Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырудың және 2005 жылғы 4 желтоқсанға хабарланған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз етудің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005 жылғы 16 қыркүйектегі N 17/38 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 24 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 3848. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2007 жылғы 27 маусымдағы N 91/183 қаулысымен.

  ------------Қаулыдан үзінді------------------

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңның 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қосымшаға сай Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кейбір қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
      2. ....
      3. ....
      
      Төраға
      
      Хатшы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының күші жойылған қаулыларының тізбесі

      1. ....
      2. ....
      3. ....
      4. ....
      5. ....
      6. "Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырудың және 2005 жылғы 4 желтоқсанға хабарланған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз етудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 16 қыркүйектегі N 17/38 қаулысы (Мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізіліміне 2005 жылғы 24 қыркүйекте тіркелген, тіркеу N 3848).

----------------------------------------------

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы  Конституциялық заңының  12, 27 және  28-баптарының  негізінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырудың және 2005 жылғы 4 желтоқсанға хабарланған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз етудің ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы басшылыққа алу үшін облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларына жіберілсін.
      3. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы
      Мәдениет, ақпарат және
      спорт министрі

      2005 жылғы 23 қыркүйек

Қазақстан Республикасы      
Орталық сайлау комиссиясының   
2005 жылғы 16 қыркүйектегі    
N 17/38 қаулысымен бекітілген  

  Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары
арқылы іске асырудың және 2005 жылғы 4 желтоқсанға
хабарланған Қазақстан Республикасы Президентінің
сайлауын ақпараттық қамтамасыз етудің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының  Конституциялық заңына  (бұдан әрі - Конституциялық Заң), "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың Қазақстанның аумағында таратылатын және Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі уәкілетті органының есебінде тұрған бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру тәртібін реттейді.

      2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету - сайлаушыларды сайлау науқанын әзірлеу және өткізу барысы туралы, сайлау алдындағы үгітті қоспағанда, жедел және кеңінен хабардар етуге бағытталған шаралар кешені;
      сайлау алдындағы үгіт - сайлаушылардың белгілі бір Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты (бұдан әрі - кандидат) жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткі болу мақсатындағы қызмет;
      сөз сөйлеу - кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасы баяндалған сайлаушыларға жеке өтініші;
      саяси пікір-сайыстар - екі және одан көп кандидаттардың түрлі қоғамдық маңызды мәселелер бойынша, оның ішінде жария пікірлер алмасу барысында айтылған кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларына қатысты мәселелердің кең шеңбері бойынша жария пікірлер алмасуы.

  2. Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат
құралдары арқылы іске асырудың тәртібі

      3. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты жақтап немесе қарсы кедергісіз сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.

      4. Саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз қызметі туралы ақпарат таратуға және өз мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға құқылы.
      Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сайлау алдындағы үгіт деп:
      1) кандидаттарды жақтап немесе қарсы дауыс беру үндеулерін;
      2) сайлаушының қандай да бір кандидаттарға қатысты артықшылық жасауын, атап айтқанда, кандидаттардың қайсысына дауыс беретінін көрсетуін;
      3) кандидаттарды сайлаудың немесе сайламаудың мүмкін салдарларын сипаттауды;
      4) қандай да бір кандидаттар туралы жағымды не жағымсыз түсіндірмелер қоса берілген анық басым мәліметтерді қамтитын бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын шығару (эфирге шығу) жөніндегі қызмет танылады.

      5. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды Конституциялық заңға сәйкес белгіленген тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс беруді өткізген кезде сайлау алдындағы үгіт қайтадан дауыс беру күні тағайындалған күннен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
      Кандидаттарға сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуінің тең жағдайына кепілдік беріледі.

      6. Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні үгіт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға (эфирге шығаруға) тыйым салынады.
      Web-сайттарда орналастырылған үгіт материалдарын сайлау күні және оның қарсаңындағы күні өзгеріссіз сақтауға болады.

      7. Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидаттардың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспа басылымының таралымы барлық кандидаттар үшін бірдей болуға тиіс.
      Сайлау қорының қаражатынан төленген қаражат есебінен тегін таратылатын саяси партиялардың және басқа да қоғамдық бірлестіктердің мерзімді баспа басылымдарынан басқа мерзімді баспа басылымдарының тегін таратылуына тыйым салынады.

      8. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларын жариялаудан (эфирге шығарудан), егер олар Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құралымдар құру идеяларын уағыздаудан бас тартады.

      9. Бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының лауазымды тұлғалары кандидаттардың олардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқандары үшін, Конституциялық заңның  29-бабында  көрсетілген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, жауап бермейді.

      10. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы материалында кандидаттың абыройына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат болған жағдайда, кандидаттардың үгіт материалдарын жариялаудан (эфирге шығарудан) бас тартады. Осы материалды ұсынған кандидат редакцияның талабы бойынша онда қамтылған жоғарыда көрсетілген сипаттағы ақпаратты растайтын құжаттарды тапсырады.
      Үгіт материалдарын жариялаудан (эфирге шығарудан) бас тартуға заңдарда белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
      Қандай да бір адамның бейнесін - оның жазбаша келісімінсіз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келісімінсіз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады.

  3. Кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларымен
мемлекет қаржыландыратын сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты
мен баспасөз бетінен орын беру тәртібі

      11. Мемлекет кандидаттарға (жазбадағы) өз бағдарламаларымен, тиісті сайлау округінің аумағын қамтуды қамтамасыз ететін, облыстық мемлекеттік теле- және радио компаниялары мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес аймақтық теле- және радио компанияларының эфирінен теледидардан он бес минут және радиодан он минут көлемінде сөз сөйлеуіне бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді.
      Мемлекет кандидаттарға мерзімді баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялауына бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді. Баспа табақ деп форматы 60х90 см, көлемі 5400 см қағаз бетті түсіну керек. Көлемі 0,1 баспа табақ 540 см 2  көлемге тең болады, яғни форматы А-2 газет бетінің 1/4 құрайды.
      Осы тармақтың бірінші және екінші бөлімдеріне сәйкес кандидаттардың үгіт материалдары орналастырылатын бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі уәкілетті органымен келісе отырып, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

      12. Кандидаттарға өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін эфир уақытын және мерзімді баспа басылымдар бетінен орын беру үшін кандидаттың куәлігі мен шығуын (эфирге шығуын) жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралы басшысының атына жеке жазбаша өтініші не кандидат уәкілдік берген заңды немесе жеке тұлғаның қажетті растайтын құжаттар қоса берілген өтініші негіз болып табылады.

  4. Тіркелген кандидаттарға шарттық негізде эфир
уақытын, баспасөз бетінен орын беру тәртібі

      13. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары тіркелген кандидаттарға шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын береді. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру туралы шарттың талаптары белгілі бір кандидатқа артықшылық туғызбауға тиіс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзімдік баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейінгі оныншы күннен кешіктірмей хабарлауға және жариялауға тиіс, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына беруге тиіс.
      Егер бұқаралық ақпарат құралының редакциясы эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді  Конституциялық заңда  белгіленген мерзімде жарияламаса, онда ол кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлу туралы шарт жасаса алмайды.

      14. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы кандидаттардың біріне эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге берген келісімі басқа да кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге келісім беруі болып табылады.

      15. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен не егер өтініштер бір мезгілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді. Кандидаттар жазбаша өтініштерінде өздерінің сөйлеуінің болжаулы күнін, уақытын көрсетеді. Осы ұсыныстардың негізінде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттарға эфир уақыты мен баспа орындарын берудің кестесін белгілейді.

      16. Кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кестесін бұқаралық ақпарат құралының редакциясы әзірлейді. Осы кестеге жарнамалық макеттерді, жарнамалық роликтер мен кандидаттардың өзге де үгіт материалдарын жариялау да енгізіледі. Кандидаттардың сөздерін шығарудың (эфирге шығарудың) күні мен уақыты көрсетілетін кестенің көшірмесі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.

      17. Кандидаттардың теледидар мен радиода сөйлеп жатқан сөздерін бөлуге және сөйлеген сөздеріне дәл сол күні іле-шала, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарындағы сөздеріне сол нөмірде түсініктеме жасауға тыйым салынады.

      18. Мерзімді баспа басылымдарының, теле- және радио хабарларын тарататын ұйымның кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті мазмұндалған барлық жарияланымдары қаржыландырудың көздері туралы ақпаратты қамтуға тиіс. Хабарландыру тәсілін бұқаралық ақпарат құралы редакциясының өзі белгілейді.

      19. Кандидаттардың үгіт материалдарының шығу (эфирге шығу) құны кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленеді.
      Құны кандидаттың сайлау қорынан өзге қаражат есебінен төленген кандидаттардың үгіт материалдарын шығаруға (эфирге шығуға) жол берілмейді.

  5. Сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары
арқылы ақпараттық қамтамасыз ету

      20. Сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуді мемлекеттік билік органдары, сайлау комиссиялары, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

      21. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың мерзімді баспа басылымдарының редакциялары сайлау комиссияларының хабарларын, "Орталық және жергілікті атқарушы органдардың мерзімді баспа басылымдарында кандидаттар жайлы деректер мен сайлау комиссияларының хабарларын жариялаудың тәртібі және көлемі туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2004 жылғы 5 тамыздағы N 121/152 қаулысында белгіленген тәртіппен және көлемде сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректерді жариялайды.
      Осы хабарлар мерзімді баспа басылымының бір нөмірінде, ал едәуір көлемді болса - басылымға қосымша ретінде жариялануға тиіс.

      22. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың мерзімді баспа басылымдарының редакциялары тиісті сайлау комиссияларына сайлау науқанының барысы туралы ақпаратты және Конституциялық Заңда белгіленген хабарларды кідіріссіз жариялауға мүмкіндік туғызады.
      Ақпарат оны кейіннен жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарының редакцияларына баспа өнімінің келесі нөмірі шығатын күннің алдындағы күнгі сағат 15-ке дейін жіберілуі тиіс.
      Осы хабарлар мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарында, олардың редакциялары келісімін берсе, жариялануы мүмкін. Бұл жағдайда жариялау тиісті сайлау комиссиясы берген көлемде жүзеге асырылады.

      23. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттардың сайлау науқанын объективті түрде жариялауды жүзеге асырады; кандидаттың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болады; өтініш келіп түскеннен кейін мерзімді баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат ішінде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғауы үшін теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік береді.
      Өтінішке таратылған материалдар кандидаттың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп тану туралы соттың шешімінің көшірмесі қоса берілуі тиіс.
      Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттың сайлау науқанын жария еткен кезде кандидаттардың қызметі туралы жариялауда олардың ешқайсысына артықшылық туғызбай, теңдік және тепе-теңдік принциптерін басшылыққа алады.

      24. Ақпараттық теле- және радиохабарларда, жарияланымдарда, мерзімді баспа басылымдарында сайлау алдындағы іс-шараларды өткізу туралы хабарлар қандай болмасын белгілі бір кандидатқа артықшылық берусіз не алалаусыз берілуге тиіс.
      Артықшылық беру немесе алалау деп нақты кандидат туралы мерзімді баспа басылымының жеке нөміріндегі көлемі бойынша басым, жеке теле-радиохабардағы көлемі бойынша басым және арнайы әсерлермен ерекшелендірілген оң да, келеңсіз де сипаттағы хабарларды, жаңалықтар дикторының мәтініне кандидаттарды бағалауды, оларға үндеулер мен өтініштер енгізу деп түсінген лазым.

      25. Кандидаттар не олардың сенім білдірген адамдары болып тіркелген журналистердің, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
      Егер бұқаралық ақпарат құралының бас редакторы (редакторы) кандидат не сенім білдірілген адам болып табылса, оның өкілеттіктері сайлау кезеңіне басқа жауапты тұлғаға тапсырылады.

      26. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары сұрау салуды жүргізген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
      Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді дауыс берілетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні жариялауға жол берілмейді.
      Қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелері Интернеттің қазақстандық бөлшегіндегі жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық-телекоммуникациялық желілердің web-сайттарында жарияланған кезде, осы талап web-сайттың редакциясы орналастырған редакциялық материалдарға, сондай-ақ авторлық жарияланымдарға қолданылады.

  6. Осы ереженің сақталуын бақылауды ұйымдастыру

      27. Осы Ережені кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының және олардың қызметкерлерінің сақтауын бақылауды Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

      28. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы сайлау алдындағы үгіт материалдарының жариялануына, эфирге шығуына есеп жүргізеді. Сайлау комиссиясынан сұрау салу түскен жағдайда бұқаралық ақпарат құралының редакциясы сұрау салынған күннен бастап үш күннің ішінде жазбаша ақпарат, қажет болған жағдайда сұрау салынған материалдардың көшірмелерін ұсынады.

      29. Сайлау алдындағы үгіт материалдарын қамтитын теле- және радиохабарларының жазбалары, мерзімді баспа басылымдарының даналары "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес тиісті бұқаралық ақпарат құралының редакциясында сақталады.

      30. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға, хабарларға байланысты даулар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес қаралады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады