Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабы 2 тармағына және 8 бабы 8 тармақшаларына сәйкес, бұйырамын :
1. Қоса беріліп отырған Ережелері бекітілсін:
1) құстардың жұқпалы бурсалдық ауруын алдын алу және жою шаралары туралы ережесі;
2) құстардың Марек ауруын алдын алу және жою шаралары туралы ережесі.
2. Ветеринария департаменті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық, Астана және Алматы қалалары аумақтық басқармаларымен бірге, заңнамада анықталған тәртіп бойынша, осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жүргізу, Ветеринария департаментінің директоры А.Ә.Қожамұратовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінен мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күшіне енеді және бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы жариялану сәтінен бастап қолдануға енгізіледі.
Министр
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2004 жылғы 18 тамыздағы
"Құстардың жұқпалы ауруларын
алдын алу және жою шаралары
туралы ережелерін бекіту туралы"
N 448 бұйрығымен бекітілген
Құстардың жұқпалы бурсалдық ауруын алдын
алу және жою шаралары туралы ережесі
Осы Құстардың жұқпалы бурсалдық ауруын алдын алу және жою шаралары туралы ережесі (бұдан әрі - Ереже) ветеринариялық шараларды ұйымдастыру және жүргізудің тәртібін анықтайды, Қазақстан Республикасы "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалармен орындалуы үшін міндетті болып табылады.
1. Жалпы ережелері
1. Жұқпалы бурсалдық ауру (Гамборо ауруы, жұқпалы бурсит) - кең тараған, жіті өтетін, контагиозды, тауық туыстығына жататын үй құстарының вирусты ауруы, балапандардың 2-15 апталық жастағылары көбінесе жиі ауырады, ауру диареямен, апатиямен, тәбеттің жоғалуымен, кейде дененің дірілімен, екінші нефрозмен, фабрици бурсаларының зақымдануымен, бұлшықетішкі геморрагиясымен көрінеді.
Аурудың қоздырғышы-бирнавирустар туыстығына жататын вирус.
Инфекция көзі ауру құс болып табылады. Қоздырғыш азықпен, сумен, құрал-сайманмен, жұмыртқа арқылы, аэрогендік және басқа жолдармен таралады. Қоздырғыштың тікелей берілетін себептеріне, жабайы құстар, гельминттер және эктопаразиттер жатады.
2. Жұқпалы бурсалдық ауруға диагноз, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық көріністеріне және вирустың өзіне тән антигені немесе аурудың қоздырғышына қарсы антителаның болуына байланысты зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне негізделе отырып қойылады. Вирустың антигені немесе оған қарсы антитела иммундық диффузия реакциясы (ИДР немесе РИД) арқылы немесе иммуноферменттік талдау (ИФТ немесе ИФА) әдісімен анықталады.
2. Құстардың жұқпалы бурсалдық ауруын
алдын алу шаралары
3. Жұқпалы бурсалдық ауруды ескертуге арналған меншіктің барлық үлгісіндегі құс фабрикаларының немесе құс фермаларының (бұдан әрі - Құс шаруашылығы) жетекшілері, осы аурудың құс шаруашылықтарына енуіне жол бермеуге арналған шараларды орындауды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Құс шаруашылықтары ветеринариялық мамандарының алдын алуға қатысты міндеттері:
1) сырттан індеттің енуіне жол бермеуге арналған шараларды жасауға. Бұл үшін құстарды және де асыл тұқымды жұмыртқаларды, тек жұқпалы бурсалды аурудан таза шаруашылықтардан алуға;
2) құстарды бағып-ұстауда қалыпты жағдайды құру және зоогигиеналық нормалардың талаптарына жауап беретін және толық құнарлы азықтармен қамтамасыз ету жолымен, құс организмінің жұқпалы ауруларға жалпы резистентілігін көтеру;
3) жұқпалы бурсалдық ауруға қарсы алдын алуға егу жүргізілетін шаруашылықтарда, егілген құстарға иммунитеттің тұрақтылығына жүйелі түрде бақылау қою. Иммунизацияның тиімділігі вакцинаның сапасына және оны енгізу тәсіліне байланысты.
3. Аурудан таза емес бекеттерде ауруды жою шаралары
5. Бурсалдық аурудың пайда болуына күдік туған жағдайда, аурудың таралуын тоқтатуға арналған шаралар жүргізіледі, құс қоралары бекітіледі, ауру және ауруға күдікті құстар етке сойылады, құс қораларына, инкубаторларға, жабдықтарға, құрал-саймандарға және құстарды серуенге шығаратын аумаққа санация (дезинфекциялық шара) жүргізіледі.
6. Құс қораларына бөгде кісілерге кіруге рұқсат етілмейді, құс шаруашылығының ішінде құстарды орын ауыстыруға және одан құстарды, жұмыртқаларды тасымалдап шығаруға, және де азық-жемді, құрал-саймандарды, жабдықтарды, қи-нәжісті тасып шығаруға тиым салынады.
7. Құс шаруашылығының ветеринариялық маманы алдын ала қойылған диагноздың дұрыстығын анықтау үшін шаралар қабылдайды, бұл мақсатта ветеринариялық зертханаға зерттеуге (герметикалық ыдыста) құстардың жаңа мәйіттерін (3-5 бастан кем емес) және ауру құстардың қан сары суы (10-20 сынамадан кем емес) жіберіледі.
8. Жұқпалы бурсалдық ауруға диагноз анықталған жағдайда, бұл жөнінде зертхана, материалдарды зерттеуге жіберген ауданның бас ветеринариялық инспекторына және құс шаруашылығының ветеринариялық дәрігеріне жазбаша хабарлайды.
9. Ауданның Бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының жұқпалы бурсалдық аурудың шыққаны туралы хабарландару алғанда атқаратын міндеттері:
1) эпизоотиялық ошақты басуға және жоюға арналған шараларды ұйымдастыруға, індеттің көзін анықтау мақсатында аурудан таза емес құс шаруашылығына шығуға;
2) қажет жағдайларда, ауру ошағында аурумен күресу бойынша барлық шараларды ұйымдастыратын және жүргізетін жауапты ветеринариялық дәрігерді (эпизоотологты) тағайындауға;
3) көрші аудандардың ветеринариялық инспекторларына және жоғары тұрған ветеринариялық органға жұқпалы бурсалды аурудың пайда болғаны туралы, індет қоздырғышының таралу көздері және ауруды басуға және жою бойынша қолданған шаралар туралы хабарлауға.
10. Ауданның Бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының ұсынысы бойынша, қолайсыз бекеттің шекарасын және эпизоотияға қарсы жүргізілетін шараларды және оларды атқаруға жауапты адамдарды көрсете отырып, әкімшілікпен карантин қойылады.
11. Карантин тәртібі бойынша тиым салынатыны:
1) қолайсыз бекетке тасымалдап алып келуге, құстарды және құс шаруашылығы өнімдерін оның шегінен тасымалдап шығаруға;
2) аурудан таза емес құс қорасының аумағына бөгде кісілердің кіруіне.
12. Ауруды және індет ошағын жою шараларына кіретіндері:
1) ауру және ауруға күдікті, құстардың бурсалды ауруына шалдыққыш барлық құстарды етке сою;
2) өлген құстардың мәйіттерін және сойылған ауру құстарды термиялық утилизациялау;
3) құс қорасын, жабдықтарды, құрал-саймандарды және ауру құс тұрған аумақты дезинфекция жүргізу арқылы залалсыздандыру;
4) ауру ошағындағы және қауіпті аумақтағы бурсалды ауруға шалдыққыш құстардың арасында вакциналық алдын-алу жүргізу.
13. Етті қайта өңдеуші кәсіпорындарында жұқпалы бурсалды ауру пайда болған жағдайда, кәсіпорынның аумағындағы барлық ауруға шалдыққыш құстардың бастарын етке союға, өлтірілген құстарды сатуға немесе утильдеуге және кәсіпорынның аумағындағы өндірістік бөлмелерге санация жүргізуге (механикалық тазарту, дезинфекция, дезинсекция) қажетті мерзімге карантин қойылады.
14. Жұқпалы бурсалдық ауру бойынша қауіпті құс шаруашылықтарында және елді-мекен бекеттерінде тиым салынатындары:
1) бөлмелерден жұқпалы бурсалды ауруға шалдыққыш құстарды шығаруға;
2) құсфабрикасына бөгде адамдардың кіруіне және көрмелер өткізуге.
15. Соңғы ауру немесе өлген құстың утилизациясынан соң және індет ошағында қоздырғышты жоюдағы қорытынды ветеринариялық-санитариялық шараларды жүргізгеннен кейін, 21 тәулік өткенде карантин алынады.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2004 жылғы 18 тамыздағы
"Құстардың жұқпалы ауруларын
алдын алу және жою шаралары
туралы ережелерін бекіту туралы"
N 448 бұйрығымен бекітілген
Құстардың Марек ауруын алдын алу
және жою туралы ережесі
Осы Құстардың Марек ауруын алдын алу және жою туралы ережесі (бұдан әрі - Ереже) ветеринариялық шараларды ұйымдастыру және жүргізудің тәртібін анықтайды, Қазақстан Республикасы "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалармен орындау үшін міндетті болып табылады.
1. Жалпы ережелері
1. Марек ауруы - (нейролимфоматоз, құстардың салдануы) онкогендік герпес вирусы туғызатын құстардың жұқпалы ауруы (тауықтарда жиірек кездеседі) және аяқ-қанаттарының парездарымен, параличтерімен, көздің мөлдір қабығының түсінің өзгеруімен, көз қарашығының майысуымен, және де ішкі органдарда, бұлшық еттерінде және терісінде ісікті жаралардың пайда болуымен көрінеді.
Аурудың қоздырғышы сыртқы ортада жоғары төзімділігімен ерекшеленеді және төсеніште, қабырғаларда, қора терезелерінде, жабдықтарда және желдеткіш жүйесінде жылдан кем емес уақыт сақталынады.
Табиғи жағдайда ауруға тауықтар шалдыққыш келеді. Түйе құстар, цесаркалар, бөденелер, фазандар жұқтырып алуға бейім келеді. Құстардың балапандары бірінші өмірлік күнінен бастап жұқтырып алуға көбірек сезімтал.
Ауру құстар індеттің көзі болып табылады, және де вирусты тасымалдаушыға клиникалық сау құстар жатады.
Инкубациялық кезең 14 күннен 6 айға дейін созылады. Вирустың бөлінуі жұқтырып алынған күннен кейін 7-20 күн аралықтарында басталады. Аурудың қоздырғышы сыртқы ортаға асқорыту және тыныс жолдары арқылы және тері қабаты арқылы бөлінеді (қауырсын фолликулдары эпителийі). Негізгі жұғу жолы - аэрогендік. Қоздырғыш залалданған жұмыртқалардың сыртқы қабаты арқылы тасымалдана алады.
Марек ауруы зпизоотия түрінде немесе спорадиялық жағдайда өтеді.
2. Марек ауруына эпизоотологиялық мәліметтерге, клиникалық белгілеріне, патологиялық-анатомиялық жарып-кесудің нәтижелерін негізге ала отырып және гистологиялық, цитологиялық, вирусологиялық зерттеулер арқылы диагноз қойылады. Бұндай кездерде, лимфойдтық лейкоздан, ньюкаслска ауруынан, құстардың тұмауынан, жұқпалы энцефаломиелиттен, Е, В, Д авитаминоздарынан және токсикоздардан ажыратып бөліп алу қажет.
2. Құстардың Марек ауруын алдын алу шаралары
3. Құс фабрикаларында немесе құс фермаларында (бұдан әрі - Құс шаруашылығы) ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау, құстардың жаңа бастарын тасымалдап алып келердің алдында мұқият дезинфекция және дезинвазия жүргізіледі. Аз өнім беретін және ауруға күдікті құстар бөлініп алынып, жойылады. Марек ауруына төзімді тауықтардың түрлерін (тұқымдық ерекшелігі) таңдап алып өсіру ұсынылады.
4. Аурудан таза құс шаруашылықтарында құстардың осы ауруына шалдыққыш барлық бастарына, Марек ауруына қарсы алдын алу вакцинациясы жүргізіледі.
5. Тауықтардың арасында Марек ауруына иммундік алдын алу жұмысын жүргізу үшін, Қазақстан Республикасында тіркелген вирус-вакциналар, қолдану нұсқаулығына сәйкес қолданылады.
6. Құс қораларына және жабдықтарына толық санация жүргізіле отырып, өсірілуші топтарда алдын-алу үзілісі іске асырылады.
3. Аурудан таза емес бекеттерде ауруды жою шаралары
7. Марек ауруына күдік болған жағдайда құс шаруашылығының ветеринариялық маманы диагнозды анықтауға шара қабылдайды. Осы мақсатта ветеринариялық зертханаға жаңа өлген құстың денесін немесе ауру құстарды зерттеуге жібереді (5-10 бас).
8. Марек ауруына диагноз қойылған жағдайда, құс шаруашылығына шектеу енгізіледі, оның шеңберінде ауруды жою бойынша аурудың өту сипатын ескере отырып, кешендік ветеринариялық-санитариялық шаралар жүргізіледі.
9. Құс шаруашылығында аурудың таралуы кең ауқымды сипат алмай және ауру шамалы ғана жалғыз ілікті шыққан жағдайларда, формальдегидтің буымен 4-реттік дезинфекция жүргізілгеннен кейін, құс шаруашылығының ішінде жұмыртқаларды инкубациялауға рұқсат етіледі. Құстардың түк-мамықтарына, қауырсындарына, инкубациялық жұмыртқаларға және бөлмелерге кәдімгі жалпы қабылданған заттармен дезинфекция жүргізіледі.
10. Марек ауруының эпизоотиялық оты кезінде (құстардың жаппай ауыруы және аурудың таралуы ұлғайғанда) келесі шаралар жүргізіледі:
1) инкубациялық жұмыртқалардың және тірі құстардың сатылуына тиым салынады;
2) инкубацияны және құстардың жас балапандарын өсіруге қабылдау тоқтатылады;
3) аурудан таза емес құс қораларындағы, цехтарындағы, фермалардағы барлық құстарды шаруашылықтың құс союшы бөлімінде немесе етті қайта өңдеуші кәсіпорында сояды;
4) аумаққа кіретін инкубаторға, құс қорасына, қосалқы құс жайларына, жабдықтарға, құралдарға мұқият тазарту және дезинфекция жүргізіледі;
5) аурудан таза емес құс шаруашылықтарында құс қораларына, инкубаторияларға, жабдықтарға, құрал-саймандарға, өндірістік аумақтарға, көлік заттарына және басқа объектілерге күнделікті және қорытынды дезинфекция жүргізіледі;
6) қи-нәжістеріне және төсеніштеріне биотермиялық зарарсыздандыру жүргізіледі.
11. Балапандарды өсіруге қабылдау, құс шаруашылығында санация аяқталғаннан кейін бір ай уақыт өткеннен кейін рұқсат етіледі.
12. Өсіруге қабылданған балапандар, Марек ауруына қарсы тәуліктік уақыттағы жасында егіледі (вакцинаны қолдануға арналған нұсқаулыққа сәйкес егеді).
13. Аурудан таза емес құс шаруашылығының тауықтарынан алынған жұмыртқалар, анықталған тәртіп бойынша формальдегидтің буымен келесі схема бойынша дезинфекцияланады:
1) инкубациялық жұмыртқалар: төрт рет - бірінші рет жұмыртқалағаннан кейін 1 сағаттан кем емес уақытта, екінші рет - инкубаторға қаланар алдында, үшінші рет - инкубаторларда 6 сағат жылытылғаннан кейін және төртінші рет - шығарушы шкафтарда жұмыртқалар бір орыннан келесі орынға ауыстырылғаннан кейінгі сәтте;
2) ас жұмыртқалары - сауда көздеріне жіберілердің алдында бір рет дезинфекциялаудан өткізіледі.
14. Марек ауруынан таза емес құс қораларындағы құстарды етке сою кезінде тұтас еттері ішкі органдарынан толық босатылады, барлық ішкі органдары утилге жіберіледі, ал тұтас еттері қоғамдық тағамға, немесе қайнатылған шұжық, консервілер дайындауға қолданады. Терілерінде немесе бұлшық еттерінде ісікті жаралар болған жағдайда, тұтас еттері техникалық утилизацияға жіберіледі және ас өнімдерін дайындау үшін қолдануға тиым салынады.
15. Марек ауруының классикалық үлгісімен құстардың 5-10 % ауырған жағдайда құстардың барлық қолайсыз топтарын сою тиімді саналады.
16. Ауру кең ауқымды таралған жағдайда инкубациялық жұмыртқаларды сатуға және балапандарды өсіруге тиым салынады. Ауру құстарды жойғаннан кейін және құс шаруашылығында өндірістің барлық технологиялық бөлімдеріндегі санациядан соң 1 ай уақыт өткеннен кейін балапандарды өсіріп ұстауды бастайды. Барлық жас балапандар тәуліктік жасында егіледі.
17. Құс шаруашылығынан 6-айлық жасқа дейінгі өсірілген құс балапандарының арасында Марек ауруы болмаған кезде, шектеу алынады.