Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1994 жылғы 26 қазан N 1951. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001.09.04. N 677 Жарлығымен. ~U010677

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк актiлер шығару қызметiнiң сапасын арттыру, мемлекет басшысының актiлерiн даярлап, шығаруда жүйелiлiк негiздi күшейту мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бабына сәйкес қаулы етемiн:
      1. Былай деп белгiленсiн:
      Қазақстан Республикасының Президентi шығаратын актiлер өзiнiң заңдық күшi бойынша мынадай реттiлiкпен: жарлықтар, қаулылар, өкiмдер болып орналасады;
      жарлықтар - Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының негiзiнде және оларды орындау үшiн; қаулылар - Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының және Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарының негiзiнде және оларды орындау үшiн; өкiмдер - Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының және Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары мен қаулыларының негiзiнде және оларды орындау үшiн шығарылады;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары мен қаулылары нормативтiк актiлер күшiне ие бола алады.
      2. Мынадай тәртiп белгiленсiн, соған сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi:
      а/ жарлықтармен:
      мемлекеттiк егемендiктi, конституциялық құрылысты, Республиканың аумақтық тұтастығын қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайды;
      Премьер-министрдi, Премьер-министрдiң орынбасарларын, Министрлер Кабинетiнiң мүшелерiн, Президент Аппаратының Басшысын, мемлекеттiк кеңесшiлердi, Қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысын, Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Бас бақылау инспекциясының төрағасын, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасын, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiн, Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын қызметке тағайындап, қызметтен босатады;
      Министрлер Кабинетiнiң құрамын белгiлейдi;
      министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволар құрып, таратады және қайта құрады;
      Министрлер Кабинетiнiң, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың, жергiлiктi әкiмдердiң актiлерiнiң күшiн жояды немесе толық не болмаса iшiнара кiдiрте тұрады;
      Қауiпсiздiк Кеңесiн, өзге де кеңесшi-консультативтiк органдар құрып, олардың құрамын қалыптастырады;
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiмен консультациялар алысудан кейiн референдум өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды;
      Қазақстан Республикасының азаматтығын беру және азаматтығынан шығу, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
      азаматтарға кешiрiм жасау мәселелерiн шешедi;
      тек азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және конституциялық құрылысты қорғау үшiн ғана уақытша шара ретiнде төтенше жағдай енгiзедi;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен наградтайды, Қазақстан Республикасының жоғары дипломатиялық дәрежелерi мен әскери атақтарын, құрметтi және арнаулы атақтарын бередi;
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабының екiншi бөлiмiнде белгiленген жағдайларда, Жоғарғы Кеңеспен келiсе отырып, Республиканың Вице-президентiн тағайындайды;
      Республика Конституциясының 85-бабының үшiншi бөлiмiнде белгiленген жағдайда Министрлер Кабинетiнiң немесе Министрлер Кабинетi мүшесiнiң орнынан түсуiн қабылдайды;
      сот билiгi және прокуратура органдарымен өзара iс-қимыл мәселелерiн шешудi ресiмдейдi;
      б/ қаулыларымен:
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қызметiне жалпы басшылықты және Қазақстан Республикасы Президентiнiң Министрлер Кабинетiмен өзара iс-қимылын жүзеге асырады;
      елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының стратегиялық мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдайды;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi;
      заңдылық пен құқық тәртiбiн қамтамасыз ету, мемлекеттiк қорғаныс қабiлетiн нығайту жөнiнде қажеттi шаралар қолданады;
      Министрлер Кабинетiнiң құрамына енбейтiн өзге де республикалық мемлекеттiк басқару органдарының басшыларын тағайындайды;
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкiлеттiктердi жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының Президентi Аппаратының құрылымын, Республика Президентiнiң Аппараты, Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы кеңесшi-консультативтiк органдар мен өзге де құрылымдық бөлiмшелер туралы ережелердi, Республика Президентiнiң Аппаратында iс жүргiзу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк актiлердi бекiтедi;
      в/ өкiмдерiмен:
      әкiмшiлiк-өкiмдiк басқару, жедел және жеке сипаттағы мәселелердi шешудi жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң құзырына сәйкес өзге де лауазымды адамдарды қызметке тағайындап, қызметтен босатады.
      3. Мынадай тәртiп белгiленсiн, оған сәйкес:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары мен қаулыларына өзгерулер мен толықтырулар енгiзу, сондай-ақ олардың күшiн жою Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарымен;
      қаулыларына өзгерулер мен толықтырулар енгiзу, сондай-ақ олардың күшiн жою Президенттiң қаулыларымен;
      өкiмдерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу, сондай-ақ олардың күшiн жою Президенттiң өкiмдерiмен жүргiзiледi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бiрдей актiлерiнiң арасында алшақтықтар туындаған жағдайда, егер Қазақстан Республикасы Президентiнiң тиiстi актiсiмен басқаша белгiленбеген болса, күшiне кейiнiрек енген актi басшылыққа алынуға тиiс.
      4. Қажет жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентi өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде шығаратын актiлерiнiң нысанын өз бетiнше белгiлей алады.
      5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне қайшы келетiн Министрлер Кабинетiнiң, орталық мемлекеттiк басқару органдарының, жергiлiктi әкiмдердiң актiлерi жарамсыз болып табылады және күшi жойылады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне Министрлер Кабинетiнiң, жергiлiктi әкiмдердiң актiлерiнiң сәйкестiгiне бақылау жасау Президенттiң Аппаратына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне орталық мемлекеттiк басқару органдары актiлерiнiң сәйкестiгiне бақылау жасау Қазақстан Республикасы

 

Министрлер Кабинетiнiң Iс Басқармасына жүктелсiн.

     6. Осы Жарлықтың атқарылуына бақылау жасау Қазақстан

Республикасы Аппаратының Басшысына жүктелсiн.

     7. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.


     Қазақстан Республикасының

             Президентi






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады