Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметiн ұйымдастыру тәртiбi ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 744 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 19 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3162. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 04 шілдедегі № 258 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.07.2013 № 258 бұйрығымен (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын iске асыру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (бұдан әрi - ПМПК) қызметiн ұйымдастыру тәртiбi туралы ереже бекiтiлсiн.
      2. Орта бiлiм департаментi (С.Б.Еспосынова) осы бұйрықты белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне мемлекеттiк тiркеуге ұсынсын.
      3. Осы бұйрық мемлекеттiк тiркеу күнiнен бастап өз күшiне енедi.
      4. Облыстық, Астана, Алматы қалаларының бiлiм басқармалары (департаменттерi) аталған бұйрықты бiлiм беру ұйымдарының барлық аудандық, қалалық бөлiмдерiне жеткiзсiн.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр К.Н.Шәмшидиноваға жүктелсiн.

      Министр

"Психологиялық-медициналық-педагогикалық 
консультация қызметiн ұйымдастыру тәртiбi
ережесiн бекiту туралы"       
Қазақстан Республикасы        
Бiлiм және ғылым министрiнiң    
2004 жылғы 14 қыркүйектегі     
N 744 бұйрығына қосымша       

  Психологиялық-медициналық-педагогикалық
консультациялардың қызметiн ұйымдастыру
тәртібi туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Осы ережелер психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн белгiлейдi, даму проблемалары бар балалар мен жасөспiрiмдердi психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру арқылы халыққа көмек көрсетедi, оқыту мен тәрбиелеу мәселелерiн шешу, кемтар балаларға әлеуметтiк және психологиялық-медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсету құқығын белгiлеу үшiн құрылады.
      Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (бұдан әрi - ПМПК) - арнайы бiлiм беру ұйымдары түрлерiнiң бiрi болып табылады және 18 жасқа дейiнгi 60 мың балаға бiр консультация облыстық, Астана және Алматы қалаларының әкiмiнің шешiмiмен ашылады.

      2. ПМПК-ның ашылуы, қайта ұйымдастырылуы, таратылуы, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етiлуi Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен анықталады. Республикалық ПМПК қызметiне бақылауды бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган, ал облыстық, ауданаралық және қалалық бiлiм басқармалары (департаменттерi) жүзеге асырады. Облыстық, қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға Республикалық ПMПK әдiстемелiк көмек көрсетедi.

      3. ПМПК заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы бейнеленген мөрi, консультацияның атауы жазылған мөртаңбасы және белгiленген үлгiленген үлгiдегi маңдайша жазуы бар.

  2. Негiзгi мiндеттерi

      4. ПМПК-ның негiзгi мiндеттерi:
      1) туғаннан 18-гe дейiнгi балалар мен жасөспірiмдердiң даму ерекшелiктерiн анықтау, диагнозын белгiлеу және оларды емдеу, оқыту мен тәрбиелеудiң лайықты жағдайларын анықтау мақсатында психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру;
      2) баланың арнайы қажеттiлiктерiн анықтау және оның медициналық, арнайы бiлiм, арнайы әлеуметтiк қызмет көрсетуге берiлген құқығын белгiлеу;
      3) баланың жай-күйiнiң өзгеруiне байланысты оған бұрын қойылған диагнозды және арнайы қызмет көрсетуге берiлген құқығын қажет болған жағдайда растау, нақтылау және өзгерту;
      4) қажеттiлiгiне қарай балалар мен жасөспiрiмдердi мұқият тексеру, емдеу және динамикалық бақылау жасап отыру үшiн оларды ғылыми-зерттеу, диагностикалық орталықтар мен профилактикалық-емдеу мекемелерiне жiберу;
      5) балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық және әлеуметтiк көмек көрсету жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу, кемтар баланы оңалтудың жеке бағдарламаларын жасау және оларды арнайы бiлiм беру ұйымдарында емдеудi, тәрбиелеудi, оқытуды ұйымдастыру;
      6) дамуында әр түрлi ауытқушылықтары бар: мектепте үлгермейтiн, тәртiбi, эмоциялық-ерiк аясыбұзылған, басқалармен қарым-қатынасы қиындық көретiн, оның iшiнде арнайы түзеу ұйымдарына жiберуге жатпайтын балаларды емдеу, тәрбиелеу және оқыту мәселелерi бойынша олардың ата-аналарына (не оларды алмастырушыларға), педагогтарға, дәрiгерлерге консультациялық көмек көрсету;
      7) дамуында әр түрлi ауытқушылықтары бар және мамандандырылған жәрдемдi қажет ететiн балаларды, оның iшiнде ерте сәби жастағы балаларды дер кезiнде анықтау мәселелерi бойынша бiлiм, әлеуметтiк қорғау және денсаулық сақтау басқару органдарымен, қоғамдық ұйымдармен бiрлесе жұмыс iстеу;
      8) кемтар балаларды бiлiм, әлеуметтiк қорғау және денсаулық сақтау басқару органдарымен бiрлесiп, олардың медициналық арнайы бiлiм мен әлеуметтiк қызмет көрсету қажеттiлiктерiн есепке алу және есеп жүргізу. Бiлiм беру, әлеуметтiк қорғау және денсаулық сақтау басқару органдарына кемтар балаларға арналған арнайы түзеу мекемелер желiсiн дамыту жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      9) кемтар балалардың физиологиялық психологиясы жай-күйiнiң ерекшелiктерi туралы халық арасында бiлiм беру, әлеуметтiк қорғау және денсаулық сақтау қызметкерлерінің түсiндiру жұмыстары;
      10) тәрбиелеу және оқыту процесiнде балалар мен жасөспiрiмдердiң даму динамикасын зерделеуде арнайы түзеу ұйымдарының педагогтарына әдiстемелiк басшылық жасау және көмек көрсету;
      11) кемтар балаларға арналған арнайы түзеу ұйымдарының желiсiн дамыту жөнiнде бiлiм беру басқармаларының ұсыныстар енгiзуі болып табылады.

      5. ПМПК өз жұмысында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiктерiнiң нормативтiк-құқықтық актiлерiн басшылыққа алады.

  3. ПМПК-да балаларды қабылдау және тексеру тәртiбi

      6. Балалар мен жасөспiрiмдердi консультацияға жiберу бiлiм беру, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қорғау ұйымдарының, қоғамдық ұйымдарының бастамасы, сондай-aқ ата-аналардың (не оларды алмастырушылардың) мынадай құжаттарды көрсетуi бойынша жүзеге асырылады:
      тууы туралы куәлiк;
      маман-дәрiгерлердiң қорытындылары мен тексеру нәтижелерi қоса көрсетiлген баланың даму тарихынан толық көшiрме;
      мектепке дейiнгi бiлiм мекемелерi мен жалпы бiлiм беретiн мектептердiң және өзге де ұйымдардың баланың осы ұйымдарда болған уақытын, оның дамуына талдауды, эмоциялық аясы мен мiнез-құлқын, сондай-ақ дамуы мен үлгерiмiн арттыруды жақсарту мақсатында жүргiзiлген iс-шараларды (жеке көмек, емдеу) қамтып көрсеткен педагогикалық мiнездеме;
      баланың ана тiлi, математика, сурет бойынша жазба жұмыстары мен басқа да қызметiнiң жемiсi.

      7. Ата-аналардың (не оларды алмастырушылардың) ықыласы бойынша консультацияға келген балалар мен жасөспiрiмдердi тексеру құжаттарсыз да жүргiзiледi.

      8. ПМПК-ға балаларды қабылдау тек ата-аналарының (не оларды алмастырушылардың) ерiп келуiмен жүзеге асырылады. Ал өз ықыласы бойынша келген 14 жастан асқан жасөспiрiмдердi ата-аналарынсыз қабылдауға болады.

      9. Толық бiрiншi тексеруге барлық тексерулер (неврологиялық, психиатриялық, психологиялық-педагогикалық, логопедтiк) кiредi, сондай-ақ анамнез жинау, тексеру нәтижелерiн картаға жазу мен тұжырымды ресiмдеу, бұл ретте оның ұзақтығы бiр сағаттан аспауы қажет, ал бала тез шаршайтын кезде ол 20-30 минуттан аспауы қажет.
      Толық бiрiншi тексеру оның барысында барынша толық анамнез жинау, баланың жағдайын ПМПК-ның барлық мамандарының бағалауы жүргiзiлетiн болып саналады және нәтижесiнде кеңейтiлген диагноз қойылады немесе психологиялық-медициналық-педагогикалық тұжырым жасалады. Бiрiншi тексеру диагноз қою мақсатында 1-4 қабылдау барысында жүргiзiлетiн болады.

      10. Қайта тексеру ПМПК-ның жалпы тұжырымын нақтылау немесе өзгерту мақсатында жүргiзiледi, ең алдымен, жеке кемiстiгiнің деңгейiн нақтылау қажеттiгi жағдайында ол диагностикалық оқу-түзеу сабақтарынан (диагностикалық сыныптар (топтар), бiлiм беру ұйымдарындағы сынама оқыту) кейiн жүргiзiледi.

      11. Қосымша тексеру диагнозды нақтылау үшiн және толық медициналық және психологиялық-педагогикалық ұсынымдар үшiн негiз болатын баланың жағдайы туралы қосымша мәлiметтер алу үшiн жүргiзiледi.

      12. Тексеру кезiнде мәлiметтер баланың даму картасына түсiрiледi. ПМПК-да баланың жеке тексеруден өткен мәлiметтерi негiзiнде оның дамуындағы ауытқушылықтың сипаты туралы барлық мамандардың ортақ қорытындысы жасалынады. Оның физиологиялық психологиясының мүмкiндiктерi мен жеке ерекшелiктерiн ескере отырып, балаға коррекциялық тәрбие беру мен оқытуды ұйымдастырудың тұрпаты мен нысаны алқалық шешiм қабылданады. Қажеттi медициналық, бiлiм беру және әлеуметтiк қызмет көрсетудi қарастыратын жеке оңалту бағдарламасы жасалады, қажетiне қарай жасөспiрiмдерге кәсiптiк бағдар беру мен жұмысқа орналасу, әлеуметтiк және еңбекпен бейiмделу жөнiнде ұсынымдар берiледi.

      13. Ата-аналар облыстық (қалалық, аудандық) ПМПК-ның тұжырымымен келiспеген жағдайда, олар республикалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына жүктенуiне болады.

      14. Тексеруден өткен балалар мен жасөспiрiмдердiң тiзiмi олардың бiлiм алу, медициналық және әлеуметтiк қызмет көрсету қажеттiлiктерiн және консультацияның ұсынымдарын көрсете отырып, оларға қажеттi көмек, көрсету үшiн тиiстi бiлiм беру, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қорғау және т.б. ұйымдарға жiберiледi. Ата-аналардың қолына тиiстi ұсынымдар көрсетiлген қорытынды берiледi.

      15. Оқыту мен тәрбиелеудi ұйымдастырудың нысаны және мекеменiң түрi мен тұрпаты туралы консультацияның қорытындысы ұсынымдық сипатта болады, ата-аналарының (не олардың алмастырушыларының) және өзге де заңды өкiлдердiң келiсiмiмен балалар мен жасөспiрiмдердi арнайы түзеу және басқа да бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшін негiз бола алады. ПМПК ұсынатын бiлiм беру ұйымының түрi мен тұрпаты туралы қорытынды ұйғарымы бiлiм басқармаларына (департаменттерiне) жiберiледi.

  4. ПМПК жұмыстарының мазмұны және оны ұйымдастыру

      16. ПМПК 150 шаршы метрден кем болмайтын жеке үй-жайда ашылуы керек, тексерудiң барлық түрлерiн өткiзу үшiн медициналық құрал-жабдықтар, әдiстемелiк және диагностикалық материалдар, тиiстi жиһаз, кiлемдер, компьютерлiк техника, автокөлiк болуы керек.

      17. ПМПК бекiтiлген кесте тiкелей консультацияның өз үй-жайында жұмыс iстейдi. Консультация мамандары балаларды тұрғылықты жерi бойынша тексеру үшiн аудандарға да шығып тұрады.

      18. Әрбiр ПМПК штаттарына мiндеттi түрде мынадай мамандар кiредi: дәрiгер-психиатр, дәрiгер-невропатолог, дәрiгер-сурдолог, дәрiгер-офтальмолог, педагог-психолог, мұғалiм-логопед, дефектологтар (олигофренопедагог, cypдопедагог, тифлопедагог), әлеуметтiк педагог, медициналық статист, бухгалтер, санитарка.
      Медициналық және өзге де бейiндегi басқа мамандар жұмысқа еңбек саласындағы заңнамалық актiлерге сәйкес тартылады.

      19. ПМПК жұмысының негiзгi мазмұны:
      1) балада бар патологияның медициналық диагнозын анықтау мақсатында баланы кешендiк медициналық-психологиялық-педагогикалық тексеру;
      2) сырқатының ерекшелiктерi мен оған қатысты патологиялық өзгерiстердi айқындау;
      3) айқындалған ерекшелiктерi мен ақыл-ой сөйлеу кемiстiктерiне негiзделген даму ауытқушылығының психологиялық-педагогикалық диагнозын қою;
      4) білімдерiнiң, бөктерiнiң, дағдыларының жасына, оқу сатысына сәйкестiгiн анықтау, оқыту мен тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасау;
      5) баланың даму проблемалары бойынша ата-аналарға кеңес беру болып табылады.

      20. ПМПК БҰҰ Бас Ассамблеясының бала құқығы туралы конвенциясында және "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы мен басқа да нормативтiк-құқықтық актiлерде көрсетiлген балалар мен олардың ата-аналарына деген iзгіліктi қарым-қатынас принциптерiн басшылыққа ала отырып, баланы кешендi тексерудi жүзеге асырады. Кемтар балаларға жан-жақты көмек көрсету мәселелерi бойынша бiлiм, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қорғау, iшкi iстер ұйымдарымен, сондай-ақ ұйымдармен тығыз байланысты жұмыс iстейдi.

      21. Балаларды мұқият зерттеу және соңғы диагнозын қою үшiн ПМПК-да түзеу-диагностикалық сыныптары (топтары) ашылады.

  5. ПМПК-ны басқару

      22. ПМПК-ға облыстық, Астана және Алматы қалалары бiлiм басқармалары (департаменттерi) тағайындаған консультация меңгерушiсi тiкелей басшылық етедi тағайындайды, ал Республикалық ПМПК менгерушiсiн - бiлiм саласындағы орталық атқарушы орган.

      23. ПМПК-ның барлық мамандары (дәрiгерлер, педагогтар, психологтар) үшiн жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 24 сағатқа белгiленедi. Меңгерушілер мен медициналық статистиктер үшiн аптасына - 30 сағат.
      ПМПК-ның психологиялық-педагогикалық құрамының еңбек демалысының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес.

      24. ПМПК мамандарының еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Дамуында және оқуында мүмкiншiлiктерi шектеулi балалармен жұмыс үшiн ПМПК-ның мамандары базалық лауазымдық айлықақыдан 30% мөлшерiнде қосымша ақы алады.

      25. ПМПК-ның қаржы-шаруашылық қызметiн бюджеттен бөлiнген қаржы мөлшерiнде шығыс сметасына сәйкес, сондай-ақ заң бойынша рұқсат етілген бюджеттен тыс қаржы есебiнен iске асырып отырады.

  6. ПМПК-ның құжаттамаларын сақтау және беру тәртiбi

      26. ПМПК-да мынадай құжаттар жүргiзiледi: консультацияға алдын ала жазылу журналы, тексеруден өткен балаларды есепке алу журналы, барлық мамандардың тексеру барысы мен нәтижелерi жазылатын баланың даму картасы, ПМПК-ның ұсынымдары мен қорытындылары қоса көрсетiлген картаның көшiрмесi.

      27. ПМПК-ның мамандары тексерудiң барлық түрлерiнiң нәтижелерiнде көрсетiлетiн баланың даму картасын (анаменестикалық мәлiметтер, неврологиялық, психиатриялық және басқа медициналық тексерулердiң басқа да түрлерi, параклиникалық зерттеулер, психологиялық, педагогикалық логопедтiк) толтырады және ПМПК-ның жалпы тұжырымын шығарады. Мамандар толтырған баланың даму картасы шығарылған психологиялық-педагогикалық консультацияның тұжырымының негiздемесi болып табылады.
      Әрбiр баланың даму картасын жүргiзуi және оларды 5 жыл бойы сақтауы, одан кейiн мұрағатқа өткiзуi қажет.

      28. Тұжырым (даму картасының көшiрмесi) ата-аналарының немесе оларды ауыстыратын тұлғаға берiледi. Тұжырымда немесе көшiрмеде даму картасынан алынып мыналар көрсетiледi:
      1) баланың интеллект жағдайы,
      2) кеңейтiлген неврологиялық диагноз;
      3) психиатриалық диагноз: баланың психикалық ауруы және бұзылыстары бар болғанда қажет болған жағдайда тиiстi МКБ 10-мен белгiленедi;
      4) сөйлеу бұзылыстары болған жағдайда - логопедтiң тұжырымы;
      5) қосарлана жүретiн аурулар мен синдромдар (органдар мен жүйелердiң созылмалы аурулары, нерв жүйесiнiң тұқым қуалайтын-дегенеративтiк аурулары, сондай-ақ патопсихологиялық, нейропсихологиялық синдромдар, мектепке бейiнделмеу).

      29. Қажет болған жағдайда ата-аналарға (оларды ауыстыратын тұлғалар), сондай-ақ оның iшiнде педагогтарға тәрбиешiлерге, дәрiгерлерге балалар мен жасөспiрiмдердi емдеу, оқыту және тәрбиелеу жөнiнде толық ұсынымдар берiледi.

      30. Ата-аналарға (оларды ауыстыратын тұлғалар) баланың даму картасы мен ұсынымдардан толық түрдегi көшiрмесi берiлуi мүмкiн, оның iшiнде бала интеллектiсi мен сөйлеу қабiлетiнiң бұзылыстарымен ауырған жағдайда бала баратын мекеменiң мамандары баланың оқуы мен тәрбиесi жөнiнде жазбаша түрде егжей-тегжейлi тұжырымдама мен ұсынымдарға мұқтаж болады.
      Баланың жағдайы психикалық бұзылыстар ретiнде сараланған жағдайда оның қатарына МКБ бойынша психоз, психопатия, невротикалық реакция, жағдайы мен дамуы, тұлғаның патохарактерологиялық қалыптасуы, ПМПК-ның кеңейтiлген тұжырымы тергеу органдарының, психикалық денсаулық орталығы, психиатриялық аурухана мен Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiктерiнiң сауалы бойынша ғана берiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады