Приозерск қалалық Мәслихаттың Регламентін бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Приозерск қалалық мәслихатының 2004 жылғы 27 мамырдағы N 38/7 шешімі. Қарағанды облысының әділет Департаментінде 2004 жылғы 28 мамырда N 1527 тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148-II "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 8 бабы, 3 тармағы, 5 тармақшасына, 2004 жылғы 14 сәуірдегі N 545-II "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық Заңына сәйкес қалалық Мәслихат ШЕШIМ ЕТЕДI:
      1. Приозерск қалалық Мәслихаттың Регламенті бекітілсін (қосымшаланады).
      2. Осы шешім Облыстық әділет департаментіне заңды тіркелуге ұсынылсын.

      Сессия төрағасы
      Мәслихат хатшысы                           Е. Омаров

Қалалық Мәслихаттың
2004 жылғы 27 мамырдағы N 38/7
"Приозерск қалалық Мәслихаттың
Регламентін бекіту туралы" шешімімен
БЕКIТIЛДI

Приозерск қалалық Мәслихатының
РЕГЛАМЕНТI

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 9 бабына сәйкес мәслихат Регламенті келесі тәртіптерді анықтайды:
      1) мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу;
      2) мәслихат сессияларына, оның органдарына мәселелер енгізу және қарау;
      3) мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау;
      4) депутаттардың сауалдарын қарау тәртібі, дауыс беру тәртібі, аппарат жұмысын ұйымдастыру;
      5) рәсімдік және ұйымдастыру мәселелерін қарау;
      6) сайлау комиссияларын құру;
      7) сайлау комиссияларын сайлау.
      2. Қалалық мәслихат - қала халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды белгілейтін, олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Оның іс әрекеті Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңы және басқа да заң актілерімен реттеледі. Мәслихат жұмысы шешімдерді ұжым болып, еркін талқылап қабылдауға, олардың орындалуларына дербес жауапкершілікке, заңдылыққа, ол құрған органдардың және сайлаған лауазым иелерінің оның алдында есептілігіне негізделген.
      3. Мәслихат депутаттары қала тұрғындарының еркін жалпы мемлекеттік мүдделерін есепке ала отырып тұлғалайды. Оларға депутаттық құқықтары мен міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдық және ұйымдастырушылық жағдайлар қамтамасыз етіледі. Депутаттық өкілеттігін орындау уақытында депутат қызметтік міндеттерін атқарудан босатылады да, сол уақытқа негізгі жұмыс орны бойынша орта есепті жалақысы бюджет есебінен төленеді.
      4. Депутаттар сессияларда, тұрақты комиссиялар мен басқа да органдарда қаралатын Мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді ұсынуға, олардың қаралып, шешім қабылдануына қатысуға, сондай-ақ атқарушы органның, қала аумағындағы кәсіпорын, мекемелердің лауазым иелерінің есептерін тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге, әкімдік мәжілістеріне қатысуға, Мәслихат мәжілістерінің хаттамаларымен танысуға құқылы. Депутаттардың өкілеттігін кедергісіз және тиімді іске асыру үшін жағдай жасалуына, олардың құқықтары, абыройы мен қасиетінің қорғалуына кепілдік беріледі. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, қандайда болсын меншік нысанындағы кәсіпорын, мекеме, ұйымдардың басшылары депутаттарға өкілеттіктерін орындауда қажетті жәрдем береді.

2. Мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу тәртібі

      5. Мәслихаттың негізгі іс әрекет жасау нысаны - сессия, онда оның құзыретіне жататын мәселелер шешіледі. Сессия пленарлық мәжіліс нысанында жүргізіледі. Сессия жұмысында мәслихат шешімі бойынша 15 күнтізбелік күннен артық емес уақытқа үзіліс жасауға болады. Сессияның ұзақтығын Мәслихат белгілейді. Мәслихаттың әр мәжілісі алдында қатысушы депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижелері мәжіліс алдында жарияланады.
      6. Мәслихат сессиясы жалпы отырыс нысанында өткізіледі. Мәслихат сессиялары әдетте ашық сипатта жүргізіледі. Мәслихат сессия төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешімімен, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі осы үшін дауыс берсе, жабық сессия өткізуге жол беріледі. Сессия мәжілістерінің барысы туралы, қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары халықты хабардар етеді. Сессия қабылдаған нормативтік құқықтық сипаттағы шешімдер әділет органында заңды тіркелуі және белгіленген баспасөз құралдарында басылып шығарылуы тиіс. Сессиялардың дайындалуына сессия төрағасы мен мәслихат хатшысы басшылық етеді.
      7. Жаңадан сайланған мәслихаттың бірінші сессиясын осы мәслихат үшін белгіленген депутаттар санының кемінде төрттен үші болған ретте, мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күн мерзімінен кешіктірмей аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.
      8. Мәслихаттың алғашқы сессиясын өткізуге дайындық жүргізу үшін оның шақырылуына он күн қалғанда депутаттар өкілдерінің жиналысы өткізіледі, оған депутаттардың жалпы санының жартысы қатысуы тиіс. Осы жиналыста бірінші сессияның күн тәртібі, оны жүргізу тәртібі, сессияның жұмыс органдарының құрамы жөнінде, мәслихат хатшысының, тексеру комиссиясының төрағасының лауазымдарына кандидатуралар бойынша ұсыныстар әзірленеді. Сондай-ақ мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру мәселелері, екінші сессияның төрағасы туралы мәселелер талқыланады.
      9. Мәслихаттың кезекті сессиялары кемінде жылына төрт рет шақырылады және оны мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді. Мәслихат хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен өткізілетін орны туралы, сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және әкімге - сессияға кемінде он күн қалғанда хабарлайды. Мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға және әкімге сессияға кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн қалғанда табыс етеді.
      10. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын мәслихатқа сайланған депутаттар санының үштен бірінің, сондай-ақ әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргізеді. Кезектен тыс сессия, оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес күн мерзімнен кешіктірілмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған ерекше мәселелер қаралады. Мәслихат хатшысы кезектен тыс сессияның өткізілетін уақыты мен өткізілетін орны туралы, сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы хабарды депутаттарға, халыққа және қала әкіміне сессияға дейінгі үш күн қалғанда хабарлайды.
      11. Егер мәслихат депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі мәслихат сессиясына қатысса, ол заңды болады. Шешімдер мәслихат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
      12. Сессияның күн тәртібі мәслихаттың перспективалық жоспарының негізінде және депутаттар немесе әкім енгізуге ұсынған мәселелерден қалыптасады. Күн тәртібі оны талқылаған кезде өзгеруі мүмкін.
      13. Әр сессияның барысында депутаттардың қала басшыларына қойылатын сұрақтарына жауап беруге уақыт бөлінеді. Жауап беруші басшылар реті сессияға дайындық барысында анықталады.
      14. Сессияның қарауына енгізілген мәселелерді сапалы түрде дайындау мақсатында мәслихат хатшысы іс шаралар жоспарын ұйымдастырады. Сол жоспарды сессия төрағасы бекітеді.
      15. Сессияға шақырылатын лауазым иелері тізімін сессия төрағасы мен мәслихат хатшысы белгілейді.
      16. Мәслихат сессиясы төрағасының шақыруы бойынша жергілікті атқарушы органдар басшылары, тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында орналасқан ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары мәслихаттың құзырына жататын мәселелер бойынша ақпараттар беру үшін мәслихат сессиясына келуге міндетті.
      17. Шақырылғандар сессия жұмысына араласпайды, олардан тәртіп сақтау және сессия төрағасының өкімдерін орындау талап етіледі. Тәртіпті өрескел бұзғаны үшін депутат емес адам төраға немесе депутаттардың көпшілігі талап етсе мәжіліс залынан шығарылады.
      18. Кезекті сессияның төрағасы алдыңғы сессиясында ашық дауыс беру арқылы мәслихат депутаттары өз араларынан жалпы санының көпшілік дауысымен сайланады. Сессияның төрағасы болмаған жағдайда оның өкілеттігін мәслихат хатшысы жүзеге асырады. Мәслихат депутаты мәслихат сессиясының төрағасы болып күнтізбелік жыл ішінде екі реттен артық сайлана алмайды. Мәслихат сессиясының төрағасы:
      1) сессияны шақыру туралы шешім қабылдайды,
      2) сессияны әзірлеуге басшылық жасауды жүзеге асырады, сессияның күн тәртібін қалыптастырады;
      3) мәслихат сессиясының отырысын жүргізеді, мәслихат регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;
      4) мәслихаттың сессиясында қабылданған немесе бекітілген мәслихат шешіміне, хаттамаларға, өзге де құжаттарға қол қояды;
      5) сессия төрағасы мәселелерді қарау барысында сыйластық, өзара түсіністік жағдайының қалыптасуына, қаралатын мәселелер бойынша жақтардың көзқарастарын жақындатуға ықпалын тигізеді. Қайшылықтар туындаған жағдайда ол тұрақты комиссиялармен, депутаттар топтарымен бір шешімге келтіру мақсатында ақылдасып, пікір алмасады. Егер дауыс беру нәтижесінде депутаттардың дауыстары тең болса, төраға шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
      19. Қалалық мәслихат сессияларының таңертеңгі мәжілістері сағат 10-нан 12-ге дейін, күндізгілері сағат 15-тен 19-ға дейін өткізіледі. Мәслихат сессиялары басқа уақытта да жүргізілуі мүмкін. Мәжіліс барысында әр екі сағатта 20-минуттік үзіліс жарияланады. Сессия төрағасы депутаттардың негізделген ұсыныстары бойынша қосымша үзіліс жариялай алады.
      20. Сессия мәжілісінде баяндамаларға 15-минут шеңберінде уақыт беріледі, қосалқы баяндамаларға 5-минут, пікір таласқа қатысушыларға 5-минутке дейін, кандидатураларды талқылауға 3-минутке дейін, мәжілісті жүргізу, дауыс беру туралы, анықтама алып сұрақ қоюға 2-минутке дейін. Сөйлеуші берілген уақыттан көп уақыт алса, төраға оның сөзін бөледі. Қажетті жағдайда сессия төрағасы депутаттардың көпшілігінің қолдауымен сөйлеушілердің уақыттарын ұзартады. Баяндаушы мен қосалқы баяндама жасаушылар оларға қойылған сұрақтарға жауап береді, пікір таласты тоқтату туралы шешім сессияға қатысушы депутаттардың көпшілігі қолдап, дауыс беру арқылы қабылданады. Пікір таласты тоқтату алдында төраға оған қатысуға ниет білдіріп, жазылған депутаттардың тізімін оқып сөйлемегендердің ішінде қайсысы сөз беруді талап ететіндерін анықтайды. Уақыт беру мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың өтініштері бойынша сөйлейтін сөздерінің мәтіндері сессия хаттамасына енгізіледі. Мәслихат хатшысына, қала әкіміне регламент шеңберінде сөз қашанда болса беріледі.
      21. Мәжілісті жүргізу тәртібі бойынша және дауыс беру бойынша сөз депутатқа кезектен тыс, алдындағы адам сөзін аяқтағаннан кейін беріледі. Кезектен тыс сөз қойылған сұраққа жауап беру үшін де беріледі. Сұрақтар ауызша және жазбаша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар сессия барысында жария етіледі.
      22. Қалалық мәслихат жұмысы мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі.

3. Мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау

      23. Қалалық мәслихаттың лауазымды тұлғалары - депутаттар сайлаған, тұрақты түрде жұмыс істейтін мәслихат хатшысы мен тексеру комиссиясының төрағасы болып табылады. Мәслихат хатшысы мәслихаттың іс әрекетін ұйымдастырып қамтамасыз ету жөніндегі ағымдағы жұмысты атқарады. Оны мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санынан көпшілік дауысымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың хатшысы мәслихат өкілеттігі мерзіміне сайланады. Мәслихат хатшысы лауазымына кандидатураларды мәслихат депутаттары мәслихат сессиясында ұсынады.
      24. Мәслихат хатшысын лауазымынан босату туралы мәселені депутаттардың жалпы санының жартысынан көбі ұсынса, сессияның қарауына енгізіледі. Шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Жаңа хатшы алғашқысын сайлаған тәртіпте сайланады. Жыл сайын ақырғы сессияда Мәслихат хатшысының жұмысы туралы есеп тыңдалады.
      25. Өзінің өкілеттік мерзіміне мәслихат бірінші сессияда депутаттар ішінен мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді қарап әзірлеу үшін, оның шешімдерін жүзеге асыруға ат салысу үшін, өз құзыреті шеңберінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін тұрақты комиссиялар құрады.
      26. Тұрақты комиссиялардың төрағалары ашық дауыс беру арқылы сайланады. Комиссиялардың атауларын, санын, құрамын мәслихат белгілейді. Осы мәселелер бойынша ұсыныстарды әр депутат енгізуге құқылы. Комиссиялар құрамы бекітілгеннен кейін сессия жұмысында тұрақты комиссиялардың отырысын өткізу үшін үзіліс жарияланады. Комиссиялардың отырыстарында олардың төрағалары орнына кандидатуралар ұсынылады. Аталған кандидатураларды ұсыну көпшілік дауыспен бекітіледі. Комиссия хатшылары мен комиссия мүшелері ұйымдастыру мәжілістерінде сайланады. Қажеттілік туған жағдайда бұрын құрылған комиссияларды таратып, жаңаларын құруға жол беріледі.
      27. Қаралған мәселелер бойынша комиссиялар қаулы қабылдайды. Комиссия қаулысы орындалмаған жағдайда немесе лауазым иелері оларға жалған ақпарат берген жағдайда комиссияның ұсынысы бойынша мәслихат хатшысы тиісті орынға тәртіптік шара қолдану туралы ұсыныс жасап жүгінеді.
      28. Мәслихат хатшысы жекелеген мәселелерді сессия қарауына дайындау мақсатында уақытша комиссияларды құруға құқылы және олардың құрамын, өкілеттілік мерзімі мен міндеттерін өзі белгілейді. Мәселені зерделеу нәтижелері бойынша уақытша комиссия мәслихат хатшысына тұжырымдама тапсырады.
      29. Тұрақты комиссиялар бұқаралық тыңдаулар өткізе алады. Олар ең күрделі және қоғамдық маңызды мәселелер бойынша депутаттар, атқарушы органның, мекеме, кәсіпорын, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, тұрғындардың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс түрінде өткізіледі. Бұқаралық тыңдаулар өткізу үшін құрамына депутаттар мен шақырылған мамандар енгізілген жұмысшы топ құрылады. Тұрақты комиссия БАҚ арқылы тұрғындарға осы іс-шараның тақырыбын жеткізіп, олардан материал жинауда көмек сұрай алады. Тыңдау өткізілгеннен кейін оның нәтижесі жария етіледі. Тыңдауды әзірлеу барысында жұмысшы топ жазбаша тұжырымдама жасайды, топ мүшелерінің бәрі оған қолдарын қояды. Оның мәтінімен тиісті әкімшілік лауазымдары таныстырылады. Тыңдау нәтижелері бойынша тұрақты комиссия Қаулы қабылдайды. Егер анықталған кемшіліктерді жою үшін мәслихаттың, әкімшіліктің, республикалық органдардың араласуы қажет болса, қабылданған тұжырымдама мен қаулы оларға жөнелтіледі. Тұрақты комиссия қабылдаған қаулыны қаланы басқару органдары, олардың құрылымдық бөлімшелері, мекеме, кәсіпорындар, лауазым иелері мен азаматтар орындауға міндетті.
      30. Қалалық бюджеттің қалыптастырылуы мен орындалысына бақылау жасау үшін мәслихат өз өкілеттілігі мерзіміне тұрақты тексеру комиссиясын сайлайды. Оның төрағасы депутаттар ішінен сайланып, тұрақты түрде жұмыс істейді. Тексерістер мәслихат шешімі бойынша немесе мәслихат депутаттары санынан үштен бірінің талап етуімен жүргізіледі. Тексеру нәтижелері бойынша комиссия акті жасайды, ол туралы мәслихатпен әкімдік хабардар етіледі. Тексеріс жылына кемінде екі рет жүргізіледі.
      31. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың депутаттар топтарына біріге алады. Ондай топтар құрамында кемінде 5-адам болуы қажет. Саяси партиялардың депутаттар топтары мәслихат сессиясында тіркеледі. Осы топтар мәслихатта қаралатын мәселелер бойынша жеке отырыстар өткізіп, мәслихат мәжілісінде сөйлеу үшін өз өкілін ұсынуға құқылы.
      32. Депутаттар сессия төрағасына, мәслихат хатшысына, қала әкіміне, әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен әкім аппаратының бөлімдер бастықтарына, қала аумағындағы мекеме, кәсіпорындар басшыларына қоғамдық маңызы бар, сайлаушылардың мүдделеріне қатынасты мәселелер бойынша депутаттық сауал салуға олардан заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап алуға құқылы.
      33. Қалалық мәслихат шешім қабылдайды. Шешім сайланған депутаттардың жалпы санының көпшілік дауыстарымен қабылданады.
      34. Мәслихат сессиясына қаралатын мәселелерді және олар бойынша шешім жобалары мен басқа да актілерді енгізуге депутаттар, тұрақты комиссиялар, депутаттық топтар, қала әкімі құқылы.
      35. Шешім жобаларымен басқа актілер сессия төрағасына немесе мәслихат хатшысына сессиялар аралығында тапсырылады. Құжаттарды тапсыру мерзімі - сессияға 15 күнге дейін, талқылауды қажет ететін мәселелер бойынша - 30 күнге дейін.
      36. Қабылданған құжаттарды сессия төрағасы және мәслихат хатшысы қарап, ұсыныстар дайындау үшін тұрақты комиссияларға жолдайды. Сол кезде комиссиялардың біріне шешім жобасы бойынша тексеріс жүргізу, қосымша ақпарат жинау, қосалқы баяндама әзірлеу, тұжырымдама жасау тапсырылады. Тұрақты комиссиялар осы тапсырысты орындау үшін өз құрамынан жұмысшы топтарды құра алады. Қажеті болса тұрақты комиссиялар ортақ жұмысшы топ құрады. Жұмысшы топтың жұмысына депутаттардың қайсысы болса да қатыса алады.
      37. Сессия төрағасы, немесе мәслихат хатшысы тұрақты комиссиялардың ұсынысы бойынша шешім жобаларын ғылыми сараптауға жолдайды, мемлекеттік органдармен лауазымды тұлғалардың пікірлерін сұрата алады, дайындалып жатқан мәселелер мен шешім жобаларын еңбек ұжымдарымен азаматтар жиналыстарында алдын ала талқылай алады.
      38. Балама жоба шешімнің негізгі жобасымен қатар қаралады. Сессия мәселесін әзірлеп жатқан тұрақты комиссиялар арасында қайшылықтар туындаған жағдайда сессия төрағасымен мәслихат хатшысы оларды шешуге шаралар қолданады, шешілмеген қайшы пікірлер мәслихатқа жария етіледі.
      39. Мәселені сессияда қарау барысында баяндама, қажет болса тұрақты комиссияның, жұмысшы топтың қосалқы баяндамасы, тыңдалады. Қосалқы баяндама, тұжырымдама, шешім жобасы бойынша қайшы пікірлері бар депутаттарға өз көзқарастарын жалпы пікір талас басталмай тұрып жеткізуге мүмкіндік беріледі.
      40. Депутаттармен сессияға шақырылғандар баяндама, қосалқы баяндама, шешім жобасы бойынша комиссия тұжырымдамасын талқылағанда ұсыныстары мен ескертулерін шешім жобасына түзетулер нысанында жеткізеді. Жоба әр бап бойынша талқыланады. Түзетулер хатшылыққа жазбаша немесе ауызша түрде беріледі, олардың тұжырымдамалары айқын болуы керек және шешім жобасының мәтініндегі орны көрсетілуі тиіс, осы талапқа сай емес түзетулер қаралуға қабылданбайды.
      41. Әр мәселені талқылап болғаннан кейін сессия ол бойынша шешім қабылдайды. Егер бір мәселе бойынша бірнеше шешім жобалары болса, олардың барлығы мәселе талқыланға дейін депутаттарға табысталады. Редакциялық комиссия қай жобаны негізге алу керектігі туралы өз пікірін дәлелдеп ұсынады. Ұсынылған жобалардың бәрі дауысқа қойылады, қатысушы депутаттардың көбі дауыс берген жоба негізге алынғаннан кейін депутаттар оған ұсыныстар бар болса, түзетулерді енгізеді.
      42. Редакциялық комиссия мәслихатқа дайын жобаны табыстайды. Комиссия баяндамасында жобаға енгізілген және енгізуден бас тартылған ұсыныстар аталып, олардың қабылдануына және қабылдаудан бас тартылуға себеп болған жайлар айтылады.
      43. Шешім жобасына түзетулер бар болса, дауыс беру тәртібі төмендегідей:
      1) ұсынылған жоба негізге алынады, оны қабылдаудан бас тартылса, дауыс беру тоқтатылады;
      2) міндетті түрде негізге алынған жобаға енгізілмеген ұсыныстар дауысқа қойылады, неғұрлым көп дауыс берілген ұсыныстар шешімге енгізіледі;
      3) шешім толығымен, қабылданған түзетулер есепке алынып, дауысқа қойылады.
      44. Мәслихат сессиясы, тұрақты комиссиялар қабылдаған шешімдерге және басқа құжаттарға мәслихат хатшысы және аппараты қандайда болса түзетулер енгізе алмайды. Сессия хаттамалары сессиядан кейін бір айдан артық емес мерзімде басылып шығулары тиіс.
      45. Нормативтік құқықтық акті сипатындағы мәслихат шешімдері облыстық Әділет басқармасында заңды тіркелгеннен кейін міндетті түрде баспасөзде жарияланады.
      46. Қалалық бюджет жобасын қала әкімі мәслихат қарауына облыстық бюджет қабылдағаннан кейін екі жұма ішінде ұсынады. Бюджет жобасы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралады. Ол бойынша ұсынылған ескертулер мен толықтырулар жобаға енгізіледі. Сессияның қарауына осы жоба ұсынылады.
      47. Кезектен тыс сессияларға қалалық бюджетті нақтылау туралы мәселе енгізілгенде оны шақыру туралы шешім қабылданғаннан соң екі күн ішінде мәслихат комиссияларында және қалалық қаржы бөлімінде енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылау жөніндегі жұмыс жүргізіледі.
      48. Қала әкімі ағымдағы жылдың 1-шілдесіне дейін қалалық мәслихатқа өткен қаржы жылындағы бюджеттің орындалысы туралы есеп береді.
      49. Қалалық Мәслихат әлеуметтік - экономикалық даму жоспарлары мен бағдарламаларының, қалалық бюджеттің орындалысына бақылау жасайды.

4. Депутаттардың сауалдарын қарау, дауыс беру, аппарат жұмысын ұйымдастыру

      50. Депутаттық сауалдар мәслихат сессияларында қаралады. Олар бойынша шешімдер қабылданады.
      51. Қалалық мәслихат заңды тұлға құқықтарын иеленбейді. Сессияларды өткізу үшін аппаратты, тұрақты комиссияларды орналастыруға тиісті түрде жабдықталған кеңсе бөлінеді.
      52. Мәслихаттың оның органдарының іс жұмысын қамтамасыз ету үшін депутаттарға олардың өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мәслихат аппараты құрылады.
      53. Жыл сайын мәслихат өз жұмысын қамтамасыз ету үшін шығындар сметасын бекітеді.
      54. Аппарат жұмысын мәслихат хатшысы басқарады, ол аппарат қызметкерлерін лауазымға тағайындап босатады.
      55. Сайлау округтары аумағында сол округтардан сайланған депутаттар сайлаушыларын қабылдап, олармен кездесулер жүргізу үшін арнайы орындар бөлінеді.
      56. Ұйымдастыру жұмысын жүргізу үшін мәслихат өз өкілеттілігі мерзіміне тұрақты комиссиялар төрағаларының кеңесін құрады. Оның құрамына тұрақты комиссиялар төрағалары, мәслихат хатшысы, кезекті сессия төрағасы, мәслихат хатшысы ұсынған 1-3 депутат енеді. Кеңес өз отырыстарын қажет болған жағдайда өткізеді. Кеңес отырысына оған мүше емес депутаттар, жергілікті атқарушы органның басшылары, сарапшылар мен мамандар шақырылуы мүмкін. Кеңес отырыстарында шақырылатын сессияның күн тәртібі, ұйымдастыру мәселелері, мәслихаттың құрылымы, штаттық кестесі, шығындар сметасы жобалары, сессияға ұсынылған мәселелерді дайындау барысы, шешімдер жобаларының, үндеулердің және басқа да құжаттардың мәтіндері, депутаттар жұмысын анықтама-ақпараттық қамсыздандыру мәселелері, сессия төрағалары кандидатуралары бойынша кеңестер, мәслихат аппаратының қызметкерлерінің жұмысы туралы мәселелер, тағы басқа ұйымдастыру мәселелер талқыланады. Кеңес отырыстарының қысқаша хаттамалары жасалады. Кеңес жұмысын мәслихат хатшысы басқарады.

5. Рәсімдік және ұйымдастыру мәселелерін қарау тәртібі

      57. Сессия хатшылығы депутаттар ішінен ашық дауыс беру арқылы сайланады. Хатшылық сөз сөйлеушілерді, депутаттық сауалдарды, анықтама, ақпарат, өтініш, ұсыныстарды және басқа материалдарды тіркейді, мәжіліс жұмысын қамтамасыз ететін жұмыстарды ұйымдастырады. Хатшылық сессия төрағасына депутаттардан түскен ұсыныстар мен олардың ішінен жарыссөзге шығуға жазылғандары туралы мәлімет береді.
      58. Қалалық мәслихат ашық дауыспен тақ санмен есеп комиссиясының және редакциялық комиссиялардың құрамын сайлайды. Редакциялық комиссияның құрамына білікті мамандар мен тәжірибелі депутаттар сайланады. Редакциялық және есеп комиссияларының мүшелері алғашқы сессияда сайланады. Ол туралы сессия шешімдері қабылданады.
      59. Қалалық мәслихат мәжілістерінде шешімдер және басқа да құжаттар депутаттардың көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы бекітіледі. Жабық дауыс беру келесі жағдайларда қолданылады:
      1) қала әкіміне сенімсіздік білдірілген жағдайда;
      2) қалалық мәслихат хатшысын сайлағанда.
      60. Шешімдер және басқа да құжаттар ашық дауысқа қойылған уақытта есеп комиссиясының мүшелері санақ жүргізеді. Жасырын дауыс беру қолданылған жағдайда комиссия мүшелері барлық процедураларды өткізіп нәтижесін шығарады.
      61. Есеп комиссиясының төрағасы жасырын сайлаудың уақыты мен өткізілетін жерін, тәртібін регламент негізінде белгілеп, ол туралы жариялайды.
      62. Сайлау бюллетендері дауыс берудің алдында тікелей таратылады, олар есептеу комиссиясы мүшелерінің бақылауымен, белгіленген формада мәжіліске қатысушы депутаттар санымен тең болып дайындалады, есеп комиссиясының төрағасы әр бюллетеньге қол қояды. Депутаттарға міндетті түрде жеке дауыс беруге жағдай жасалуы керек.
      63. Жасырын сайлау нәтижесінің барысында есеп комиссиясы хаттама жүргізеді, оған барлық комиссия мүшелері қол қойып, мәслихат шешім қабылдайды. Егер де дауыс беру кезінде және дауыс санау кезінде қате жіберілсе, мәслихат қайта сайлау өткізеді.

6. Сайлау комиссияларын құру тәртібі

      64. Сайлау комиссияларын құру, олардың құрамына өзгерістер енгізу қалалық мәслихаттың шешімін қабылдау жолымен жүзеге асырылады, комиссиялар құрамын қалыптастыру саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары негізінде жүргізіледі.
      65. Сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімі мен саны қолданыстағы заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      66. Сайлау комиссиясы мүшесінің босаған лауазымына осы сайлау комиссиясында өкілі жоқ саяси партия мен басқа да қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар қабылданады. Босаған лауазымды ауыстыру процедурасы осы регламенттің 66, 67, 68 тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
      67. Сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру жөніндегі уақытша жұмыс комиссиясын (бұдан әрі уақытша комиссия) құру сайлау комиссияларын құру туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жарияланған кемі үш күн бұрын мерзімде қалалық Мәслихат хатшысының өкімі негізінде жүзеге асырылады. Уақытша комиссияның құрамы депутаттардан және қалалық Мәслихаттың аппараты қызметкерлерінен құрылады.
      68. Сайлау комиссиялары өкілеттігінің мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірмей қалалық мәслихат бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа сайлау комиссияларының құрылғандығы туралы хабарлайды. Хабарламада құруға жататын сайлау комиссияларының тізбесі, сайлау комиссияларының құрамына сайлау үшін ұсынылған кандидатуралар бойынша ұсыныстардың мерзімі мен тәртібі, осы ұсыныстар берілетін мекенжай көрсетіледі.
      69. Сайлау органдарының тізбесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан бастап 30 күннің ішінде саяси партиялар және басқа да қоғамдық бірлестіктер ұсынылатын сайлау комиссиясын көрсете отырып тиісті формаға сәйкес кандидаттар тізімін жібереді, оларға мыналарды қоса береді:
      1) саяси партияның және өзге де қоғамдық бірлестіктің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің органы отырысының кандидаты тиісті сайлау комиссиясына ұсыну туралы хаттамасының көшірмесін;
      2) саяси партияны және өзге де қоғамдық бірлестікті, олардың құрылымдық бөлімшелерін әділет органдарында тіркеу туралы құжаттың көшірмесін;
      3) кандидаттың тиісті мәслихат хатшысының атына жазылған сайлау комиссиясының жұмысына қатысуға келісімі туралы өтініші.
      70. Мәслихаттың уақытша комиссиясы саяси партия және басқа да қоғамдық бірлестіктерден, олардың құрылымдық бөлімшелерінен, жоғары тұрған комиссиядан құрылатын сайлау комиссиясының құрамына түскен ұсыныстарды жинастырумен, өңдеумен айналысып, қалалық мәслихаттың бекітуіне ұсынады.
      71. Сайлау комиссиясының құрамын дайындауда уақытша комиссия алдымен саяси партиялардан түскен ұсыныстарды басшылыққа алады.

7. Сайлау комиссияларын сайлау тәртібі

      72. Саяси партиялардан тиісті сайлау комиссиясының мүшелерінің санына тең (жеті) ұсыныс түскенде уақытша комиссия мәслихаттың отырысына осы сайлау комиссиясының құрамына дауыс беру туралы ұсыныс енгізеді. Егер мәслихат депутаттары нақты бір кандидатураға қарсылығын білдірсе, ол сол саяси партияны не қоғамдық бірлестікті танытатын кандидатураға ауыстырылады. Бұл рәсімді бір реттен артық жүргізбеу ұсынылады.
      73. Саяси партиялардан тиісті сайлау комиссиясының мүшелері санынан артық (жетіден артық) ұсыныс болғанда, уақытша комиссия мәслихаттың отырысында рейтингілік дауыс беруді өткізуді ұсынады. Уақытша комиссия әрбір депутат үшін осы кандидатураны қандай саяси партия енгізгенін көрсете отырып саяси партиялар ұсынған кандидатуралар кіретін бюллетеньді дайындайды. Бюллетеньге кандидатуралар саяси партиялардан ұсыныстардың келіп түсу кезектілігімен қосылады. Депутаттар бюллетеньге кандидатуралар тектерінің және саяси партиялардың атауларының оң жағында тек жеті квадратқа ғана белгі қояды. Алғашқы жеті орынға ең көп дауыс алған саяси партиялардың өкілдері сайланған болып саналады.
      74. Саяси партиялардан тиісті сайлау комиссиясы мүшелерінің санынан кем (жетіден кем) ұсыныс түскен кезде уақытша комиссия жетіспейтін кандидатуралар бойынша бос орындарға басқа қоғамдық бірлестіктер мен жоғары тұрған сайлау комиссияларынан ұсыныс енгізеді.
      75. Құпия дауыс бергеннен кейін есеп комиссиясының төрағасы сайлау комиссиясының төрағасын, орынбасарын, хатшысын сайлау жөніндегі сайлау комиссиясының ұйымдастыру мәжілісін жүргізетін сайлау комиссиясының мүшесін атайды. Бұл кандидатураны есеп комиссиясы мәслихат депутаттарының берген дауысының санына қарай анықтайтын болады. Мұндай депутаттар дауысы бірдей болған жағдайда аталмыш кандидатура депутаттардың ашық дауыс беруімен анықталады.
      76. Аймақтық, округтық сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясы құрылғаннан кейін кемінде жеті күннің ішінде сайлау комиссиясының отырысында сайланады.
      77. Қалалық мәслихат сайлау комиссияларының құрамын және өзгерістерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Жарияланатын материалдардың көлемі сол басылымның бір нөмірінде оның қосымшасымен бірге жарияланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады