Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң жинағында жариялануға тиiс |
Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жаңа реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін 2021 жылғы 1 сәуірге дейін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысына шығарсын, оның ішінде мыналар көзделеді:
жаңа реттеушілік саясаттың мақсаттарын және міндеттерін айқындау;
кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін енгізу;
жаңа реттегіш құралдарды практикада байқап көру немесе қолданыстағыларын алып тастау үшін эксперименталды құқықтық режимді енгізу;
құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданылуының соңғы мерзімін айқындау бойынша, сондай-ақ жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келмейтін талаптарды бұзғаны үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлерді жауаптылыққа тартуға жол бермеу бойынша заңнамалық талаптарды бекіту;
кәсіпкерлік қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді сапалы жаңартуға бағытталған өзге де ережелер;
2) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мақұлдаған жаңа реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін көздейтін Қазақстан Республикасы заңының жобасын 2021 жылғы 1 маусымға дейін әзірлесін және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін;
3) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.
2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |