Ескерту. Күші жойылды - ҚР Бас Прокурорының 07.06.2004 № 34 бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Заңының 11-бабының 4-тармақшасына сәйкес алдын ала тергеу және анықтау органдарының заңдарды қолдану мен прокурорлық қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қосымша ұсынылып отырған "Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы" Нұсқау бекітілсін.
2. Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы (Ахметжанов М.М.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу үшін шаралар қабылдасын.
3. Бұйрық Бас әскери прокурорға, облыстық, қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорларға жолдансын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары О.И.Жұмабековке жүктелсін.
5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2003 жылғы 7 қаңтардағы
N 1 бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН
Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы
НҰСҚАУ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқау Қазақстан Республикасының прокуратура органдары құзыреттері шегінде және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес алдын ала тергеу және анықтау заңдылығына қадағалау жүргізген кезде құқық қолдану қызметін регламенттейді.
2. Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау, қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерлеу және оларды қылмыстық жауаптылыққа тарту, соттың әділ талқылауы мен қылмыстық заңды дұрыс қолдану жөніндегі қылмыстық іс жүргізу заңнама міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуге, қылмыстың алдын алуға, құқыққа құрметпен қарау көзқарасын қалыптастыруға көмектесуі тиіс.
3. Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығына қадағалау жүргізген кезде прокуратура органдары қызметінің басымдық бағыттары:
1) қылмыстық іс жүргізуде адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау;
2) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қолданылуын қадағалау;
3) жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, есепке алу, тіркеу, шешу кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалау;
4) есірткі және жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған заңнаманың қолданылуын қадағалау;
5) экономика және қаржы саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
6) қылмыстылықтың ұйымдасқан нысандарына, терроризм мен экстремизмге қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
7) қылмыстылыққа қарсы күресті күшейту және қылмыс жасауға мүмкіндік туғызатын жағдайлар мен себептерді жою жөнінде ұсыныстар дайындау арқылы қылмыстың және қылмыстардың ашылу жағдайын зерттеу болып белгіленсін.
4. Прокурор өз өндірісіндегі істер мен материалдардың мән-жайы туралы қандай да болмасын түсініктеме беруге, сондай-ақ, заңмен көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа, оларды кімге болса да танысу үшін ұсынуға міндетті емес. Прокурордың өндірісіндегі істер мен тексеріс аяқталғанға дейін, олардың материалдарын жариялауға ешкімнің құқығы жоқ.
2. Алдын ала тергеу мен анықтаудың және тергеу әрекеттерін санкциялаудың заңдылығын қадағалау кезінде өкілеттіктерді жіктеу
5. Бас прокуратураның, аймақтық және арнайы прокурорлардың функцияларын нақты жіктеу, олардың қызметтерінде қайталануға жол бермеу мақсатында алдын ала тергеу және анықтау заңдылығына қадағалау жүргізудің мынадай тәртібі белгіленсін:
1) Бас прокуратураның Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаменті (одан ары - Департамент) осы бағытта республика бойынша прокурорлық қадағалаудың ұйымдастырылуы мен жүргізілуіне бақылау жүргізеді және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палатасы тағайындаған және сайлаған, орталық атқару органдар мен ведомстволарды басшылық ететін лауазымды тұлғаларға, Парламент депутаттарына, судьяларға қатысты қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ қадағалауды жүргізу Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарларына тапсырылатын істер бойынша тікелей қадағалау жүргізеді;
2) Бас әскери прокуратура Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаменті тергейтін қылмыстық істер бойынша және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери полициясының, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің орталық аппараттарындағы анықтаудың заңдылығына қадағалауды іске асырады. Осы органдардың төмен тұрған құрылымдарының қылмыстық істері бойынша қадағалауды гарнизондардың тиісті әскери прокурорлары жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің орталық аппараттарының қызметкерлері, Қаржы полициясы агенттігінің, Кеден бақылау жөніндегі агенттігінің, ІІМ Көліктегі ішкі істер басқармасының, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің, Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері қозғаған және тергеу жүргізетін қылмыстық істер бойынша қадағалауды облыстық, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлармен өзара іс-қимыл жасау арқылы Департамент, оның басқармалары мен бөлімдері жүзеге асырады;
4) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Қаржы полициясы агенттігінің, Кеден бақылау жөніндегі агенттігінің, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің, Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстық аппараттарында және оларға теңестірілген департаменттерде (басқармаларда) облыстық, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар;
5) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Қаржы полициясы агенттігінің, Кеден бақылау жөніндегі агенттігінің, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің, Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің аудандық, қалалық және оларға теңестірілген басқармаларда (бөлімдерде) - аудандық, аудандық құқығы бар қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар;
6) көлікте өз бөлімшелері жоқ органдар тергеу жүргізетін қылмыстық істер бойынша қадағалауды тиісті аймақтық прокурорлар жүзеге асырады;
7) табиғат қорғау прокурорлары қылмыстық қудалау органдарының тиісті мамандандырылған (экологиялық) бөлімшелерінің қылмыстық істері бойынша қадағалау жүргізеді;
8) түзету мекемелерінде жазаның орындалу заңдылығын қадағалау жөнінде мамандандырылған прокурорлар қылмыстық-атқару жүйесі органдарының бөлімшелері анықтауды жүргізетін қылмыстық істер бойынша қадағалауды жүзеге асырады;
9) режимдік объектілеріндегі прокуратуралардың қызмет мәселелері жеке реттеледі.
6. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігі мен Қаржы полициясы агенттігінің орталық аппараттарының тергеушілері тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеуді, қамауды, алдын ала тергеу мен қамауда ұстау мерзімдерін ұзартуды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың әрекеттерін санкциялау міндеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген өкілеттіктердің шегінде облыстық, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорларға, олардың орынбасарларына жүктелсін.
7. Алдын ала тергеуді, қамауды, алдын ала тергеу мен айыптыларды қамауда ұстаудың мерзімдерін ұзартуды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың әрекеттерін санкциялау туралы алдын ала тергеу органдары құқық қорғау ведомстволарының орталық аппараттарының қаулылары жөнінде Департаментке үш тәулік мерзім ішінде хабарлансын.
8. Қылмыстық қудалауда, сотқа тартылуда, өндірісі аяқталған істі сотқа жолдауда артықшылықтары мен иммунитеті бар адамдарға қатысты тергеу әрекеттерін санкциялау мәселелері Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сәйкес шешіледі.
9. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттылығына жататын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палатасы тағайындаған және сайлаған, орталық атқару органдар мен ведомстволарды басшылық ететін лауазымды тұлғаларға, Парламент депутаттарына, судьяларға қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттерін санкциялау мәселелерін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары шешеді.
3. Алдын ала тергеу және анықтау
заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру
10. Қадағалауды жүзеге асыру алдын ала тергеу және анықтау органдары қабылдаған іс жүргізу шешімдерінің, сондай-ақ қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз ететіндей ұйымдастырылуы тиіс.
11. Қадағалау қылмыстық қудалау органына жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы ақпараттың келіп түсуінен қылмыстық істің сотқа жолдануына дейін - сотқа дейінгі өндірістің барлық сатыларында жүзеге асырылуы тиіс.
12. Аудандық, аудандық құқығы бар қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар үлкен қоғамдық резонанс болған аса ауыр қылмыстар бойынша, сондай-ақ көліктегі жойқындар, қиратылыстар, апаттар мен басқа төтенше жағдайлар бойынша өзге құқық қорғау органдарымен бірге оқиға болған жерге өздері барсын немесе орынбасарларына баруды тапсырсын. Қажет болғанда тергеу әрекеттерінің өндірісінде қатыссын. Көлік прокуратуралары елеулі алыс жерлерде болған жағдайда мұндай оқиғалар орындарына аймақтық прокурорлар барып, соңынан материалдарды тиісті көлік прокурорларына тапсырсын. Алдын ала тергеу және анықтау органдарынан қылмысты ашу үшін заңда көзделген барлық шаралардың қабылдануын талап етілсін.
13. Мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігінің негіздеріне қарсы ұйымдасқан қылмыстық тобы немесе қылмыстық қоғамдастық жасаған қылмыстар туралы; тапсырыспен кісі өлтіру туралы; шетелдіктер немесе шетел азаматтарына қатысты жасалған қылмыстар туралы; жаппай тәртіпсіздіктер туралы; терроризм мен экстремизмнің фактілері туралы; сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы арнайы хабарлар жоғары тұрған прокуратураларға кідіртпей, үш тәуліктен кешіктірмей жолдансын.
14. Аудандық, қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар жасалған немесе дайындық жүргізіліп жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, есепке алу, тіркеу және шешу кезінде есепке алу-тіркеу тәртібін бұзудың жолын кесу жөнінде дер кезінде шаралар қабылдаумен қатар қылмыстың есепке алынбау фактілеріне қарсы шаралар қабылдап, қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға дейін бірге заңдылықтың сақталуына он күн сайын тексеріс жүргізсін. Есепке алынған қылмыстар бойынша соңғы шешім қабылданғанға дейін оларға бақылау жүргізсін.
15. Осы бағытта қадағалауды жүзеге асыру кезінде қылмыстылықтың, ашылудың, тергеу жұмысы мен анықтаудың көрсеткіштерінің жағдайы туралы статистикалық мәліметтердің, алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалау туралы мәліметтердің шүбәсіздігін қамтамасыз етсін.
16. Тергеу және анықтау органдары қылмыстық істі қозғау, қысқарту немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған кезде статистикалық карточкаларға кідіріссіз қол қойылсын. Осы шешімдер заңсыз болған жағдайда статистикалық құжаттарға белгі қоюмен қатар шешімдерді бұзу және айыпты адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдансын.
17. Бас әскери прокурор, облыстық, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар тиісті қылмыстық қудалау органдарында қылмыстарды есепке алу мен тіркеудің шүбәсіздігін тоқсанына бір реттен кем емес тексерсін, жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, тіркеу, шешу кезінде заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалау тәжірибесін тоқсан сайын жинақтап қорытсын және қажетті прокурорлық шаралар қабылдасын. Қорытындылар мен шара қолдану актілерінің көшірмелері тоқсан аяқталған соң келесі айдың 10-на дейін Бас прокуратураның Департаментіне жолдансын.
18. Бас прокуратураның Департаменті осы мәселе бойынша прокурорлық қадағалау жағдайын жылына ең кемі екі рет жинақтап қорытсын.
19. Әр шығарылған қаулы бойынша қылмыстық іс қозғаудың заңдылығы тексерілсін. Қылмыстық іс қозғау туралы заңсыз қаулыны бұзу, ереже бойынша, қаулы шығарылған күннен 10 тәулікке дейінгі мерзім ішінде жүргізілсін.
20. Прокуратура органдары қылмыстарды есепке алудан жасыру бойынша, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс, қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері анықталған кезде өздері жүргізген тексеріс материалдары бойынша, сондай-ақ үлкен қоғамдық резонанс болған фактілер мен оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғайды.
Прокурорлар қозғаған қылмыстық істер соңғы іс жүргізу шешімдері қабылданғанға дейін тұрақты бақылауға алынады.
21. Бас әскери прокурор, облыстық, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар прокурорлармен қозғалған қылмыстық істердің тергеу жағдайы мен осы категориядағы істер бойынша прокурорлық қадағалаудың тәжірибесін тоқсанына ең кемі бір рет жинақтап қорытсын және Бас прокуратураға тоқсан аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күні осындай істердің тізімін қосымша тіркеп, ақпарат берсін.
22. Бас прокуратураның Департаменті осы мәселе бойынша прокурорлық қадағалау жағдайын жылына ең кемі екі рет қорытып жинақтасын және прокурорлар қозғаған және сотқа жолданған қылмыстық істер туралы мәліметтерді Қылмыстық істерді сотта қараудың заңдылығын қадағалау департаментіне әрі қарай бақылауға тапсырсын.
23. Тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстық істерді дәлелсіз талап етуге болмайды. Алдын ала тергеу және анықтау органдарының жергілікті орындарына барып, қылмыстық істер мен тергеуге дейінгі тексеріс материалдарын зерделеу дағдыға айналдырылсын.
24. Зерделенген қылмыстық істер мен тергеуге дейінгі тексеріс материалдары бойынша тиісті шаралар қабылдау жөніндегі ұсыныстармен бірге тексерістің қорытындылары туралы анықтама жасайды.
25. Анықтаушының, анықтау органдарының, тергеушінің, прокурордың әрекеттерінің заңдылығын тексеру өндірісінің мерзімі ҚР ҚІЖК 108-бабымен регламенттелген 3 және 7 тәуліктен, басқа бас тартылған материалдар бойынша қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан кезден бастап 10 тәуліктен, қысқартылған және тоқтатылған қылмыстық істер бойынша іс жүргізу шешімі қабылданған кезден бастап 1 айдан аспауы тиіс.
26. Прокурор қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қабылданған шешіммен келісімі жөнінде жазбаша қарар ресімдейді; өндірісті қысқартумен немесе тоқтатумен келіскен кезде дәлелденген қорытынды жазады.
27. Тергеушілер мен анықтаушылардың заңсыз қаулыларын бұзу жолы арқылы, кінәлі адамдардың жауаптылығы жөнінде мәселені көтерумен қатар заңсыз жолмен табылған дәлелдерді мүмкін емес деп тану жолы арқылы анықталған заңдылықтың бұзушылықтары жоюға жатады.
28. Қылмыстық істер жөніндегі нұсқауда орындалу мерзімі белгіленіп, орындауға жататын тергеу-жедел іс-шаралардың тізімі көрсетілуі тиіс. Хабар-ошарсыз кеткен азаматтар мен жасырынған айыптыларды іздестіру кезінде алдын ала тергеу және анықтау органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуына ерекше назар аудару қажет.
29. Қысқарту немесе тоқтату туралы заңсыз қаулыларды бұзғаннан кейін қылмыстық істер бойынша нұсқауды орындау және өндірісті жүзеге асыру қадағалау жүргізетін прокурордың тұрақты бақылауында болуы тиіс.
30. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қолданылуын қадағалауды ұйымдастыру, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істердің тергеуіне прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру жеке тәртіптеледі.
31. Бас әскери прокурор, облыстық, Астана, Алматы қалаларының, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери мен мамандандырылған прокурорлар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы ҚСжАО(Д) аймақтық бөлімшелерімен сотқа және қосымша тергеуге жолданған, өндірістен қысқартылған және тоқтатылған қылмыстық істер бойынша тоқсанына ең кемі бір рет салыстырып тексеріс жүргізсін.
4. Қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру
32. Қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау - прокуратура органдары қызметкерлерінің ең маңызды міндеті болып табылады.
33. Аудандық, қалалық және оларға теңестірілген прокурорлар ең кемі үш тәулікте бір рет құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен Қазақстан Республикасының ҚІЖК 17-тарау талаптарының орындалуын тексерсін. Түнгі мезгілде, мейрам және демалыс күндері күтпеген уақытта тексеріс жүргізуді дағдыға айналдырсын. Әр сезіктінің ұсталу заңдылығын анықтасын. Заңсыз ұсталғаны анықталған жағдайда ұсталғанды дереу босатып, кінәлі лауазымды тұлғаға қатысты шаралар қолдансын. Кәмелетке толмаған, мүгедек, әйел, шетел азаматтарының ұсталу заңдылығына ерекше назар аударылсын. Дәлелдер табу әдісі ретінде ұстауды пайдалану тәжірибесіне жол берілмесін.
34. Облыстық, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар сезіктілерді ұстаудың заңдылығын 10 күн сайын тексерсін.
35. Прокурорлар қылмыс жасаған адамдарды қамауға алу туралы мәселені жедел шешіп отырсын. Аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери мен мамандандырылған прокурорлар қамауға алу санкциясын ішкі істер органдарының, ҰҚК, қаржы полициясының қызметтік бөлмелерінде берсін.
36. Қамауға санкция беру кезінде міндетті түрде іс материалдарымен мұқият таныссын, сезіктілер мен айыптылардан жеке өзі жауап алсын. Жауап алу хаттамасы қылмыстық іске тіркеліп тігіледі, ондағы мәліметтер дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
37. Қамауға алу санкциялары жеке журналға есепке алынады, олар прокурордың сейфінде сақталады. Журналда қылмыстық істің нөмірі, қозғалған күні, тергеу жүргізетін орган және адам, сезіктінің немесе айыптының тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы мен орны, азаматтығы, мекен-жайы мен жұмыс орны, айыптаудың не сезіктіліктің бабы, ұсталған күні, қамауға санкция берген адамның лауазымы мен аты-жөні, қамауға санкция берілген тәртіптің ҚР ҚІЖК бабы ( 142 , 150 , 267 ), қамауға алынған күн, қамау мерзімін ұзарту күні, тергеудің және үкімнің күшіне енгені туралы белгі қоюмен бірге істің сотта қаралуының қорытындылары жазылады.
38. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды ҚР ҚІЖК 139 , 141 , 150 -б.б. мазмұндалған жағдайларды есепке алып, қатаң заңға сәйкес қолданылсын. Қамауға алу санкциясын тек ҚР ҚІЖК 150-бабының 4-бөлігіне сәйкес құқығы бар прокурорлар ғана берсін.
39. Ерекше жағдайларда ғана сезіктілерге қатысты қамауға алу қолданылсын. Кәмелетке толмағандарға қатысты басқа бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана қамауға алу қолданылсын.
40. Прокурорлар қамауға алу туралы мәселенің дәлелді және дер кезінде шешілуі үшін, сондай-ақ санкция беруден дәлелсіз бас тартқаны үшін жеке жауаптылық береді. Қамауға алуға санкция беруден бас тартуы жөнінде жазбаша түрде мазмұндауы қажет. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауда сезікті не айыпты адамға қатысты қамауға алу санкциясын беруден бас тартқан жағдайда, прокурор бас тарту себептерін көрсетумен қатар бұл туралы жоғары тұрған прокурорға бір тәулік ішінде жазбаша баяндасын.
41. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген алдын ала тергеу және анықтау мерзімдерін ұзарту тәртібінің мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етілсін. Іс жүргізу мерзімдері ұзартылуының әр жағдайы бойынша олардың себептерін талқылап, сөзбұйдаға жол берген адамға қатысты шаралар қабылдансын.
42. Прокурор алдын ала тергеу және анықтау сатысында қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын басқа шараға өзгертудің әрбір жағдайы туралы бір тәулік ішінде жоғары тұрған прокурорға қаулының көшірмесі мен түсіндірме жазба жолдаумен қатар хабарласын.
43. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес айыптыны сотқа беру туралы мәселені шешер алдында алдын ала тергеудің және анықтаудың жан-жақтылығының, толықтылығының және объективтілігінің қамтамасыз етілгені мұқият тексерілсін. Осы талаптардың орындалмаған жағдайында айыпты адамға өз өкілеттілігінің шегінде шаралар қабылдаумен бірге қылмыстық іс қосымша тергеуге қайтарылсын. Прокурорлар істі сотқа жолдаудың дәлелділігі мен дер кезділігі үшін жеке жауаптылық береді.
44. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу белгіленген, одан кейін анықтау немесе алдын ала тергеу сатысында не сотпен іс бойынша өндірісі қысқартылған не тоқтатылған істер мен адамдарды қамауға алудың және қылмыстық жауаптылыққа тартудың заңдылық пен дәлелділігі туралы мәселе прокуратураның алқасында қаралуға енгізілсін, қылмыстық жауаптылыққа дәлелсіз тартуда және азаматтарды заңсыз қамауға алуда кінәлі лауазымды адамдардың жауапкершіліктері туралы мәселе шешілсін.
45. Бас әскери прокурор, облыстық, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде прокурорлық қадағалау тәжірибесін жинақтап қорытсын және Бас прокуратураның Департаментіне прокурорлық шаралар қабылдау құжаттарының көшірмелерін қосымша тіркеумен қатар тоқсан аяқталған соң келесі айдың 10 күніне ақпарат жолдасын.
46. Бас прокуратураның Департаменті осы мәселе бойынша прокурорлық қадағалаудың жағдайын жылына ең кемі екі рет жинақтап қорытсын.
47. Бас прокуратураның Департаменті, оның басқармалары мен бөлімдері алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды ұйымдастырудың қазіргі заманғы әдістерін әзірлеу және енгізу жөнінде, қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөнінде жұмысты тұрақты жүргізсін.