Қазақстан Республикасының | |
Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң жинағында жариялануға тиiс |
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңсыз көшіп келудің жолын кесу, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясы, Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визалар беру, халықты және азаматтықты құжаттандыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді қоспағанда, оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің халықтың көші-қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап беріле отырып;
2) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері:
2022 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар арасында штат санын қайта бөлуді;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктерімен бірлесіп, осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктері берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқық мирасқоры болып айқындалсын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Қ.Тоқаев |