Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998-2005 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 1999 жылғы 25 наурыз N 90

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы кономикалық интеграцияны одан әрі тереңдету және тең құқықты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін жағдай туғызу мақсатында қаулы етемін:
      1. 1998 жылғы 31 қазанда Ташкент қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998-2005 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы шарт бекітілсін.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің     
1999 жылғы 25 наурыздағы 
N 90 Жарлығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы
арасындағы 1998-2005 жылдарға арналған Экономикалық
ынтымақтастықты тереңдету туралы
Шарт

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы,
      1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты, 1993 жылғы 28 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 1994-2000 жылдарға арналған Экономикалық интеграцияны тереңдетудің іс-шаралары туралы келісімді, 1994 жылғы 10-қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру туралы шартты, 1997 жылғы 2 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Еркін сауда туралы келісімді, сондай-ақ Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарды басшылыққа ала отырып,
      экономикалық ынтымақтастық, ең алдымен, екі мемлекет халықтарының тұрмыс деңгейін көтеруге және қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталғандығын мойындай отырып,
      олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қол жеткізу үшін халықаралық еңбек бөлінісінің, өндірісті мамандандыру мен кооперациялаудың, өзара тиімді сауданың артықшылығын түсіне отырып,
      тең құқықты әрі өзара тиімді сауда-экономикалық және өндірістік қатынастарды бұдан былай да нығайту мен дамытудың, оларға ұзақ мерзімді және орнықты сипат берудің, екі мемлекеттің экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың және өз халықтарының әл-ауқатын көтерудің қажеттігін негізге ала отырып,
      өз мемлекеттерінің өндірістік және интелектуальдық әлеуетін өзара тиімді пайдаланудың қажеттігін растай отырып және жан-жақты ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге ұмтыла отырып,
      экономикалық реформаларды жүзеге асыруға, тауарлардың, қызмет көрсетулердің, капиталдардың және жұмыс күштерінің еркін орын ауыстыруларына кезең-кезеңмен көшу үшін жағдайлар жасауға зор маңыз бере отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға ортақ нормалары мен принциптерін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998-2005 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын (бұдан былай - Бағдарлама) жүзеге асырады.

2-бап

      Тараптардың, экономикалық ынтымақтастығы аймақтар, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы, олардың меншік нысанына байланыссыз, өзара іс-әрекет жолымен, екі мемлекеттің стратегиялық мүдделеріне жауап беретін ұзақ мерзімді әріптестік пен еркін сауда режимі принциптерінде халықаралық құқықтың жалпыға ортақ нормалары мен ұлттық заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

3-бап

      Тараптар ТМД шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықтың және ортақ экономикалық кеңістікті кезең-кезеңмен қалыптастырудың әрі дамытудың қажеттігін мойындай отырып, сыртқы экономикалық қызмет, сауда-экономикалық қатынастар, салық, кеден және тариф жүйелері, монополияға қарсы саясат пен тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жақындастыру, жекелеген жобалар мен бағдарламаларды жасау, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы өзара тиімді экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесу, екі мемлекет аумақтарында ұлттық және шетелдік инвесторлардың өзара іс-қимылын жандандыру үшін қолайлы жағдайлар туғызады.
      Тараптар бір-бірінің экономикасы мүдделеріне зиян келтіретін іс-қимылдардан тартынатын болады.

4-бап

      Тараптар:
      бірлескен өндіріспен айналысатын ұлттық тауар өндірушілерді қолдау және қорғау іс-шараларының жүйесін әзірлейді және жүзеге асырады;
      өндірістің тереңдетілген кооперациясы негізінде ұлттық шеңберден тысқары бірлестіктерді, қаржы-өндірістік топтарды, холдингтерді, жаңа буын техникасын жасау жөніндегі бірлескен кәсіпорындардың құрылуын көтермелейтін болады;
      өнеркәсіп пен аграрлық-өнеркәсіптік кешендердің негізгі салалары кәсіпорындарының арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға екі жақты мүдделілікті таниды;
      сауда үйлерінің, өкілдіктерінің ашылуын көтермелейтін болады.

5-бап

      Тараптар инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, бағалы қағаздар рыногындағы өзара іс-қимыл бойынша кәсіпкерлікті қолдау, биржалық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайтын болады.

6-бап

      Тараптар өзара тиімді негізде ортақ мүддені білдіретін проблемалар жөніндегі бірлескен ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруды қоса алғанда, халықаралық жобалар шеңберінде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізудегі өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ететін болады.

7-бап

      Тараптар көлік және байланыс саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады, өз аумақтары арқылы транзит үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

8-бап

      Тараптар өз үкіметтеріне, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Екі жақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияға Бағдарламаның орындалуын үйлестіруді, оны жүзеге асырудың барысын бақылауды іске асыруды және, қажет болғанда, оған өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуді тапсырады.

9-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде туындайтын пікір алшақтықтарын Тараптар келіссөздер және консультациялар жолымен шешетін болады.
      Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне ықпалын тигізбейді.

11-бап

      Осы Шарт Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік процедураларды орындағаны туралы соңғы жазбаша мәлімдеме күнінен бастап күшіне енеді және 2005 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады.
      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа жазбаша мәлімдеу жолымен осы Шарттың қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Шарт мұндай мәлімдеме алынған күннен бастап алты айдан кейін өз қолданысын тоқтатады.
      Осы Шарт қолданысының тоқтауы Шарттың қолданысы кезеңінде күшіне енген жобаларды жүзеге асыруға ықпалын тигізбейді.
      Ташкентте 1998 жылғы 31 қазанда әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру үшін Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланады.

   Қазақстан Республикасы үшін          Өзбекстан Республикасы үшін

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы
арасындағы 1998-2005 жылдарға арналған
Экономикалық ынтымақтастық
Бағдарламасы

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы экономикалық әріптестер болып табылады. Екі мемлекеттің экономикалық мүдделері, ең алдымен, өзара тиімділікке байланысты, ол екі жақты экономикалық қарым-қатынастарды бұдан былай да дамыту жөнінде келісілген іс-қимылдардың бірлескен әзірлемесінің қажеттігін белгілейді. Экономиканың серпінді және үйлесімді дамуы мен мемлекеттер халықтарының тұрмыс деңгейін көтеру мүдделерінде экономикалық реформаларды жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы осы 1998-2005 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (бұдан былай - "Бағдарлама") жасалды.

I. Қазақстан-өзбек экономикалық ынтымақтыстығы
дамуының жай-күйі мен проблемалары

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өздерінің тәуелсіздігін жариялаған соң екі мемлекет экономикасында болып өткен түбірлі өзгерістер, нарық тетігінің қалыптаса бастауы шаруашылық және кооперациялық байланыстардың әлсіреуімен, өндіріс көлемінің едәуір құлдырауымен және өзара сауда айналымының қысқаруымен қоса жүрді.
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының экономикалық ынтымақтастығында аса маңызды бағыттардың бірі - экономиканың және соның нәтижесі ретінде, өзара тиімділік негізінде өнеркәсіптік байланыстардың дамуына, отын-энергетика кешені, мәшине жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, қара және түсті металлургия салаларында қалыптасқан кәсіпорындардың мамандануын неғұрлым дәйекті пайдалануға жәрдемдесетін, қаржылық және нивестициялық ресурстарды жұмылдыру, өндірістік экспортқа бағдарланған бірлескен құрылымдарды құру жеткіліксіз пайдаланылып келді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріндегі осындай құрылымдардың ұйымдастырылуы мен қызметі үшін жасалған құқықтық негіздің бір-бірінен елеулі айырмашылығы бар, мұның өзі оларды дамыту жолындағы тежеуші фактор болып табылады.
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының экономикалық қарым-қатынастарындағы қазіргі бар проблемаларды шешу үшін осы Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың стратегиясын жасау талабы туып отыр.

II. Бағдарламаның міндеттері мен мақсаттары

      Бағдарлама Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының екі ел арасындағы өзара тиімді экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға мемлекеттік жәрдем көрсету, ұлттық экономикалардың әр түрлі салаларында елеулі прогреске қол жеткізу және осы негізде өзара тауар айналымын өсіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы халықтарының рухани-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру, тұрмыс деңгейін көтерудің ұзақ мерзімді негізде келісілген, соның ішінде нормативтік-құқықтық сипаттағы, іс-шаралар кешенін жүзеге асыруы мақсатында әзірленді.
      Бағдарламаны орындау барысында мынадай міндеттерді шешу қажет:
      өндірісті тұрақтандыру және экономикалық өсімге қол жеткізу;
      тең құқықты және өзара тиімді сауда-экономикалық, сондай-ақ өндірістік қатынастарды дамыту;
      аймақаралық ынтымақтастықты дамыту;
      экономикалық ынтымақтастықтың жекелеген мемлекетаралық жобалары мен бағдарламаларын қалыптастыру, әр түрлі меншік нысанындағы бірлескен кәсіпорындарды, қаржы-өнеркәсіп топтарын, қатысушы мемлекеттердің халық шаруашылығы кешендерінің басым салаларында халықаралық консорциумдарды құру, екі мемлекет аумақтарындағы ұлттық және шетелдік инвесторлардың қызметін ұйымдастыру;
      көлік коммуникациясы мен байланысты тиімді пайдалану және дамыту;
      адал ниетті бәсекелестік үшін жағдайлар жасау және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
      қор рыноктарын дамытудағы бірлескен өзара іс-қимыл;
      гуманитарлық ынтымақтастықты, әлеуметтік, мәдени және өзге салалардағы өзара іс-қимылдарды нығайту мен дамыту жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
      қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыру, экономикалық ахуалды жақсарту, табиғи апаттардың салдарын жою;
      ұйымдасқан қылмыспен, терроризммен, есірткі құралдарын, жүйкеге әсер ететін заттарды және олардың прекусорларын заңсыз таратумен және сатумен күресті күшейту жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру.

III. Экономикалық ынтымақтастықты дамыту

      Бағдарламада экономикадағы өзара тиімді процестерді одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар көзделген, мұның өзі тұтас алғанда Орталық Азиялық экономикалық одақ қызметінің тиімділігін іс жүзінде арттыруға жәрдемдеседі.
      Тараптардың іс-қимылын үйлестіру көзделген негізгі бағыттарға қатысты экономикалық реформаларды жүргізуге мыналар жатады:
      осы Бағдарламаға Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара қатысуына қолайлы жағдай туғызатын шарттар жасау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
      кәсіпкерлікті қолдау саясатын жүзеге асыру жөніндегі үкіметаралық Келісімдерді әзірлеу және қол қою;
      келісілген тариф саясатының жүйесін әзірлеу.
      Тараптар екі мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін екі жаққа тиімді жағдайлар жасай отырып және бірінші кезекте:
      өзара саудадағы экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыру кезіндегі кедендік баж салықтарын, алымдарды өндіріп алу және кедендік бақылау принциптерін;
      халықаралық консорциумдарды, мемлекетаралық қаржы-өнеркәсіп топтарын және басқа да бірлескен құрылымдарды құру;
      табиғат пайдаланудың және қоршаған табиғи ортаны қорғаудың шарттарына қатысты нормативтік-құқықтық негізді үйлестіретін болады.

IV. Басымдық берілетін бағыттарды үйлестіру

      Бағдарлама төмендегідей басымдық берілетін бағыттар бойынша ынтымақтастықты көздейді:
      өнімдердің бәсекелестік қабілетін арттыру;
      экспорттық әлеуметті арттыру.
      Кәсіпорындар өндіретін өнімнің бәсекелестік қабілетін арттыру мақсатында алдағы уақытта жинақталған ғылыми-техникалық әлеуеттің мейлінше құнды элементтерін сақтау мен дамыту мүмкіндігін және оны екі мемлекет экономикаларын дамыту мүддесінде пайдалану, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы рыноктарында өнімнің өндірісі мен өткізу үшін меншікті тауар өндірушілерге басымдық берілетін жағдайларды жасау, екі мемлекет кәсіпорындарының өніміне деген сұраныстың өсуіне жәрдемдесу, ортақ нарықтық кеңістікті теріс ниетті бәсекелестіктен қорғауды қарастыруға тура келіп отыр.
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы экономикасының келісілген құрылымдық қайта құрылуының пәрменді тетігі - капиталды тиімді инвестициялау мен оның салааралық қайта құйылуы, ұтымды кооперациялық байланыстарды қалыптастыру мен дамыту, ғылыми-техникалық прогресті жеделдету,экспорттық әлеуетті арттыру, экономикадағы ілгерішіл құрылымдық өзгерістерді іске асыру үшін алғышарттар жасауға мүмкіндік беретін, басым салалар мен өнеркәсіп кешендерінде бірлескен қазақстандық-өзбек трансұлттық құрылымдарды құру болып табылады.
      Басымдық берілетін құрылымдық өзгерістерді құрудағы маңызды бағыт - іргелі, қолданбалы зерттеу және инновациялық қызмет саласындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының ғылыми әлеуеттерін тиімді пайдалану мақсатындағы ғылыми, жобалық және конструкторлық-технологиялық ұйымдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру болып табылады.
      Инновациялық саладағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары төмендегі салаларда технологияны дамыту болып табылады:
      ауыл шаруашылығы үшін биотехнология мен медициналық препараттар өндірісі;
      мәшине жасау - ауыл шаруашылығы мәшинелерін жасау, арнайы техника өндірісі, көлік құралдары, энергетика, мұнай-газ және мұнай кәсіпшілігінің жабдықтары;
      металлургия өнеркәсібі - жаймалаудың (прокат) озық бейіндері; мұнай-газ сортаменті құбырларының, ферроқорытпа және арнайы болаттар, вольфрам-молибден өнімдерінің және сирек кездесетін металдар өндірісі;
      химиялық және мұнай-химиялық өнеркәсібі - тыңайтқыштардың және өсімдік қорғау құралдарының, полимерлік-конструкциялық материалдардың, шағын тонналы химиялық өнімдердің, химиялық жіптер мен талшықтардың өндірісі;
      ауыл шаруашылығы үшін жабдықтар мен суды үнемдейтін технологияны жасау;
      қуат көздерінің дәстүрлі емес көздерін әзірлеу;
      мұнай өңдейтін және мұнай-газ өнеркәсібі - мұнайды өңдеу жөніндегі алғашқы қуаттарды алмастыруды ұйымдастыру, мұнайды қайта өңдеудің жан-жақтылығын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында жаңа технологияларды енгізу;
      ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру - жаңа тамақ өнімдері және көкөніс пен жемістерді жан-жақты өңдеуге арналған технологиялар мен жабдықтарды жасау.
      Келісілген құрылымдық саясатты іс жүзінде жүзеге асырудың негізі - ұлттық мақсатты кешенді, сондай-ақ бірлескен, оның ішінде инвестициялық қызметте ірі өзгерістерді көздейтін бағдарламалар мен жобаларды екі мемлекеттің де жүзеге асыруы болып табылады.
      Екі мемлекеттің өндірісін құрылымдық қайта құру бағдарламасына сәйкес мемлекетаралық мақсатты кешенді бағдарламалар - экономиканың анағұрлым перспективті салаларына капитал салуға бағытталған іс-шаралар кешенін, сондай-ақ мақсатты түрдегі құрылымдық саясатты жандандыруға жәрдемдесу мақсатында тиімсіз, бәсекелестікке қабілетсіз салалар мен өндірістерді тоқтатуды, экономиканың өмірлік аса маңызды жүйелерін қамтамасыз етуді, өнімдердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруды, ғылыми-техникалық, өндірістік және кадрлық әлеуетті сақтауды көздейтін болады.
      Бағдарламаны жүзеге асыру барысында экспорттық әлеуетті кеңейту және импортты алмастыратын өндірісті дамытудың мемлекетаралық бағдарламаларын жүзеге асыру үшін, өнімдердің озық түрлерін шығаруды ұлғайтуға, шикізат ресурстарын тиімді түрде кешенді пайдалануға, өндірістік қуаттар мен еңбек ресурстарын кеңейтуге бағытталған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы кәсіпорындарының арасындағы өзара тиімді негізде өнеркәсіптік байланыстарды күшейту және дамыту жөнінде пәрменді іс-шаралар қабылданатын болады.

V. Бірлескен әлеуметтік проблемаларды шешу жөніндегі
іс-шараларды үйлестіру

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы гуманитарлық ынтымақтастық саласында, ақпараттық-мәдени орталықтар құруда, денсаулық сақтау, білім беру және кадрлар даярлау, мәдениет, баспасөз және ақпарат салаларында бірлесіп қызмет істейтін болады.
      Бағдарламада әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтудың, еңбек шарттарының, өндірістегі жазатайым оқиғалардың және кәсіби аурулардың алдын алуда, еңбек гигиенасында жекелеген келісімдер жасасу арқылы бірлескен маңызды проблемаларды шешу кезінде құқықтық негізді одан әрі жетілдіру көзделеді.
      Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсарту, емдік препараттар мен медициналық техника өндірісі саласында, әр түрлі салалар үшін біліктілігі жоғары кадрларды даярлау және мамандармен, ғалымдармен, аспиранттармен, стажерлармен және студенттермен алмасу саласында, сондай-ақ мәдениет пен өнер, дене тәрбиесі, спорт, санаторлық- курорттық іс пен туризм саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолында күш-жігерді үйлестіру жүзеге асырылатын болады.
      Қоршаған ортаның жай-күйін, ұтымды және ресурс үнемдейтін табиғат пайдалануды қорғау және жақсарту саласындағы ынтымақтастық одан әрі дамитын болады.
      Арал өңірі халқының тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған проблемаларды шешу мақсатында ерекше іс-шаралар қабылданатын болады.

VI. Сауда қатынастарын дамыту

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастар нарықтық принциптерді одан әрі енгізу негізінде дамитын болады. Ұлттық заңдарға, сондай-ақ Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес меншіктің түрлі нысандарындағы кәсіпорындар мен рыноктың басқа да субъектілері арасындағы тікелей маңызға ие болып отыр.
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының қазіргі қолданылып жүрген кедендік заңдарын үйлестіру саласында кедендік ережелер мен рәсімдерді бір ізге түсіруде, тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезіндегі қазіргі бар кемсітушілік элементтерін жоюда және екі жақты реттейтін құжаттардың негізінде кедендік, шекаралық және де басқа да органдардың тығыз қарым-қатынасын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстарды жүргізу қажет.
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кедендік заңдарын үйлестіру мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты көздейді:
      өзара саудада кедендік процедураларды жеңілдету;
      әр түрлі кедендік режимдерде кедендік ресімдеу процедураларын жақындастыру;
      кедендік бақылау және кедендік шекаралар арқылы өтетін тауарларды кедендік рәсімдеуді ұйымдастыру мәселесінде бірыңғай көзқарасты қалыптастыру;
      интелектуалдық меншікті қорғау жөніндегі арнайы әзірленген нормативтік құжаттардың ережелерін, кедендік бақылауды іс жүзіне енгізуге жәрдемдесу.
      Бағдарламада Тараптардың жолаушылар мен жүктерді тасымалдау кезінде көлікті тиімдірек пайдалануды, көлік шығындарын азайтуды, осы мақсатта келісілген тарифтік және салық саясатын жүргізуді, екінші Тараптың аумағында орналасқандарын қоса алғанда көліктің барлық түрінің инфрақұрылымын дамыту мен бірлесіп әзірленген бағдарламаларды жүзеге асыруды еске ала отырып, көлік жүйелерінің өзара іс-қимылын, көлік пен байланыс саласындағы ынтымақтастықты ұлғайту көзделеді.
      Бұл міндетті бірлесіп жүзеге асыру мынадай бағыттарда іске асырылатын болады:
      қазіргі бар нормативтік-құқықтық базаның негізінде оны жетілдіру және көлік саласындағы жаңа екі жақты келісімдерді әзірлеу;
      жоғарыда айтылған міндеттерді шешуге қазақстандық және өзбек инвесторларының қаражатын, сондай-ақ үшінші елдердің несиелері мен капиталын тарту.
      Көліктік тасымалдау мен қызмет көрсетулерді алмасудың тәртібі мен шарттары жекелеген келісімдермен белгіленеді.
      Елдер арасындағы сауда қатынастарын ұйымдастыру мен жүзеге асыру қажетті ақпаратпен және бірінші кезекте, сыртқы сауда жөніндегі көрсеткіштерді салыстырумен белсенді түрде алмасып отыруды көздейді.
      Екі елдегі тауарлар рыноктарын және қызмет көрсетулердің жай-күйін бақылап отыруды қамтамасыз етуге тиіс Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының бірлескен ақпараттық жүйесін құру жөніндегі ұсыныстар әзірленетін болады. Бірлескен ақпараттық жүйеге ақпарат беруді келісілген көрсеткіштер тізбесі бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының тиісті ведомостволары жүзеге асырады.
      Бағдарламаға сәйкес бұрыннан қалыптасқан аймақаралық шаруашылық байланыстарды, онда тұратын халықтардың салт-дәстүрі мен рухани байлықтарын сақтауды ескере отырып, осы аумақтардың әлеуметтік- экономикалық өрлеуі үшін қолайлы жағдайлар туғызуды көздейтін маңызды бағыт болып табылатын Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының аймақаралық ынтымақтастығы одан әрі дамытылуға тиіс.

VII. Бағдарламаны жүзеге асырудың тетіктері

      Бағдарламаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік органдары мен шаруашылық жүргізуші субъектілерінің нақты іс-қимылдарды жүзеге асыруы арқылы орындалатын болады.
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастық жөніндегі тұрақты түрде жұмыс істейтін Бірлескен үкіметаралық комиссияның шеңберінде Бағдарламаны орындау мақсатында Бағдарламаның негізгі бөлімдері бойынша Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Топ (бұдан былай - Топ) және жұмыс топтары құрылады.
      Топ Тараптардың Үкіметі Басшылары тағайындайтын Төраға басқаратын қазақстандық және өзбек бөліктерінен тұрады.
      Топ құрамына қазақстандық және өзбек Тараптарының жұмыс топтарының басшылары кіреді.
      Топтың мәжілісі қажет болғанына қарай, бірақ жарты жылда кем дегенде бір рет Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасында алма-кезек өткізіледі. Топтың мәжілісіне қабылдаушы Тараптың Төрағасы төрағалық етеді.
      Топтың негізгі функциялары мыналар болып табылады:
      ұлттық бөліктер шеңберінде Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастық жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін Бірлескен үкіметаралық комиссияның мәжілісіне тиісті жылға арналған Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі жыл сайынғы Іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұйымдастыру;
      Бағдарламаны жүзеге асыруға және үйлестіруге байланысты мәселелер бойынша үкіметаралық келісімдердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру;
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастық жөніндегі тұрақты түрде жұмыс істейтін Бірлескен үкіметаралық комиссияның мәжілістерінде қарау үшін Бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты жекелеген проблемаларды әзірлеу;
      Топ регламенті айқындайтын өзге де функциялар.
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998-2005 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы шарт күшіне енген күннен бастап 60 күннен кешіктірілместен
Топтың регламенті Топ мәжілісінде қаралады және бекітіледі.

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады