2021 – 2022 жылдар (2-сессия)
|
Қайырымдылық; волонтерлік қызмет; сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы, сот жүйесін жаңғырту; инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту; дербес деректерді қорғау; мемлекеттік жастар саясаты; кинематография; геодезия, картография және кеңістіктік деректер; мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс; құқық қорғау қызметін өткеру; құқық қорғау органдары, прокуратура жəне сот арасында өкілеттіктердің жəне жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу; білім беру; ғылым; ішкі істер органдары; конституциялық құқық; азаматтық құқық саласындағы заңнаманы жетілдіру
|
2021 жылдың екінші жартыжылдығы
|
Қайырымдылық саласындағы заңнаманы жетілдіру
Іске асырылып жатқан шаралар мен бастамалар көлемінің елеулі екеніне қарамастан, жүргізілген талдау мен әлеуметтік таразылау қайырымдылық саласының даму деңгейі төмен екенін көрсетеді. Қолданыстағы "Қайырымдылық туралы" Заң орын алып отырған проблемаларды шеше алмады. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша, оның ішінде азаматтар арасында қайырымдылықты ынталандыру мен дәріптеуге, ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ Заңдағы коллизияларды жоюға бағытталған заңнамалық шаралар қабылдау талап етіледі.
Волонтерлік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру
2020 жылғы 16 қаңтардағы № 3 Волонтер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстандағы волонтерлік қызмет практикасын және халықаралық тәжірибені талдау негізінде волонтерлік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру қажет. Атап айтқанда, волонтердің жұмыс тәжірибесін еңбек өтіліне қосуды ынталандыру, колледждер мен ЖОО-ға түсу кезінде волонтерлік қызметін ескеру жөніндегі және т.б. шараларды көздеу қажет.
Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңнаманы жетілдіру, сот жүйесін жаңғырту
Сот төрелігін жүзеге асыру жүйесін, оның ішінде судьяларды іріктеу, бағалау және олардың жауапкершілігін арттыру, сот білімі және судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету жүйесін одан әрі заңнамалық жетілдіру талап етіледі.
Инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қолданыстағы заңнамалық актілерге цифрландыру саласындағы жобаларды келісу кезінде бюджеттік рәсімдерді оңайлату, венчурлік қаржыландыруды ынталандыру, әртүрлі салаларда цифрландыруды дамыту, ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерінің бірыңғайлығы, ақпараттандыру объектілерінің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның талап етілетін қорғалу деңгейін қолдау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
Дербес деректер және оларды қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру
Біздің өмірімізге цифрлық сервистердің енуіне орай дербес деректердің таратылып кету тәуекелі артады. Осыған байланысты дербес деректер және оларды қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды, дербес деректер операторларының есебін және азаматтардың дербес деректеріне қол жеткізуді бақылау сервисін енгізу ұсынылады.
Мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру
Жастардың әлеуетін арттыру және оларды қолдау жөніндегі шараларды нығайту мақсатында "NEET санатындағы жастар" деген ұғымды заңнамалық тұрғыдан бекіту, жастардың еңбек жасақтары қызметінің тәртібі мен шарттарының біркелкілігін қамтамасыз ету, Жастардың даму индексін, білім беру ұйымдарындағы буллингтің профилактикасын, "жастармен жұмыс жөніндегі маман" терминін заңнамалық тұрғыдан бекіту, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын "жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру" бағытымен толықтыру ұсынылады.
Кинематография саласындағы заңнаманы жетілдіру
Киноиндустрия саласы экономика ресурстарының біріне, бизнес-бастамалар үшін тартымды инвестициялық ортаға айналған қазіргі жағдайларда кино өнерінің жекелеген түрлерін және кино өндірісін, атап айтқанда: фильмдерді, анимацияны және басқаларды экономикалық тиімді (рентабельді) деңгейге шығаруға болады.
Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.
Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнаманы жетілдіру
Геодезия, картография және заманауи цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған кеңістіктік деректер саласындағы саясатты жүргізудің жаңа және жетілдірілген тетіктерін енгізу, бірыңғай геоақпараттық орта құруды қамтамасыз ету, геодезия және кеңістіктік деректер саласында мемлекеттік бақылауды жетілдіру, қолданыстағы заңнаманың нормаларын практикалық іске асыру тәжірибесін ескере отырып жаңарту, субъектілердің қызметін арттыруға, ретке келтіруге мүмкіндік беретін барлық қолданыстағы нормаларды қайта қарау және ретке келтіру; осы салада инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру үшін кедергілерді жою талап етіледі.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін трансформациялау қажет. Осыған орай үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру жөнінде заңнамалық шаралар қабылдау талап етіледі.
Құқық қорғау қызметін өткеру саласындағы заңнаманы жетілдіру
Мыналарды: конкурс пен тағылымдаманы, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне кіру кезінде конкурстан тыс іріктеуді өткізу шарттары мен тәртібін; қызметкерлерді тәртіптік жауаптылыққа тарту тәртібі мен шарттарын; қарамағындағы қызметкерлердің қызмет өткеру тәртібін және т.б. заңнамалық деңгейде реттеу талап етіледі.
Құқық қорғау органдары, прокуратура жəне сот арасында өкілеттіктердің жəне жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қазақстандағы тергеу-сот практикасы қайталанатын өкілеттіктерді (процестік, ұйымдастырушылық-бақылау, қадағалау) жойып және қылмыстық сот ісін жүргізудің әрбір кезеңінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының, прокуратура мен соттың жауапкершілігін нақтылай отырып, тиімді тежемелік және тепе-теңдік жүйесін әзірлеу үшін жеткілікті негіздемелердің бар екенін көрсетеді.
Бұл үшін қылмыстық процестің: 1) қылмысты анықтау, оның жолын кесу, дәлелдемелерді жинау және бекіту; 2) іс-әрекетті саралау, түйінді процестік шешімдерді қабылдау және айып тағу; 3) жаза тағайындау жөніндегі түйінді үш міндетін әртүрлі органдар орындауға тиіс. Бұл ведомстволық мүдделілікті жояды және қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз етеді.
Білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру
Мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында білім беру ұйымдарын лицензиялау және мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты білім және ғылым саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру ұсынылады.
Ғылым саласындағы заңнаманы жетілдіру
Ғылым туралы заңнаманы жетілдіру бойынша мыналарға:
ғылымды мемлекеттік қаржыландыру процесін қайта қарауға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың баламалы көздерінің тізбесін кеңейтуге;
гранттық және бағдарламалық мақсаттағы қаржыландыруға тәуелсіз жекелеген зерттеушілер мен ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыруға, ғылымға базалық қаржыландыруды ұлғайтуға және кеңейтуге;
ірі ғылыми зерттеулерге мега гранттар бөлуге, жаңа ғылыми мектептерді қалыптастыруға, докторантурадан кейінгі бағдарламаларға гранттар бөлуге;
мемлекеттік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру үшін ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орган ретінде Білім және ғылым министрлігінің құзыретін кеңейтуге бағытталған шараларды қабылдау қажет.
Ішкі істер органдары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Азаматтардың құқықтарын және мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті міндеттердің бірі құқық қорғау жүйесінің толыққанды реформасы болып табылады. Осыған байланысты ішкі істер органдарын бейінді емес функциялардан босатуды көздейтін заңнамалық түзетулер енгізу ұсынылады.
Конституциялық құқық саласындағы заңнаманы жетілдіру
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен оның қызметінің құқықтық негізін айқындайтын заң қабылдау қажет.
|
2022 жылдың екінші жартыжылдығы
|
Жылумен жабдықтау саласындағы заңнаманы жетілдіру
Жылу энергиясын өндіруге, беруге, тұтынуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу; мемлекеттік органдардың жылумен жабдықтау саласындағы реттеу мен бақылау жөніндегі өкілеттіктерін айқындау; жылу энергиясын тұтынушылардың, жылу өндіруші және жылуды генерациялаушы ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін айқындау және жылумен жабдықтау саласына инвестициялар тарту тетігін енгізу мақсатында "Жылумен жабдықтау туралы" бірыңғай салалық заңды әзірлеу қажет.
Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіру
Әлеуметтік қамсыздандыру саласы көптеген заңдармен және заңға тәуелді актілермен реттеледі, бұл халықтың әлеуметтік заңнаманы түсінуіне қиындық туғызады.
Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың бүгінгі жүйеленуі қандай да бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік қолдау шараларында оңай бағдарлануға мүмкіндік бермейді.
Осыған байланысты нормативтік құқықтық актілерді кодтау азаматтардың тиісті саладағы өз құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құру есебінен оларды қабылдау процесін жеңілдетеді және сапалық тұрғыдан жақсартады.
Бұқаралық ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіру
Пікір білдіру, ақпаратты алу және тарату еркіндігін, БАҚ қызметін регламенттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Коллекторлық қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру
"Коллекторлық қызмет туралы" 2017 жылғы 6 мамырдағы Заң бойынша құқық қолдану практикасы шешуді талап ететін бірқатар мәселелерді айқындап берді.
Коллекторлық фирмалардың қызметіне халықтың шағымдарының саны көп. Осы мәселелерді шешу үшін коллекторлық фирмалар қызметкерлері қызметінің борышкерге телефон шалу бойынша кейбір шектеулерді енгізу, борышкердің жұмыс берушісіне жүгінуді регламенттеу, борышкердің құқықтары мен міндеттерін міндетті түрде таныстыру сияқты және басқа да кейбір рәсімдік тұстарын қайта қарау қажет.
Бұдан басқа, коллекторлық қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыру қажет. Сонымен қатар коллекторлық агенттіктердің қызметі түріндегі заңсыз қызметті жоюға бағытталған шараларды қатаңдату қажет.
Қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін бір мезгілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың қоғамдық қауіптілігін заңнамалық бағалау олардың жазалану дәрежесінен көрінеді және әлеуметтік-экономикалық жағдайға, қылмыс деңгейіне және қоғамның қабылдауына байланысты болады. Бұл олардың өзара сәйкестігіне мерзімді талдау жүргізуді және қажет болған жағдайда оларды қатаңдату немесе ізгілендіру арқылы түзетуді талап етеді.
|
2023 жылдың екінші жартыжылдығы
|
Салық салу саласындағы заңнаманы жетілдіру
Жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшуге байланысты жеке тұлғаларға салық салу мәселелерін заңнамалық тұрғыдан жетілдіру қажет.
Әкімшілік құқық саласындағы заңнаманы жетілдіру
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жекелеген ережелерін жетілдіру талап етіледі.
Стрестік активтерді басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қазіргі таңда екінші деңгейдегі банктердің, олардың стрестік активтер жөніндегі еншілес ұйымдарының және "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ның балансында жұмыс істемейтін активтердің қомақты көлемі жинақталған, оларды экономикалық айналымға тарту қажет. Халықаралық зерттеулер жұмыс істемейтін активтермен проблеманы шешуді кешіктіру экономикалық өсудің қысқаруына және қаржы секторын дамытудың айтарлықтай артта қалуына әкелуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Қалыптасқан жағдайды шешу үшін проблемалық активтердің тиімді нарығының барлық құрауыштарын дамыту: проблемалық активтерді басқару үшін реттеу және қадағалау шарттарын күшейту, проблемалық активтерді экономикалық айналымға қайтару және нарықтың өтімділігін арттыру үшін – оларды қайта құрылымдау және өткізу қажет.
Проблемалық активтерді экономикалық айналымға тарту үшін жұмыс істемейтін активтерді өткізу бойынша бірыңғай платформа құрудың орындылығын қарастыру қажет, оған ЕДБ мен олардың стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарын да тарту қажет.
|
2026 жылдың бірінші жартысы
|
Жер қойнауын пайдалануды дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қолданыстағы заңнамалық актілерде:
шикізатты қайта өңдеу деңгейін ескере отырып, роялтидің сараланған мөлшерлемесін қолдану;
жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық тартымдылықты одан әрі жақсарту бөлігінде нормалар көзделуі қажет.
Азаматтық процестік құқық саласындағы заңнаманы жетілдіру
Істі сотқа дейін дайындау шеңберінде сотқа дейінгі хаттамалар институтын енгізу, мүліктік және мүліктік емес даулар бойынша мемлекеттік баждардың мөлшерін қайта қарау, сондай-ақ жаппай талап қою тұжырымдамасы мен оларды сыныптауды енгізу, төрелік институтын дамыту талап етіледі.
|