Диссертациялық кеңес туралы Ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2001 жылғы 4 маусымдағы N 423 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2001 жылғы 6 маусымда тіркелді. Тіркеу N 1531. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы N 14 бұйрығымен.

                              БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Диссертациялық кеңес туралы ереже бекітілсін.
      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Жоғары аттестациялық комитеттің төрағасы А.Қ. Құсайыновқа жүктелсін.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы 
Білім және ғылым Министрі
міндетін атқарушының  
2001 жылғы 4 маусымдағы 
N 423 бұйрығымен бекітілген

ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ТУРАЛЫ

 1. Диссертациялық кеңестердi құру және жұмысын
 ұйымдастыру

      1. Диссертациялық кеңестер жеке құрамын Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комитетi ұсынатын жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды аттестаттау жүйесiнiң негiзгi буыны болып табылады.
      ЖАК-тың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi диссертациялық кеңестердiң қызметiн үйлестiру, олардың жұмысын бақылауды қамтамасыз ету және кеңестер желiсiн қалыптастыру болып табылады.
      Кеңестер өтiніштерiнiң негiзiнде қызметкерлерi тиiстi ғылым саласында жетекшi ғалымдар болып табылатын, еңбектерi арнайы ғылыми басылымдарда жиi жарияланып жүрген, сұрап отырған мамандығы бойынша доктарантурасы (аспирантурасы), кафедрасы (бөлiмi, лабораториясы) бар, ғылыми семинар жұмыс iстейтiн ұйымдарда құрылады.
      Өтiнiш хатта осы ұйымда диссертациялық кеңес құру қажеттiлiгi мен оның жұмыс iстеуiнiң орындылығының негiздемесi көрсетiлуi, сондай-ақ кеңес жұмысын диссертациялардың қаралуы мен қорғалуына қажеттi қаражатпен және жағдаймен қамтамасыз ету жөнiнде қабылдаған мiндеттемелерiне кепiлдiк берiлуi керек. Өтiнiш хатқа диссертациялық қеңестiң жеке құрамының мүшелерi (бұдан әрi - кеңес құрамы) туралы мәлiметтер және бұйрықтың жобасы қоса тiгiледi.
      Диссертациялық кеңес диссертацияларды сараптаудың сапасы мен әдiлдiгiне, сондай-ақ қабылданған шешiмдердiң негiздiлiгiне жауап бередi және аттестаттау кезiндегi талапшылдықтың жоғары деңгейiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Ғалымның диссертациялық кеңес жұмысына қатысуы оның ғылыми-ұйымдастырушылық қызметiнiң маңызды бөлiгi болып табылады және ерiктi түрде төлемақысыз орындалады.
      Диссертациялық кеңестердi құруға ғылыми жұртшылықтың белсендi қатысуы мақсатында оларды ашу, ондағы мамандықтар және құрамы жөнiндегi мәселелер факультеттердiң, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, ұйымдардың ғылыми (техникалық) кеңестерiнiң мәжiлiстерiнде талқылануы керек.
      Диссертациялық кеңес құрамына ұсынылған кандидатуралар бойынша ғылыми кеңестiң дауыс беруiн өткiзу керек. Бiрiккен диссертациялық кеңестiң құрамы бойынша дауыс беру қызметкерлерi диссертациялық кеңес құрамына кандидаттар болып табылатын ұйымдарда өткiзiледi.
      Ұйым (базалық ұйым) басшысы құрылатын диссертациялық кеңес құрамына сайланған кандидаттардың жиналысын өткiзедi, онда жасырын дауыс беру жолымен жай көпшiлiк, бiрақ диссертациялық кеңестiң тiзiмдiк құрамының жартысынан кем емес дауыспен диссертациялық кеңестiң төрағасы мен төрағасының орынбасары сайланады.
      Диссертациялық кеңестiң төрағасы болып кеңес құрылып отырған ұйымда жұмыс iстейтiн, белсендi ғылыми қызмет атқарушы, кеңес профилi бойынша (автореферат бойынша) маман - ғылым докторы тағайындалады. Диссертациялық кеңестiң төрағасы ретiнде өзге диссертациялық кеңестiң төрағасы немесе орынбасары тағайындалмайды. Кеңестiң ғалым хатшысы болып кеңес құрылып отырған ұйымда жұмыс iстейтiн, кеңес профилi бойынша (автореферат бойынша) маман тағайындалады.
      Ұйым басшысы диссертациялық кеңес мүшелерiмен бiрдей дауыс беруге қатысады.
      Ғылыми (техникалық) кеңестердiң мәжілістерiнiң хаттамалары мен диссертациялық кеңестiң төрағасы мен төрағасының орынбасарының кандидатуралары бойынша жасырын дауыс берудiң нәтижелерi диссертациялық кеңес ашу жөнiндегi өтiнiш хаттың мiндеттi қосымшасы болып табылады.
      2. Ғылым докторы ғылыми дәрежесiн алу үшiн диссертациялар қорғау жөнiндегi кеңестiң құрамына тек ғылым докторлары енгiзiледi. Ғылым докторы ғылыми дәрежесiн алу үшiн диссертациялар қорғау жөнiндегi кеңестер ғылым кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн диссертациялар қорғауды өткiзуге де құқылы. Ғылым кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн диссертациялар қорғау жөнiндегi диссертациялық кеңестiң құрамына ғылым докторлары мен кандидаттары кiредi, бұл ретте ғылым докторларының жалпы саны кеңес құрамының жартысынан кем болмауға тиiстi.
      3. Мемлекеттiк үлгiдегi ғылым докторы дипломы бар ТМД-нiң басқа мемлекеттерiнiң жетекшi мамандары, халықаралық келiсiмдерге сәйкес, кеңес құрамына қайта аттестаттаусыз енгiзiле алады.
      4. ЖАК кеңеске әдетте екi, ал көп дегенде үш мамандық бойынша диссертация қорғатуға құқық бере алады.
      5. Кеңес құрамы мынандай талаптарға сай болуы қажет:
      1) кеңес құрамына авторефераттары, еңбектерi бойынша (кеңестiң әр мамандығы бойынша үштен көп емес) және жапсарлас мамандықтар бойынша (кеңестiң әр мамандығы бойынша үштен көп емес) мамандар енгiзiледi;
      2) ғылым докторы ғылыми дәрежесiн алу үшiн диссертациялар қорғалатын кеңестiң құрамында әрбiр ғылым саласының әр мамандығы бойынша кем дегенде бес ғылым докторы, оның iшiнде ең кемi үшеуi автореферат бойынша болуы қажет;
      3) ғылым кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн диссертациялар қорғалатын кеңестiң құрамында әрбiр ғылым саласының әр мамандығы бойынша кем дегенде бес маман, оның iшiнде кем дегенде үш ғылым докторы, олардың ең кемi екеуi автореферат бойынша болуы қажет;
      4) жапсарлас мамандықтар бойынша кеңес құрамына мамандар бiр шифрдағы мамандықтардан, бiрақ өзге ғылым саласынан немесе бiр ғылым саласының бiр топтағы мамандықтарының басқа шифрынан енгiзiледi;
      5) кеңес құрамындағы ЖАК қызметкерлерiнiң, төралқасы мен сараптау кеңесi мүшелерiнiң саны (жалпы алғанда) үштен аспауға тиiс, оның үстiне олар кеңес төрағасы немесе төрағаның орынбасары болып тағайындала алмайды;
      6) кеңес құрамындағы сол мамандық бойынша басқа диссертациялық кеңестердің құрамына енетiн ғылым докторларының саны екеуден аспауы тиiс;
      7) маманды кеңес құрамына енгізу үшiн оның жазбаша келiсiмi қажет, әр маман көп дегенде екi кеңестің құрамына мүше бола алады;
      8) кеңес құрамына диссертация қорғауға құқық берілген әрбiр ғылым саласының әрбiр мамандығы бойынша басқа ұйымдардан, бiрақ құрамының үштен бiрiнен аспайтын мөлшерде, мамандар енгiзiлуi мүмкiн;
      9) ЖАК қызметкерлерi, ЖАК төралқасы мен сараптау кеңесiнiң мүшелерi тек бiр ғана диссертациялық кеңестiң құрамына кiре алады;
      10) кеңес мүшелерiнiң саны он екiден кем, жиырма төрттен артық болмауға тиiс.
      6. Кейбiр жағдайларда ғылым мен техника дамуының басым бағыттары бойынша жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау мен аттестаттау үшiн бiр ұйымның базасында бiрiккен кеңестер құрылуы мүмкiн.
      Бiрiккен диссертациялық кеңестер сұраныс туғызып отырған мамандықтар бойынша белсендi ғылыми зерттеу жүргiзiлiп жатқан бiрнеше ұйымдардың ғалымдарының қатысуымен құрылады.
      Бiрiккен диссертациялық кеңес базалық ұйым орналасқан қаладағы басқа ұйымдардағы кеңестерде жоқ мамандықтар бойынша құрылады.
      Бiрiккен кеңес құрушы ұйымдар жалпы жауапкершілік пен оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi келiсiмге қол қояды, өздерiнiң атынан ЖАК өтiнiш жасайтын базалық ұйымды белгiлейдi.
      Диссертациялық кеңестiң ағымдағы қызметiне базалық ұйымның басшысы жауапты және оған диссертациялық кеңестiң басшылығы есеп бередi. ЖАК-қа жiберiлетiн аттестациялық iстiң құжаттарына базалық ұйымның тиiстi мөрi басылады.
      Базалық ұйымның басшысы кеңес жұмысының үйлестiрушiсi қызметiн атқарады және жылына кем дегенде бiр рет бiрiккен диссертациялық кеңеске қатысушы ұйымдардың басшыларымен оның жұмысы туралы мәжiлiс өткiзiп тұрады.
      Бiрiккен кеңес құрамында кеңес құрылған базалық ұйымда қызмет iстейтiн, кеңестiң әр саласының әр мамандығы бойынша (автореферат бойынша бiр немесе одан да көп) ғылым докторлары болуға тиiс.
      Кеңес құрамы осы Ереженiң талаптарын қанағаттандыратын болуы керек.
      ЖАК бiрiккен диссертациялық кеңеске ғылымның тиiстi саласының бiр немесе екi мамандығы бойынша диссертация қорғату құқығын бере алады. Кеңес құрамы он екiден кем, он алтыдан артық болмауы керек.
      Бiрiккен диссертациялық кеңестi құруға өтiнiш бiлдiрген ұйым кеңес қызметiне, сондай-ақ кеңестiң басқа қаладағы мүшелерiн оның жұмысына қатысу үшiн шақыруға байланысты материалдық шығындарды өз мойнына алады. Кеңес құрамында басқа мемлекеттердiң азаматтары болған жағдайда, мәжiлiстерде таралымы шектелген мәлiметi жоқ диссертациялар қаралады.
      7. Диссертациялық кеңеске мамандықтар түйiсiнде даярланған диссертацияның тиiстi ғылым саласындағы бiреуi бойынша қорғау өткiзуге құқық берiлген жағдайда бiр жолғы қорғау өткiзудi ұйымдастыруға болады. Бiр жолғы диссертация қорғауды өткiзу үшiн ЖАК рұқсаты негiзiнде кеңес құрамына тиiстi ғылым саласының кеңесте жоқ мамандығынан автореферат бойынша ғылым докторларының қажеттi саны (докторлық диссертация үшiн үш және кандидаттық үшiн екi) енгiзiлуi керек. Кеңес төрағасы алдын ала ЖАК-қа бiр жолғы қорғау өткізуге рұқсат ету және кеңес құрамына қосымша мүшелердi енгiзу туралы, қажеттi мәлiметтердi қоса тiге отырып, өтiнiш хат жiбередi, одан тиiстi рұқсатты алғаннан кейiн толықтырылған құрамдағы диссертациялық кеңес мәжiлiсiнде диссертацияны қорғауға қабылдауды өткiзедi.
      Бiр жолғы докторлық диссертация қорғау тек докторлық диссертация қабылдау құқығы бар кеңестерде ғана өткiзiледi.
      8. Диссертациялық кеңес мәжілісi туралы ол құрылған ұйымның ұжымы мен ғылыми жұртшылық кеңiнен құлақтандырылады.
      Кеңес өзiнiң бүкiл қызметiмен iзденушiнiң дайындаған диссертациясын қорғауына барынша қолайлы жағдай туғызуы керек. Iзденушiге өз диссертациясының қорғалуына қатысты кеңестегi барлық материалдармен танысуға, диссертациясының қорғалуын ұйымдастыруға байланысты барлық мәселелер бойынша кеңес басшыларының бiлiктi көмегiн алуға мүмкiндiк берiледi.
      Кеңестiң тиiстi ұйымдардан диссертацияның толық, жан-жақты әрi әдiл қаралуына және дәлелдi шешім шығарылуына қажетті материалдарды сұрауына құқығы бар.
      9. Диссертациялық кеңестiң бiр мәжiлiсiнде бiр ғана диссертация қорғалады немесе бiр қосымша қорытынды (ұжымдық пiкiр) дайындалады.
      Бiр күн iшiнде бiр докторлық немесе екi кандидаттық диссертация қорғалуы мүмкiн. Кеңестiң бiр айда бiр докторлық, екi кандидаттық диссертация қорғатуға және бiр қосымша қорытынды (ұжымдық пiкiр) дайындауға құқығы бар.
      10. Диссертациялардың қорғалу мерзiмiн тағайындағанда iзденушiлердiң диссертациясын қорғауға қабылдау туралы өтiнiшiнiң түсу кезегi сақталуы қажет.
      Кезектен тыс қорғау құқығын диссертациясын өз уақытында, аспирантурада оқу аяқталғанға дейiн, қорғауға өткiзген аспиранттар пайдаланады.
      11. Кеңес басшылары кеңес жұмысы туралы өз ұйымы мен ЖАК алдында есеп бередi. Кеңес күнтiзбелiк жыл аяқталған соң бiр ай мерзiм iшiнде атқарған жұмысы туралы есеп бередi.
      12. Егер кеңес мүшесi есептi жыл iшiнде мәжілістердiң жартысына және одан да көбiне қатыспаған болса, онда ол тиiстi диссертациялық кеңес құрамынан мүшелiктен шығарылады.
      13. Кеңестiң осы Ереженiң немесе Ғылыми дәрежелер беру Ережелерiнiң (бұдан әрi - Ережелер) талаптарын бұзуы кеңес басшылығын, кеңес мүшелерiн өзгертуге, кеңес қызметiн оның мерзiмдi өкiлеттігінен ерте тоқтатуға немесе доғаруға негiз болып табылады.

2. Диссертацияның диссертациялық кеңесте
 алдын ала қаралуы

      14. Кеңес Ережелердiң 12-тармағының талаптарына сәйкес ресiмделген, қажеттi құжаттары түгел диссертацияны алдын ала қарауға қабылдайды және өз мәжiлiсiнде диссертация профилi бойынша маман-кеңес мүшелерiнен (ең кемi үш адамнан) құрылған комиссияға диссертациямен және ғылыми жетекшiсінің (кеңесшiсiнің) пiкiрiмен танысуды тапсырады. Комиссия диссертацияның кеңеске диссертация қорғату құқығы берiлген мамандықтар мен ғылым саласына сәйкестiгi, автордың жариялаған еңбектерiндегi диссертация материалдарының баяндалу толықтығы (Ережелердің 13-тармағына сәйкес), ғылым мен практика үшiн олардың маңыздылығы туралы қорытындының жобасын табыстайды, сондай-ақ қаралатын диссертация бойынша жетекшi ұйым, ресми оппоненттер тағайындау туралы ұсыныс жасайды. Оның үстiне комиссия "Қызмет бабында пайдалану үшiн" және "Құпия" грифтерiн қоюдың, ғылыми жетекшi тағайындаудың, ғылыми кеңесшi тартудың, диссертацияның мамандықтар түйiсiнде ұсынылуының негiздiлiгiне көңiл аударып бiр жолғы қорғау өткiзу үшiн қосымша мүшелер енгiзу жөнiнде ұсыныс беруi қажет.
      Диссертацияны мамандықтар түйiсiнде ұсынуға әр мамандық бойынша тиiстi ғылыми үлесiнiң болуы негiз болады.
      Докторлық диссертацияны қарау үстiнде комиссия iзденушiнiң кандидаттық диссертациясының материалдары мен қорытындыларын қандай дәрежеде пайдаланғанын анықтауға тиiс.
      Iзденушiнiң кандидаттық диссертацияда қорғауға ұсынған қағидалары мен нәтижелерiн докторлық диссертацияда қайтадан қорғауға ұсынуына болмайды.
      Егер диссертация кеңес құрылған ұйымда орындалмаған болса, ол диссертацияны осы жұмыстың бағыт-бағдарына сай келетiн кафедраның (бөлiмнiң, лабораторияның, ғылыми семинардың) қосымша талқылауына жiбередi.
      Диссертациялық кеңес диссертацияны қорғауға қабылдау мәселесi туралы оң шешiм қабылдаған жағдайда, аталған комиссия диссертация жөнiндегi кеңес қорытындысының жобасын дайындайды, сонымен бiрге жiктемелiк белгілерiн iрiктейдi.
      Диссертациялардың кеңесте алдын ала қаралу мерзiмi iзденушiнiң қажеттi құжаттарды тапсырған күнiнен бастап кандидаттық диссертация үшiн екi айдан, ал докторлық диссертация үшiн үш айдан аспауы қажет.
      15. Кеңес комиссия қорытындысының негiзiнде өзiнiң мәжiлiсiнде диссертацияны қорғауға қабылдайды, ресми оппоненттер мен жетекшi ұйымды тағайындайды, қорғайтын күнiн белгiлейдi, автореферат тарататын қосымша тiзiмдi айқындайды, авторефераттың қолжазба құқығында басылуына рұқсат бередi.
      Жетекшi ретiнде, ЖАК ұсынған тiзiмнiң iшiнен, қаралатын диссертация тақырыбы бойынша белсендi ғылыми зерттеу жүргізiп отырған және онымен бiр топқа жататын ғылым саласы мен мамандықтардың ғылым докторы қызмет ететiн жоғары оқу орны, ғылыми, ғылыми-зерттеу, ғылыми-өндiрiстiк және жобалау-конструкторлық ұйым таңдалады. Кандидаттық диссертациялар үшiн ЖАК рұқсатымен тиiстi мамандық пен ғылым саласы бойынша ғылым кандидаттары қызмет ететiн ұйым белгiленуi мүмкiн.
      Диссертациялық кеңес мәжiлiсiнiң құқықтылығы Ережелердiң 28-тармағының талаптарына сәйкес анықталады. Диссертацияны қорғауға қабылдау туралы кеңестiң шешiмі, мәжiлiске қатысушы кеңес мүшелерiнiң жай көпшiлiгi жақтап дауыс берген жағдайда, қабылданған болып саналады.
      16. Кеңес мына төмендегi жағдайлардың бiрiнде диссертацияны қорғауға қабылдамайды:
      1) диссертацияның негiзгi мазмұны диссертация қорғауға қабылдау құқығы берiлген мамандықтардың және онымен байланысты ғылым саласының бiреуiне де сәйкес келмегенде;
      2) диссертацияның негiзгi нәтижелерiнiң жариялануының толықтығы туралы Ережелердiң 13-тармағының талаптары орындалмаған жағдайда;
      3) iзденушiнiң жұмысының ғылым мен практика үшiн құндылығы мен маңыздылығы туралы Ережелердiң 12-тармағы орындалмағанда.
      Бұл жағдайда iзденушiге, Ережелердiң 15-тармағында белгiленген мерзiмде, диссертацияның қорғауға қабылданбау себептерi көрсетiлген кеңес мәжiлiсiнiң хаттамасының көшiрмесi беріліп, оның кеңеске тапсырған барлық материалдары қайтарылып берiледi.
      17. Алда болатын қорғау туралы хабарлама, мекен-жайы, қорғалатын күнi және уақыты көрсетіліп, күнi бұрын, қорғаудан кемiнде бiр ай бұрын, авторефераттарды тарату ЖАК бекiткен тiзiм мен кеңес бекiткен қосымша тiзiм бойынша жасалады.
      Докторлық диссертацияларды қорғауға қабылдаған кезде кеңес қорғауға дейiн 2 айдан кешiкпей ЖАК-қа iзденушiнiң аты-жөнi, диссертацияның тақырыбы, ғылыми дәреже берiлетiн ғылым саласы, мамандықтың шифрi, диссертация қорғалатын кеңестiң аты мен мекен-жайы, жетекшi ұйымның аты, ресми оппоненттердiң аты-жөнi, қызмет орны көрсетiлген хабарландыру жiбередi. Хабарландыру мәтiнi iзденушiнiң жеке iсiне тiркеледi. Қорғау хабарландыру жарияланғаннан кейiн өткiзiледi.
      18. Жетекшi ұйым мен ресми оппоненттер пiкiрлерi кеңеске қорғаудан кемiнде 10 күн бұрын берiлуi керек.
      19. Жетекшi ұйым пiкiрiне диссертация талқылаудан өткен ұйым бөлiмшесiнiң басшысы мен сол бөлiмшенiң қорытындының жобасын дайындаған ЖАК төралқасының, сараптау кеңесiнiң және диссертация қорғалатын кеңестiң мүшесi емес қызметкерi, бiр топтағы мамандықтардың ғылым докторы қол қояды, пiкiрдi жетекшi ұйым басшысы немесе оның ғылыми жұмыс жөнiндегi орынбасары бекiтедi және ол ұйымның елтаңбалы мөрiмен расталады.
      20. Қорғаудың күнi мен уақытын авторефератта көрсетiлген уақыттан ертерек мезгiлге ауыстыруға болмайды.
      21. Кеңес мәжiлiсiн дәлелдi себептермен тағайындалған күнi өткiзу мүмкiн болмаған жағдайда кеңес, ол туралы ЖАК-ты хабардар ете отырып, диссертация қорғаудың күнiн бiршама кешiктiрiп тағайындауға құқылы.
      22. Ресми оппоненттердi дәлелдi себептермен ауыстыруды кеңес мәжiлiсiнде қорғаудан кем дегенде он күн бұрын, ол туралы Қазақстан ЖАК-ты хабардар ете отырып жүргiзуге болады.

3. Диссертацияның қорғалу кезiндегi диссертациялық
кеңестiң мәжiлiсiн өткiзу

      23. Диссертацияның қорғалу кезiнде кеңестiң мәжiлiсi кеңес төрағасының, ол болмаған жағдайда, кеңес төрағасы орынбасарының басқаруымен өткiзіледi және магниттi таспаға жазылады.
      Кеңестiң төрағасы (төрағаның орынбасары) диссертация қорғап отырған iзденушiнiң ғылыми жетекшiсi (кеңесшiсi) болған жағдайда кеңес мәжiлiсiнде төрағалық мiндет атқара алмайды. Егер кеңестiң төрағасы және оның орынбасары көрсетiлген мiндеттердi атқара алмаса, кеңестiң бұл мәжiлiсiне төрағалық етуге кеңестiң мүшесi-кеңес қызмет iстейтiн ұйымның қызметкерi тағайындалады. Оның тағайындалуы ұйым басшысының бұйрығымен ресiмделедi. Ғалым хатшы болмаған немесе ол диссертация қорғап отырған iзденушiнiң ғылыми жетекшiсi (кеңесшiсi) болған жағдайда, оның мiндеттерi ұйым басшысының бұйрығымен мерзiмi (көп дегенде екi ай) көрсетіліп кеңес мүшелерiнiң бiрiне жүктеледi. Төраға, төрағаның орынбасары және ғалым хатшы бiр мезгiлде болмай қалған жағдайда диссертациялық кеңестiң мәжiлiсi өткiзiлмейдi.
      24. Диссертациялық кеңес мәжiлiсiнiң ашылуы алдында оның мүшелерiне бұрын құрылған комиссия Ережелердiң 31-тармағына сәйкес даярлаған қорытындының жобасы таратылып берiледi.
      Диссертациялық кеңес мәжiлiсiн ашарда төраға келу парағы мен оппоненттердiң қатысуының негiзiнде кеңес мүшелерiне мәжiлiстiң құқықтылығы жайында хабарлама жасайды (Ережелердiң 28-тармағы). Кеңес мүшелерiнің, ресми оппонеттердiң кеңеске қатысу, олардың мамандығы, ғылым саласы мен ғылыми дәрежесi мәжiлiстің стенограммасында көрсетiлуi тиiс.
      Кеңес мәжiлiсi ашылғанынан кейiн төраға iзденушiнiң диссертация қорғайтыны туралы хабарлайды, диссертацияның атауын, ресми оппонеттерiнің аты-жөнiн, жетекшi ұйымды атап өтiп және диссертацияның бiрiншi рет (қайтадан) қорғалып отырғанын жариялайды. Сонан соң сөз ғалым хатшыға берiледi, ол iзденушi құжаттарының негiзгi мазмұны мен олардың белгiленген талаптарға сәйкестiгi жайында қысқаша баяндайды.
      25. Iзденушi диссертацияның басты мәнi мен негiзгi қағидаларын баяндап бередi. Сонан соң iзденушiге ауызша немесе жазбаша түрде сұрақтар қойылады. Iзденушiнiң жауаптарынан кейiн сөз ғылыми жетекшiге берiледi. Ол қатыса алмаған жағдайда оның пiкiрi оқылады. Диссертациялық жұмыс орындалған немесе iзденушi тiркелген ұйымның және кеңес жұмыс iстейтiн ұйымының қорытындысы, жетекшi ұйымның пiкiрi, басқа да кеңеске келiп түскен диссертация мен автореферет туралы пiкiрлер жарияланады. Диссертация мен авторефератқа жiберiлген оң пiкiрлер көп болған жағдайда, ғалым хатшы кеңес мүшелерiнiң келiсiмiмен бұл пiкiрлердi толық оқудың орнына, оларды көрсетiлген ескертпелердi атай отырып, шолу ғана жасайды. Терiс пiкiрлер толық оқылады.
      26. Пiкiрлер оқылып болған соң, iзденушiге пiкiрлерде көрсетiлген ескертпелерге жауап беру үшін сөз берiледi.
      27. Бұдан соң ресми оппонеттер өз пiкiрлерiн оқиды. Ресми оппонент өзi дайындаған пiкiрiнiң объективтілігi мен сапасы үшiн жауап бередi. Бұл талап орындалмаған жағдайда ЖАК ресми оппонеттi бұдан былай кадрларды аттесттауға қатысу құқығынан айыруы мүмкiн. Оппонеттердiң сөзiнен кейiн iзденушi жауап қайтару үшiн сөз алады. Iзденушiнiң тiлегi бойынша әрбiр оппонеттiң сөзiнен кейiн жауап беру үшiн оған сөз берiлуi мүмкiн. Бұдан кейiнгi пiкiрсайысқа қорғауға қатысушылардың бәрiнің қатысуға құқығы бар. Пiкiрсайыс аяқталған соң iзденушiге қорытынды сөз берiледi.
      28. Iзденушiнің қорытынды сөзiнен кейiн кеңес осы Ереженiң 4-бөлiмiнде белгiленген тәртіп бойынша ғылыми дәреже беру жөнiндегi мәселенi жасырын дауысқа салады. Ғылыми дәреже беру мәселесi жөнiндегi кеңестiң шешiмi, оған кеңестiң мәжiлiске қатысқан мүшелерiнiң ең кемi үштен екiсi жақтап дауыс бергенде, қабылданған болып есептеледi.
      29. Есеп комиссиясының хаттамасы бекiтiлген соң кеңес қортындысының жобасы талқыланады. Ғылыми дәреже беру туралы оң шешiлген жағдайда, қорытындының жобасында iзденушінiң өзi қол жеткiзген ең маңызды ғылыми нәтижелерi, оның дұрыстығы мен жаңалығына берiлген баға, теориялық және практикалық маңызы, диссертациялық зерттеудiң нәтижелерiн пайдалану жөнiндегi ұсыныстар, сондай-ақ диссертацияның Ережелердiң 10 немесе 11 -тармағының қандай талаптарына сай бағаланғаны көрсетiледi. Ғылыми дәрежелер беру туралы мәселе терiс шешiлген жағдайда қорытынды қабылданбайды. Жiктемелiк белгiлерi көрсетiлген қорытындының мәтiнi ашық дауысқа салынып, мәжiлiске қатысушы кеңес мүшелерiнiң жай көпшiлiгiнің дауыс беруiмен қабылданғаннан соң iзденушiге жарияланады. Осымен кеңес мәжiлiсi аяқталды деп есептеледi.
      30. Егер диссертацияны диссертациялық кеңес мәжiлiсiнде талқылау кезiнде елеулi сыни пiкiрлер айтылмай, бiрақ дауыс беру нәтижесi терiс болып шықса, ЖАК кеңестiң одан арғы қызметi туралы мәселенi қарау жөнiнде Бiлiм және ғылым Министрлiгiне ұсыныс дайындайды.
      31. Кеңес диссертацияның қорғалған күнiнен бастап бiр ай мерзiм iшiнде iзденушiнiң диссертациясы мен аттестациялық iсi құжаттарының бiрiншi даналарын, тiркеуi-есептiк карточкасы мен құжаттар тiзiмiмен бiрге ЖАК-қа жiбередi. Бұл белгiленген тәртiптiң орындалуына кеңестiң ғалым хатшысы тiкелей жауапты. Диссертацияның екiншi данасы түптелмеген күйде авторефератпен және диссертацияның есеп карточкасының екi данасымен бiрге қорғаудан кейiн бiр апта iшiнде микрофильмдеу және мемлекеттiк тiркеуден өткiзу үшін Қазақ мемлекеттiк ғылыми-техникалық ақпарат, ғылыми-зерттеу институтына (ҚазмемҒАҒЗИ) жiберiледi. Ғылыми дәреже беру жөнiндегi аттестациялық iс құжаттарының екiншi данасы диссертациялық кеңесте он жыл бойы, ал магниттi таспасы диссертациялық кеңестiң шешiмiн немесе өтiнiшiн ЖАК бекiткенге дейiн сақталады.
      32. Дауыс беру қорытындысы бойынша кеңестің шешiмi терiс болған жағдайда, кеңес диссертация қорғалған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде ЖАК-қа ұйым бланкiсiне жазылған, кеңес төрағасының қолы қойылған жолдама хат, оған қоса қабылданбаған диссертацияның есептiк карточкасының 2 данасын, сондай-ақ автореферат пен кеңестiң төрағасы мен ғалым хатшысының қолы қойылған кеңес мәжiлiсiнiң стенограммасын жiбередi.
      Iзденушiге дипломының көшiрмесi, кандидаттық емтихандарды тапсырғандығы туралы куәлiгi, кадрларды есепке алу жеке парағы, диссертация орындалған немесе iзденушi тiркелген ұйымның қорытындысы, ғылыми еңбектердiң көшiрме нұсқалары (оттискiлерi) және диссертациясы қайтарылып берiледi, ал диссертацияның бiр данасы кiтапхана қорынан қайтарылып алынып, авторефераттармен бiрге диссертациялық кеңеске жiберiледi, онда ол он жыл бойы сақталады.
      Диссертацияға, авторефератқа келiп түскен пiкiрлер, мәжiлiстiң стенограммасы және дауыс беру шешiмi кеңесте қалдырылады және олардың көшiрмесi диссертация қайта қорғалатын жердiң сұрауымен жiберiлуi мүмкiн.
      33. Iзденушi өз диссертациясын мәжiлiс басталғанға дейiн жазбаша түрде берген өтiнiшi бойынша талқылаудан қайтарып алуға құқылы. Iзденушi диссертациясын талқылаудан қайтарып беру жайында диссертациялық кеңеске жазбаша түрде өтiнiш берген жағдайда, кеңестiң төрағасы кеңесте қалдырылатын өтiнiштен, диссертация мен авторефераттың бiр даналарынан басқа құжаттарының бәрiн iзденушiге қайтарып беруге нұсқау бередi. Диссертацияны қарау кезiнде дайындалған құжаттар кеңесте қалдырылады және олар диссертация қайта қорғалатын жердiң сұрауымен жiберiлуi мүмкiн. Егер кеңес iзденушiнiң бiреудiң еңбегiн оның авторы мен алынған дерегiне сiлтеме жасамай пайдаланғанын анықтаса, онда кеңес диссертацияны талқылаудан алып тастауға құқылы. Бұл жағдайда iзденушiнiң диссертацияны талқылаудан қайтарып алу жөнiндегi өтiнiшi қабылданбайды, ал ЖАК-қа диссертацияның авторефератымен бiрге кеңестiң шешiмi жiберiледi.

4. Жасырын дауысқа салу және есеп комиссиясының қызметi

      34. Есеп комиссиясы (кемiнде үш адам) жасырын дауыс беру алдында мәжiлiске қатысушы кеңес мүшелерiнiң жай көпшiлiгiнiң ашық дауыс беруiмен сайланады.
      35. Жасырын дауыс беруге мәжiлiске қатысушы кеңес мүшелерi ғана қатыса алады, iзденушiнiң қорытынды сөзiнен кейiн оларға есеп комиссиясы алдын ала даярланған бюллетеньдердi қолхат арқылы үлестiредi.
      Дауыс берушi "Дауыс берудiң нәтижесi" графасынан керексiз деп тапқанын сызып тастап, бюллетеньдi мөрленген урнаға салады.
      36. Есеп комиссиясының мүшелерi урнаны ашып, бюллетеньдердi санайды және дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама толтырады.
      Үлестiрiлмеген бюллетеньдер жасырын дауыс берудiң алдында тиiстi белгi қойылып, есеп комиссиясында қалдырылады және бұл жөнiнде хаттамада көрсетiледi. Дауыс беруге қатысқан кеңес мүшесiнiң пiкiрiн айқындауға мүмкiндiк бермейтiн бюллетеньдер жарамсыз деп саналып, бұл да есеп комиссиясының хаттамасында белгiленедi.
      Дауыс берудiң қорытындылары хаттамада ресiмделгеннен кейiн есеп комиссиясы барлық бюллетеньдердi конвертке салып желiмдеп, өз хаттамасына тiркейдi.
      37. Кеңес жасырын дауыс беруге қатысқан кеңес мүшелерiнiң жай көпшiлiгiнiң ашық дауыс беруiмен есеп комиссиясының хаттамасын бекiтедi.
      Есеп комиссиясының хаттамасы бекiтiлмеген жағдайда кеңес мәжiлiсi жалғастырылады және жасырын дауыс беру қайта өткiзiледi.
      Есеп комиссиясының хаттамасын бекiтпеу мәселесiн диссертациялық кеңес тек диссертацияны қорғау барысында, жасырын дауыс беруде немесе есеп комиссиясының жұмысында тәртiп бұзушылық анықталған жағдайда ғана қарай алады.

5. ЖАК-қа қосымша қорытынды жасауға (ұжымдық пiкiрге)
жiберiлген диссертацияны қарайтын диссертациялық
кеңестiң мәжiлiсiн өткiзу

      38. Аттестациялық iспен бiрге қосымша қорытынды жасауға (ұжымдық пiкiрге) жiберiлген диссертация кеңеске келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiм iшiнде қаралуға тиiс. Кеңес диссертацияны қарамастан бұрын кеңес мүшелерiнен тұратын комиссияға iзденушiнiң диссертациясымен танысып, аттестациялық iс құжаттарын қарауды, диссертация жөнiндегi қорытындының жобасын әзiрлеудi тапсырады.
      Диссертациялық кеңестiң мәжiлiсiне, комиссия қорытындысымен алдын ала танысуға құқығы бар iзденушi шақырылады. Егер шақыртылған iзденушi келуден бас тартса немесе мәжiлiстi өзiнiң қатысуынсыз-ақ өткiзудi сұраса, кеңес өз мәжiлiсiн оның қатысуынсыз өткiзу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн. Диссертациялық кеңестiң мәжiлiсiне iзденушiнiң оппоненттерi, жетекшi ұйымның өкiлдерi және қажет болған жағдайда кеңеске шақырылатын басқа адамдар да қатысуы мүмкiн. Кеңес мүшелерiнiң қатысуы (олардың мамандықтары көрсетілiп) мәжiлiс стенограммасында көрiнiс табуы қажет.
      39. Төраға кеңес мәжiлiсiн ашарда келу парағы бойынша кеңес мүшелерiне мәжiлiстiң құқықтылығы туралы хабарлайды (Ережелердiң 28-тармағы).
      Кеңес мәжілісiн ашқаннан кейiн, төраға қосымша қорытынды (ұжымдық пiкiр) жасауға жiберiлген диссертацияны қарау жайында хабарлап, диссертацияның атауын, қорғалған диссертациялық кеңесiн, ресми оппоненттерiнiң аты-жөндерi мен жетекшi ұйымды атап өтедi.
      Бұдан кейiн сөз ғалым хатшыға беріліп, ол iзденушiнiң аттестациялық iсiндегi құжаттардың негiзгi мазмұнын қысқаша баяндайды.
      40. Кеңес мәжiлiсiне iзденушi қатысып отырған жағдайда, оған диссертацияның негiзгi қағидаларын баяндау және қойылған сұрақтарға жауап беру үшiн сөз берiледi.
      41. Талқылау диссертациямен және аттестациялық iстiң құжаттарымен танысу тапсырылған комиссия мүшелерiнiң бiрiнiң сөзiмен басталады. Бұдан кейiн сөз сөйлеуге кеңес мәжілісiне қатысушылардың бәрi құқылы. Пiкiрсайыс аяқталған соң кеңес мәжiлiсiне қатысып отырған iзденушiге қорытынды сөз берiледi.
      42. Пiкiрсайыс бiткеннен кейiн, кеңес осы Ереженiң 4-бөлiмiнде көрсетiлген тәртiппен, диссертацияның Ережелердiң талаптарына сәйкестiгi туралы мәселенi жасырын дауысқа салады. Кеңестiң шешiмi, оған кеңестiң мәжiлiске қатысқан мүшелерiнiң ең кемi үштен екiсi жақтап дауыс бергенде, қабылданған болып есептеледi.
      43. Есеп комиссиясының хаттамасын бекiткен соң, кеңес мәжiлiске қатысқан мүшелердiң жай көпшiлiгiнiң ашық дауыс беруiмен қосымша қорытындының (ұжымдық пiкiрдiң) мәтiнiн қабылдайды.
      Қосымша қорытындының (ұжымдық пiкiрдiң) мәтiнi бекiтiлгеннен кейiн iзденушiге хабарланады.
      Осымен кеңес мәжiлiсi аяқталды деп есептеледi.
      44. Диссертациялық кеңес төрағасы мен ғалым хатшы қол қойған мәжiлiс стенограммасы және жасырын дауыс берудiң нәтижелерi көрсетiлген қосымша қорытындының (ұжымдық пiкiрдiң) мәтiнi, iзденушiнiң диссертациясы мен аттестациялық iсiмен бiрге үш апта iшiнде Қазақстан ЖАК-ына жiберiледi.

6. Диссертациялық кеңестiң ғылыми дәрежелерден
айыру (қалпына келтiру) туралы мәселелердi
қарағандағы мәжiлiсiн өткiзу

      45. Диссертациялық кеңес ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) жайлы мәселенi қарауды ЖАК-тың тапсыруымен өткiзедi.
      46. Кеңеске Ережелердiң 9-бөлiмiне сәйкес ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) жайлы мәселенi қарауға негiз болатын материалдар түскен жағдайда, кеңес өз мүшелерiнен құрылған комиссияға бiр ай мерзiм iшiнде оның негiздiлiгiн тексерудi тапсырады. Қажет болған жағдайда кеңес қызмет жасайтын ұйымның әкiмшiлiгi арқылы тиiстi сұраныстар жасалады.
      Комиссия тексерудiң нәтижелерi бойынша қорытынды жасап, оны кеңестiң талқылауына ұсынады.
      47. Кеңес комиссия дайындаған материалдарды бiр айдың iшiнде қарауы тиiс.
      48. Кеңес мәжiлiсi ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) мәселесi қойылған адамның қатысуымен өткiзiледi, ол мәжiлiс болардан ең кемi 10 күн бұрын хабардар етiледi.
      Егер шақыртылған адам мәжiлiске келуден бас тартса немесе оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда, кеңес оның қатысуынсыз-ақ мәжiлiс өткiзу туралы шешiм қабылдайды.
      49. Төраға кеңестiң мәжiлiсiн ашарда кеңес мүшелерiне мәжiлiстiң құқықтылығы туралы хабарлайды (Ережелердiң 28-тармағы) және ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) жайлы мәселе қаралатынын жариялайды. Одан кейiн комиссия құрамына кiрген кеңес мүшесi баяндама жасайды. Оның сөзiнен кейiн, сөз ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) мәселесi қойылған адамға берiледi, одан кейiн сөз сөйлеуге кеңес мәжiлiсiне қатысушылардың бәрi құқылы.
      50. Талқылаудан кейiн кеңес осы Ереженiң 4-бөлiмiнде белгiленген тәртiпке сәйкес ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) мәселесi бойынша жасырын дауыс берудi өткiзедi.
      Ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) туралы кеңес шешiмi, оған кеңестiң мәжiлiске қатысқан мүшелерiнiң кем дегенде үштен екiсi жақтап дауыс бергенде, қабылданды деп есептеледi.
      Есеп комиссиясының хаттамасын бекiткеннен кейiн кеңес жасырын дауыс берудiң нәтижелерiн ескере отырып, мәжiлiске қатысушы кеңес мүшелерiнiң жай көпшiлiгiнiң ашық дауыс беруiмен, шешiмнiң мәтiнiн қабылдайды. Онда қарастырылған материалдардың мәнi мен нәтижелерi анық тұжырымдалған және ЖАК алдына ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) жөнiнде өтiнiш қозғау үшiн негiздердiң бар немесе жоқ екендiгi туралы қорытынды орын алуы тиiс.
      51. Ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) мәселесi қойылған адамға жасырын дауыс берудiң нәтижелерi мен кеңес шешiмiнiң мәтiнi хабарланады.
      52. Егер кеңес ЖАК алдына ғылыми дәрежеден айыру (қалпына келтiру) жөнiнде өтiнiш жасау туралы шешiм қабылдаса, үш аптаның iшiнде ЖАК-қа кеңестiң төрағасы мен ғалым хатшысының қолы қойылған кеңес мәжілісiнiң стенограммасы және жасырын дауыс берудiң нәтижесi көрсетiлген шешiм мәтiнi жiберiледi.

7. Диссертациялық кеңестiң
апелляцияны қарайтын мәжiлiсiн өткiзу

      53. Кеңес шешiмiне апелляция түскен жағдайда кеңес төрағасы кеңес мүшелерiнен құрылған комиссияға қажеттi материалдарды зерттеп, кеңестiң апелляция жөнiндегi қорытындысының жобасын дайындауды тапсырады.
      Егер апелляция кеңестiң ғылыми дәреже беру мәселесi туралы оң шешiмiне берiлсе, кеңес төрағасы бұл туралы бiр апта iшiнде ЖАК-ты хабардар етедi.
      Апелляция кеңесте бiр айдың iшiнде қаралуға тиiс.
      Кеңес мәжілісiне, 10 күн бұрын алдынала хабардар етіліп, кеңестiң пiкiрiнше онда қойылған мәселенiң мән-мазмұнына тiкелей қатысы бар апелляция авторы (авторлары), iзденушi және тағы басқа адамдар шақырылады. Егер апелляция авторы кеңес мәжiлiсiне дәлелдi себептермен келмеген жағдайда кеңес мәжiлiсi кейiнге қалдырылады. Егер апелляция авторы кеңес мәжілісiне дәлелсiз себептермен келмесе, мәжiлiс оның қатысуынсыз өткiзiледi.
      Кеңес мүшелерiнiң қатысуы (олардың мамандықтары көрсетiлiп) стенограммада жазылуы тиiс.
      54. Кеңес төрағасы мәжiлiстi ашарда мәжiлiстiң құқықтылығы туралы кеңес мүшелерiне хабарлайды (Ережелердiң 28-тармағы).
      Кеңес төрағасы мәжiлiстi ашқаннан кейiн түскен апелляцияны қарау туралы хабарлайды және оны жария ету үшiн ғалым хатшыға сөз бередi. Одан кейiн комиссия мүшесi оның жұмысының нәтижесiн және апелляция жөнiндегi кеңес қорытындысының жобасын баяндайды. Бұдан әрi кеңес мәжiлiсiне қатысушылардың бәрi сөз сөйлеуге құқылы.
      55. Пікірсайыс біткеннен кейін, кеңес мәжілісіне қатысушы кеңес мүшелерінің жай көпшілігінің ашық дауыс беруімен кеңес апелляция жөнінде қорытынды қабылдайды.
      Кеңес төрағасы мен ғалым хатшысының қолы қойылып, дауыс берудің нәтижесі келтірілген кеңес стенограммасы мен апелляция жөніндегі кеңес қорытындысының мәтіні қаралған апелляциямен бірге мәжілістен кейін 10 күн ішінде ЖАК-қа, ал апелляция жөніндегі қорытындының мәтіні шағым авторына (авторларына) жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады