Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 806 Жарлығы

      Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жəне даму министрлігі:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру саласындағы;

      2) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып өзгертіліп, Қазақстан Республикасының Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі болып қайта ұйымдастырылсын.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлестіруге жауапты;

      2) мемлекеттік органдар берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сəйкес қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасы Инвестициялар жəне даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қарамағына беруді;

      2) қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның тиісті штат санын беруді;

      3) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының акциялар пакетін иелену жəне пайдалану құқықтарын беруді;

      4) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      "Қазақстан Республикасының Инвестициялар жəне даму министрлігі;" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі;".

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады