Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Беларусь Республикасының аумағында және Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 қазандағы № 661 Жарлығы

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс       

      Екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, олардың азаматтарының жол жүруін құқықтық реттеу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Беларусь  Республикасының аумағында және Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет  Нұрмұханбетұлы Қасымовқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Беларусь Республикасының аумағында және Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2013 жылғы 3 қазандағы
№ 661 Жарлығымен  
МАҚҰЛДАНҒАН    

Жоба

Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы
арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының
Беларусь Республикасының аумағында және
Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан
Республикасының аумағында болу тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы
      Тараптар арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, олардың азаматтарының жол жүруін құқықтық реттеу мақсатында,
      1996 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      бір Тарап азаматтарының екінші Тараптың аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Екінші Тараптың аумағында уақытша болатын бір Тараптың азаматтары болатын Тараптың құзыретті органдарында олар кірген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде тіркелу (болатын жері бойынша есепке қою) міндетінен босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақытша болу мерзімі болатын Тараптың аумағына кіру кезінде қойылған шекара қызметі органдарының белгісі бар көші-қон картасымен расталған бір Тарап азаматының екінші Тараптың аумағына кірген күнінен бастап есептеледі.
      Бір Тараптың азаматы екінші Тараптың аумағында 30 күннен артық болған жағдайда, аталған азамат болатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдарында тіркелуге (болатын жері бойынша есепке тұруға) міндетті.

2-бап

      Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында болған кезеңде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, болатын Тараптың заңнамасын сақтауға міндетті.

3-бап

      Бір Тараптың азаматтары мынадай жарамды құжаттар бойынша халықаралық өткізу пункттері арқылы екінші Тараптың аумағына кіреді (шығады):
      Қазақстан Республикасы үшін:
      Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      Қазақстан Республикасы азаматының дипломаттық паспорты;
      Қазақстан Республикасы азаматының қызметтік паспорты;
      Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігі;
      қайтып оралуға арналған куәлік (тек қана Қазақстан Республикасына қайтып оралу үшін);
      Беларусь Республикасы үшін:
      Беларусь Республикасы азаматының паспорты;
      Беларусь Республикасы азаматының қызметтік паспорты;
      Беларусь Республикасы азаматының дипломаттық паспорты;
      Беларусь Республикасы теңізшісінің ұлттық жеке куәлігі;
      Беларусь Республикасына қайтып оралуға арналған куәлік (тек қана Беларусь Республикасына қайтып оралу үшін).

4-бап

      1. Тараптар осы Келісімді қолдану мақсатында оған қол қойылған күннен бастап 30 күн мерзімде осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген құжаттардың үлгілерін дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
      2. Тараптар осы Келісімінің 3-бабында көрсетілген құжаттардағы өзгерістер туралы бір-бірін жазбаша хабардар етеді, сондай-ақ олар ресми енгізілген кезге дейін 30 күннен кешіктірілмейтін мерзімде өзгертілген құжаттардың үлгілерін дипломатиялық арналар арқылы жібереді.

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;
      Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Ішкі істер министрлігі болып табылады.

6-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты туындайтын даулы мәселелер консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

8-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар ете отырып, оның қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім мұндай хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысын тоқтатады.
      3. Әрбір Тарап ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен халық денсаулығы мүдделерінде осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата алады. Қабылданған шешім туралы жазбаша хабарлама екінші Тарапқа осындай тоқтата тұруға дейін 72 сағаттан кешіктірілмей дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген себептер бойынша осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап осы Келісімнің қолданысын қайта бастау туралы екінші Тарапқа дәл осындай тәртіппен хабарлайды.

      2013 жылғы «__» ____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланады.

Қазақстан Республикасы үшін           Беларусь Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады