Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн дайындау, ресiмдеу және келiсу жөнiндегi нұсқаулықты (заңдық техника) бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2002 жылғы 25 қыркүйектегі N 142 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 27 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 1985. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 2006 жылғы 25 қыркүйектегі N 256 бұйрығымен.

       Ескерту: Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 2006 жылғы 25 қыркүйектегі   N 256   бұйрығымен .
---------------------------------------

      "Әдiлет органдары туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының нормашығармашылық қызметiн жетiлдiру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН
      1. Қоса берiлiп отырған Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн дайындау, ресiмдеу және келiсу жөнiндегi нұсқаулық (заңдық техника) бекiтiлсiн.
      2. Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн тiркеу және бақылау департаментi осы Бұйрықты жариялауды әрi орталық және мемлекеттiк органдардың назарына жеткiзудi қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-Министрi Р.Ш.Шамсутдиновке жүктелсiн.
      4. Бұйрық мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастан қолданысқа енгiзiледi. 

      Министр

Қазақстан Республикасы  
Әділет министрінің    
2002 жылғы 25 қыркүйектегі
N 142 бұйрығымен     
бекітілген        

  Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың
нормативтiк құқықтық актiлерiн дайындау, ресiмдеу және 
келiсу жөнiндегi нұсқаулық (заңдық техника)

  1. Жалпы ережелер

      1. Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн дайындау, ресiмдеу және келiсу жөнiндегi нұсқаулық (заңдық техника) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн шығару процесiн жетiлдiру мақсатында әзiрленген. 

      2. Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн (бұдан әрi - нормативтiк құқықтық актiлер) сапалы әзiрлеу, барлық талап етiлетiн келiсiмдермен және өзге де материалдармен әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуге ұсыну үшiн, сондай-ақ мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң түпнұсқалылығы үшiн осы нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлеген мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы дербес жауапкершiлiкте болады.

      3. Нормативтiк құқықтық актiнi келiсу мерзiмдерi бұзылған жағдайда жауапкершiлiк келiсу мерзiмдерiн бұзуға жол берген мемлекеттiк органға жүктеледі.

      4. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу заңнамамен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

  2. Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың
нормативтiк құқықтық актiлерiн дайындау және ресiмдеу

      5. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк органдар қолданыстағы заңнамамен көзделген құзыретi шектерiнде әзiрлейдi және бекiтедi.

      6. Нормативтiк құқықтық актiлерде мынадай деректемелер:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы;
      2) актiнiң нысанына нұсқау;
      3) осы актiнiң реттеу мәнiн бiлдiретiн тақырып;
      4) актiнi қабылдау орны мен мерзiмi;
      5) актiнiң тiркеу нөмiрi;
      6) мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не оның мiндетiн атқаратын тұлғаның қолы;
      7) елтаңбалық мөр болуға тиiс.

      7. Нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементi "тармақ" деген сөзбен аталмайтын құқық нормасын қамтитын тармақ болып табылады. 
      Тармақтарды логикалық кезектiлiкте маңыздылығы бойынша, сондай-ақ мәселенi шешу кезеңдерiнiң хронологиясын ескере отырып орналастырады. 

      8. Көлемi бойынша елеулi нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны бойынша жақын тармақтары тарауларға, ал тараулар, өз кезегінде нормативтік құқықтық актінің бөлігіне бiрiктiрiлуi мүмкiн. 
      Мазмұны бойынша жақын бiрнеше тарау бөлiмдерге бiрiктiрiлуi мүмкiн. 
       Ескерту: 8-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      9. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тармақтары тармақшаларға бөлiнуi мүмкiн. Тармақтар мен тармақшалардың iшiнде абзацтармен бөлiнетiн бөлiктер болуы мүмкiн. 
      Мазмұндық біртұтастығы бар, бiрiншi жолда азат жолмен бөлiнiп жазылатын және абзацтың кiшi әрiптен басталатын бөлiктiң бiрiншi абзацынан басқа, бас әрiптен басталатын мәтiннiң бөлiгi абзац деп саналады. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтардан басқа) нүктелi үтiрмен аяқталады. 

      10. Нормативтiк құқықтық актiлердiң әрбiр тармағы, тармақшасы, сондай-ақ тараулары, параграфтары мен бөлiмдерi, бөлiмшелерi, бөліктері араб цифрларымен нөмiрленедi. 
      Нормативтiк құқықтық актiлердiң мәтiндерiнде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгiлермен белгiлеуге жол берiлмейдi.
       Ескерту: 10-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен

      11. Тармақтарды, тараулар мен бөлiмдердi нөмiрлеу барлық актiнiң басынан аяғына дейiн реттелiп жасалады. 
      Тармақшаларды нөмiрлеу әрбiр тармақ үшiн дербес болып табылады. 
      Сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтың нөмiрленуi және әрбiр бөлiмдегi бөлiмшелердiң нөмiрленуi басынан аяғына дейiн реттелiп жасалмайды, дербес болады. 

      12. Тармақтарда тармақшалардың нөмiрлерi жақшамен жабылған араб цифрларымен мынадай болып көрсетiледi: 1), 2), 3) және т.б. 

      13. Бiр тармақтан тұратын нормативтiк құқықтық актiде тармақтың нөмiрленуi қажет етiлмейдi. 

      14. Нормативтiк құқықтық актiнiң тақырыбында (атауында) қабылданатын нормативтiк құқықтық акт реттейтiн мәнi көрсетiлуге және қысқа болуға тиiс. 

      15. Нормативтiк құқықтық актiнiң атауында сөздi тасымалдауға жол берiлмейдi. 
      Нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi түрiнiң атауы мемлекеттiк тiркеудiң тиiстi мөрi үшiн оң жағында орын қалдыра отырып, парақтың жоғары бөлiгiнiң сол жағында орналасуға тиiс. 

      16. Бұрын қабылданған актiге өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзу көзделетiн нормативтiк құқықтық актiнiң атауында актiнiң нысанына, қабылданған күнiне, нөмiрiне, атауына сiлтеме (көрсетiлген кезектiлiкпен) қамтылуы керек.
       Ескерту: 16-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .  

      17. Нормативтiк құқықтық актiнi қабылдаудың мақсаты мен негiздерiн, оның алдында тұрған негiзгi мiндеттердi түсiндiру қажет болған жағдайда құқық нормаларын баяндаудың алдынан кiрiспе бөлiм (преамбула) берiледi. 
      Нормативтiк ережелер нормативтiк құқықтық актiнiң кiрiспе бөлiгiне кiрмейдi. 
      Нормативтiк құқықтық актiнiң кiрiспесiнде оларды iске асыру үшiн қабылданатын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерге және бұрынғы актiлерге сiлтеме келтiрiлуi мүмкiн.
       Ескерту: 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .   

      18. Қолайлы пайдалану үшiн нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауының, бөлімінің, бөлігінің, сондай-ақ тарауларының параграфтары мен бөлiмдерi бөлiмшелерiнiң қысқа тақырыптары болуы мүмкiн.
       Ескерту: 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      18-1. Тараулардың, бөлімдердің, бөліктердің, параграфтар мен бөлімшелердің тақырыптары алдыңғы мәтіннен екі, ал кейінгі мәтіннен - бір жоларалық интервалдармен бөлінеді.
       Ескерту: 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      19. Нормативтiк құқықтық актiлердiң мәтiндерi нақты тұжырымдалуға және түзетулерсiз бiртұтас қарiппен басылуға тиiс. 

      20. Нормативтiк құқықтық актiлердiң мәтiнi әдеби тiл мен заң терминологиясының нормалары сақталып баяндалуға тиiс, сөйлемдерi өте ықшам және нақты және әр түрлi түсiнiк беруге жатпайтын болу керек. Ескiрген және көп мағыналы сөздер мен сөйлемшелерге, эпитеттерге, метафораға, қысқартылған сөздерге жол берiлмейдi. Тармақтың мәтiнi басқа тармақтарда қайталанбайды. 

      21. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларациялық сипаттағы ережелердi қамтымауға тиiс. 

      22. Нормативтiк құқықтық актiлердегi тапсырмалар оны шығаратын органға бағынысты мемлекеттiк органдарға не қажет болған жағдайда олардың басшыларына жолдануға тиiс. 
      Оған (олардың басшыларына) бағынысты емес өзге де мемлекеттiк органдарға қатысты нормативтiк құқықтық актiлердегi тапсырмалар ұсынымдық нысанда және олармен келiсiм бойынша баяндалуға тиiс. 
       Ескерту: 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      23. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мемлекеттiк орган мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауға толық сәйкес және барлық мәтiн бойынша бiрдей баяндалады. 
      Қысқартудың не аббревиатураның мағынасын ажыратып, мәтiннiң қарапайым және ықшам жазылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
       Ескерту: 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен

      24. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде тақырыптан, тараулардың, бөлімдердің, бөліктердің, параграфтардың, бөлімшелердің, атауларынан, "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ", "БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)", "ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ), "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", ("ШЕШЕМIН (МIЗ)", "ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)"), көзге айқын түсетiн әрiптермен терiлген қол қоятын адамның лауазымы, аты мен тегiнiң бiрiншi әрiптерiнен басқа жекелеген сөздер мен сөз тiркестерiн бөлуге және астын сызып көрсетуге жол берiлмейдi. 
      "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", "ШЕШЕМIН (МIЗ)", "ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)" деген сөз бас әрiптермен жазылады және оны тасымалдауға тыйым салынады.
       Ескерту: 24-тармаққа толықтырулар, өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .  

      25. Нормативтiк құқықтық актiде уақытша органның жеке құрамы (комиссия, жұмыс тобы) бекiтiлген жағдайда олардың жұмысына қатысатын адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты мен лауазымдары толық жазылады. 

      26. Қажет болған жағдайда нормативтiк құқықтық актiде жоғары деңгейдегi актiлердiң баптарына (тармақтарына) сiлтемелер келтiрiлуi, сондай-ақ осындай актiлерге сiлтемемен қатар, жоғары деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларынан жекелеген ережелерi көшiрiлуi мүмкiн. 
      Нормативтiк құқықтық актiнiң тармақтары мен тармақшаларындағы оның басқа тармақтары мен тармақшаларына сiлтемелерге құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не оларды қайталамау үшiн жол берiледi. 

      27. Абзацтарға, жолдар мен сөйлемдерге сiлтеме жасаған кезде олардың нөмiрленуi реттiк сан есiммен (бас әрiптен) көрсетiледi, бұл ретте абзацқа сiлтеме "абзац" деген сөздi келтiрумен жүргiзiледi. 

      28. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде тармаққа, тармақшаға сiлтеме олардың реттiк нөмiрiн көрсетумен келтiрiледi (оларды көрсету үшiн сын есiмдi қолдануға жол берiлмейдi). 

      29. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде нормативтік құқықтық актіге сілтеме болған жағдайда, оның нысаны, қабылдау күні, тіркеу нөмірі, атауы көрсетіледі. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасалған кезде, Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі (көрсетілген кезектілікпен) қосымша көрсетіледі. 
      Заңнама кесiмдерiне сiлтеме жасалған кезде нөмiрi мен күнiн көрсету талап етiлмейдi.
       Ескерту: 29-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .   

      30. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде дәл сол нормативтiк құқықтық актiге бiрнеше сiлтеме келтiрiлсе, актiнiң толық атауы оған кейiнгi сiлтемемен көрсетiледi.

      31. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде қосымшаға сiлтеме жасалса, онда нормативтiк құқықтық актiге бiр қосымша болған жағдайлардан басқа осы қосымшаның нөмiрi көрсетiледi.

      32. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде күнiн белгiлеген кезде айдың атауы қолданылады, ал жылы толық көрсетiледi, мысалы: "1976 жылғы 24 қазан".

      33. Тиiстi нұсқаулар көрсету мәтiнде норманың мазмұнына зиян 
келтiрмей баяндау мүмкiн болмаған жағдайларда нормативтiк құқықтық актiнiң нормаларына ескертулерге жол берiледi.

      34. Нормативтiк құқықтық актiнiң парағының терiс жағына қандай да болсын жазуларға немесе қол қоюға жол берiлмейдi.

      35. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi түрiнiң бiрiмен кемiнде үш туынды нормативтiк құқықтық акт бекiтiле алады.

      35-1. Бірнеше мемлекеттік органдар қабылдайтын нормативтік құқықтық актілер ресми бланкілердің қолданылуынсыз бірлескен актілер түрінде ресімделеді.
      Осы актілер осы Нұсқаулықтың 6-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      Екі және одан да көп тең мемлекеттік органдар әзірлеген бірлескен актіні ресімдеу кезінде, осы органдардың ресми атаулары алфавиттік тәртіппен орналасады. Екі және одан да көп әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар әзірлеген бірлескен актіні ресімдеу кезінде, ресми атаулар сатылық азаюына сәйкес орналасады.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы осы жағдайда, бірінші парақтың үстіңгі бөлігінің ортасында орналасуға тиіс. Қабылдау орны мен күні, сондай-ақ тіркеу нөмірі әр мемлекеттік органның ресми атауының астына орналастырылуға тиіс.
      Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының, не олардың міндеттерін атқарушы адамдардың қолдары негізгі нормативтік құқықтық акті мәтінінің соңына, осы тармақтың үшінші абзацында көрсетілген талаптарды ескере отырып, орналастырылады және елтаңбалық мөрмен куәландырылады.
      Нормативтік құқықтық актіні екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаған жағдайда, шешімі қаулылар түрінде ресімделсе, онда актінің нысаны "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ" деп көрсетіледі.
      Екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдайтын нормативтік құқықтық актілердің шешімдері бұйрықтар (шешімдер) түрінде ресімделсе, онда актінің нысаны: "БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" деп көрсетіледі.
      Егер нормативтік құқықтық актіні біреуінің шешімі қаулы ретінде, ал екіншісінің шешімі бұйрық (шешім) ретінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаса, онда актінің нысаны: "ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" деп көрсетіледі.
       Ескерту: 35-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      36. Нормативтiк құқықтық актiлер осы Нұсқаулықтың қосымшасына сәйкес нысан бойынша негіздеме-анықтаманы қоса бере отырып, мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не оның орынбасарының қойылған қолы бар iлеспе хатпен мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде тiркеушi органға ұсынылады.
       Ескерту: 36-тармаққа толықтыру енгізілді- ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

  3. Күшi жойылды ден тану және өзге де нормативтiк
құқықтық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу
туралы нормативтiк құқықтық актiлердi
дайындау және ресiмдеу

      37. Дәл сол нормативтiк құқықтық актiлерге енгiзiлетiн барлық өзгерiстер мен толықтырулар бiр тармақта немесе тармақшада көзделедi. 

      38. Бұрын қабылданған актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi, сондай-ақ олардың күшi жойылды деп тануды көздейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi дайындаған кезде, осы шешiм, бекiту күнi, нөмiрi аталғаннан кейiн нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде жақшада ол Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде тiркелген күнiн, ресми жарияланған күнi мен басылымның атауы, осы актiге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген барлық нормативтiк құқықтық актiлер көрсетiледi. 

      39. Қабылдау (шығару) күнiне қарай бұрын қабылданған нормативтiк құқықтық акт жарияланбаған жағдайда осы актiнiң күнi, нөмiрi мен атауы ғана көрсетiледi. 

      40. Кемiнде үш нормативтiк құқықтық акт өзгерген және толықтырылған кезде, бөлек қосымшалармен ресiмделетiн тiзбелер жасалады. 

      41. Нормативтік құқықтық актіге немесе оның құрылымдық бөлігіне осындай мәтін мазмұнының жартысынан асатын көлемде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезінде, оның жаңа редакциясы қабылданады. 
      Ескерту: 41-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      42. <*>
       Ескерту: 42-тармақ алынып тасталды - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен

      43. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге құрылымдық қосымша бөліктерді қосу кезінде олар: 8-1) тармақша, 2-1-тармақ, 4-1-тарау және одан әрі актінің құрылымдық бөлігінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлер ретінде қосылады.
      Егер тармақшаларының нөмірлері соңғы, ал нормативтік құқықтық акті тармақтары мен тарауларының нөмірлері аяқтаушы нөмірлер болып табылса, онда қосымша қосылатын құрылымдық бөліктерге келесі нөмірлер беріледі.
       Ескерту: 43-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен

      44. Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлетiн актiлердiң тiзбесiндегi, сондай-ақ күшi жойылды деп танылған актiлердiң тiзбесiндегi де барлық актiлер оларды шығару (қабылдау) күнi бойынша хронологиялық тәртiппен орналасады. 

      45. Нормативтiк құқықтық актiнi қабылдаған кезде қолданыстағылардың орнына соңғылары сол актiмен жойылуға (толық немесе бөлiгiнде) қойылады.
      Нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде нормативтік құқықтық актілердің барлығының не осы актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген олардың бөліктерінің бір уақытта күші жойылды деп танылады. 
      Егер нормативтiк құқықтық акт Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуден өтпесе, күшi жойылды деп таныла алмайды. Қажет болғанда, мұндай нормативтік құқықтық актілер жойылуы мүмкін.
       Ескерту: 45-тармаққа толықтырулар енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .  

      46. Қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң күшiн жойған кезде осындай бөлiктер қолданыстағы актiден алынып тасталады, бiрақ олардың нөмiрлерi сақталады және бұдан әрі қолданылмайды. 
      Сақталған нөмiрге актiнiң (оның бөлiгiнiң) күшi жойылды деп тану туралы актiге сiлтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөлiктердiң нөмiрленуi сақталады.
       Ескерту: 46-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .   

      47. Егер жойылуға бұрын қабылданған бiрнеше (3 және одан көп) нормативтiк құқықтық актiлер қойылса, бөлек қосымшамен (тiзбемен) ресiмделетiн тiзбе жасалады. 
      Тiзбелер заңды негiзделген және түпкiлiктi толық болуы керек. 

      48. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң заңды күшi толық жойылмаса, ол күшi жойылды деп тануға арналған тiзбеге қайта қабылданған актiге қарама-қайшы келетiн немесе соңғысымен жұтылған бөлiгiнде ғана қосылады. 
      Егер көлемi үлкен нормативтiк құқықтық актiде тармақтарының елеулi бөлiгiнiң күшi жойылуға жатса, онда өзiнiң күшi сақталатын тармақтар туралы ескертпемен барлық акт тiзбеге қосылады. 

      49. Сондай-ақ басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларын қайталайтын және жаңалықты қамтымайтын актiлер күшi жойылуға жатады. 

      50. Ресми жарияланған да, ресми жарияланбаған да нормативтiк құқықтық актiлер жойылуға жатады. 

      51. Күшi толық жойылды деп танылуға жататын қандай да бiр нормативтiк құқықтық актiнiң (тармақтың, тармақшаның, абзацтың) редакциясын бiрнеше рет өзгерткен жағдайда, тiзбеге бұл туралы барлық актiлер, соның iшiнде редакциясы өзгертiлген аралық актiлер дербес тармақтар түрiнде қосылады.
       Ескерту: 51-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен

      52. Нормативтiк құқықтық актiге қайшы келетiн оның қолданылу саласын, сондай-ақ уақыт және адамдар тобы бойынша оның жекелеген құрылымдық бөлiктерiнiң қолданылу саласын кейiн кеңейту туралы немесе онымен сiңiрiлген барлық актiлер тiзбеге дербес тармақтар түрiнде кiредi. 

      53. Сондай-ақ жаңа актiнi қабылдағанға дейiн бұрын iс жүзiнде маңызы жойылған дәл сол мәселелер жөнiндегi, бiрақ күшi жойылды деп танылмаған актiлер жаңа нормативтiк құқықтық актiнi шығару сәтiне дейiн қолданылған актiлермен бiрге тiзбеге кiредi (тиiсiнше күшi жойылды деп танылуға жатады). 

      54. Сондай-ақ жалпы нысанда (яғни оларды санамай-ақ) күшi жойылды деп танылған осы мәселе жөнiндегi актiлер күшi жойылды деп танылатын актiлердiң тiзбесiне кiредi. 

      55. Қолданылу мерзiмi бiткен, уақытша сипаттағы актiлер мен нормативтiк құқықтық актiлердiң құрылымдық бөлiктерi күшi жойылды деп танылуға жатпайды. 

      56. Нормативтiк құқықтық актiлерде қолданылу мерзiмi бiткен уақытша сипаттағы нормалармен қатар тұрақты қолданылатын нормалар қамтылған және барлық осы нормалар күшi жойылды деп танылуға жататын жағдайда, тiзбеге бүкiл мәтiн кiредi. 

      57. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң тармағының мәтiнiнде күшi жойылды деп танылуға жататын қосымшаға сiлтеме қамтылса, онда тiзбеге осы тармақ қана кiредi (жойылуға қойылады), ал қосымша бөлек ескерiлмейдi. 
      Егер актiнiң тармағында қосымшаны бекiтумен қатар мағынасы сақталатын басқа да мәселелерге қатысты нормалар қамтылса, ал қосымша толық күшi жойылды деп танылуға жатса, онда осы тармақ тiзбеге қосымшаға қатысты бөлiгiнде кiредi, ал қосымша бөлек ескерiлмейдi. 

      58. Егер сол немесе өзге акт (оның құрылымдық бөлiгi) тiзбеге толық кiрмесе, жағдайға қарай жекелеген сөйлемдердi, сөздердi, жолдарды және басқаларын айрықшалықпен, толықтырумен немесе ауыстырумен шектелмей, оның жаңа редакциясын көздеген жөн. 

      59. Егер жекелеген тармақтар толығымен, ал басқалары белгiлi бiр бөлiгiнде ғана күшi жойылды деп танылуға жатса, онда алдымен толық күшi жойылды деп танылуға жататын тармақтар көрсетiледi. 

      60. Егер нормативтiк құқықтық актiмен бұрын қабылданған актiнiң күшi жойылды деп тану көзделген екiншi бiр нормативтiк құқықтық актiнiң күшi толық жойылды деп танылса, соңғысының күшi қалпына келтiрiлмейдi. 

  4. Нормативтiк құқықтық актiлерге 
қосымшаларды ресiмдеу 

      61. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар кiруi мүмкiн. 

      62. Нормативтiк құқықтық актiге графиктердi, кестелердi, тәсiмдердi, карталарды, тiзбелердi және басқаларын қосу қажет болған жағдайда, олар бөлек қосымшалармен ресiмделедi. 

      63. Туынды нормативтiк құқықтық актiнiң не қосымшаның бiрiншi парағының жоғарғы оң бұрышында сол арқылы ол қабылданған негiзгi нормативтiк құқықтық актiнiң нысанына, бекітілу күніне, тіркеу нөміріне нұсқау қамтылуға тиiс. 
      Егер нормативтiк құқықтық актiге бiрнеше қосымша болған жағдайда қосымшаның жоғарғы оң бұрышында оның реттiк нөмiрi, сондай-ақ тиiстi актiнiң нысаны, бекітілу күні, тіркеу нөмірі көрсетiледi.
      Егер нормативтiк құқықтық актiнiң негізгі мәтiнiнде мынадай сiлтеме келтiрiлсе:
      1, 2, ... -қосымшаға не (1, 2, ... -қосымша) сәйкес, онда қосымшаның жоғарғы оң бұрышында мынадай болып жазылады:

                             1998 жылғы ________ N ____
                             нормативтiк құқықтық актiге
                                  1, 2... -қосымша

      (қоса берiлiп отырған) ... ереже, ... нұсқаулық бекiтiлсiн, онда қосымшаның жоғарғы оң бұрышында мынадай болып жазылады:

                              1998 жылғы ________ N ____
                              нормативтiк құқықтық актiмен                                                  бекiтiлген

      Егер бөлек қосымшамен ресiмделетiн туынды актiлерге қосымшалар болса, онда оның жоғарғы оң бұрышында мынадай көрсетiледi:

                             Туынды нормативтiк құқықтық актiге
                                    1, 2,... -қосымша

       Ескерту: 63-тармаққа өзгертулер, толықтыру енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      64. Қосымшаның тақырыбы ол қабылданған негiзгi актiнiң мәтiнiне сәйкес болуы тиiс. 

  5. Нормативтiк құқықтық актiлердi келiсу

      65. Нормативтік құқықтық актіні мүдделі мемлекеттік органдармен келісу олардың құзыретіне сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтік құқықтық актіні келісудегі мүдделілік қаралатын мәселелердің мәніне негізделе отырып, белгіленеді.
       Ескерту: 65-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      66. Келiсуге нормативтiк құқықтық актiнiң туынды түрi де, ол бекiтiлген негiзгi нормативтiк құқықтық акт те ұсынылады. 
      Туынды нормативтiк құқықтық актiнiң барлық парақтарына оны келiсуге жiберген мемлекеттiк органның заң қызметiнiң (мұндай қызмет болмаған жағдайда заң консультанты) басшысы қол қояды. 
      Егер негiзгi нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi екi парақтан асатын болса, қол қою негiзгi актiде де жүргiзiледi. 

      67. Нормативтiк құқықтық акт келiсуге мемлекеттiк органның басшысының не оның орынбасарының қойылған қолымен ұсынылады. 

      68. Нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк органдарда келiсу мерзiмi 5 жұмыс күнiнен аспауға тиiс, мерзiм нормативтiк құқықтық актiнiң осы мемлекеттiк органға келiп түскен күнiнен басталады. 

      69. Нормативтiк құқықтық актiнi қарау нәтижелерi бойынша келiсушi орган әзiрлеушiге бiрiншi басшы не оның орнындағы адамның қойылған қолымен мынадай жауаптардың нұсқаларын ұсынады: 
      нормативтiк құқықтық акт ескертулерсiз келiсiлдi (нормативтiк құқықтық актiдегi бұрыштамамен); 
      нормативтiк құқықтық актiнi келiсуден бас тартылды (негiзделген бас тартудың қосымшасымен). 
      Мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық акт бойынша ескертпелерi түпкiлiктi және жазбаша нысанда ұсынылуға тиiс. 

      70. Нормативтiк құқықтық актiлердi қайта келiсу 5 жұмыс күнi iшiнде жүргізіледі. 

      71. Республикалық бюджеттiң кiрiстерiн қысқарту немесе шығыстарын ұлғайту көзделетiн нормативтiк құқықтық актiлердi Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен келiсу мiндеттi болып табылады.
       Ескерту: 71-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      72. Нормативтiк құқықтық актiнi келiсу келiсушi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не оның орынбасарының бұрыштамасымен ресiмделедi және мөрмен куәландырылады.
      Бұрыштама орган басшысының немесе оның орынбасары лауазымының атауын, қол қоюшының жеке қолын, ажыратып жазылған қолын, күні мен елтаңбалық мөрді қамтиды.
      Келісу грифі нормативтік құқықтық актінің негізгі түрінің соңғы бетінде сол жақ астыңғы бұрышына орналасады және "КЕЛІСІЛДІ" деген сөзден тұрады.
      Нормативтік құқықтық актіні екі немесе одан да көп мемлекеттік орган келіскен жағдайда, келісу грифтері әліпбилік тәртіппен орналасады. Нормативтік құқықтық актілерді әр түрлі деңгейдегі бірнеше мемлекеттік органдар келіскен жағдайда, келісу грифтері осы органдардың сатылық азаюына сәйкес орналасады.
       Ескерту: 72-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

      73. Белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органмен келiсiлген нормативтiк құқықтық актiге түзетулер мен толықтырулар енгiзуге жол берiлмейдi.

      74. Келiсушi мемлекеттiк органның заң қызметiнiң (мұндай қызмет болмаған жағдайда заң консультанты) басшысы келiсiлген нормативтiк құқықтық актiге Нұсқаулықтың 66-тармағында көзделген тәртiппен әрбiр параққа қол қояды.

       

                                   Қазақстан Республикасы
                                     Әділет министрінің 
                                 2002 жылғы 25 қыркүйектегі
                                 N 142 бұйрығымен бекітілген
                                   Орталық және жергілікті  
                             мемлекеттік органдардың нормативтік 
                                  құқықтық актілерін дайындау,    
                                 ресімдеу және келісу жөніндегі   
                                  нұсқаулыққа (заңдық техника)
                                           қосымша 

       Ескерту: Қосымшамен толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 2004 жылғы 12 қазандағы N 291   бұйрығымен .

       Нормативтік құқықтық актіге негіздеме-анықтама
     (нысаны, бекітілу күні, тіркеу нөмірі және толық атауы)

__________________________________________________________________
 N |    Жобада көрсетілуі тиіс     | Мемлекеттік органның ақпараты
   |    Мәліметтердің тізбесі      |
__________________________________________________________________
1. Нормативтік құқықтық актінің
   атауы

2. Нормативтік құқықтық актіні
   нормативтік құқықтық актінің
   тиісті нормасына сүйене отырып,
   қабылдау қажеттілігі
   (органның құзыреті)

3. Нормативтік құқықтық актіні
   қабылдау қажеттілігінің негізі
   (нақты мақсаттары, себептері
   және акт неге байланысты
   қабылданды)

4. Осы мәселе бойынша бұрын
   қабылданған нормативтік
   құқықтық актілер және нормативтік
   құқықтық актінің қабылдауға
   байланысты олардың өзгергені
   немесе күші жойылды деп танылғаны
   туралы мәліметтер

5. Осы мәселе бойынша бұрын
   қабылданған, оларды мемлекеттік
   тіркеуден бас тартылған
   нормативтік құқықтық актілер
   туралы мәліметтер

6. Осы нормативтік құқықтық акт
   мемлекеттік (республикалық,
   жергілікті) бюджет кірісінің
   азаюын немесе шығысының
   көбеюін көздейме      

7. Нормативтік құқықтық актіні
   мүдделі мемлекеттік
   органдармен келісу
   қажеттілігі
__________________________________________________________________

      Мемлекеттік орган заң
      қызметінің бастығы
      (заңгерконсульт)
      (мемлекеттік органның басшысы) _____________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады