Жануарлардың инфекциялық ауруларының алдын алу және жою бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі Ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі N 493 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 13 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3151. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы"  Заңының 26 бабына сәйкес  бұйырамын :
      1. Қоса беріліп отырған бекітілсін:
      1) Ірі қара малдың обасының алдын алу және жою бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру туралы ереже;
      2) кампилобактериоздың алдын алу және жою бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру туралы ереже;
      3) қарасан ауруының алдын алу және жою бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру туралы ереже.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық Астана және Алматы қалалары аумақтық басқармалары Ветеринария департаментімен бірге заңнамада белгіленген тәртіпте осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ветеринария департаментінің директоры А.Ә.Қожамұратовқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күнінен бастап күшіне енеді.

       Министр

Қазақстан Республикасының  
Ауыл шаруашылығы министрінің 
"Жануарлардың ауруларының   
алдын алу және жою бойынша 
ветеринариялық іс-шараларды 
жүзеге асыру        
ережелерін бекіту туралы"  
2004 жылғы 15 қыркүйектегі  
N 493 бұйрығымен бекітілген 

  Ірі қара малдың обасының алдын алу және жою бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру туралы
Ереже

      Осы, ірі қара малдың обасының алдын алу және жою жөніндегі ветеринариялық іс-шараларының ережесі (бұдан әрі - Ереже) жеке және заңды тұлғаларға ветеринариялық шараларының ұйымдастыру және жүргізудің Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26 бабына сәйкес міндетті түрде орындауға тиісті тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Ірі қара малдың обасы ауыз қуысында ойық жараның пайда болуымен, кілегейлі қабықтардың, әсіресе ішек қарынның кілегейлі қабықтарының ісініп өлеттенуі, диареямен, ринитпен, конъюнктивитпен, дене қызуының көтерілуімен ерекшеленетін, жіті өтетін жұғымтал вирустық ауру.
      Табиғи жағдайда сиырдың обасымен сиырдан басқа енеке, қодас және буйбол ауырады. Сирек жағдайда қой, ешкі, түйе және басқа жабайы күйіс қайыратын хайуанаттар да ауырады. Бұл ауруға жылқы, есек, қашыр, ит, мысық, құс және адам төзімді.
      Аурудың қоздырғышы парамиксовирус тұқымдастығына жататын вирус. Сиыр обасының вирусінің штаммдары антигендік және иммуногендік қатынастары біртектес, олардың тек уыттылығы жағынан ғана айырмашылығы бар.

      2. Сиырдың обасына диагноз аурудың жұғымталдығымен, тез таралуымен ерекшеленетін індеттанулық, дене қызуы, кілегей қабықтарының зақымдануы, арықтау байқалатын клиникалық деректер, сондай-ақ патологоанатомиялық және зертханалық зерттеулер нәтижелері негізінде қойылады.

  2. Қазақстан Республикасының аумағын сиыр обасының қоздырғышының енуінен қорғау шаралары

      3. Сиыр обасының алдын алу шараларына мемлекеттің аумағын шеттен аурудың қоздырғышының енуінен қорғау, шекарамен шектес зоналарда бейім жануарларды жылда вакцинамен егу, қолайсыз пункттерде карантиндік және басқа ветеринариялық санитариялық шаралар қатаң сақталып ал сиыр обасы шыға қалған жағдайда ауру және ауруға күдікті жануарлар сойылып жойылады.

      4. Қазақстан Республикасының аумағын сиыр обасының қоздырғышының енуінен қорғаудағы ветеринариялық санитариялық шараларды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағыныштағы мекемелері жергілікті билік органдарымен бірге жүзеге асырады.

      5. Қазақстан Республикасының аумағын сиыр обасынан қорғайтын кешенді түрде жүргізілетін шаралардың негізі арнайы профилактикалау болып табылады. Қатер төнген аумақта иммунделген жануарлардан буферлік зоналар дайындайды, кеңділігі 30-50 шақырым аумақтағы мал басы жылда міндетті түрде сиыр обасына қарсы егіледі.

      6. Сиыр обасынан таза емес мемлекеттермен шекаралас әкімшілік аумақтарда орналасқан барлық елді мекендер және шаруашылық субъектілері төмендегі тармақта көрсетілген ұйымдастыру, індетке қарсы және ветеринариялық-санитариялық шаралар міндетті орындауға тиісті.

      7. Шекарадағы және көліктегі мемлекеттік ветеринариялық қадағалаудың аумақтық басқармаларының ветеринариялық мамандары, сондай-ақ шекаралас аудандардың ветеринариялық мекемелері өздеріне бекітілген шекаралық зоналардың індет жағдайын, жайылымдардың, суаттардың, мал айдау жолдарының жағдайын жақсы білуге тиіс, қызмет көрсету аумағында елді мекендердегі және шаруашылықтардағы жануарлардың түрлерін санын білуге тиіс.

      8. Малдарды сою тек мал сою орындарында міндетті түрде ветеринариялық мамандардың бақылауымен жүргізіледі. Сойылған мал еті және жабайы жануарлар еті базарларда сатуға ветеринариялық қадағалаудың рұқсатынан кейін жіберіледі.

      9. Әрбір табынға жеке жайылым және суат бекітіледі, әртүрлі жануарлардың бірге бағылуына, сондай-ақ үй жануарларының жабайы жануарлармен бұғы, елік, жабайы шошқалармен жанасуына тиым салынады.

      10. Жайылымдарда сиыр обасына бейім үй, немесе жабайы жануарлардың өлекселері табылған жағдайда ол туралы тез арада әкімшілік аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторына (диагностикалық зерттеулерге) қажетті патологиялық материал алу үшін хабар береді және өлекселерді көмуді ұйымдастырады.

      11. Шекаралас аумақта ұсталынған жабайы жануарлар немесе олардың ұшалары міндетті түрде ветеринариялық тексеруге жатады.

      12. Шекаралас аумақта иесіз малдың пайда болуы туралы шекарадағы ветеринариялық бақылау пунктіне хабарлайды. Ондай малдар тез арада оқшауланып қолданылып жүрген Нұсқауға сәйкес ветеринариялық тексеруге жатады. Шекаралас аумақтың малдары сиыр обасынан таза емес, немесе бұл індет тіркеліп тұратын мемлекеттердің шекарасынан өтіп кетіп және Қазақстан Республикасының аумағына қайтып келген малдар қолданыста жүрген заңнамаға сәйкес жойылады.

      13. Бір шаруашылық субъектісінен екіншісіне, немесе бір елді-мекеннен екіншісіне жануарларды тасымалдау, сондай-ақ шекара аумағынан тысқары жерлерге тасымалдау клиникалық тексеруден кейін әкімшілік аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының рұқсатымен жүзеге асырылады.

      14. Елді мекенге және шаруашылық субъектісіне жаңадан мал әкелу, кіргізу алдын ала сол әкімшілік аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторымен келісіледі, шаруашылық субъектісіне жаңадан келген малдарды бордақылау алаңдарына және табындарға орналастыруға тек 30 күндік карантиндеуден және ветеринариялық тексеруден кейін рұқсат етіледі.

      15. Шет мемлекеттерден мал өнімдері мен шикізаттарын тасымалдау ветеринариялық заңнамада белгіленген тәртіпте аумақтың шекарадағы ветеринариялық бақылау пункттері арқылы жүзеге асырылады.

  3. Сиыр обасын жоюдың шаралары

      16. Шекаралас аумақта, немесе Қазақстан Республикасының басқа аудандарында сиыр обасына күдік болған жағдайда, шаруашылық субъектілерінің басшылары және шаруашылық субъектілеріне қызмет көрсететін ветеринариялық маман ол туралы атқару органына, ауданның бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторына хабарлауы тиіс және үкімет органынан өкілдер мен облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы келгенше тез арада аурудың таралмауына шара қолдануға тиіс.

      17. Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 27 бабының 1 тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган мемлекеттік ветеринариялық инспектордың ұсынуымен шаруашылық субъектісін жайылымды елді мекенді қолайсыз деп танып карантин қояды, ауруды жоюдың негізгі шараларын орындау мерзімін және жауапты адамдарды белгілейді.

      18. Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27 бабының 3 тармағына сәйкес, карантин соңғы ауырған мал жойылғаннан 21 күннен кейін алынады.

      19. Барлық ауру және ауруға күдікті малдар өлтіріледі, олардың өлекселері өртеледі.

      20. Ауырған мал тұрған және өлген малдардың өлекселері жатқан жер 2% күйдіргіш натрийдің ерітіндісімен (70-80 о ) дезинфекцияланады.

      21. Қалған сау деп есептелінетін малдарды (табындағы, топтағы, фермадағы, шаруашылықтағы) жеке топқа бөліп оқшауланады, шаруашылық ішінде мал араластырылмайды.

      22. Шаруашылық субъектісінен (елді мекеннен) барлық көліктің, адамдардың шығуына, келуіне сондай-ақ мал өнімдері мен шикізаттарын тасымалдауға тиым салынады.

      23. Аурудан таза емес шаруашылық аумағының кіре берісіне бекеттер және дезинфекциялық ерітінділері бар ыдыстар қойылады.

      24. Шаруашылық субъектісіне қызмет көрсететін ветеринариялық маманның міндеті:
      1) барлық малдарды клиникалық тексеруден өткізіп дене қызуын өлшеу;
      2) ауырған және өлген малдардың санын, көршілес шаруашылықтағы елді мекендегі індет жағдайын, ауру қоздырғышының шаруашылыққа келу жолдарын анықтау;
      3) барлық ветеринариялық-санитариялық шаралардың орындалуын ұйымдастыру және бақылау.

      25. Ауданның бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының сиыр обасына күдік туралы хабар алғаннан кейінгі міндеті:
      1) ауру шыққан шаруашылық субъектісіне диагноз қоюға, аурудың таралмауына және оны жоюдың шараларын ұйымдастыруға және жүргізуге, сиыр обасына күдіктену және қолданылған шаралар туралы жергілікті атқарушы органға, жоғарғы ветеринариялық органға және жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша мамандандырылған арнайы ветеринариялық зертханаға, көршілес аудандардың бас ветеринариялық инспекторларына, ауданның барлық ветеринариялық мамандарына, шекарадағы және көліктегі ветеринариялық қадағалауға хабарлау;
      2) шаруашылықтың ветеринариялық мамандарымен бірлесе отырып эпизоотологиялық талдау жүргізу, клиникалық диагнозды дәлелдеуге өлексені сою, сиыр обасына күдіктенгенде патологиялық материал алып және оны тез арада ғылыми зерттеу институтына, немесе жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша мамандандырылған ветеринариялық зертханаға жіберу;
      3) қолайсыз пункттің шекарасын анықтау, тезарада қажетті дезинфекциялық заттармен және малдарды обаға қарсы қолданылатын вирусвакцинамен қамтамасыз ету.

Қазақстан Республикасының  
Ауыл шаруашылығы министрінің 
"Жануарлардың ауруларының   
алдын алу және жою бойынша 
ветеринариялық іс-шараларды 
жүзеге асыру жөніндегі   
ережелерін бекіту туралы"  
2004 жылғы 15 қыркүйектегі  
N 493 бұйрығымен бекітілген 

  Кампилобактериоздың алдын алу және жою бойынша
ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру туралы
Ереже

      Осы, кампилобактериоздың алдын алу және жою жөніндегі ветеринариялық іс-шараларының ережесі (бұдан әрі - Ереже) жеке және заңды тұлғаларға ветеринариялық шараларының ұйымдастыру және жүргізудің Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26 бабына сәйкес міндетті түрде орындауға тиісті тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Кампилобактериоз ірі қара малдың және қойлардың іш тастауымен, қайталап күйлеуімен және бедеулікпен ерекшеленетін инфекциялық ауру.
      Қоздырушысы Campylobacter тұқымдастығына жататын грамтеріс, үтір, орақ, ұшқан шағала, қысқа немесе ұзын спираль тәріздес бактериялар, спора және капсула түзбейді, қозғалмайды.
      Қоздырушысы негізінен екі түрге бөлінеді: біріншісі ірі қара малға зардапты, ал екіншісі қойларға.
      Жануарларға кампилобактериоз жанасу, алиментарлық және жыныс жолдары арқылы жұғады.

  2. Кампилобактериоздың диагностикасы

      2. Жануарлардың кампилобактериозын балау мақсатында клиникалық, эпизоотологиялық, серологиялық және бактериологиялық әдістер қолданылады.
      Диагноз қоюда тек қоздырушыны бөліп алу негіз бола алады, сондықтан бактериологиялық әдіс негізгі болып саналады.
      Кампилобактериозға тексеру үшін қынап сұйығымен серологиялық реакциялар, агглютинация реакциясы қойылады және люминисценсиялық микроскопия әдісі қолданылады. Сонымен қатар қан сарысуымен агглютинация реакциясын қою әдісі, кеңінен қолданылады. Кампилобактериозға ірі қара малды тек қынап сұйығымен агглютинация реакциясымен, ал ірі қара малды және қойды люминисценсиялық микроскопия әдісімен тексереді.

  3. Ауыл шаруашылық жануарларының кампилобактериозының профилактикасы

      3. Жануарлардың кампилобактериозының алдын алу мақсатындағы шаруашылық субъектілерінің, мал иелерінің және ветеринариялық мамандардың міндеттері:
      1) шаруашылық субъектісі ішінде ветеринария мамандарының рұқсатынсыз жануарлардың орнын ауыстыруға жол бермеу;
      2) жануарларды күтудің, азықтандырудың ветеринариялық санитариялық ережелерін қатаң сақтау;
      3) аурудан таза табынды, отарды жануарлармен толықтыруға, тек ірі қара мал және қой кампилобактериозынан таз шаруашылықтардан рұқсат ету;
      4) мал тұқымын асылдандыру немесе өндірістік мақсатта пайдалануға жаңадан алынған жануарлар 1 ай карантинде болады және кампилобактериозға арасына 10 күн салып 3 рет тексеріледі.

      4. Жануарлардың кампилобактериозын арнайы дауалау үшін әртүрлі вакциналар қолданылады.

      5. Жануарларды иммундеу вакцинаны қолдану нұсқамасында қаралған тәртіп бойынша және уақытында жүргізіледі.

  4. Ірі қара малдарды асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мекемелерін кампилобактериоздан сауықтыру шаралары

      6. Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27 бабының 1 тармағына сәйкес кампилобактериозға диагноз қойылғаннан кейін ауданның, қаланың әкімшілігі бас ветеринариялық инспекторының ұсынуымен ірі қара малдарды асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мекемесін кампилобактериоздан таза емес деп ұйғарып шектеу қоюға шешім қабылдайды және сауықтыру шараларының жоспарын бекітеді.

      7. Кампилобактериоздан таза емес ірі қара малдарды асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мекемесіндегі барлық бұқаларды және жас малдарды нұсқамаға сәйкес вакцинамен егеді.

      8. Барлық бұқалардан ұрық алу тоқтатылады.

      9. Жануарларды вакцинамен егумен қатар, бұқаларды дәрімен емдейді. Емдеу ұсынылған дәрілер нұсқамасындағы талаптарға сәйкес қолданады.

      10. Вакциналау және емдеуден бір айдан кейін барлық бұқалардың ұрықтары арасына 10 күн салып бактериологиялық жолмен 3 рет тексеріледі. Қатарынан 3 рет теріс нәтиже алынған жағдайда бұқалар сауықты деп есептеледі.

      11. Төменгі температурада мұздатылған ауру бұқалардың ұрықтарының қоры жойылуға жатады. Қалған сау бұқалардың ұрықтары кампилобактериозға бактериологиялық әдістермен зерттелгеннен кейін жануарларды қолдан ұрықтандыруға қолданылады.

      12. Жануарлардың тұқымын асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мекемелерін, кампилобактериоздан сауықтыру кезеңінде санитариялық жағдайды жақсарту және ауруды таратпау шаралары жүргізіледі:
      1) жануарлардың тұқымын асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мекемесін кампилобактериоздан сауықтыру кезеңінде мекемені жас малдармен толықтыруға тиым салынады;
      2) жануарлардың тұқымын асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мекемесіне келген жас малдарды оқшауханада ұстап, оларды вакцинамен еккеннен кейін ғана табынға жібереді;
      3) Жануарлардың емдеуі біткеннен кейін барлық мал қоралары мен аумақтары, қажетті құралдары дезинфекцияланады. Содан кейін 10 күнде бір рет дезинфекцияланады.

      13. Жануарлардың тұқымын асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мекемесін ірі қара малдың кампилобактериозынан сауықтырылды деп жануарлар тобының ұрықтарының және қынап сұйығын бактериологиялық әдіспен тексергенде (арасына 10 күн салып) 3 рет теріс нәтиже алынғаннан кейін барып есептейді.

5. Шаруашылықты ірі қара мал кампилобактериозынан

  сауықтыру шаралары

      14. Ірі қара мал кампилобактериозынан таза емес шаруашылығын сауықтыру, оның алдын алу және емдеу-сауықтыру шаралары кешенді түрде кешені ауданның әкімшілік органында бекітілген жоспар негізінде жүргізіледі.

      15. Аурудың таралуының алдын алу мақсатында аурудан таза емес табында малдарды қолдан ұрықтандырады. Шаруашылықтағы сиырларды және қашарларды ерікті ұрықтандыруға бұқаларды қосуға болмайды. Бұқаларды оқшаулап кампилобактериозға тексереді және емдейді.

      16. Сауықтыру шараларын жүргізу кезінде келесі шараларға тиым салынады:
      1) басқа шаруашылықтан мал әкелуге және шаруашылық ішінде мал араластыруға;
      2) кампилобактериоздан таза емес шаруашылықтан асылдандыру үшін және қолдануға жануарлар сатып алуға.

      17. Барлық ірі қара малды сиырлар және қашарлар кампилобактериозға қарсы вакцинамен қолдану нұсқамасына сәйкес егеді. Кампилобактериоздан таза емес ферма аумағында орналасқан бұқалар және малдар вакциналанады.

      18. Фермадағы сиырлар мен қашарлар мал төлдеу бөлімдерінде қабылдануы тиіс. Шаруашылық субъектісінде кезекте сауықтыру мал төлдеу бөлімдері болуы қажет. Әрбір іш тастаған сиырды оқшаулайды, мал іш тастаған орынды тазалайды және дезинфекциялайды. Іш тасталған төлдер ветеринариялық зертханаға бактериологиялық зерттеуге жіберіледі. Жас туған төлдерді сақа малдардан бөлек ұстайды.

      19. Кампилобактериоздан таза емес фермаларда сауылатын мал басын міндетті түрде гинекологиялық тексеруден өткізіп ауру малдарды оқшаулап клиникалық белгілері (іштастау, өлі туу, метрит), айқын малдарды емдейді.
      Кампилобактериозбен ауырған малдарды емдеу үшін антибиотиктер және басқа дәрілер қолдану нұсқамасына сәйкес қолданылады.

      20. Жаз айларында аурудан таза емес фермалардағы жануарларды жазғы лагерьге шығарып, мал қораларында санитарлық ремонт, тазалау және дезинфекциялау жүргізіледі.

      21. Кампилобактериоздан таза емес фермаларда сауықтыру шаралары жүргізілген кезде мал қораларына және аумағына дезинфекция жүргізіледі.

      22. Шаруашылық субъектісін алдын алу және емдеу-сауықтыру шараларын толығымен орындағаннан кейін, 12 ай аралығында зардапты кампилобактериялар табылмаса және аурудың клиникалық белгілері байқалмаса аурудан таза деп есептейді.
      Шаруашылық субъектісінде сиырлар мен қашарларды қолдан ұрықтандыру үшін қолданылатын бұқалар, шектеуді алардан бұрын қынап сұйығын немесе жыныс бездерінің секреттерін 3 рет бактериологиялық зерттеулер кезінде теріс нәтиже алынғаннан кейін пайдалануға болады.

  6. Кампилобактериоздан таза емес қой шаруашылықтарын сауықтыру шаралары

      23. Барлық іш тастаған, сондай-ақ мезгілінен ерте туған қойларды отардан тез арада бөліп және сақман біткенге дейін оқшаулап ұстайды.

      24. Түсікте, шарана қабықтарын, шуды және ластанған төсенішті, көңді жинайды сонан кейін дезинфекциялық заттармен залалсыздандырып барып жерге көмеді. Қой қораларын және аумағын дезинфекциялайды.

      25. Кампилобактериоздан таза емес отарлардан асылдандыру және қолдану үшін қой алуға, отарларды шаруашылықтың ветеринариялық қызметінің рұқсатынсыз қайта жасақтауға тиым салынады.

      26. Аурудан таза емес отарларда қой қырқу және тоғыту график бойынша, ал соңында қой қоралары, жабдықтар инструменттер және қораның аумағы дезинфекцияланады.

      27. Жайылымдағы қойларды басқа жайылымға ауыстырады, ал аурудан таза емес отарлар бағылған жайылымдарды 2 ай карантиндейді.

      28. Іш тастаған саулықтарды антибиотиктермен нұсқамасына сәйкес емдейді.

      29. Барлық туатын саулықтарды кампилобактериозға қарсы вакцинамен егеді.

      30. Егер шаруашылықта кампилобактериоздан бірнеше отар қой таза емес болса, олардан алынған төлдерден жеке отар дайындап оларды шартты түрде таза деп есептейді.

      31. Қойларда соңғы 2 жыл аралығында кампилобактериозға байланысты іш тастау байқалмаса шаруашылық субъектісін кампилобактериоздан таза деп шаруашылықты сауықты деп есептейді.

Қазақстан Республикасының   
Ауыл шаруашылығы министрінің 
"Жануарлардың ауруларының   
алдын алу және жою бойынша  
ветеринариялық іс-шараларды  
жүзеге асыру жөніндегі    
ережелерін бекіту туралы"  
2004 жылғы 15 қыркүйектегі  
N 493 бұйрығымен бекітілген  

  Қарасан ауруының алдын алу және жою бойынша
ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру туралы
Ереже

      Осы, қарасан ауруының алдын алу және жою жөніндегі ветеринариялық іс-шараларының ережесі (бұдан әрі - Ереже) жеке және заңды тұлғаларға ветеринариялық шараларының ұйымдастыру және жүргізудің Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26 бабына сәйкес міндетті түрде орындауға тиісті тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Қарасан негізінен ірі қараның жіті өтетін, бұлшық еттерінің ісініп, оны басып көргенде сықырлайтын қабынуы арқылы ерекшеленетін жұғымтал емес ауру. Ауруға негізінен 3 айдан 4 жас аралығындағы сиыр малы, сондай-ақ сирегірек қой, ешкі, бұлан мен бұғы бейім келеді.
      Аурудың қоздырушысы - CIostridium chauvoei - нағыз анаэроб, аздап иілген полиморфты таяқша, қозғалмалы, өлекседе және қоректік ортада спора түзеді. Споралар топырақта 35 жылға дейін сақталады және ауруды тарататын негізгі фактор болып табылады.

      2. Қарасанға диагноз індеттанулық деректер, клиникалық белгілер (сықырлайтын ісіну, дене қызуы, ақсау), патологоанатомиялық өзгерістер және зертханалық зерттеулер нәтижелерінің негізінде қойылады.

  2. Қарасанның алдын алу шаралары

      3. Қарасанның алдын алу мақсатында мынандай шаралар жүргізіледі:
      1) мал қорымдарының санитарлық жағдайын жақсарту және оны қоршау жұмыстарын жүргізу. Қарасаннан өлген мал көмілген жерлердің топырағын залалсыздандыру;
      2) балшықтанған жайылымдарды және шөп шабатын жерлерді құрғату;
      3) суаттарды қалпына келтіру, мал су ішетін зақымданған, немесе күдікті суаттарды жабу;
      4) мал союға, еріксізден сойылған мал етін және өнімдерін ветеринариялық маманның рұқсатынсыз сатуға тиым салу;
      5) өлген мал жатқан, ауру мал тұрған жерді, бөлмелерді, ауланы тазалау және дезинфекциялау;
      6) 3 айдан 4 жас аралығындағы ірі қара малды қарасанға қарсы вакцинамен егу. Қарасан тіркелген шаруашылықта 6 айдан жоғары жастағы қойларды вакцинамен қарасанға қарсы егу;
      7) қарасаннан таза емес пункттерде ірі қара малды арасына 15 күн салып екі рет вакцинамен егу.

      4. Алдын ала егу үшін Қазақстан Республикасында Мемлекеттік тіркеу реестрінде тіркелген вакциналар қолданылады.

      5. Өлтірілген вакцинамен алдын ала егу малдарды жайылымға жіберерден 14 күн бұрын аяқталуы тиіс. Мал жайылымында 6 ай ұсталатын аудандарда ауруға бейім малдарды, арасына 6 ай салып 2 рет вакцинамен егілу керек. Қарасанға қарсы тірі вакцинамен малдарды жылына 1 рет жайылымға жіберерден 7 күн бұрын егеді.

      6. Жаңа туылған төлдерді 3 айдан бастап егеді; өлтірілген вакцинамен 6 айдан кейін қайтадан екінші рет егеді.

      7. Қауіп төнген аумақта орналасқан шаруашылық субъектісіне жаңадан келген малдар міндетті түрде вакцинамен егілу қажет. Оларды егілгеннен 14 күннен кейін табынға қосуға болады.

      8. Малдардың қарасанға қарсы егілгені туралы олардың санын, вакцинаны шығарған мекеменің атын, дайындалған күнін, жұмсалған мөлшерін, сондай-ақ еккен кісінің аты жөнін, малдың күйін көрсетіп акті толтырылады.

  3. Қарасанды жою жөніндегі шаралар

      9. Шаруашылық субъектісінің басшысы, немесе жеке тұлға қарамағындағы жануарлардың ауырғаны немесе өлгені туралы, ауру, немесе өлу себептерін анықтау үшін міндетті түрде аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторына хабарлауы тиіс.

      10. Жануарлар өсіретін шаруашылық субъектісінің басшысы, немесе жеке тұлға, мемлекеттік ветеринариялық инспектордың келуіне қарамастан ауру малды сау малдардан оқшаулауға, сондай-ақ өлген малдардың өлекселерін нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу реестріне N 2088 тіркелген Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің 2002 жылғы 14 қарашадағы "Жеке және заңды тұлғалардың міндетті орындауы үшін ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру ережесі" N 367 бұйрығымен бекітілген қажетті  ережелерін сақтай отыра тез арада мал қорымына немесе өртейтін жерге апаруға тиісті.

      11. Мемлекеттік ветеринариялық инспектор келісімен ауырған және өлген малдарға, диагноз қою үшін зерттеу жүргізеді. Патологиялық материалдар алып, оларды тексеру үшін ветеринариялық зертханаға жібереді.

      12. Өлексені сою тек арнайы, немесе мал өртейтін жерде жүргізіледі. Өлекселер өртеледі.

      13. Жайлымдарда және жер асты сулары жақын орналасқан жерлерде қарасаннан өлген малдардың өлекселерін көмуге тиым салынады.

      14. Аурудан таза емес пункттерде қарасанға бейім жануарлардың дене қызуын өлшеп клиникалық байқаудан өткізеді. Клиникалық белгілері (ақсау, ісіну, дене қызуы) байқалған жануарлар оқшауланады. Малдың өлуі болған жағдайда өлекселерін мал қорымына апаруды немесе оларды өртеуді ұйымдастырады.

      15. Ауру малдар ластаған көңге, төсенішке және жемшөп қалдықтарына далаға шығар алдында 10% күйдіргіш натрий ерітіндісі себіліп, сонан кейін өрттен сақтану ережелерін сақтай отыра өртеледі. Осы ерітіндімен немесе 18% феносмолиннің эмульсиясымен, 4% формальдегидтің ерітіндісімен 5-10 л/м 2 мөлшерінде топырақ дезинфекцияланады.

      16. Қарасанның клиникалық белгілері байқалмаған малдардың барлығы тез арада вакцинамен егіледі.

      17. Қарасаннан жазылған малдарды клиникалық белгілері (ақсау, ісіну, сықырлау) байқалмаған күннен бастап 30 күннен кейін союға рұқсат етіледі.

      18. Вакцина егілген сиырлардың сүті шектеусіз қолданылады, тек егілген малдардың дене қызуының көтерілуі, ісінуі байқалмаса болғаны. Ондай жағдайда сүтті пісіргеннен кейін пайдалануға болады.

      19. Қарасанға диагноз қойылғаннан кейін аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторы шаруашылық субъектісінің басшысымен бірге карантин қойылатын індет ошағының шекарасын және аумағын анықтайды.

      20. Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27 бабының 1 тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган мемлекеттік ветеринариялық инспектордың ұсынуымен шаруашылық субъектісін, жайылымды, елді мекенді қолайсыз деп танып, карантин қояды, ауруды жоюдың негізгі шараларын, орындау мерзімін және жауапты адамдарды белгілейді.

      21. Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27 бабының 3 тармағына сәйкес шаруашылық субъектісін соңғы мал жазылғаннан немесе соңғы мал өлгеннен, 14 күннен кейін қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен соң, қарасаннан таза деп есептеп, карантин алынады.

      22. Карантиннің шарттары бойынша келесі шараларға тыйым салынады:
      1) ірі қара малды және қойды карантин аумағынан шығаруға;
      2) карантин салынған аумаққа ірі қара мал, қой әкелуге және ол аумақ арқылы мал айдауға;
      3) шаруашылық ішінде мал араластыруға, айырбастауға және сатуға;
      4) карантин салынған аумақта дайындалған жемшөпті және басқа мал азығын сыртқа шығаруға.
      Мұндай жемшөп карантин салынған пункт ішінде жылқыларға және егілген ірі қара малға 14 күннен кейін беріледі;
      5) ауырған малдың сүтін пайдалануға;
      6) ауру малды етке союға;
      7) өлген малды союға және терісін алуға;
      8) бөтен адамдарға қолайсыз пункттің аумағына кіруге;
      9) малды ортақ суаттан суаруға;
      10) вакцинделген малдың сүтін пайдалануға.

      23. Карантинделген шаруашылық субъектісінің басшысы мал қораларын, қажетті құралдарды, өлген мал жатқан жерді тазалауды және дезинфекциялауды, сондай-ақ ауырған малдарды күтушілерді арнайы киіммен қамтамасыз етеді.

      24. Карантин алынардан бұрын аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторы жергілікті атқарушы органның уәкілімен бірге жүргізілген ветеринариялық санитариялық шаралардың толығымен орындалуын тексеріп өз ұсыныстарын дайындайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады