Қызметкерлерді жеке, ұжымдық қорғану құралдарымен, санитарлық-гигиеналық үй-жайлармен, құрылғылармен және емдеу-профилактикалық құралдармен қамтамасыз ету ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2005 жылғы 27 қаңтардағы N 22-а Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2005 жылда 23 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 3456. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 2007 жылғы 31 шілдедегі N 184-п бұйрығымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 2007.07.31 N 184-п бұйрығымен.

      "Еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының 9-бабы 11) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
     1. Қоса берiлiп отырған Қызметкерлердi жеке, ұжымдық қорғану құралдарымен, санитарлық-гигиеналық үй-жайлармен, құрылғылармен және емдеу-профилактикалық құралдармен қамтамасыз ету ережелерi бекiтiлсiн.
     2. "Арнайы киiм мен арнайы аяқ киiммен, өзге де жеке қорғану құралдарымен және бiрiншi медициналық көмекпен қамтамасыз ету және оларды қолданудың тәртiбi туралы нұсқаулықты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң 1997 жылғы 2 маусымдағы N 90-ө  бұйрығының (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 321 тiркелген) күшi жойылды деп танылсын.
     3. Осы бұйрық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

     Министр

     Қазақстан Республикасы    
Еңбек және халықты әлеуметтік  
қорғау Министрінің      
2005 жылғы 27 қаңтардағы N 22-а  
бұйрығымен бекітілген       

  Қызметкерлерді жеке, ұжымдық қорғану құралдарымен,
санитарлық-гигиеналық үй-жайлармен, құрылғылармен
және емдеу-профилактикалық құралдармен
қамтамасыз ету ережесі

1. Жалпы ережелер

     1. Осы Ереже "Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы"  Қазақстан Республикасы Заңының  9-бабы 11) тармағына және  20-бабы 1-тармағы 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және қызметкерлерді жеке, ұжымдық қорғану құралдарымен, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен, құрылғылармен және емдеу-профилактикалық құралдармен қамтамасыз етудің тәртібін белгілейді, сондай-ақ өмір мен денсаулыққа зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлармен байланысты өзге қызметті атқаруы кезінде олармен қамтамасыз етуге және қызметкерлердің осы құралдарды қолдануына қойылатын талаптарды белгілейді.

     2. Осы Ереже жеке кәсіпкерлерге, жалдану шарты негізінде еңбек міндеттерін тұрақты немесе уақытша атқаратын, қызметі өмір мен денсаулыққа зиянды (аса зиянды) және қауіпті (аса қауіпті) факторлардың әсер етуімен байланысты жеке тұлғаларға, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан заңды тұлғаларға (бұдан әрі - жұмыс беруші) қолданылады.

     3. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар:
     1) жеке қорғану құралдары - қызметкерді зиянды және (немесе) қауіпті (аса қауіпті) өндірістік факторлардан қорғауға арналған құралдар;
     2) ұжымдық қорғану құралдары - екі және одан да көп жұмыс істеушілерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардан бір мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар;
     3) санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар мен құрылғылар - гигиеналық, коммуналдық және тұрмыстық мақсаттарда ортақ пайдаланылатын қосалқы үй-жайлар, сондай-ақ ауыз сумен жабдықтау, жуынатын орын, дәретхана және өзге де құрылғылар;
     4) емдеу-профилактикалық құралдар - жуғыш заттар, қызметкер денесінің ашық жерлерін (қолдарын, бетін) химиялық өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған кремдер мен пасталар және өзге де зарарсыздандырғыш заттар.

  2. Жеке, ұжымдық қорғану құралдарымен,
санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен, құрылғылармен
және емдеу-профилактикалық құралдармен
қамтамасыз етудің тәртібі

     4. Қызметкерлерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен жеке, ұжымдық қорғану құралдарымен және емдеу-профилактикалық құралдармен өз есебінен қамтамасыз етуді жұмыс берушілер жүзеге асырады.

     5. Жеке қорғану құралдарының тізбесі жеке және (немесе) ұжымдық шарттармен айқындалады. Жеке қорғану құралдары қызметкерлерді жұмысқа қабылдау не оны басқа жұмысқа ауыстыру кезінде немесе осы құралдарды пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты берілуі тиіс.

     6. Жеке қорғану құралдарын пайдалану мерзімдері күнтізбемен белгіленеді және олар қызметкерге нақты берілген күнінен бастап есептеледі.

     7. Ұйымдарда міндетті түрде құрамына: гардероб, душ, жуынатын, дәретхана, жартылай душтар, ауыз сумен жабдықтау құрылғылары орналасатын орындар, арнайы киімді жылытуға немесе салқындатуға, өңдеуге, сақтауға және беруге арналған бөлмелер кіретін санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар мен құрылғылар болуы тиіс.

     8. Қосымша санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету қажеттілігі ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушінің актісімен белгіленуі мүмкін.

  3. Жеке, ұжымдық қорғану құралдарына және
санитарлық-тұрмыстық үй-жайларға қойылатын талаптар

     9. Ұжымдық қорғану құралдары, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар мен құрылғылар өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және қайта құру кезіндегі, технологиялық процестерді, машиналардың, механизмдердің, жабдықтың және өзге де бұйымдардың конструкциясы ескеріле отырып, "Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының талаптарына және санитарлық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес келуі тиіс (ҚР "Әкімшілік және тұрмыстық ғимараттар" N 3.02.-04.-002 Санитарлық нормалары мен ережелері).

     10. Жұмыс берушілер тек сертификатталған жеке қорғану құралдарын сатып алуы тиіс. Жеке қорғану құралдары киюге ыңғайлы, қозғалуға бөгет жасамайтын болып, қызметкерлердің размерлеріне сәйкес іріктеліп берілуі тиіс.

     11. Қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін немесе қызметкерге байланысты емес себептер бойынша белгіленген мерзімінен бұрын жарамсыз болып қалған арнайы киім мен арнайы аяқ киім ауыстырылуы тиіс.

     12. Маусым басталғанда арнайы киім мен арнайы аяқ киім, олар алдыңғы маусымда берілген қызметкерлерге қайтарылуы тиіс.

     13. Жеке қорғану құралдары (противогаздар, өздігінен құтқарғыштар, сақтандыру белбеушелері, масаханалар, каскалар және өзге де құралдар) жүйелі түрде сынақтан өткізілуге және олардың дұрыстығы тексерілуі тиіс, қорғаныш қасиеттері төмендеген сүзгіштер, шынылар және өзге де бөлшектер уақытында ауыстырылуы керек. Тексерістен кейін жеке қорғану құралдарында келесі сынақ мерзімдері туралы белгі (таңба, мөртабан) қойылуы тиіс.

     14. Қызметкерлерге берілген арнайы киімді, арнайы аяқ киімді және өзге де жеке қорғану құралдарын сақтау үшін жұмыс беруші қызметкерлерге санитарлық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес арнайы жабдықталған бөлмелер (гардеробтар) береді.

  4. Жеке және ұжымдық қорғану құралдарының күтімі

     15. Жұмыс беруші жеке және ұжымдық қорғану құралдарына тиісті күтім ұйымдастырады. Жеке және ұжымдық қорғану құралдарын уақытында профилактикалық өңдеуді, сондай-ақ оларды жөндеуді жүзеге асырады.

     16. Еңбек жағдайлары бойынша қажет болған жағдайда ұйымдарда (цехтарда, учаскелерде және тағы басқаларында) жеке қорғану құралдарын профилактикалық өңдеуге арналған кептіргіштер, камералар және қондырғылар орнатылуы тиіс.

     17. Сақтау кезінде арнайы киім мен арнайы аяқ киім зарарсыздандырылуы, лас пен шаңнан тазартылуы, кептірілуі, жөнделуі тиіс.

     18. Жеке қорғану құралдарын профилактикалық өңдеу және жөндеу қызметкерлер жұмыстан бос болған уақытта (демалыс күндері) немесе ауысымаралық үзілістер кезінде жүргізілуі тиіс.

     19. Егер нормалар бойынша қызметкерлер мен қызметшілерге арнайы киім мен арнайы аяқ киімнің екі немесе үш жинақтамасын беру көзделсе, жеке қорғану құралдарын профилактикалық өңдеу және жөндеу өзге уақытта да орындала алады, ал қызметкерлерге осы уақытқа ауысымдық жинақтамалар беріледі.

     20. Денсаулыққа қауіпті және зиянды (қорғасын, оның қорытпалары мен қоспалары, сынап, этилдендірілген бензин, радиоактивті заттар) заттармен жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке қорғану құралдарын профилактикалық өңдеу қолданыстағы заңдарға сәйкес жүргізілуі тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады