Үшінші шақырылған аудандық мәслихаттың регламенті туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Қаратал аудандық мәслихатының 2004 жылғы 20 ақпандағы N 7-25 шешімі. Алматы облыстық Әділет департаментінде 2004 жылы 29 наурызда N 1525 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Қаратал аудандық мәслихатының 2005 жылғы 28 мамырдағы N 23-98 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Қаратал аудандық мәслихатының 2005.05.28 N 23-98 Шешімімен

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 9-бабына сәйкес үшінші шақырылған аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
       1. Үшінші шақырылған аудандық мәслихаттың регламенті бекітілсін (қосымша беріледі).
       2. Тұрақты және басқа комиссиялар, бөлімдер, комитеттер, басқармалар сондай-ақ ауданның басқадай мемлекеттік органдары өз қызметтерінде осы бекітілген регламентті басшылыққа алсын.

      Сессия төрағасы:                           С. Арғымбаев

      Мәслихат хатшысы:                          М. Рақымбаев

Қаратал аудандық мәслихатының
20 ақпан 2004 ж.N 7-25
шешіміне қосымша

ҚАРАТАЛ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ РЕГЛАМЕНТІ

1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Қаратал аудандық мәслихаты - жергілікті өкілді орган, аудан халқына жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілейтін және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган.
      2. Қаратал аудандық мәслихат сессияларын оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгізу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, көпшіліктік тыңдаулар, депутаттардың сауалдарын қарау тәртібі, сондай-ақ дауыс беру тәртібі, басқа да рәсімдік және жұмысын ұйымдастыру мәселелері осы регламентпен белгіленеді.

2-ТАРАУ. МӘСЛИХАТТЫ ҚҰРУ

      3. Қаратал аудандық мәслихаты Қазақстан Республикасының "Сайлау туралы" Заңына сәйкес сайланған 13 (он үш) депутаттан тұрады.
      4. Қаратал аудандық мәслихатының өкілеттігі бірінші сессия ашылған кезден басталады және жаңадан сайланған мәслихаттың бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады.
      5. Қаратал аудандық мәслихаттың заңды тұлға құқығы болмайды.

3-ТАРАУ. МӘСЛИХАТТЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ

      6. Аудандық мәслихаттың құзыретіне:
      1) Аудандық дамытудың жоспарларын, аудандық бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;
      2) Қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану жөніндегі аудандық бағдарламаларды және қоршаған ортаны қорғау, сауықтыру жөніндегі шығыстарды бекіту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарға сәйкес өзге де мәселелерді шешу;
      3) Әкімнің ұсынуы бойынша Қаратал ауданын басқару схемасын бекіту;
      4) Жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс және жергілікті қауымдастық ұйымының шекараларын айқындау мәселелерін шешу;
      5) Әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешімімен Қаратал ауданы әкімиятының дербес құрамын келісу;
      6) Аудандық атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу;
      7) Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру;
      8) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленетін ережелерді бекіту;
      9) Аудандық экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларының, жоспарларының, аудан бюджетінің орындалуын бақылау;
      10) Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихаттың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
      11) Халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мен кедейшілікпен күрес бағдарламасын бекіту;
      12) Әкімнің ұсынуы бойынша ведомствааралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімият жанындағы консультативті-кеңесші органдардың дербес құрамын бекіту;
      13) Қазақстан Республикасының Жер Заңдарына сәйкес жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;
      14) Аудандық мәслихаттың құзыретіне, аудан аумағында орналасқан Үштөбе қаласы мен ауылдар салудың бас жоспарларын бекіту де жатады;
      15) Азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындалуына ықпал ету;
      16) Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген басқа да өкілеттерді жүзеге асыру жатады.

4-ТАРАУ. МӘСЛИХАТТЫҢ АКТІЛЕРІ

      7. Аудандық мәслихаттың өз құзыреті бойынша шығаратын шешімдері мәслихаттың актілері болып табылады.
      8. Аудандық мәслихаттың аудан бюджеті кірістерін қысқарту немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін шешім жобалары аудан әкімінің ұсынысы бойынша қарауға енгізіледі.
      9. Аудандық мәслихаттың өз құзыреті шегінде және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қабылданған шешімдер жариялануға жатады.
      10. Аудандық мәслихаттың жалпыға бірдей міндетті маңызы бар, ведомствоаралық сипаттағы немесе азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты шешімдер заңда белгіленген тәртіпте Алматы облыстық Әділет департаментінің мемлекеттік тіркеуіне жатады.
      11. Аудандық мәслихаттың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Заңдарына сәйкес келмейтін шешімдерін мәслихаттың өзінің жоюы, не сот тәртібімен жойылуы мүмкін.

5-ТАРАУ. МӘСЛИХАТ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

      12. Мәслихат өз өкілеттігін сессияларда, тұрақты комиссиялар мен өзге де органдары, мәслихат сессиясы төрағасы, мәслихаттың депутаттары мен хатшысы арқылы Қазақстан Республикасы Заңдарында белгіленген тәртіпте жүзеге асырады.
      13. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. Егер мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен екісі қатысса, мәслихат сессиясы заңды болады.
      14. Аудандық мәслихат:
      1) мәслихат сессиясының төрағасын, мәслихат хатшысын сайлайды және қызметінен босатады, олардың есептерін тыңдайды;
      2) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметінен босатады, олардың жұмысы туралы есептерін тыңдайды;
      3) мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды, тексеру комиссиясының актілерін бекітеді;
      4) заңдарда белгіленген адам санымен қаражат лимиті шегінде мәслихат аппаратының құрылымын бекітеді және оны ұстауға, әрі материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды;
      5) мәслихат регламентін бекітеді;
      6) депутаттардың сауалдарын қарайды және олар бойынша шешімдер қабылдайды;
      7) өз жұмысын ұйымдастыру жөнінде өзге де шешімдер қабылдайды.

6-ТАРАУ. МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫН ШАҚЫРУ ТӘРТІБІ

      15. Жаңадан сайланған мәслихаттың бірінші сессиясын осы мәслихат үшін белгіленген мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күн мерзімнен кешіктірмей тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.
      16. Мәслихаттың кезекті сессиясы үш айда бір рет шақырылады. Бірақ, кемінде жылына төрт реттен кем емес және оны мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, сондай-ақ әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргізеді. Кезектен тыс сессия оны өткізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес күн мерзімнен кешіктірмей шақырылады.
      17. Мәслихат хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен өткізілетін орны туралы, сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және әкімге сессияға кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн бұрын хабарлайды. Халық мәслихат сессиясының жүргізілуін, сессияға енген сұрақтар туралы "Қаратал" газетінің бетіне берілген хабарландыру арқылы біле алады. Мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгізген мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға және әкімге сессияға кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн қалғанда табыс етеді.

7-ТАРАУ. МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫН ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

      18. Мәслихат сессиясы жалпы отырыс нысанында өтеді.
      19. Мәслихаттың бірінші сессиясын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы ашады және мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейін жүргізеді. Одан әрі мәслихат сессиясын мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді.
      20. Сессияның ұзақтығын мәслихат белгілейді. Жалпы мәслихаттың сессиясы күннің бірінші жартысында жүргізіледі. Қажет болған жағдайда сессия жұмысы әр 1,5 сағаттық жұмыстан кейін 20 минут үзіліспен және бір сағаттық түскі үзіліспен күні бойы жұмыс істеуі мүмкін. Мәслихат сессиясының шешімі бойынша отырыстың басталуы және аяқталуы туралы басқаша тәртіп белгіленуі мүмкін. Сессияда негізгі баяндама үшін бір сағат, қосымша баяндама үшін 20 минут, жарыссөз үшін 10 минутке дейін, сұрақ, сауал, ұсыныс хабарлама және анықтама беру үшін 3 минут беріледі.
      Сессия жұмысында мәслихат шешімі бойынша мәслихат белгілеген он бес күн тізбелік күннен аспайтын мерзімге үзіліс жасалуы мүмкін.
      21. Мәслихат сессиялары әдетте ашық сипатта болады. Мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешімімен, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі осы үшін дауыс берсе, жабық сессиялар өткізуге жол беріледі.
      22. Кезекті сессияның күн тәртібі сессия төрағасы, мәслихат хатшысы, тұрақты және басқа да комиссиялармен, депутаттармен, депутаттық топтармен, аудан әкімімен үйлестіреді. Күн тәртібі туралы ұсынысты жоғары тұрған басқару және билік органдары сессиясының төрағасы, қоғамдық ұйымдар, ауылдық округ тұрғындары жиналысының өкілдері жасай алады.
      Сессияның күн тәртібі талқыланған кезде толықтырылуы, өзгертілуі мүмкін.
      Сессия жұмысының тәртібі және күн тәртібіне деген ұсыныстар мен ескертпелерді депутаттар сессия төрағасына жазбаша түрде береді, ол түскеннен кейін төрағалық етуші жариялайды.
      Сессияның күн тәртібіне енетін ұсыныстар туралы сұрақ әр ұсынысқа ашық дауыс беру арқылы сессияға қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігімен шешіледі.
      23. Мәслихат сессиясы төрағасының шақыруы бойынша жергілікті атқару органдары басшылары, аудан аумағында орналасқан ұйымдардың басшыларымен өзге де лауазымды адамдарды мәслихаттың құзырына жататын мәселелер бойынша ақпараттар беру үшін мәслихат сессиясына келуге міндетті.
      Шақырылған адамдарға өздеріне тиісті сұрақтар бойынша сессияда сөз берілуі мүмкін. Шақырылған адамдардың сессия жұмысына араласуға құқығы жоқ, олар сессия төрағасының өкіміне бағынуға және тәртібін сақтауға тиісті.

8-ТАРАУ. АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРЫ

      24. Мәслихат өз өкілеттігі мерзіміне тұрақты комиссиялар құрады. Олардың саны жетеуден аспауы тиіс. Қажет болған жағдайда, мәслихат тұрақты комиссияларды қайта құрып, таратып және қайта ұйымдастыра алады.
      25. Тұрақты комиссиялардың тізбесі мен сан құрамын мәслихат белгілейді.
      26. Тұрақты комиссиялар өздерін сайлаған мәслихат алдында жауапты және жылына кемінде бір рет өз қызметі туралы есеп береді.
      27. Тұрақты комиссиялар өз бастамалары бойынша немесе мәслихат шешімі бойынша көпшілік тыңдаулар өткізе алады. Көпшіліктік тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары түрінде тұрақты комиссияның қарауына жататын мейлінше маңызды және қоғамдық мәні бар мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.
      28. Төрағалардың ұсынысы бойынша аудандық мәслихат тұрақты комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізуге құқылы. Мәслихат тұрақты комиссияның төрағалары өз міндеттерін атқара алмаған жағдайда, немесе өз өтініштері бойынша мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтата алады.
      29. Тұрақты комиссиялардың отырысы қажеттілігіне қарай шақырылады және егер отырысқа олардың құрамына кіретін депутаттар санының жартысынан астамы қатысса заңды болып есептеледі.
      Тұрақты комиссиялардың қаулысы комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
      Комиссияның отырысында дауыс беру кезінде депуттардың дауысы тең бөлінген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
      30. Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырысының хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бірнеше тұрақты комиссияның отырысы өткізілген жағдайда, тиісті комиссиялардың төрағалары қол қояды.
      31. Аудандық мәслихаттың хатшысы тұрақты комиссиялардың сандары, тізбесі, сан құрамына және төрағаларына кандидаттар туралы ұсыныс енгізеді.
      32. Тұрақты комиссиялар:
      1) аудандық мәслихат сессиясы күн тәртібі бойынша, сондай-ақ мәслихат сессиясында қаралатын кез келген мәселе бойынша мәслихатқа, мәслихат сессиясының төрағасына, мәслихат хатшысына ұсыныс енгізеді;
      2) өз құзыреті шегінде сессияда жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдау туралы мәслихатқа ұсыныс енгізеді;
      3) комиссияның жұмысына мәслихаттың басқа да депутаттарын, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерін және азаматтарды тартуға құқылы.
      33. әкімият, жергілікті бюджеттен қаржыланатын ұйымдар, аудандық атқарушы органдардың лауазымды адамдары, белгіленген тәртіпте тұрақты комиссияларға олардың құзыретіндегі мәселелер бойынша қажетті ақпарат беруге міндетті.
      34. Мәслихаттың тұрақты комиссиялары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды.
      35. Тұрақты комиссияның жұмысын үйлестіру және жұмысына көмек беруді аудандық мәслихаттың аппараты және хатшысы жүзеге асырады. Тұрақты комиссияның ұйымдастыру жұмыстары, міндеттері мен құқықтары Қазақстан Республикасы Заңымен және осы регламентпен белгіленеді.

9-ТАРАУ. АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРЫНДАҒЫ
КӨПШІЛІКТІК ТЫҢДАУЛАР

      36. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы бойынша немесе аудандық мәслихат шешімі бойынша көпшіліктік тыңдаулар өткізе алады.
      37. Көпшіліктік тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары түрінде тұрақты комиссияның қарауына жататын мейлінше маңызды және қоғамдық мәні бар мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.
      38. Тұрақты комиссияларда көпшіліктік тыңдаулар өткізу тәртібі мәслихат регламентінде белгіленеді.
      39. Көпшіліктік тыңдаулар өткізу тәртібі:
      1) көпшіліктік тыңдауларда сөйлегісі келген әрбір адам тыңдау басталғанға дейін хатшыға барып тіркелуі қажет;
      2) сөз кезекпен беріліп, уақытпен регламенттеледі;
      3) тыңдауға қатысушылар әдеп сақтап, бір-бірін құрметтеп, сұрауларын түсінікті қойып, ұсыныстарын айқын жасау керек;
      4) ең бастысы, тыңдауға қатысқандардың пікірі маңызды, олардың сөзі жерде қалмай, айтқан ұсыныстары ескеріліп, олар бойынша жұмыс жасалатынына сенім білдіру керек;
      5) тыңдау кезінде қойылған маңызды сұраулардың бәріне баспасөзде толық жауап беру қажет.

10-ТАРАУ. МӘСЛИХАТТЫҢ УАҚЫТША КОМИССИЯЛАРЫ

      40. Мәслихаттың құзырына жатқызылған мәселелерді сессияда қарауға әзірлеу мақсатында мәслихат немесе мәслихат хатшысы уақытша комиссиялар құруға құқылы. Уақытша комиссиялардың құрамын, міндеттерін, өкілеттік мерзімдерін және құқықтарын мәслихат оларды құру кезінде белгілейді.
      Уақытша комиссияның отырысы ашық түрде өтеді, комиссия отырысын жабық түрде де өткізуге болады.
      Мәслихаттың уақытша комиссиялары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қорытындылар қабылдайды.
      41. Мәслихаттың уақытша комиссиясы Қаратал ауданы аумағында мемлекеттік және қоғамдық органдардан, кәсіпорындар, ұйымдардан, меншік түрі дербес ұйымдардан қажетті құжаттар мен материалдар талап етуге, экспорт шақыруға аудандық мәслихат берген өзге де өкілеттікті пайдалануға құқылы.
      Қолданатын заңдарға сәйкес уақытша комиссияның қызметіне кедергі жасаған лауазымды адамдар жауапкершілікке тартылады.
      Уақытша комиссия мәслихат сессияның шешімімен мерзімінен бұрын немесе міндеттерін атқарғаннан кейін өз қызметін тоқтатады.

11-ТАРАУ. МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

      42. Мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы ашық дауыс беру арқылы өз депутаттарының арасынан мәслихаттың алдыңғы сессиясында сайланады.
      43. Мәслихат сессиясының төрағасына кандидатты депутаттар жазбаша немесе ауызша түрде ұсынады.
      44. Бірнеше кандидаттар ұсынылған жағдайда әрбір кандидатқа жеке дауыс беру арқылы жүргізіледі.
      45. Сессия төрағасы мәслихат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен сайланған болып есептеледі.
      46. Сессия төрағасы болып сайланғаны туралы мәслихат сессиясында шешім қабылданады.
      47. Мәслихат депутаты мәслихат сессиясының төрағасы болып күнтізбелік жыл ішінде екі реттен артық сайлана алмайды.
      48. Мәслихат сессиясының төрағасы:
      1) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешім қабылдайды;
      2) мәслихат сессиясын әзірлеуге басшылық жасауды жүзеге асырады, сессияның күн тәртібін қалыптастырады;
      3) мәслихат сессиясының отырысын жүргізеді, регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      4) мәслихаттың сессиясында қабылданған немесе бекітілген мәслихаттың шешіміне, хаттамаларына, өзге де құжаттарға қол қояды.
      49. Мәслихат сессиясының төрағасы өз қызметін басқа жұмыстан босатылмаған негізде жүзеге асырады.
      50. Мәслихат сессиясында дауыс беру кезінде депутаттардың дауысы тең бөлінген жағдайда, мәслихат сессиясының төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

12-ТАРАУ. МӘСЛИХАТТЫҢ ХАТШЫСЫ

      Мәслихаттың хатшысы тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды адам болып табылады. Оның мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың хатшысы мәслихат өкілеттігі мерзіміне сайланады.
      51. Мәслихат хатшысы:
      1) Мәслихат сессиясын және оның қарауына енгізілетін мәселелерді әзірлеуді ұйымдастырады, хаттама жасалуын қамтамасыз етеді және сессия төрағасымен бірге мәслихат сессиясында, қабылданған немесе бекітілген шешімдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;
      2) Депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және  сайлау округтеріндегі жұмысқа қатысуы үшін қызметтік міндеттерін орындаудан босатуға байланысты мәселелерді қарайды;
      3) Депутаттар сауалдарының және депутаттық өтініштердің қаралуын бақылайды;
      4) Мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды, оның қызметшілерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      5) Сайлаушылар өтініштері туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат беріп отырады;
      6) Мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
      7) Өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады;
      8) Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестіреді;
      9) Мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкіл болады;
      10) Мәслихат шешімдерінің жариялануын қамтамасыз етеді, олардың орындалуына бақылау жасау жөніндегі іс-шараларды белгілейді;
      11) Мәслихат шешімі бойынша өзге де міндеттерді орындайды.
      52. Мәслихат хатшысының мәслихаттың тұрақты комиссияларында болуға құқығы жоқ.
      53. Мәслихаттың хатшысы болмаған кезде оның өкілеттігін мәслихат сессиясы төрағасының шешімі бойынша мәслихат тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы уақытша жүзеге асырады.

13-ТАРАУ. МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ

      Мәслихат депутаты жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, тиісті әкімшілік аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді.
      54. Мәслихат депутатының өкілеттігі тиісті аумақтық сайлау комиссиясы оны депутат ретінде тіркеген кезден басталып, мәслихат өкілеттігі тоқтатылған кезден бастап тоқтайды.
      55. Мәслихат депутатының өкілеттігі мынандай жағдайларда:
      1) депутат заңдарға сәйкес депутаттық міндеттерді орындаумен сыйымсыз лауазымға сайланса немесе тағайындалса;
      2) депутатты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енсе;
      3) мәслихаттың өкілеттігі тоқтатылса;
      4) депутат қайтыс болса;
      5) ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылса;
      6) соттың депутатқа қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енсе;
      7) ауданнан тысқары жерге тұрақты тұруға кетсе;
      8) депутаттың орнынан түсу туралы жеке өтінішіне байланысты;
      9) депутат өз міндеттерін жүйелі түрде орындамаса, оның ішінде мәслихат сессиясының жалпы отырыстарына дәлелді себептерсіз қатарынан үш реттен артық қатыспаса, мерзімінен бұрын тоқтатылады.
      56. Депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша, қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен мәслихат сессиясында қабылданады.
      57. Депутат:
      1) сайлауға және мәслихат сессиясының төрағасы, мәслихат хатшысы, тексеру комиссиясының төрағасы  тұрақты комиссиясының төрағасы немесе мүшесі болып сайлануға, мәслихаттың өзге де органдарына сайлануға;
      2) мәслихат сессиясы мен оның тұрақты комиссияларында және өзге де органдарда қарау үшін мәселелер ұсынуға, оларды қарауға және шешімдер қабылдауға қатысуға;
      3) тиісті мәслихаттың аумағында орналасқан жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдарға мәслихаттың құзыретінде жатқызылатын мәселелер бойынша сауалдар беруге және жолданымдар жіберуге;
      4) өз округінің сайлаушылары мен, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және ұйымдармен кездесулер мен жиналыстар өткізуге;
      5) сессияда тиісті мәслихат аумағында орналасқан жергілікті атқарушы орган мен ұйымдардың лауазымды адамдарының мәслихаттың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша есептерін тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;
      6) тиісті әкімият отырыстарының жұмысына қатысуға;
      7) мәслихат пен оның органдары отырыстарының хаттамаларымен танысуға;
      8) саяси партиялардың депутаттық тобы түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. Саяси партияның депутаттық тобы мәслихаттың кемінде бес депутатын біріктіруге тиіс. Саяси партиялардың депутаттық тобын тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады.
      9) заңдарда және мәслихат регламентінде көзделген өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
      58. Депутат:
      1) мәслихаттың және өз құрамына сайланған оның органының жұмысына қатысуға;
      2) өз округі сайлаушыларымен тұрақты байланыс жасауға, оларға мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының қызметі, мәслихат шешімдерінің орындалуы туралы ұдайы хабарлап отыруға, мәслихат шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруға және бақылау жасауға қатысуға міндетті.
      3) сайлаушылардың өзіне келіп түскен өтініштерін қарауға, азаматтарды жеке қабылдауға ұдайы жүргізуге міндетті.
      59. Мәслихаттың әрбір депутатына өкілеттіктерін кедергісіз және тиімді жүзеге асыру үшін жағдай жасалуына, оның құқықтарын қадір-қасиетімен ар-ожданын қорғауға кепілдік береді.
      60. Депутат регламентте белгіленген тәртіппен мәслихат сессияларын, тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында оған негізгі жұмыс орны бойынша жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен орташа жалақысы,  бірақ осы қызметте бір жылға дейінгі жұмыс стажы бар аудан әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, сессиялар өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеле отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.

14-ТАРАУ. МӘСЛИХАТ ӨКІЛЕТТІГІН ТОҚТАТУ НЕГІЗДЕРІ

      61. Аудандық мәслихаттың өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген оның өкілеттік мерзімі аяқталғанда тоқтатылады.
      62. Аудандық мәслихат өкілеттігін мынандай жағдайларда:
      1) Қазақстан Республикасы Конституциясын, заңдарын сот тәртібімен заңсыз деп танылған шешімдер қабылдау түрінде бірнеше рет (екі және одан да көп) бұзса;
      2) Егер жаңадан сайланған аудандық мәслихат бірінші сессиясын ашылған күннен бастап отыз күн өткенше өз құрылымын белгілемесе және тиісті органдарын құрмаса;
      3) Тиісті әкімшілік аумақтық бөлініс қайта ұйымдастырылса немесе таратылса;
      4) Мәслихат өз депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің жасырын даусымен өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаса;
      5) Жергілікті бюджетті, аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын екі рет бекітпеумен білдірген аудандық әкімиятпен арада еңсерілмейтін келіспеушіліктер болса;
      6) Әкімшілік-аумақтық бөліністі басқару схемасын екі рет бекітпеумен білдірілген әкіммен арада еңсерілмейтін келіспеушіліктер болса, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мерзімінен бұрын тоқтатады.
      63. Аудандық мәслихат өз депутаттары жалпы санының үштен екісінің дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің, не жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметінен босату туралы мәселе қоюға құқылы.
      Әкім ұсынған аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі аудандық мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіруі туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.

15-ТАРАУ. МӘСЛИХАТ АППАРАТЫ

      64. Аудандық мәслихат аппараты аудандық мәслихат пен ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады, депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсетеді.
      65. Аудандық мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің штат саны лимиті тиісті мәслихат депутаттарының саны негізге алынып жеті депутатқа бір қызметкер қатынасында, бірақ үш адамнан кем емес болып белгіленеді. Аудандық мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      66. Мәслихаттың өкілеттік мерзімінің аяқталуымен, мәслихат өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің қызметі тоқтатылмайды.
      67. Мәслихат аппараты жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекеме болып табылады.

16-ТАРАУ. МӘСЛИХАТТЫҢ ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ

      68. Аудандық мәслихат аудандық бюджеттің атқарылуын бақылау үшін өз өкілеттігі мерзіміне тексеру комиссиясын сайлайды. Тексеру комиссиясы мүшелерінің санын мәслихат белгілейді. Тексеру комиссиясының төрағасын мәслихат депутаттар арасынан сайлайды. Аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы өз қызметін басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асырады. Тексеру комиссияның жұмысына мәслихат депутаты емес адамдар да шарт негізінде тартылуы мүмкін.
      69. Тексерулер мәслихаттың тексеру комиссиясының не мәслихат хатшысының шешімдерімен, мәслихаттың сайланған депутаттары санының кемінде үштен бірінің талап етуі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда жүргізілуі мүмкін. Тексеру нәтижесі бойынша тексеру комиссиясы акт жасап, ол туралы мәслихат пен әкімиятқа хабарлайды. Тексеру жылына кемінде бір рет жүргізіледі.
      70. Тексеру комиссиясының өкілеттігі мен жұмыс тәртібі мәслихат регламентімен белгіленеді.

17-ТАРАУ. САЯСИ ПАРТИЯЛАРДЫҢ ДЕПУТАТТЫҚ ТОПТАРЫ

      71. Аудандық мәслихатта Жарғыға сәйкес 5 депутаттан кем емес саяси партиялардың мүшелері партиялық топтар құра алады.
      72. Саяси партиялардың депутаттық топтарын тіркеу мәслихат өкілеттігі мерзімінде жүзеге асырылады.
      Аудандық мәслихат саяси топтарының қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясында белгіленген мәслихат өкілеттігі біткен жағдайда тоқтайды немесе:
      1) саяси партиялардың өзін-өзі тарату туралы шешімі қабылданғанда;
      2) заң органдарының саяси партияларға тыйым салу, тарату туралы шешіміне байланысты;
      3) партиялық топтардың мүшелерінің саны 5-тен кемуіне байланысты.
      73. Партиялық топтарда алдын-ала талқыланып, сессияның қарауына:
      1) тұрақты комиссияның төрағаларына, мәслихат органдарының басқарушы лауазымдарына кандидаттарын;
      2) партиялық топтардың бастамасы бойынша күн тәртібін құрастыруға байланысты қосымша сұрақтар енгізуге;
      3) аудандық экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламасын, басқару схемасын, бюджеттің жобасын;
      4) аудан әкімінің, ауылдық әкімдердің, орынбасарларының және басқа да аудандық қызметтегі лауазымды адамдардың есебін тыңдау туралы сұрақ;
      5) тұрақты комиссиялардың көпшіліктік тыңдауларды ұйымдастыру туралы;
      6) мәслихаттың қарауына және бекітуіне енетін басқа да құжаттардың жобаларын ұсынады.

18-ТАРАУ. АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫН САЙЛАУДЫҢ
ІС-ЖОСЫҒЫ

      74. Аудандық мәслихат хатшысы лауазымына кандидатураларды депутаттар, саяси партиялардың депутаттық топтары ұсынады. Депутаттардың өзін өзі ұсынуына да болады.
      75. Мәслихат хатшысы лауазымына сайлану үшін кандидат сессияда атқарылатын жұмыс бағдарламасын баяндайды. Сессияға қатысушы әр депутат кандидатқа сұрақ қоюға, ұсынылған бағдарлама туралы өз ойын айтуға құқылы. Кандидаттарды талқылау депутаттардың көпшілік даусымен қабылданған шешімімен тоқтатылады.
      Мәслихат хатшысы лауазымына кандидатты сайлау үшін аудандық мәслихат сессияда бекітеді.
      Жасырын дауыс беру үшін депутаттардың арасынан санақ комиссиясы сайланады, дауыс беру үшін бюллетеньдер, бюллетень салатын жәшік және дауыс беру кабинкасы дайындалады.
      Аудандық мәслихат хатшысы лауазымына ұсынылған екі кандидаттан дауыс беруге қатысқан депутаттар жалпы санының жартысынан көп дауыс алған кандидат сайланған болып есептеледі.
      Егер аудандық мәслихат хатшысы лауазымына екіден көп кандидаттар ұсынылса және олардың бірде біреуі сайлануға қажетті дауыс санын алмаған жағдайда, көп дауыс алған екі кандидаттарға қайта жасырын дауыс беру жүргізіледі.
      Егер қайта дауыс беру кезінде екі кандидаттың бірде-біреуі дауыс беруге қатысушы депутаттардың жалпы санының жартысын көп дауыс алмаса жаңа кандидаттар ұсынылып, қайта сайлау өткізіледі.
      76. Мәслихат депутаты тұрақты негізде мәслихат хатшысы болып сайланған жағдайда, оған аудан әкімінің орынбасары үшін белгіленген мөлшерде жалақы белгіленеді.
      77. Хатшы өзінің қызметі бойынша аудандық мәслихатқа есеп береді және кез келген уақытта ашық және жасырын дауыс беру арқылы қызметінен босатылады.
      Мәслихат хатшысын кері шақыру туралы сұрақ осы регламентте көрсетілгендей жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі.
      78. Аудандық мәслихаттың хатшысы өз өкілеттігін ерікті мерзімнен бұрын тоқтату өз өтініш бойынша іске асады. Аудандық мәслихат хатшысы өкілеттігін ерікті мерзімнен бұрын тоқтату туралы сессияда шешім қабылдайды.
      Аудандық мәслихат хатшысы мәслихаттың тұрақты комиссияларында болуға құқық жоқ.
      79. алынып тасталды - Қаратал аудандық мәслихатының 2004.06.25 N 12-52 Шешімімен.
      80. Тұрақты комиссияның төрағасы ашық дауыс беру арқылы сайланады. Қажет болған жағдайда жасырын дауыс беру шаралар қолданылады. Тұрақты комиссиялардың мүшелерін сайлау үшін сессия шешімі бойынша комиссия құрамына толық немесе әр кандидатқа жеке дауыс беру арқылы жүргізіледі. Тұрақты комиссияның төрағаларымен мүшелерін сайлау туралы аудандық мәслихат сессиясында шешім қабылданады.

19-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      81. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы туралы" Заңында белгіленген жағдайда" мәслихат сессиясы өтетін залдарда, әкімият және аудандық мәслихат ғимараттарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы қолданылады.
      82. Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес аудандық мәслихат және әкімият өз баспасөз органына құрылтайшы болуға жергілікті радио, телевидение, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға құқылы.
      83. Аудандық мәслихаттың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтін шешімдерін мәслихаттың өзінің жоюы не сот тәртібімен жойылуы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады