Байқаушылардың құрамы Комиссияның шешімімен бекітіледі.
      24. Байқаушылар Кеңестің аралық және жалпы отырыстарына қатыса алады, сондай-ақ жұмыс органымен келісім бойынша баяндама жасай алады.
      25. Байқаушылар Кеңестің кемінде бір жұмыс тобының жұмысына белсенді қатысуға, Қазақстан Республикасының жағымды инвестициялық ахуалын қалыптастыруға және беделін жақсартуға үлес қосуы тиіс.

7. Кеңестің шетелдік мүшелерін шығару немесе ауыстыру тәртібі
және Кеңес құрамынан шетелдік мүшені шығару үшін негіздемелер

      26. Кеңестің шетелдік мүшелерін шығару немесе ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде мыналар назарға алынады:
      1) Кеңестің жалпы отырыстарына Кеңестің шетелдік мүшелерінің өздерінің қатысуы;
      2) Кеңестің шетелдік мүшелері тұрақты өкілдерінің Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының қызметіне өздерінің және белсенді түрде қатысуы;
      3) Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы;
      4) Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасы экономикасының дамуына, бірінші кезекте Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыру жөніндегі шараларды іске асыруға қатысуы.
      27. Шетелдік мүшені Кеңестің құрамынан шығару үшін:
      1) Кеңестің шетелдік мүшесінің Кеңестегі өз қызметін тоқтату туралы жазбаша өтініші;
      2) өкілі Кеңестің шетелдік мүшесі болып табылатын халықаралық
ұйымның немесе шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы
инвестициялық қызметін тоқтатуы.
      28. Шетелдік мүшені Кеңестің құрамынан шығару үшін Комиссияның ұсынымдары да негіздеме болуы мүмкін.

8. Кеңестің бірлескен жұмыс топтары

      29. Кеңеске Кеңестің жалпы отырыстарының хаттамалық тапсырмаларын орындау, инвестициялық саясатты жетілдіру, Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсарту, жергілікті қамтуды дамыту, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы мәселелеріне және Қазақстанға инвестицияларды жүзеге асыратын компаниялардың операциялық қызметі мәселелеріне шетелдік инвесторлардың жәрдемдесуі бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар жасау мақсатында Комиссияның шешімдерімен Кеңестің жұмыс топтары құрылуы мүмкін.
      30. Барлығы Кеңестің 4-тен аспайтын жұмыс тобы құрылуы мүмкін.
      31. Жұмыс топтары туралы ережелерді, Кеңестің бірлескен жұмыс
топтарының қазақстандық және шетелдік тараптардан құрамдарын, жылдық
жұмыс жоспарларын және есептерін Комиссия бекітеді.
      32. Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының қызметіне жалпы
басшылықты Комиссияның жұмыс топтарының құрамдары шеңберінде
Комиссия бекітетін қазақстандық және шетелдік тараптардан тең төрағалар жүзеге асырады.
      Осы жұмыс тобының қызметімен байланысты мәселелерге жетекшілік ететін министрлік басшысының орынбасарынан төмен емес деңгейдегі лауазымды адам бірлескен жұмыс тобының қазақстандық тараптан тең төрағасы бола алады.
      Басшыларының бірі Кеңестің мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның қазақстандық өкілдігінің басшысы немесе осы басшылықтың басқа лауазымды адамы бірлескен жұмыс тобының шетелдік тараптан тең төрағасы бола алады.
      33. Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының құрамдарына Қазақстан
Республикасының мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, бірлескен кәсіпорындардың, қазақстандық және шетелдік компаниялардың өкілдері кіруі мүмкін.
      34. Жұмыс топтары Кеңеске бірыңғай тізбе түрінде ресімделетін
ұсынымдар тұжырымдайды, олар алдын ала Кеңестің аралық отырыстарында
талқыланады, Комиссиямен келісіледі, қаралады және Кеңестің жалпы
отырыстарының хаттамаларымен бекітіледі.
      35. Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының жұмысына қатысу ауыстыру құқығынсыз жүргізіледі.

9. Кеңестің жұмыс тәртібі

      36. Кеңестің жалпы отырыстары жылына кемінде бір рет өткізіледі.
      37. Жалпы отырыстың негізгі тақырыбын, өткізілетін күні мен орнын Кеңес төрағасы айқындайды.
      38. Жалпы отырыстардың күн тәртібіне негізі тақырыптан басқа 2 тұрақты мәселе енгізіледі:
      1) Кеңестің алдыңғы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмаларын орындау туралы есеп;
      2) Кеңестің жұмыс топтарының жыл бойы Қазақстан Республикасында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатындағы инвестициялық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуына шетелдік инвесторлардың жәрдемдесуі және шетелдік инвесторлардың операциялық қызметі мәселесі бойынша жасаған ұсынымдары туралы қорытынды баяндама.
      39. Кеңестің жалпы отырыстары Кеңес мүшелерінің жалпы санының
кемінде үштен екісі қатысқанда заңды болып табылады.
      40. Кеңестің жалпы отырыстары арасындағы кезеңде Қазақстан
Республикасының Премьер-Министрінің төрағалығымен Кеңестің аралық
отырыстары өткізіледі.
      41. Кеңестің аралық отырысына Кеңестің мүшелері және байқаушылары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының басшылары, Кеңестің жұмыс топтарының тең төрағалары, сондай-ақ Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілдері қатыса алады.
      42. Кеңестің аралық отырыстарында Кеңестің соңғы жалпы отырысының хаттамалық шешімдерін орындаудың алдын ала нәтижелері, шетелдік инвесторлардың ағымдағы проблемалары, Кеңестің жұмыс топтары жасаған ұсынымдар талқыланады.
      43. Кеңестің жұмыс топтарының тең төрағалары аталған ұсынымдарды мәлімдейді және талқылау қорытындысы бойынша Кеңестің аралық отырысының хаттамасын және Кеңестің кезекті жалпы отырысының қарауына енгізілетін ұсынымдардың бірыңғай тізбесін дайындауда ескеріледі.
      44. Қажет болған жағдайда Кеңестің жалпы және аралық отырыстарына Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен шетелдік компаниялардың Кеңес құрамына енбейтін өкілдері шақырылуы мүмкін.
      45. Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының қорытындылары
бойынша қабылданған шешімдер бекітілетін бірыңғай ұсынымдар тізбесі қоса беріле отырып, хаттамамен ресімделеді.
      46. Кеңестің жұмыс органы Кеңестің жалпы отырысы өткізілген күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген Кеңестің жалпы отырысы хаттамасының жобасын енгізеді, оған аталған хаттамамен бекітілетін ұсынымдардың бірыңғай тізбесі қоса беріледі.
      47. Кеңестің жұмыс органы Кеңестің аралық және жалпы отырыстарының хаттамалары мен олардың қосымшаларын отырыс қатысушыларына оған қол қойылған кезден бастап бір ай мерзімде таратуды қамтамасыз етеді.

10. Кеңестің жұмыс органы

      48. Кеңестің жұмыс органы мынадай функцияларды орындайды:
      1) Кеңестің, Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының және Комиссияның құрамы бойынша ұсынымдар дайындау және Комиссияның қарауына енгізу;
      2) Кеңестің жалпы және аралық отырыстарын ұйымдастыру және өткізу;
      3) бірлескен жұмыс топтарының қызметін үйлестіру;
      4) Кеңестің, оның бірлескен жұмыс топтарының және Комиссияның
хаттамалық шешімдерін орындау мониторингін жүргізу.

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
1998 жылғы 30 маусымдағы
№ 3985 Жарлығымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасы   
Президентінің        
жанындағы Шетелдік инвесторлар
кеңесі туралы ережеге   
ҚОСЫМША           

Кеңеске мүшелікке қабылдау үшін
ӨТІНІМ

      1. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның атауы:
____________________________________________________________________,
      2. Почта мекенжайы: __________________________________________,
      3. Шыққан елі: _______________________________________________,
      4. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның қызметіне жалпы
сипаттама (қызмет саласы, іскерлік беделі).
      5. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның Қазақстанда
инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуы туралы ақпарат.
      6. Қазақстан Республикасының экономикасына салынған тікелей
инвестициялардың көлемі.
      7. Қазақстан аумағындағы жиынтық айналым, өндіріс көлемі.
      8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетіне халықаралық
ұйымның/шетелдік компанияның қызметінен түсетін түсімдер.
      9. Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының қызметіне қатысу.
      10. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның Қазақстан
Республикасының әлеуметтік міндеттерін және экологиялық сипаттағы
міндеттерін шешуге қатысуы, Қазақстан Республикасының аумағындағы
демеушілік және қайырымдылық қызмет.
      11. Қазақстандық қызметкерлердің саны және олардың біліктілігін
арттыру жөніндегі іс-шаралар.
      12. Шет елдерде Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін
арттыру жөніндегі іс-шараларға қатысуы туралы ақпарат.
      13. Үміткердің Т.А.Ә.: _____________________________________.
      14. Лауазымы:_______________________________________________.
      15. Кәсіптік қызметі:_______________________________________
      ____________________________________________________________
      ____________________________________________________________
      ____________________________________________________________.
      16. Халықаралық ұйымда/шетелдік компанияда жұмыс істеу
мерзімі:__________________________________________________________.
      17. Қоса беріліп отырған құжаттар (Қазақстан Республикасы
мемлекеттік басқару органдарының, Қазақстан Республикасында
аккредиттелген өнеркәсіптік және іскерлік қауымдастықтардың,
мемлекеттер елшіліктерінің ұсынымхаттары):________________________.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады