Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен ұйымдарының Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру шараларын жүргізуге арналған аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдарды қондыру және пайдалану кезіндегі өзара іс-қимылының Ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2002 жылғы 20 наурыздағы N 42, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігінің 200 жылғы 29 наурыздағы N 103-І Бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 22 сәуірде тіркелді. Тіркеу N 1831. Күші жойылды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2004 жылғы 20 қыркүйектегі N 179, ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің 2004 жылғы 20 қыркүйектегі N 199-б (V043187) бірлескен бұйрығымен.

                               БҰЙРЫҚ:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы" 2001 жылғы 17 тамыздағы N 1081  P011081_  қаулысын орындау үшін телекоммуникация желілерінде террорға қарсы шаралар қолдану және Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қазақстан Республикасының ұйымдары телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру шараларын дайындау және жүргізу кезіндегі өзара іс-қимылының бірыңғай тәртібін белгілеу мақсатында БҰЙЫРАМЫЗ: 
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен ұйымдарының Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру шараларын жүргізуге арналған аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдарды қондыру және пайдалану кезіндегі өзара іс-қимылының ережелері бекітілсін. 
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң басқармасы осы бұйрықты заңнамамен белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізсін. 
      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Байланыс және ақпараттандыру комитеті жабдықтың құрамында жедел іздестіру шараларын жүргізуді қамтамасыз ететін сертификатталған аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдардың болуына қатысты лицензия шарттарын байланыс операторларының орындауына кезең-кезеңімен тексеру жүргізсін. 
      4. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары (Божко В.К.) мен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің бірінші вице-министріне (Шнейдмюллер В.В.) жүктелсін. 
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы              Қазақстан Республикасы Премьер-
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің      Министрінің орынбасары -   
Төрағасы                            Көлік және коммуникациялар 
                                    министрінің міндетін атқарушы

           Келісілді
     Қазақстан Республикасының
         Бас прокуроры
       2002 жылғы 11 сәуір

                                   Қазақстан Республикасының Ұлттық
                                   қауіпсіздік комитеті Төрағасының
                                     2002 жылғы 20 наурыздағы N 42 
                                   Қазақстан Республикасының Көлік
                                   және коммуникациялар министрінің
                                   2002 жылғы 29 наурыздағы N 103-I
                                         бұйрығымен бекітілген  

        Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік
    органдары мен ұйымдарының Қазақстан Республикасының
    телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру шараларын
       жүргізуге арналған аппаратты-бағдарламалық және
     техникалық құралдарды қондыру және пайдалану кезіндегі
                      өзара іс-қимыл 
                        ЕРЕЖЕЛЕРІ 

                      1. Жалпы ережелер 

      1. Осы Ережелер Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі мен байланыс операторларының Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру шараларын (бұдан әрі - ЖІШ) жүргізуді қамтамасыз ететін коммутациялық жабдықтың арнайы аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдары мен арнайы техникалық құралдар жүйелерін қондыру және пайдалану кезіндегі бірыңғай тәртібін белгілейді. 
      2. ЖІШ жүргізуді қамтамасыз ететін аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдарды қондыру және (немесе) активтендіру абоненттерге тікелей қызмет көрсететін жергілікті шетті цифрлік коммутация жүйелерінде өткізіледі. 
      3. Осы Ережелерде қолданылатын негізгі ұғымдар: 
      арнайы жедел іздестіру іс-шаралар құралдары - берілген абоненттердің хабарларын таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін байланыс операторларының аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдары (бұдан әрі - АЖІШҚ); 
      хабарларды тарату құралдарының жүйесі - командалар мен хабарларды таратуға арналған коммутациялық жабдықтың құрамына кірмейтін құралдар кешені (бұдан әрі - ХТҚ жүйесі); 
      абонент туралы қызметтік ақпарат - абонент туралы деректер (соның ішінде телефон нөмірлері, электронды пошта адресі), абоненттерге көрсетілетін қызметтер, биллингтік мәліметтер; 
      байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі (бұдан әрі - ҚР КжКМ); 
      телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру шараларын жүргізуге уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі - ҚР ҰҚК); 
      телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру шараларын жүргізуді қамтамасыз етуге арналған коммутациялық жабдықтың аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдарын сертификаттауға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сертификаттау жүйесінде тіркелген - сертификаттаушы орган; 
      байланыс операторы - байланыс қызметтерін көрсетуге құқығы бар жеке немесе заңды тұлға; 
      өтініш беруші - пошта байланысы мен телекоммуникация саласында қызмет көрсетуге лицензия алу үшін құжаттарды беруші жеке немесе заңды тұлға. 
      4. Өкілетті мемлекеттік органдары мен байланыс операторларының өзара іс-қимылы заңдылық, құпиялылық, телекоммуникация желілерінде ЖІШ жүргізу әдістері туралы мәліметтерді жариялауға тыйым салу қағидаларына және тараптардың мүддесін өзара сақтауға негізделуге тиісті. 

        2. Қазақстан Республикасы уәкілетті мемлекеттік 
             органдары мен ұйымдарының міндеттері  

      5. ҚР КжКМ: 
      1) байланыс қызметін көрсетуге берілетін лицензияны дайындау кезінде лицензияға қосымшада коммутациялық жабдықтың құрамында ЖІШ жүргізуді қамтамасыз ететін сертификатталған аппаратты-бағдарламалық және техникалық құралдардың болуы жөніндегі талапты көрсетеді; 
      2) байланыс операторларын: 
      АЖІШ құралдарын қондыруға қатысты лицензия шарттарын орындау қажеттілігі жөнінде; 
      АЖІШ құралдарын активтендірудің қажеттілігі жөнінде дер кезінде ескертеді; 
      3) байланыс операторының коммутациялық жабдықтың құрамында АЖІШ құралдарының болуын, АЖІШ құралдарына ҚР ҰҚК "Казспецпредприятие" РМК ресми сертификатының болуын бақылайды; 
      4) байланыс операторының коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарының белгіленген пайдалану тәртібін бұзған немесе АЖІШ құралдарын енгізу кезеңінде өзара іс-қимылының белгіленген тәртібін бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртіпте байланыс қызметін көрсетуге берілген лицензияны тоқтату немесе кері шақыру бойынша мәселелерді шешеді; 
      5) коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарын және ХТҚ жүйелерін қондыру және пайдалану кезінде уәкілетті мемлекеттік органдары мен байланыс операторларының өзара іс-қимыл мәселелерін реттейді. 
      6. ҚР ҰҚК: 
      1) коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарын байланыс объектісіне қондыру немесе активтендіру бойынша техникалық ұсыныстарды уәкілетті органдармен қарауға қатысады; 
      2) АЖІШ құралдарының жұмыс істеуін бақылайды; 
      3) коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарының және ХТҚ жүйелерінің белгіленген пайдалану тәртібін байланыс операторларының бұзуы туралы КжКМ ескертеді. 
      7. Сертификаттаушы орган: 
      1) коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарын сертификаттау мәселелері бойынша ҚР КжКМ, ҚР ҰҚК және байланыс операторларымен өзара іс-қимыл жасайды; 
      2) белгіленген тәртіпте коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарын сертификаттауды ұйымдастырады. 
      8. Байланыс операторлары: 
      1) байланыс объектілерінде бірлескен жұмыстарды жүргізуге ҚР ҰҚК-мен келісімдер жасайды. Келісімде міндетті түрде мынадай мәселелер көрсетіледі: 
      ҰҚК уәкілетті қызметшілерін кәсіпорын аумағына кіргізу; 
      өзара қарым-қатынастың құпиялылықтығы; 
      оператордың коммутациялық жабдықтың, байланыс хаттамалары, телекоммуникация желілерінің құрылуы туралы мәліметтерді беруі; 
      коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдары мен ХТҚ жүйесінің сақталуын қамтамасыз ету, оларды жөндеу және техникалық қызмет көрсету; 
      АЖІШ құралдарын сертификаттау; 
      2) коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарының үздіксіз жұмыс істеуін және оларды рұқсатсыз қолдану мүмкіндігін болдырмайтын пайдалану тәртібін қамтамасыз етеді; 
      3) ҚР ҰҚК бірлесіп байланыс объектілерінде ХТҚ жүйелерінің бағдарламалық және аппараттық құралдарына рұқсатсыз ену мүмкіндігін болдырмайтын пайдалану тәртібін ұйымдастырады; 
      4) коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдары бұзылған жағдайда олардың жұмысын қалпына келтіруді қамтамасыз етеді; 
      5) ҚР ҰҚК пайдалануына қажетті қызмет үй-жайларын, командалар мен хабарларды тарату үшін керекті сиымдылығы бар көліктік арналарды береді. 

           3. Коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдары мен ХТҚ 
              жүйесін қондыру және пайдалану тәртібі  

      9. Байланыс операторлары сымды телефон байланыс, сымсыз қозғалмалы байланыс, деректерді тарататын желілер жабдығының АЖІШ құралдарына қойылатын техникалық талаптарды құрайтын белгіленген құжаттар негізінде, коммутациялық жабдықты жаңғырту жөнінде Техникалық ұсыныстар дайындайды. ҚР ҰҚК қатысуымен жабдықтың жаңғырту деңгейін, номенклатурасын, санын, коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарының айрықшалауын анықтайды 
      10. Байланыс операторларының өтінімі бойынша, сертификаттаушы орган байланыс объектілерінің коммутациялық жабдығы коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарына қойылатын техникалық талаптарды құрайтын белгіленген құжаттарға сәйкестігін сертификаттайды. 
      11. ҚР ҰҚК келісуі бойынша байланыс операторлары байланыс объектілерінде коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарын қондырады немесе активтендіреді. 
      12. Байланыс операторлары коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. ҚР ҰҚК коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарын пайдалану, сондай ақ ХТҚ жүйелерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеуді жүзеге асырады. 
      13. ҚР ҰҚК байланыс операторларымен жасалған келісімдер негізінде байланыс объектілерінде ХТҚ жүйелерінің жабдығын орналастыруды жүзеге асырады. 
      14. Коммутациялық жабдықтың ауыстыру немесе жаңғырту, байланыс бойынша көрсетілетін қызмет тізбесін кеңейту немесе өзгерту кезінде байланыс операторы осы туралы ҚР ҰҚК ескертеді. 
      15. Коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдары бұзылған жағдайда ҚР ҰҚК олардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтірудің қажеттілігі жөнінде байланыс операторларына хабарлайды. Егер байланыс операторы тез арада тиісті шаралар қолданбаса ҚР ҰҚК коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдарының жұмыс істеуінің бұзылғаны туралы ҚР КжКМ ескертпе жолдайды. 
      16. Коммутациялық жабдықтың, коммутациялық жабдық АЖІШ құралдарына қойылатын техникалық талаптарға сәйкестіктігін сертификаттау кезінде мәлімделмеген міндеттері анықталған кезде ҚР ҰҚК ҚР КжКМ, байланыс операторына және сертификаттаушы органға сертификаттық сынақты қайта өткізу қажеттілігі туралы ескертпе жолдайды.
      17. Коммутациялық жабдықтың АЖІШ құралдары мен ХТҚ жүйесін енгізу және пайдалану кезінде туындайтын даулы мәселелер Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіппен шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады