Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.07.2015 № 550 (бірінші ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 19) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы N 1109 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi туралы ереженiң 18-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН: Қараңыз P070000943
1. Қоса берiлiп отырған Негiзгi құралдарға табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қайта бағалау жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң Телекоммуникациялар және аэронавигация саласындағы реттеу мен бақылау департаментi (Е.Ш. Әлиев) заңнамада белгiленген тәртiппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
3. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң Әкiмшiлiк жұмысы және талдау департаментi (Е.О.Есiркепов) осы бұйрық мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн:
1) белгiленген тәртiппен оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсiн;
2) оны Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi мен аумақтық органдарының, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының және табиғи монополиялар субъектiлерiнiң назарына жеткiзсiн.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары А.П.Нефедовқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Төраға
КЕЛІСІЛГЕН:
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің міндетін атқарушы
2005 жылғы 29 шілде
Қазақстан Республикасы Табиғи
монополияларды реттеу агенттігі
төрағасының 2005 жылғы
21 шілдеде N 226-НҚ бұйрығымен
бекітілген
Негiзгi құралдарға табиғи монополия субъектiлерiнiң
қайта бағалау жүргiзу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Негiзгi құралдарға табиғи монополия субъектiлерiнiң қайта бағалау жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Epeжe) Қазақстан Республикасының "Табиғи монополиялар туралы", "Бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы", "Бағалау қызметi туралы" заңдарына сәйкес әзiрленген.
2. Ереженi әзiрлеудiң негiзгi мақсаты негiзгi құралдарға табиғи монополия субъектiлерiнiң (бұдан әрi - Субъект) қайта бағалау жүргiзу қағидаттарын, ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртiбiн айқындау болып табылады.
3. Негiзгi құралдарды қайта бағалауды уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша Субъeкті жүргiзедi.
4. Негiзгi құралдарға қайта бағалау жүргiзу қажеттiлiгiнiң негiздерi:
1) негiзгi құралдардың құнын әдiл құнға сәйкес келтiру;
2) негiзгi құралдардың жасаушы - зауыттың техникалық құжаттамасы бойынша қызмет көрсетудегi нормативтiк мерзiмiнiң iс жүзiнде пайдалану мерзiмiне сәйкес келмеуi;
3) ғылыми техникалық прогрестiң нәтижесiнде iс жүзiнде тозығының жетуi, шаруашылық қызмет талаптарының өзгеруi, экономикалық факторлардың ықпал етуi;
4) негiзгi құралдардың техникалық сипаттамаларының нашарлауына алып келетiн басқа да қолайсыз, көзделмеген факторлардың ықпалы болып табылады.
5. Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
амортизация - қызмет мерзiмi iшiнде активтiң амортизацияланған құнын жүйелi бөлу түрiндегi тозудың құндық көрiнiсi;
амортизацияланған құн - активтiң өзiндiк құны немесе тарату құны шегерiлген, өзiндiк құнының орнына қаржылық есепте көрсетiлген басқа сома;
баланстық құн - негiзгi құралдардың барлық жинақталған амортизациясының және активтiң бағасыздануынан жинақталған зияндардың сомасы шегерiлгеннен кейiн баланста танылған актив сомасы;
тозу - негiзгi құралдар объектiлерiнiң iс жүзiндегi және моральдық сипаттамаларының ысырап процесi:
1) iс жүзiндегi тозу - пайдалану табиғи-климаттық және басқа факторларының ықпалынан күту жағдайларына байланысты тозудан және бүлiнуден туындаған бүлiнулердiң (ақаулардың) салдарынан болған объектi құнының ысырабы;
2) функционалдық тозу - жетiлдiрiлген сәулеттiлiк, көлемдiк жоспарлау, құрастырмалы немесе басқа сипаттамалары бар осы заманғы үй-жайлар мен ғимараттарға тән функцияларды жүзеге асыру мүмкiн болмауының нәтижесiнде бағалау объектiсi құнының ысырабы;
3) экономикалық көнеру - жылжымайтын мүлiк рыногындағы өзгерiстердiң нәтижесiнде қоршаған ортаның ықпалының салдарынан (экономиканың жай күйiне, демографиялық жағдайға тұтынушылардың төлем қабiлеттiлiгiне және басқа да өңiрлiк факторларға негiзделген рынокта қалыптасқан ұсыныстардың сұранысы мен көлемiнiң ара-қатынасы) болған объект құнының ысырабы;
құзыреттi орган - тиiстi саладағы Субъектiнiң қызметiн реттеудi жүзеге асыруға уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк орган, коммуналдық меншiктегi не су шаруашылығы және (немесе) кәрiз жүйелерi қызметтерiн көрсететiн Субъект үшiн - жергiлiктi атқарушы органдар;
негiзгi құралдар - субъект өнiмдi (тауарларды, жұмыстарды, қызметтердi) өндiру немесе дайын өнiмдi (тауарларды, жұмыстарды, қызметтердi) жеткiзiп беру, басқаларға жалға беру үшiн немесе әкiмшiлiк мақсаттар үшiн және оларды уақыттың ұзақ кезеңi (бiр жылдан астам) iшiнде пайдалану болжанып отырған пайдаланылатын материалдық активтер;
бағалаушы - бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
бастапқы құн - негiзгi құралдарды салу немесе сатып алу жөнiндегi, төленген өтелмейтiн салықтар мен алымдарды, сондай-ақ жеткiзiп беру, монтаждау, орнату, пайдалануға беру жөнiндегi шығындар мен оны мақсаты бойынша пайдалану үшiн активтi жұмыс қалпына келтiруге тiкелей байланысты кез-келген басқа да шығындарды қоса, жүзiнде жұмсалған шығындардың құны;
пайдалы қызмет мерзiмi - негiзгi құралдарды пайдаланудан экономикалық пайда алу болжанып отырған кезең;
өзiндiк құн - ақша қаражаттарының сомасы, не активтi сатып алу мақсатында оны сатып алу немесе салу сәтiнде берiлген басқа өтемнiң әдiл құны;
әдiл құн - осындай операцияны жасауға ниеттенген жақсы хабардар етiлген, тәуелсiз тараптар арасында актив алмасылуы мүмкiн сома;
нормативтiк қызмет мерзiмi - Субъект техникалық құжаттамаға сәйкес негiзгi құралдардың пайдаланылу мерзiмiн айқындайтын кезең;
ағымдағы құн - белгiлi бiр күнге арналған қолданыстағы рынок бағалары бойынша негiзгi құралдардағы құны.
2. Негiзгi құралдарға қайта бағалау жүргiзу әдiстерi
6. Негiзгi құралдарды қайта бағалау шығындық, табыстық және салыстырмалы көзқарастардың негiзiнде ұқсас объектiлердi ұдайы өндiруге нарықтық бағалар мен тарифтердi қайта бағалау кезiнде қолда барларға сүйене отырып негiзгi құралдардың әдiл құнын айқындауға негiзделген тiкелей бағалау әдiсiмен жүзеге асырылады.
7. Шығындық көзқарас негiзiндегi тiкелей бағалау әдiстерi - Бағалау объектiсiн тозудың барлық түрлерiн шегере отырып толық ұдайы өндiру немесе орнын алмастыру құнын айқындау әдiстерi. Негiзгi құралдарды ұдайы өндiру тәсiлiне орай өзара байланысты әдiстермен айқындалатын оларды қалпына келтiру құны немесе орнын алмастыру құны деп бөледi:
1) сандық әдiс (кезеңдiк есеп айырысу) - бiрыңғай аудандық бiрлi-жарым бағалау (БАББ) жинақтарын, сметалық нормалар және ережелер (СНжәнеЕ), сметалық нормалар және бағалау (СНжәнеБ) және тозу ескерiлген басқа нормативтердi пайдалану негiзiнде ұдайы өндiру немесе орнын алмастыру құнын айқындау;
2) құнның iрiлендiрiлген қорытындыланған көрсеткiштерiнiң әдiсi - ұдайы өндiру немесе орнын алмастыру құнын ұқсас объектiлердi сату туралы ұсыныстарды қорытындылау жолымен немесе iрiлендiрiлген сметалық нормативтер (IНС), қалпына келтiру құнының iрiлендiрiлген көрсеткiштерi (ҚҚIК), құрылыс құнының iрiлендiрiлген көрсеткiштерi (ҚҚIК) жинақтары мен тозуы шегерiлген басқа нормативтердi қолдану негiзiнде айқындау;
3) салыстырмалық бiрлiк әдiстерi - құнның өлшем бiрлiгi бағаланып отырған тұтыну пайдалылығының бiрыңғайлық көрсеткiшi болып табылады;
4) ұқсас объектiлер әдiсi - бағаланып отырған объектiнiң құны тiкелей ұқсас объектiнiң құны бойынша айқындалады, ал қажет болған жағдайда түзету олардың сындарлы айырмашылықтарының жиынтығы бойынша орындалады;
5) Бағалау қызметi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әдiстер.
8. Салыстырмалы көзқарастың негiзiнде тiкелей бағалау әдiсi - ұқсас объектiлердi сату бойынша мәмiлелердi талдауға және тиiстi түзетулер жүргiзу үшiн бағалау объектiсiмен салыстыруға негiзделген әдiстер:
1) сатудың салыстырма талдау әдiсi - бағалау объектiсiнiң құнын жуырда сатылған ұқсас объектiлердiң, олардың арасындағы айырмашылықты ескеретiн құнын түзету жолымен айқындау;
2) рыноктық ақпарат әдiсi - жылжымайтын объектiнiң құнын бағаланып отырған объектiнiң орналасқан жерiн ескере отырып, рынокта қалыптасқан жылжымайтын мүлiкке ұсыныстар мен сұраныс туралы ақпаратты талдау жолымен айқындау;
3) Бағалау қызметi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әдiстер.
9. Табыс көзқарасы негiзiнде тiкелей бағалау әдiстерi жылжымайтын мүлiк объектiсiнiң, оны болашақта пайдаланудан алынатын күтiлетiн табыстарды айқындауға негiзделген құнын айқындау әдiстерi:
1) тiкелей капиталдандыру әдiсi - құнды табыстың тұрақты шамасы, бастапқы инвестициялардың болмауы, капитал мен табысты капиталға қайтарудың бiр мезгiлдегi есебi кезiнде жылжымайтын мүлiк объектiсiнiң тұрақты пайдаланылуын сақтау талаптарына сүйене отырып айқындау;
2) ақша ағындарын дисконттау әдiсi (дисконтталған қолда бар ағын әдiсi) - құнды объектiнi пайдалануға байланысты тәуекел дәрежесiне орай ақша ағындарын өзгерту және әркелкi түсу талаптарына сүйене отырып айқындау;
3) Бағалау қызметi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әдiстер.
10. Негiзгi құралдарды тiкелей бағалау әдiсiмен қайта бағалауды заңнамада белгiленген тәртiппен тартылған тәуелсiз бағалаушылар жүргiзедi.
3. Негiзгi құралдарға табиғи монополиялар субъектiлерiнiң
қайта бағалау жүргiзу мерзiмдерi
11. Негiзгi құралдарды қайта бағалауды Субъектi он екi айда бiр реттен жиi емес жүргiзедi.
4. Негiзгi құралдарға тiкелей бағалау әдiсiмен қайта
бағалау жүргiзу талаптары мен нәтижелерiн
уәкiлеттi органмен келiсу тәртiбi
12. Ереженiң 4-тармағында баяндалған негiздер бойынша қайта бағалау жүргiзу қажеттiгi пайда болған жағдайда, Субъектi негiзгi құралдарға қайта бағалау жүргiзу келiсiмiн алу үшiн уәкiлеттi органға негiздеушi материалдарды:
1) қайта бағалау жүргiзу қажеттi негiзгi құралдардың тiзбесiн;
2) мүлiкке құқық белгiлейтiн құжаттарды: мүлiкке меншiк құқығын растайтын шартты және (немесе) шешiмдi, жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктердiң көшiрмелерiн, Субъектiнiң басшысы мен бас бухгалтерi қол қойған, мөрмен расталған бухгалтерлiк баланстан алынған көшiрме-растауды (көшiрме негiзгi құралдардың атауын, үлгiсiн, түрiн, пайдалануға берiлген күнiн, қызметтiң пайдалы мерзiмiн, бастапқы, қалдық құнын қамтуға тиiс), мүлiкке деген меншiк құқығын растайтын өзге де құжаттарды;
3) негiзгi құралдарға олардың жай-күйiн көрсете отырып қайта бағалау жүргiзудiң негiздемесiн;
4) техникалық көрсеткiштердiң техника мен технологияларды дамытудың осы заманғы деңгейiне сәйкестiгiн;
5) Субъектiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн талдауды және өткен кезеңдер iшiндегi түсiндiрме жазбаны тiркей отырып, өтiнiш жолдайды.
13. Уәкiлеттi орган өтiнiштi отыз күннен кешiктiрмей қарайды және Субъектiнi негiзгi құралдарды қайта бағалау рәсiмдерiн бастауға келiсу бойынша қабылданған шешiм туралы немесе бас тарту себептерiнiң негiздемесi бар келiсуден бас тарту туралы жазбаша хабардар етедi.
14. Қайта бағалау жүргiзу жөнiндегi қызметтердi сатып алу жүргiзiлгеннен және бағалаушы шартты орындағаннан кейiн Субъектi уәкiлеттi органға:
1) қайта бағалауға тап болған негiзгi құралдардың олардың бастапқы және қайта бағаланған құнын көрсетiлген тiзбесiн қамтитын негiзгi құралдарға жүргiзiлген қайта бағалаудың қорытындыларын;
2) бағалаушының бағалай қызметi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптасқан есебiн;
3) тарифтi (бағаны, алым ставкасын) өзгертуге қайта бағалау әсерiнiң есебiн ұсынады.
15. Уәкiлеттi орган қайта бағалау материалдарын алған күннен бастап оларды отыз күннен кешiктiрмей қарайды және Субъектiнi негiзгi құралдарды қайта бағалау рәсiмдерiн бастауға келiсу бойынша қабылданған шешiм туралы немесе бас тарту себептерiнiң негiздемесi бар келiсуден бас тарту туралы жазбаша хабардар етедi.
16. Егер шешiм қабылдау үшiн қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, уәкiлеттi орган Субъектiден оны сұратуға және материалды қарау мерзiмiн ұзарту туралы хабарламамен бiрге мұндай сұрату өтiнiш алған күннен бастап он бес күннен кешiктiрмей Субъектiге жiберiлген жағдайда, қарау мерзiмiн отыз күнге ұзартуға құқылы.
17. Уәкiлеттi органға ұсынылатын құжаттар мен ақпараттар тiгiлуге, нөмiрленуге және Субъектiнiң мөрiмен расталуға, материалдардың әрбiр парағына бiрiншi басшы не болмаса тиiстi растауы болған жағдайда оны алмастыратын тұлға, ал қаржы құжаттарына бас бухгалтер қол қоюға тиiс.
18. Ұсынылып отырған құжаттар түпнұсқада немесе олардың көшiрмелерi болуға тиiс, соңғы жағдайда қол қойған басшы олардың шынайылығы мен толықтығын жазбаша растауға тиiс.
19. Уәкiлеттi орган қайта бағалау жүргiзу және негiзгi құралдарға қайта бағалау жүргiзу рәсiмдерiн бастауға келiсiм беруден, егер:
1) Субъектi барлық қажеттi құжаттарды ұсынбаған не ұсынылған құжаттағы ақпарат шынайы болып табылмаған;
2) Субъектi уәкiлеттi орган сұратқан қосымша ақпаратты ұсынбаған жағдайда бас тартуға құқылы.
20. Қажет болған жағдайда, уәкiлеттi орган ұсынылған материалдарды қарау кезiнде сарапшылар тартуға құқылы.