Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының аудитiн лицензиялау, лицензияның қолданылуын тоқтату және қайтарып алу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысы 2001 жылғы 9 сәуір N 93. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2001 жылғы 20 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 1581. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының 2003 жылғы 27 қазандағы N 384 (V032579) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңын  жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының аудитiн лицензиялау, лицензияның қолданылуын тоқтату және қайтарып алу ережесi бекiтiлсiн, ол және осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн күшiне енгiзiлсiн.
      2. Сақтандыруды қадағалау департаментi (Құрманов Ж.Б.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны және Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының аудитiн лицензиялау, лицензияның қолданылуын тоқтату және қайтарып алу ережесiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны және Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының аудитiн лицензиялау, лицензияның қолданылуын тоқтату және қайтарып алу ережесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының мүдделi бөлiмшелерiне, аумақтық филиалдарына және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына жiберсiн.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы Г.А. Марченкоға жүктелсiн. 

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Ұлттық банкі Басқармасының
2001 жылғы 9 сәуірдегі N 93
қаулысымен бекітілген

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының
аудитiн лицензиялау, лицензияның қолданылуын
тоқтату және қайтарып алу
ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  (бұдан әрi - Заңға), Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес әзiрлендi, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына аудит жүргiзуге аудиторлық ұйымға (бұдан әрi - уәкiлеттi аудиторлық ұйымға), сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына аудит жүргiзуге аудиторға - жеке тұлғаға (бұдан әрi - уәкiлеттi аудиторға) лицензия беру тәртiбiн, сондай-ақ лицензияның қолданылуын тоқтату мен қайтарып алу тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi мемлекеттiк орган) Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына аудит жүргiзуге лицензия (бұдан әрi - лицензия) беру уәкiлеттiгi бар бiрден-бiр лицензиар болып табылады.
      3. Аудиторлық ұйым құрамында уәкiлеттi аудитор болған жағдайда лицензия алуға құқығы бар.
      4. "Аудитор" бiлiктiлiгiн беру туралы куәлiгi болған жағдайда жеке адамның лицензия алуға құқығы болады.
      5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына аудит жүргiзiлетiн аудитке және аудиторлық қорытынды (есеп) жасауға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уәкiлеттi аудиторы мiндеттi түрде қатысқан кезде жүргiзiледi.
      Уәкiлеттi аудиторлық ұйымның лицензиялау ережесiн сақтауға бақылауды уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.

2. Лицензиялау тәртiбi

      6. Аудиторлық ұйым (аудитор) лицензия беру туралы өтiнiштi қажеттi құжаттарды қоса отырып еркiн нысанда жазып уәкiлеттi мемлекеттiк органға бередi.
      7. Аудиторлық ұйымның өтiнiшiне мыналар қоса берiлуi тиiс:
      1) заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеуден өткенi туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесi;
      2) құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшiрмелерi, бiр дана;
      3) аудиторлық ұйымда уәкiлеттi аудитор болып табылатын қызметкердiң бар екендiгiн растайтын құжат;
      4) уәкiлетттi аудитор болып табылатын қызметкердiң лицензиясының нотариат куәландырған көшiрмесi;
      5) лицензиялық алым төленгенiн растайтын құжат.
      8. Аудитордың өтiнiшiне мынадай құжаттар қоса берiлуi тиiс:
      1) "аудитор" бiлiктiлiгiн беру туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесi;
      2) оның аудиторлық ұйыммен еңбек қатынасын растайтын құжат;
      3) жоғары бiлiм туралы дипломның нотариат куәландырған көшiрмесi;
      4) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      5) еңбек қызметi және жұмыс тәжiрибесi туралы мәлiмет - растау құжаттарын қоса
отырып еркiн нысанда;
      6) аудит жүргiзу жөнiндегi курстарда бiлiктiлiгiн көтергендiгi туралы құжаттардың нотариат куәландырған көшiрмесi;
      7) лицензиялық алым төленгенiн растайтын құжат.
      9. Лицензия алуға арналған құжаттарды уәкiлеттi мемлекеттiк органның сақтандыруды қадағалау бөлiмшесi қабылдайды және қарап, ұсынылған материалдар негiзiнде әрбiр өтiнiш бойынша өз қорытындысын жасайды.
      10. Аудиторлық ұйымның лицензия беру туралы өтiнiшiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап бiр айдың iшiнде қарауы тиiс.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын аудиторлық ұйымға, сондай-ақ аудиторға лицензия беру туралы өтiнiштi уәкiлеттi мемлекеттiк орган құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап он күннiң iшiнде қарауы тиiс.
      11. Лицензия осы Ереженiң қосымшасына сәйкес нысан бойынша берiледi.
      12. Аудиторлық ұйымға мынадай негiздер бойынша лицензия беруден бас тартылуы мүмкiн:
      1) осы Ереженiң 7 және 8-тармақтарында көзделген құжаттар тапсырылмаса;
      2) уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе басқа да мемлекеттiк орган лицензия алуға өтiнiш берген аудиторлық ұйымның (аудитордың) тексерiлетiн ұйымдағы есепке алу мен есеп берудiң жай-күйi туралы нақты емес не толық емес мәлiметтерi бар және орын алған заң талаптарын бұзушылықтарға уақтылы шара қолданбауға әкелiп соққан аудиторлық қорытынды бергенiн анықтаған кезде.
      13. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган бас тарту негiздерiн көрсете отырып лицензия беруден бас тарту туралы аудиторлық ұйымға, аудиторға хабарлайды.
      14. Лицензияны беру (қайтарып алу) туралы шешiм уәкiлеттi мемлекеттiк органның ресми басылымдарында - "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Хабаршысында" және "Вестник Национального Банка Казахстанада" жарияланады.
      15. Лицензия жоғалған жағдайда уәкiлеттi аудиторлық ұйым, уәкiлеттi аудитор көшiрме алуға құқылы. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган он күннiң iшiнде уәкiлеттi аудиторлық ұйымның, уәкiлеттi аудитордың жазбаша өтiнiшi бойынша лицензияның көшiрмесiн бередi.
      16. Уәкiлеттi аудиторлық ұйым атауы, мекен-жайы өзгерген жағдайда бiр айлық мерзiмде аталған мәлiметтердi растайтын тиiстi құжаттарды қоса отырып лицензияны қайта ресiмдеу туралы өтiнiш беруге мiндеттi.
      17. Уәкiлеттi аудитор аты-жөнi өзгерген жағдайда бiр айлық мерзiмде аталған мәлiметтердi растайтын тиiстi құжаттарды қоса отырып лицензияны қайта ресiмдеу туралы өтiнiш беруге мiндеттi.
      18. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган уәкiлеттi аудиторлық ұйым, уәкiлеттi аудитор тиiстi жазбаша өтiнiш берген күннен бастап он күннiң iшiнде лицензияны қайта ресiмдейдi.
      19. Лицензияны беру, қайта ресiмдеу және лицензияның дубликатын беру кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде және тәртiппен лицензиялық алым төленедi.
      20. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына аудит жүргiзу, аудиторлық қорытынды (есеп) жасау шарттары мен тәртiбi, сондай-ақ уәкiлеттi аудиторлық ұйымның, уәкiлеттi аудитордың құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
      21. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган берiлген лицензиялардың тiзiлiмiн жүргiзедi.    

3. Лицензияны тоқтату және қайтарып алу

      22. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган уәкiлеттi аудиторлық ұйымның, уәкiлеттi аудитордың лицензиясының қолданылуын тоқтату және қайтарып алу туралы шешiмдi Заңда көзделген негiздер бойынша қабылдайды.
      23. Лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтату негiздемелерi мен мерзiмi көрсетiлуi тиiс.
      24. Осындай шешiм уәкiлеттi аудиторлық ұйымға жiберiлген күнiнен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатылды деп саналады.
      25. Лицензия қолданылуының тоқтатылуы туралы ақпарат екi республикалық газетте жарияланады.
      26. Лицензия қолданылуының тоқтатылуына негiздеме болған заң бұзушылықтарды жойғаннан кейiн уәкiлеттi аудиторлық ұйым, уәкiлеттi аудитор лицензияның қолданылуын тоқтату мерзiмiн қайта қарау немесе лицензияның қолданылуын тоқтату мерзiмi бiткенге дейiн оның қолданылуын қалпына келтiру туралы өтiнiш беруге құқылы.
      27. Уәкiлеттi аудиторлық ұйым, уәкiлеттi аудитор лицензияның қолданылуын тоқтатуға негiздеме болған бұзушылықтарды жою туралы куәландыратын құжаттарды ұсынған кезде уәкiлеттi мемлекеттiк органның сақтандыруды қадағалау бөлiмшесi өз қорытындысын даярлайды, оның негiзiнде уәкiлеттi мемлекеттiк орган лицензияның қолданылуын қалпына келтiру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      28. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган лицензияның қолданылуын тоқтату мерзiмiн қайта қарау немесе лицензияның қолданылуын қалпына келтiру туралы уәкiлеттi аудиторлық ұйымның, уәкiлеттi аудитордың өтiнiшiн қарауға және өтiнiш берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде тиiстi шешiм қабылдауға мiндеттi.
      29. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензияны қайтарып алу туралы шешiмiнде оны қайтарып алу негiздемесi көрсетiлуi тиiс.
      30. Уәкiлеттi аудиторлық ұйымның, уәкiлеттi аудитордың лицензиясын қайтарып алу туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi осындай шешiмдi уәкiлеттi аудиторлық ұйымға, уәкiлеттi аудиторға жiберген не баспасөзге жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. Лицензияны қайтарып алу туралы ақпарат екi республикалық газетте жарияланады.    

4. Қорытынды ережелер

      31. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер заңдарда белгіленген тәртіппен шешіледі.   

      Төраға

Қазақстан Республикасының  
Ұлттық банкі Басқармасының 
2001 жылғы 9 сәуірдегі N 93 
қаулысымен бекітілген   
Сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымдарының аудитін    
лицензиялау, лицензияның 
қолданылуын тоқтату және 
қайтарып алу ережесіне  
Қосымша          

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі - сақтандыру қызметін
реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган
(Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы
бейнеленген бланкіге басылады)    

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына
 аудит жүргізуге берілген
ЛИЦЕНЗИЯ

Лицензия N___

____________________________________________________________________(уәкілетті аудиторлық ұйымның толық атауы, уәкілетті аудитордың аты-жөні)
____________________________________________________________берілді.
Уәкілетті аудиторлық ұйымның, уәкілетті аудитордың мекен-жайы_______
________________________________________________________________________________________________________________________________________Лицензия Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.

Лицензия берілген күн -  "__" _________200__ж.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің
Төрағасы (Төрағаның орынбасары)    

                                                         М.О.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады