Жануарлардың кейбір инвазиялық ауруларын алдын алу және жою жөніндегі ветеринариялық ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2004 жылғы 29 қыркүйектегі N 524 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 20 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3166. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы"  Заңының 26 бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қосымшалар бекітілсін:
      1) жануарлардың эймериозын алдын-алу және жою жөніндегі ветеринариялық ереже;
      2) ірі қара малының трихомонозын алдын-алу және жою жөніндегі ветеринариялық ереже.
      2. Ветеринария департаменті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық, Астана және Алматы қалалары аумақтық басқармаларымен бірге, заңнамада анықталған тәртіп бойынша, осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жүргізу, Ветеринария департаментінің директоры А.Ә.Қожамұратовқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу өткен күнінен бастап күшіне енеді.

       Министр

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министрінің 
29 қыркүйектегі 2004 жылғы   
"Жануарлардың кейбір      
инвазиялық ауруларын алдын- 
алу және жою жөніндегі    
ветеринариялық ережелерін  
бекіту туралы"        
N 524 бұйрығымен бекітілген 

  Жануарлардың эймериозын алдын-алу және
жою жөніндегі ветеринариялық ережесі

      Осы Жануарлардың эймериозын алдын-алу және жою жөніндегі ветеринариялық ережесі (бұдан әрі - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы"  Заңының 26 бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалармен міндетті түрде ветеринариялық шараларды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Эймериоздар - жіті, жітілеу, созылмалы түрде өтетін үй және жабайы жануарлардың, құстардың, сонымен қатар адамның да ауруы.
      Қоздырушылары - Eimeria туысының бірклеткалы паразиттік қарапайымдылары ішектің эпителиалдық клеткаларында тоғышарлық тіршілік етеді, олардың жынысты және жыныссыз көбеюі тек бір ғана иесінде өтеді. Эймериоз ауруы кезінде организмде жалпы әлсіздік пайда болады, ас қорыту жүйесі бұзылады, оның аяғы малдың арықтауымен және қатты іш өтуімен жалғасады.

      2. Диагнозды эпизоотологиялық, клиникалық мәліметтерге, патологоанатомиялық өзгерістерге және копрологиялық зерттеулердің нәтижесін ескере отырып қояды.

  2. Жануарлардың эймериозын алдын-алу шаралары

      3. Эймериозды алдын алудың жалпы шараларына, жануарларды құнарлы азықтармен қамтамасыз ету мен жануарларды азықтандыру, суару және бағып ұстаудың гигиенасын сақтау болып табылады.

      4. Ветеринариялық-санитариялық ережелерді қатаң сақтау. Жануарларды тығыз орналастырып бағып ұстауға және қораларда ылғалдылықтың жоғары болуына, ересек малдар мен жас малдардың араласуына, азықтың және ас суының ластануына жол берілмеуі қажет.

      5. Жануарларды батпақты жерлерде жаюға жол берілмеуін қадағалау қажет.

      6. Жануарларды қамап бағып ұстаудан жайылымдық бағып ұстауға және керісінше біртіндеп ауыстыру жүргізіледі.

      7. Шаруашылық субъектісінің аумағындағы қи-нәжістер уақытында тазаланып және олар көңсақтағыштарда биотермиялық жолмен зарарсыздандырылады.

      8. Малдарды қорадан шығарғаннан кейін және тұрақты ұстап бағуға қояр алдында қораны қи-нәжістен және басқа ластанулардан тазартып жуады және Қазақстан Республикасында тіркелген дезинфекциялаушы заттармен мұқият дезинфекция жүргізіледі.

      9. Эймериозбен күресу шаралары екі топқа бөлінеді:
      а) эймериоз қоздырушысының биологиясы мен өлкелік эпизоотологиясының ерекшеліктерін есепке ала отырып, ұйымдастыру-шаруашылықтық, зоогигиеналық және ветеринариялық-санитарлық кешендік шараларды орындау жолымен жануарларға ауру жұқтырмау мақсатындағы іс шаралары;
      б) иесінің ағзасының ішінде паразиттің эндогендік даму сатысына күреске бағытталған шаралар және көбірек тиімді болып табылады, мұнда эймериялардың эндогенді даму сатысын толық тоқтатын химиялық препараттар қолданылады.

      10. Эймериоздан қолайсыз шаруашылық субъектілерінде ерекше көңіл химиялық алдын-алу шараларына бөлінеді. Қозыларға бірінші рет 3-4 апталық жасында, екінші - 2,5-3 айлығында, үшінші - енесінен айырғаннан кейін, төртінші - қазан-қараша айларында. Жас малдарға химиялық алдын алуды 1-1,5 жастағыларына, саулықтарға күзде - қазанда және көктемде - наурыз-сәуірде. Бұл үшін химкокцид-7-ні 215 миллиграмм/килограмм дозасында, кокцикол - 30 миллиграмм/килограмм немесе сульфамонометоксин - 50 миллиграмм/килограмм жануардың дене салмағына азықпен күніне 1 рет екі бескүндік курс ішінде аралығына 3 күн үзіліс салып беріледі.
      Бұзауларды эймериозға химиялық алдын алуға Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарының жағдайына қарай: біріншісін - сәуірде, екіншісін - тамыз-қыркүйекте. Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстанның жағдайында химиялық алдын алуды: біріншісін - мамыр-маусымда, екіншісін - қазан-қараша айларында эймериоздық инвазияның экстенсивтік және интенсивтілігіне байланысты жүргізеді.

  3. Қолайсыз бекеттердегі ауруды жою шаралары

      11. Қи-нәжістерден күнделікті тазартылады, мал қораларына, серуен алаңдарына және жабдықтарға механикалық тазарту жүргізіледі (астаулар, суарғыштар және басқа жануарларды күтуге арналған заттар).

      12. Қора жайларға, серуен алаңдарына және жабдықтарға дезинвазия жүргізу үшін, Қазақстан Республикасының Ветеринариялық препараттарының мемлекеттік реестрінде тіркелген зарарсыздандырғыш заттар қолданылады.

      13. Ауру шыққан жағдайда ауру малдарды жедел оқшаулайды және емдеу жүргізеді.

      14. Паразиттің дамуын тоқтату үшін емдік және алдын алу мақсатында кокцидиостатикалық препараттар қолданылады.

      15. Ауырған малдарды емдеуге, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ветеринариялық препараттарының реестрінде тіркелген ветеринариялық препараттар қолданылады.

      16. Эймериоздар кезінде келесі жаңа антиэймериялық препараттарды - кокцикол 30 миллиграмм/килограмм мөлшерінде, клирамин - 175 миллиграмм/килограмм күніне 1 рет азықпен 4-5 күн бойы қолдану ұсынылады.

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министрінің 
29 қыркүйектегі 2004 жылғы   
"Жануарлардың кейбір      
инвазиялық ауруларын алдын-  
алу және жою жөніндегі    
ветеринариялық ережелерін  
бекіту туралы"        
N 524 бұйрығымен бекітілген 

  Ірі қара малының трихомонозын алдын-алу және жою
жөніндегі ветеринариялық ережесі

      Осы Ірі қара малының трихомонозын алдын-алу және жою жөніндегі ветеринариялық ережесі (бұдан әрі - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы"  Заңының 26 бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың міндетті түрде ветеринариялық іс-шаралардың жүргізуін ұйымдастыру және орындау тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Трихомоноз - ірі қара малдың Trichomonadidae тұқымдасының Trichomonas foetus жіпшелі қарапайымы қоздыратын жұқпалы инвазиялық ауруы. Ауру жыныс органдарының зақымданып, буаздықтың ерте сатысында іш тастаумен және қысыр қалумен сипатталады. Қысыр қалу 75 %-ке, іш тастау 40-тан 60 %-ке дейін жетеді.
      Қоздыруышысы - алмұрт тәрізді, сопақша, ұршық тәріздес, ұзындығы 3-30 микрометр және ені 3-15 микрометр болып келеді.
      Ауру мал организмінде қоздырушының тұғырығы аналықтарда - жатырында, жыныс органында, жатыр түтігінде және аналық жыныс безінде; бұқаларда - күпік қуысында, несепшығарда, ұрық жолдарында, қосалқы жыныс бездерінде, ен шылауында кездеседі.

      2. Трихомонозға диагнозды эпизоотологиялық деректер мен аурудың клиникалық белгілеріне сүйене отыра және міндетті түрде сиырлардан, қашарлардан және бұқалардан тексеруге алынған материалдардан трихомоноздың қоздырғыштарын анықтау негізінде қояды. Трихомонозға зертханалық зерттеулер үшін, сиырлар мен қашарлардың қынабынан және жатырдың мойны жағынан кілегейді немесе қынаптан шайындыны, қынап пен жатырдан патологиялық бөлінділерді, шарананы, қағанақтың қабықтарын, іш тастаған төлді жібереді, ал бұқалардың күпіктерінен кілегейді және ұрықты алады.
      Ветеринариялық зертханада зерттеу жүргізу үшін материалдарды (пробиркаларда, термостатта мұзбен немесе басқа ыдыспен) алынғаннан кейін 12 сағаттан кешіктірмей, іш тасталған төлдерді және қағанақтың қабықтарын бір тәуліктің ішінде жібереді.

  2. Қолайлы аумақтарда жүргізілетін
ветеринариялық-санитариялық алдын алу шаралары

      3. Шаруашылық субъектілерінде, малдарда трихомоноз ауруын болдырмау мақсатында инвазия қоздырушысының енуін алдын алуды қамтамасыз етуші шаралар жүргізіледі, малдарды ұстаудың, азықтандырудың және күтудің ветеринариялық-санитариялық ережелері қатаң сақталуы тиіс.

      4. Малдарды тек ірі қара трихомонозынан қолайлы шаруашылық субъектілерінен алып келуге рұқсат етіледі.

      5. Шаруашылық субъектілеріне тұқымдық немесе пайдалану мақсатында әкелінген бұқалар (жас бұқалар), сонымен қатар сиырлар мен ұрықтанатын қашарларды карантинде 1 ай ұстап, трихомонозға 10 күн сайын 3 рет тексереді.

      6. Асыл тұқымды бұқалар мен күйіттеуші - бұқаларды трихомонозға 6 айда, араларына 10 күн салып 3 мәрте, бір рет тексереді.

      7. Іш тастаған малдарды дереу оқшаулайды. Іш тасталған төлді зертханаға трихомонозға зерттеуге жібереді.                 

  3. Қолайсыз бекеттердегі ауруды жою шаралары

      8. Шаруашылық субъектілерінде трихомонозбен ауырған немесе трихомонада-алып жүруші малдар анықталғанда, оларды ірі қараның трихомонозынан қолайсыз екенін хабарлап, шектеу қойылады және ветеринарлық-санитариялық, ұйымдастыру-шаруашылық шараларының жоспарына сәйкес сауықтыру жүргізіледі.

      9. Қолайсыз бекеттерде келесі шаралар жүргізіледі:
      1) қолдан ұрықтандырылған немесе шағылысқан барлық сиырлар мен қашарларды трихомоноз анықталғанға дейін соңғы 4 айында гинекологиялық тексерістен өткізеді. Малдардың жыныс мүшелерінен трихомонозға күдікті ауру анықталғанда, дереу оқшаулап, емдеу жүргізеді;
      2) ауырған малдарды емдеуге, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ветеринариялық препараттарының реестрінде тіркелген ветеринариялық препараттар қолданылады;
      3) қолайсыз бекеттерде келесі тиымдар салынады:
      трихомоноздан қолайсыз бекеттеріне мал басын толтыратын ұрғашы қашарлар және жас бұқаларды, сонымен бірге ересек малдарды толық сауықтырғанша әкелуге;
      шаруашылық субъектісінен басқа шаруашылық субъектісіне тұқым алуға және пайдалану мақсатында малдарды сыртқа шығаруға (тасымалдап әкету), етке союға жіберілетіндерден басқасы;
      4) жазда малды жайылымдылық бағуға ауыстырып, қораларды жаз бойы малдан бос қалдырып және оларға санитарлық тазалау, кеміргіштерді жою, залалсыздандыру, жөндеу жұмыстарын жүргізеді;
      5) зарарсыздандыру үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ветеринариялық препараттарының реестрінде тіркелген зарарсыздандырғыш заттар қолданылады.

      10. Сатуға іріктелген немесе тұқымдық және пайдалану мақсатына басқа шаруашылықтың субъектілеріне ауыстырылатын ірі қара малын шығару (тасымалдап әкету), тек трихомоноздан қолайлы шаруашылық субъектілерінен рұқсат етіледі.

      11. Жыныстығы жетілген бұқаларды (18 айлық жастағылары және одан жоғары) шығарар алдында олардың күпіктерінен алынған кілегейін немесе ұрықтарын микроскопиялық және өсінділік зерттеу жолымен бір рет зерттейді.

      12. Кешенді емдік және ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды жүргізіп болғаннан кейін, барлық емделген малдардың зертханалық зерттеуі трихомонозға жақсы нәтиже берсе және барлық ауру малдарды емдегеннен кейін 6 ай ішінде трихомоноз салдарынан болған жаңа іш тастаулар жағдайы мен гинекологиялық аурулары болмаса, қолайсыз бекет сауықтандырылған болып саналады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады