"Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурс және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 24 қарашадағы № 588 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасы Президенті мен
Үкіметі актілерінің жинағында және
республикалық баспасөзде жариялануға тиіс

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Жарлық 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурс және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 38, 418-құжат; 2007 ж., № 24, 267-құжат; № 42, 476-құжат; 2008 ж., № 42, 464-құжат; 2009 ж., № 33, 307-құжат; 2010 ж., № 39, 335-құжат; 2012 ж., № 10, 189-құжат; № 36, 476-құжат; 2013 ж., № 22, 351-құжат; 2014 ж., № 4, 29-құжат; № 32, 282-құжат; № 75, 666-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) жоғарыда аталған Жарлықпен құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атағын және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының дипломанты атағын беру жөніндегі комиссияның құрамында:

      "Қазақстан Республикасы тауар өндірушілері мен экспорттаушылар одағы" республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы" (келісім бойынша)" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан тауар өндірушілері мен экспорттаушылар одағы" республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті" (келісім бойынша)";

      "Қазақстан тағам және қайта өңдеу өнеркәсібінің тауар өндірушілер одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті (келісім бойынша)" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстанның тағам кәсіпорындары одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті (келісім бойынша)";

      "Тұтынушылардың ұлттық лигасы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті (келісім бойынша)" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын:

      "Қазақстан құс шаруашылығы одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті (келісім бойынша)

      "Қазақстанның картоп өсірушілері мен көкөніс өсірушілері қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)";

      2) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурс өткізу және лауреат атағын беру қағидалары осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      3) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсын өткізу және дипломант атағын беру қағидалары осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      4) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атағын және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының дипломанты атағын беру жөніндегі Комиссия туралы ережеде:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Комиссия төрағасы оның қызметін басқарады, отырыстарға төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.

      Эмблемалардың нысандарын және конкурстардың дипломдарын сипаттамаларымен қоса Комиссия төрағасы бекітеді.";

      8-тармақ мынадай мазмұндағы 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7) оқыту семинарларын және вебинарлар өткізу арқылы әлеуетті қатысушылар үшін конкурстар өлшемшарттары бойынша оқытуды ұйымдастыру;

      8) сарапшылар тізілімін жүргізу;

      9) конкурстарды ақпараттық сүйемелдеу және әлеуметтік желілерде сапа идеясын насихаттау;

      10) өңірлік және республикалық конкурстардың сараптамалық топтарын құру;

      11) кәсіпорындарға бару арқылы финалистерді бағалауды жүргізу.";

      12-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Конкурстардың жеңімпаздарына конкурстардың эмблемаларын және дипломдарын беру салтанатты жағдайда жүзеге асырылады. Конкурс жеңімпаздарына конкурстардың эмблемаларын және дипломдарын тапсыру күні және орны Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша айқындалады.".

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

      3. Осы Жарлық 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 24 қарашадағы
№ 588 Жарлығына
1-ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2006 жылғы 9 қазандағы
№ 194 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурс өткiзу және лауреат атағын беру ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Алтын сапа" сыйлығы (бұдан әрi – сыйлық) өнiмнiң және/немесе көрсетілетін қызметтердiң сапасы саласында ұйымның елеулі нәтижелерге қол жеткiзгенi үшiн, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз еткені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың тиiмдiлiгi жоғары әдiстерiн енгiзгенi үшiн конкурстық негiзде жыл сайын берiледi.

      Сыйлық лауреат атағына ие болған конкурсқа қатысушыларға конкурстың эмблемасын, лауреаттар дипломдарын және ақшалай сыйақыны берудi көздейді.

      Ақшалай сыйақы мөлшері 450 (төрт жүз елу) айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атағын және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының дипломанты атағын беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген төрт номинациядағы үш санат бойынша жыл сайын сыйлықтар береді.

      Сыйлық лауреаты атағы Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурстың (бұдан әрi – конкурс) жеңiмпаздарына Комиссия шешiмiнiң негiзiнде берiледi.

      3. Сыйлық алуға арналған конкурсты ұйымдастыру тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаражат есебiнен және оның шегiнде жүзеге асырылады.

      4. Сыйлық алуға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда), қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (бұдан әрі – конкурсқа қатысушылар) үміткер бола алады.

      Мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ өздеріне қатысты оңалту және банкроттық туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдерді жүзеге асыру туралы шешімдер белгіленген тәртіппен қабылданған ұйымдар конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

      5. Конкурсқа қатысушылар Комиссияға кемiнде үш жыл кезеңде шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қызметтiң жоғары сапасын растауға тиiс.

      Ұйымдар конкурсқа мынадай номинациялар бойынша қатысады:

      1) "Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын";

      2) "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын";

      3) "Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын";

      4) "Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын".

      Әр номинацияда мынадай санаттар бойынша үш сыйлық беріледі:

      1) шағын кәсіпкерлік субъектісі;

      2) орта кәсіпкерлік субъектісі;

      3) ірі кәсіпкерлік субъектісі.

      Конкурста "Үздік индустриялық жоба", "Үздік инновациялық жоба" арнайы сыйлықтары тағайындалады.

      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сыйлық алуға арналған конкурсты ұйымдастырушы (бұдан әрi – конкурсты ұйымдастырушы) болып табылады.

      7. Сыйлықты белгілі бір номинацияда алғаннан кейін төрт жыл бойы оны алуға қайта ұсынуға жол берілмейді.

      8. Конкурсты ұйымдастырушы жыл сайын ағымдағы жылғы ақпанда осы конкурсты өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлайды.

      9. Конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген ұйымдар Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетін Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурсқа қатысушылардың материалдарын ресiмдеу, ұсыну және алдын ала бағалау қағидаларына сәйкес материалдарды ресiмдейдi және конкурсты ұйымдастырушыға бередi.

      10. Конкурс төрт кезеңмен өткізіледі:

      1) бірінші кезеңде конкурсты ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдауды және материалдарды алдын ала бағалауды жүзеге асырады;

      2) екінші кезеңде конкурсты ұйымдастырушы конкурсқа қатысушылардың материалдарын және осы материалдар бойынша алдын ала қорытындыны республикалық конкурсты ұйымдастырушының шешімімен құрылған сараптамалық топтың қарауына береді. Республикалық конкурсты ұйымдастырушының шешімімен құрылған сараптамалық топ конкурстың үшінші кезеңіне қатысуы үшін конкурс финалистерін (төрт номинацияда үш санаттан үшеу және арнайы сыйлықта екі-екіден) айқындайды;

      3) үшінші кезеңде республикалық конкурсты ұйымдастырушының шешімімен құрылған сараптамалық топ кәсіпорындарға барып финалистерді бағалауды жүргізеді;

      4) төртінші кезеңде конкурсты ұйымдастырушы жергілікті жерлерде материалдарды сараптамалық бағалау және сараптау нәтижелерімен бірге конкурс финалистерінің (төрт номинацияда үш санаттан үшеу және арнайы сыйлықта екі-екіден) материалдарын Комиссияның қарауына ұсынады. Комиссия ұсынылған материалдардың негiзiнде жеңімпаздарды айқындайды және конкурсқа қатысушыларға сыйлық лауреаттары атағын беру туралы шешiм қабылдайды.

      11. Сыйлық лауреаты атағына ие болған конкурсқа қатысушыларға тиістi диплом, конкурстың эмблемасы және ақшалай сыйақы табыс етіледі.

      12. Конкурс жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмi жыл сайын салтанатты түрде өткiзiледi. Конкурс женімпаздарын марапаттау рәсімін өткізу күні мен орны Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша айқындалады.

      13. Сыйлық лауреаттары атағына ие болған конкурсқа қатысушылардың тiзiмi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      14. Сыйлық лауреаттары атағына ие болған конкурсқа қатысушылар сыйлық берілгеннен кейін төрт жыл бойы сыйлық эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын алады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 24 қарашадағы
№ 588 Жарлығына
2-ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2006 жылғы 9 қазандағы
№ 194 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсын өткізу және дипломант атағын беру
ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсын (бұдан әрі – конкурс) ұйымдастырушы (бұдан әрі – конкурсты ұйымдастырушы) болып табылады, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың кәсіпкерлер палаталары "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-конкурстарын ұйымдастырушылар (бұдан әрі – өңірлік конкурстарды ұйымдастырушылар) болып табылады. Конкурсты ұйымдастыру тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаражат есебiнен және оның шегiнде жүзеге асырылады. "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-конкурстарын ұйымдастыру облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астана әкімдіктерінің жергілікті бюджеттері қаражаты есебінен және оның шегінде жүзеге асырылады.

      2. Конкурстың негізгі мақсаттары:

      1) жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру;

      2) Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу;

      3) отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу;

      4) сапа проблемаларын шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару;

      5) халық арасында сапа идеясын насихаттау болып табылады.

      3. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында өнеркәсіптік, азық-түлік тауарларын және өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер өндіруді жүзеге асыратын;

      2) өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін және оны жүйелі түрде жақсартуды қамтамасыз ету жөнінде конкурсты ұйымдастырушы растаған оң нәтижелері бар дара кәсіпкер немесе заңды тұлға конкурсқа қатысушылар бола алады.

      4. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген заңды тұлға немесе дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік және республикалық көрме-конкурстарына ұсынылатын материалдар мен өнімді ресімдеу, беру және алдын ала сараптамалық бағалау қағидаларына сәйкес материалдарды ресімдейді және конкурсты ұйымдастырушыға береді.

      5. Конкурс мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:

      1) "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар";

      2) "Халыққа арналған үздік тауарлар";

      3) "Үздік азық-түлік тауарлары".

      Әр номинацияда үш жеңімпаз айқындалады.

      6. Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атағын және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының дипломанты атағын беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) шешімімен бекітілетін іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізіледі және төрт кезеңмен жүзеге асырылады:

      1) бірінші кезеңде конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдау, материалдар мен өнімдерді сараптамалық бағалау жүзеге асырылады. Өңірлік конкурстарды ұйымдастырушылардың шешімімен құрылған сараптамалық топ өңірлік конкурстардың 9 жеңімпазын айқындайды.

      Өңірлік конкурстарды ұйымдастырушылар республикалық конкурсты ұйымдастырушыға өңірлік конкурс жеңімпаздарының қажетті құжаттарын жібереді.

      Өңірлік конкурстардың жеңімпаздары республикалық конкурсқа қатысады;

      2) екінші кезеңде материалдар мен өнімдерді сараптамалық бағалау республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Республикалық конкурсты ұйымдастырушының шешімімен құрылған сараптамалық топ үш номинация бойынша 27 финалисті айқындайды;

      3) үшінші кезеңде 27 финалист онлайн-дауыс беруге қатысады;

      4) төртінші кезеңде республикалық конкурсты ұйымдастырушы 27 финалистің материалдарын алдын ала қорытындыларымен және онлайн-дауыс беру нәтижелерімен бірге Комиссияның қарауына ұсынады (әр номинацияда үш финалистен).

      Комиссия ұсынылған материалдар негізінде 9 конкурсқа қатысушыға "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсы дипломанты (бұдан әрі – конкурс дипломанттары) атағын беру туралы шешім қабылдайды.

      Алдын ала қорытындының нәтижелері бойынша балл тепе-тең түскен жағдайда, жеңімпаз онлайн-дауыс беру арқылы айқындалады.

      7. Конкурс дипломанттары "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының эмблемасымен және дипломымен марапатталады.

      8. Конкурс дипломанттарының тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      9. Конкурс дипломанттары конкурстың эмблемасын жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы пайдалану құқығын алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады