Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қағидасын және жасыл екпелерді ұстау, елді мекендер аумақтарын көріктендіру Қағидасын бекіту туралы.

Жаңа

Павлодар облысы Павлодар аудандық мәслихатының 2005 жылғы 18 наурыздағы N 13/66 шешімі. Павлодар облысының әділет департаментінде 2005 жылғы 27 сәуірде N 3012 тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Заңының 6 бабының 1 тармағының 8) тармақшасына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШIМ етедi:
      қоса берiлген табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған кезде қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қағидасы және жасыл екпелердi ұстау, елдi мекендер аумақтарын көрiктендiру қағидасы бекiтiлсiн.

      Сессия  төрағасы Т. Қайтаев

      Мәслихат хатшысы Б. Оралов

Павлодар аудандық мәслихатының      
(3 сайланған 13 сессиясы)        
2005 жылғы 18 наурыздағы N 13/66    
"Павлодар ауданының аумағында табиғи   
және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
кезiндегi қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiк
қағидалары туралы" шешiмiмен      
бекiтiлген             

Павлодар ауданының аумағында табиғи және
техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiндегi
қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiк
қағидалары

      Осы қағида Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Заңының, Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 5 шiлдедегi "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Заңының, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы" Кодексiнiң және олардың нормативтiк талаптарының негiзiнде әзiрленген, халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлар мен олар туғызған зардаптардан қорғау тәртiбiн белгiлейдi.

1. Жалпы ережелер

      Бұл қағидада мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      Төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына әкелiп соққан немесе әкелiп соғуы мүмкiн, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге нұқсан келтiрген немесе келтiруi мүмкiн, халықты едәуiр дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тiршiлiк жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкiн авария, зiлзала немесе апат салдарынан белгiлi бiр аумақта туындаған жағдай;
      Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар - дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, көшкiн, су тасқыны және басқалар), табиғи, өрт, iндеттер мен малдың жұқпалы аурулары, ауылшаруашылық өсiмдiктерiнiң және ормандардың кеселдерi мен зиянкестерi арқылы зақымдануы туғызатын төтенше жағдайлар;
      Техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар - өнеркәсiп, көлiк авариялары және басқа да авариялар, өрт (жарылыс), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық жағынан қауiптi заттарды тарататын (тарату қаупi бар) авария, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бүгендердiң бұзылуы, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр-энергетика және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авария туғызған төтенше жағдайлар;
      Төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай туындаған белгiлi бiр аумақ.
      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар таралу ауқымына қарай:
      объектiлiк (зардаптардың таралуы қондырғы, цех, объектімен шектелген);
      жергiлiктi (зардаптардың таралуы пункт, аудан, облыспен шектелген) болып бөлiнедi;
      Авария - технологиялық процестiң бұзылуы, механизмдердiң, жабдықтар мен ғимараттардың зақымдануы;
      Зiлзала - төтенше жағдайдың пайда болуына әкелiп соққан жойған құбылыс;
      Төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргiзiлетiн және төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiн мүмкiн болғанынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмiрiн сақтауға, залал мен материалдық шығын мөлшерiн кемiтуге бағытталған шаралар кешенi.
      Төтенше жағдайларды жою - төтенше жағдайлар пайда болған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн сақтап, денсаулығын қорғауға, залал мен материалдық шығындар көлемiн азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағының одан әрi таралмауына бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтiру жұмыстары мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстар.

2. Халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғаудың  негiзгi принциптерi

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғаудың негiзгi принциптерi мыналар:
      1) жариялылық және халық пен ұйымдарды болжанып отырған және пайда болған төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шаралар туралы хабардар ету;
      2) егер ұйымдар мен азаматтардың қызметi ықтимал қауiп туғызатын болса, оның қатер төндiру және зиян келтiру деңгейiн алдын ала анықтау, халықты қорғаныс әдiстерiне үйрету және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жүзеге асыру;
      3) төтенше жағдайларды жою жөнiндегi құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу мiндеттiлiгi, шұғыл медициналық жәрдем көрсету, халықты және зардап шеккен қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау, төтенше жағдайлар салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келген зиянды өтеу болып табылады.

3. Ұйымдардың мiндеттерi

      Меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, ұйымдар табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      1) өз жұмысының орнықтылығын арттыру және қызметкерлер мен халықтық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жоспарлап, өткiзуге;
      2) төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi туралы немесе пайда болуы туралы белгiленген тәртiппен ақпарат берiп отыруға, қызметкерлер мен халықты бұл жөнiнде хабардар етуге;
      3) қызметкерлерге төтенше жағдайлар кезiнде әскерилендiрiлмеген құрылымдар құрамында қорғану және әрекет ету әдiстерiн үйретуге, төтенше жағдайлар туралы хабардар ететiн жергiлiктi жүйе құрып, оны үнемi әзiрлiкте ұстауға;
      4) қарауындағы өндiрiстiк және әлеуметтiк мақсаттағы объектiлерде, соларға iргелес аумақтарда бекiтiлген жоспарларға сәйкес қорғану шараларын құтқару, авариялық-қалпына келтiру және төтенше жағдайларды жою жөнiндегi басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге;
      5) заңдарда көзделген реттерде, төтенше жағдайлардың салдарынан қызметкерлер мен басқа да азаматтарға келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлар жойылғаннан кейiн қоршаған ортаны сауықтыру, ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық қызметiн қалпына келтiру шараларын жүзеге асыруға мiндеттi.
      Ұйымдардың басшылары төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шаралардың, арнайы уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдардың мiндеттi күшi бар нұсқамаларының орындалуына дербес жауап бередi.

4. Халықтың құқықтары мен мiндеттерi

      Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      1) Қазақстан Республикасы аумағындағы белгiлi бiр жерлерде болғанда өздерi душар болуы мүмкiн қатер туралы және қажеттi қауiпсiздiк шаралары туралы хабардар болуға;
      2) азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi төтенше жағдайлардан және олар тигiзетiн зардаптардан қорғау мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей жүгiнуге, жеке және ұжымдық үндеулер жолдауға;
      3) төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларға қатысуға, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын, азаматтарды қорғауға арналған басқа да мүлiктi пайдалануға;
      4) төтенше жағдайлар пайда болған ретте өмiрiн, денсаулығын және жеке мүлкiн қорғауға;
      5) мiндеттi мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандырылуға, төтенше жағдайларды жою барысындағы мiндеттердi орындау кезiнде өздерiнiң денсаулығына келтiрiлген залал үшiн өтемақылар мен жеңiлдiктер алуға;
      6) зақым алуына немесе ауруға шалдығуына байланысты еңбек ету қабiлетiнен айырылған, зақымданудан немесе аурудан қаза тапқан немесе қайтыс болған асыраушысынан айырылған жағдайда, егер олар төтенше жағдайларды жою жөнiндегi мiндеттерiн атқару салдарынан болса, зейнетақымен қамсыздандырылуға;
      7) төтенше жағдайлар салдарынан өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалды өтеуге құқығы бар.
      Қазақстан Республикасының азаматтары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында:
      1) Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар және азаматтарды, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлердi олардан қорғау саласындағы заңдарын сақтауға;
      2) төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн авария, зiлзала және апат жайында тиiстi органдарды хабардар етуге;
      3) тұрмыста, күнделiктi еңбек және шаруашылық қызметiнде қауiпсiздiк шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк және технологиялық тәртiптiң, қауiпсiздiк талаптарының бұзылуына жол бермеуге;
      4) азаматтық қорғаныс дабылдарын, төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi төнген немесе олар пайда болған кезде жүрiп-тұрудың белгiленген ережелерi мен iс-қимыл тәртiбiн бiлуге, негiзгi қорғану әдiстерiн, зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету тәсiлдерiн, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану ережелерiн үйренуге, өздерiнiң осы бiлiмi мен практикалық дағдыларын ұдайы жетiлдiрiп отыруға;
      5) төтенше жағдайларды жою жөнiнде өткiзiлетiн оқу-жаттығуларға қатысуға, халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргiзушi объектiлердi қорғау құралдарына ұқыпты қарауға мiндеттi.

5. Қорғану шаралары

      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған кезде қатер төнуiн, шығындар мен залалды мүмкiн болғанынша барынша азайту үшiн мынадай қорғану шаралары жүзеге асырылуға тиiс:
      1) сейсмикалық жағынан берiк құрылыстар салу және үйлер мен ғимараттардың сейсмикалық берiктiгiн күшейту;
      2) гидротехникалық және инженерлiк-геологиялық қорғану шаралары;
      3) көлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және көлiкте төтенше жағдайларды болғызбау үшiн коммуникациялар жүйелерiн жетiлдiру;
      4) қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi қорғану шаралары;
      5) өрттерге (жарылыстарға), iндеттер мен малдың жұқпалы ауруларына, ауылшаруашылық өсiмдiктерi мен ормандардың кеселдермен және зиянкестермен зақымдануына жол бермеу шаралары;
      6) арнайы уәкiлдiк берiлген органдардың мiндеттi күшi бар нұсқамаларында көздеген басқа да шаралар.
      Жағдайды тез арада тұрақтандыру, заңдылық пен құқық тәртiбiн қамтамасыз ету, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге жағдай жасау мақсатында табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимi енгiзiлуi мүмкiн.
      Төтенше жағдай режимi енгiзiлген кезде басқарудың ерекше түрлерiнiң белгiленуi, азаматтардың жекелеген құқықтары мен бостандықтарының шектелуi, Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген басқа да шаралардың қолданылуы мүмкiн.
      Төтенше жағдайлар пайда болған және төтенше жағдай жарияланған кезде:
      кіру және шығу режимiн бұзуға;
      жиналыс, митинг, шерулер мен демонстрациялар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және де басқа көпшiлiк iс-шаралар өткiзуге;
      ереуiлдер өткiзуге;
      карантин және мiндеттi санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар талаптарын орындамауға:
      байланысты пайдаланудың ережелерiн бұзуға;
      коменданттық мезгiл кезiнде арнайы берiлген рұқсатнама мен жеке басының куәлiгiнсiз жүрген азаматтарды табуға;
      көлiк қозғалысы шектеулерiн бұзуға тыйым салынады.

6. Жауапкершiлiк

      Осы қағидаларды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Кодексiнiң  362, 363 баптарына сәйкес жауапкершiлiкке тарту қарастырылған.

7. Ереже қорытындылары

      Осы қағидамен реттелмеген мәселелер заңнамамен белгiленген тәртiп бойынша шешiледi.

Павлодар аудандық мәслихатының
(3 сайланған 13 сессиясы)  
2005 жылғы 18 наурыздағы N 13/66
"Павлодар ауданының елдi   
мекендерiн көрiктендiру   
қағидалары туралы" шешiмiмен 
бекiтiлген         

Павлодар ауданының елдi мекендерiн көрiктендiру
қағидалары

     Осы қағида Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы", "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Заңдарының және олардың нормативтiк талаптарының негiзiнде әзiрленген, елдi мекендердiң санитарлық жағдайы мен көрiктендiру талаптарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiкке тартылуды, сыртқы жарықтандыру объектiлерiнiң, жасыл екпелердiң, ғимараттар мен басқа инфрақұрылым объектiлерiнiң жағдайын айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Бұл қағидада мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аймақты көрiктендiру - адамның елдi мекен аумағында қолайлы өмiр сүруiн қамтамасыз ететiн жұмыстар мен элементтер кешенi;
       2) инженерлiк желiлер мен құрылыстар - халықты және кәсіпорынды жылумен, сумен, электр энергиясымен, сондай-ақ елдi мекен аумақтарынан жер үстi суларын жинау мен бөлу үшiн арналған елдi мекендердi көрiктендiрудiң маңызды элементi;
      3) жасыл екпелер - санитарлық-гигиеналық жағдайды және көрiктендiру мен сәулеттiк-ландшафттық рәсiмдеудiң (газондар, гүлзарлар, ағаштар, бұталар) деңгейiн арттыруды қамтамасыз ететiн елдi мекеннiң жоспарлы шешiмiнiң элементi;
      4) жер жұмыстары - аумақтардың жерлерiн жырту, жер бетiн алу, қайта жабу, котловандар әзiрлеу;
      5) жер пайдаланушы - жер учаскелерiн пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
      6) үй иесi - жеке меншiгiнде үй құрылысы бар заңды немесе жеке тұлға;
      7) бөлiнген аумақ - жер пайдаланушыға тиiстi уәкiлеттi органдардың шешiмiне сәйкес оның қарамағындағы объектiлердi (ғимараттар, көлiк магистралi және басқалар) орналастыру үшiн меншiкке немесе пайдалануға берiлген жер учаскесi;
      8) бекiтiлген аумақ - уәкiлеттi органның күту және қызмет көрсету үшiн заңды немесе жеке тұлғаға бекiтiлген жер учаскесi;
      9) көше - жүру жолы, тротуар, жасыл екпелер, аялдамалар, жер асты және жер үстi инженерлiк желiлер орналасқан аумақ;
      10) қоғамдық орын - жалпы пайдаланымдағы демалу орындары (саябақ, жағажай және басқалар), алаңдар, гүлзарлар және басқалар;
      11) құрылмаған аумақ - жобалаудың негiзгi нысандарын қолдануды шектейтiн жер үстi және жер асты құрылыстарының түрлерi жоқ аумақ;
      12) уәкiлеттi мемлекеттiк аумақ - Павлодар ауданының қала құрылысы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi.   

2. Елдi мекендердiң аумақтарын тазалау тәртiбi

      2. Үнемi тазалық пен тәртiптi сақтау мақсатында,  меншiк нысанына тәуелсiз ұжымдар мен кәсiпорындардың, сондай-ақ жеке үй иеленушiлердiң бекiтiлген аумақты тазартуға қатысуларын мiндеттi деп есептей отыра, аптаның әр жұмасы тазалық күнi деп белгiленсiн.
      3. Меншiк нысанына тәуелсiз ұйымдар, жеке үй иеленушiлер бөлiнген және бекiтiлген аумақтар шегiнде өз есебiнен мынадай iс-шаралар өткiзуге мiндеттi:
      1) аула аумақтарын жүйелi түрде тазартып, тазалық пен тәртiптi ұстау;
      2) жасыл екпелердi ұстау: ол үшiн агротехникалық iс-шаралардың толық кешенiн жүргiзу: ағаштарды суару, кесу, ағаш бұтақтарын тазартып ағарту, тамырлы өсiндiлерiн жою, тыңайтқыштармен қоректеу, жас ағаштардың бұтақты шеңберлерiн өңдеу, жаралы жерлерiн дезинфекциялау, емдеу, сондай-ақ арам шөптердi механикалық өңдеу жұмыстары (арамсояу, жусан, кенепшөп және басқалары);
      3) ауыл шаруашылық зиянкестерi мен аурулармен, карантин арамшөптермен жүйелi түрде күрес жүргiзу;
      4) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының табиғатын қорғау туралы" Заңына сәйкес жасыл қордың сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы пайдаланымдағы жерлерде орналасқан жасыл екпелер қол сұғылмайтын мемлекеттiк қорды құрайды және заңмен қатаң қорғалады.
      4. Жыл сайын сәуiрде, қазанда ауданның елдi мекендерiн көрiктендiру және санитарлық тазарту айлықтарын жүргiзу.
      5. Жер асты коммуникацияларының иелерi өз коммуникацияларын ұстауға және уақытында жөндеуге, жөндеуден кейiн газондарды, жаяужол мен автожолды қалпына келтiру.
      6. Үй-жайларды иеленушi немесе жалдаушы, тиiстi бiр аумақтар бекiтiлген ұйымдар (меншiктiң барлық нысанындағы), жеке тұлғалар қоқысты, қатты тұрмыстық қалдықтарды өз есебiнен жинап шығарады.
      7. Меншiктiң барлық нысанындағы ұйымдар, мекемелер, қоғамдық ұйымдар, үй иеленушiлер бөлiнген және бекiтiлген аумақтарда өздерi тазартады, немесе бұл жұмыстарды келiсiм шарт бойынша мамандандырылған кәсiпорындар орындайды:
      1) темiр жолды (оның iшiнде көпiрлер, қиғаш жолдар, жол үстi) және шеткi рельстен он метр қашықтықтағы жер учаскелерiн жинау осы құрылымдарды пайдаланып отырған темiр жол ұйымдарымен жүргiзiледi;
      2) сауда орындары және басқа да халыққа қызмет көрсету пунктiлерi бар жеке тұлғалар, сондай-ақ осы үй-жайларды жалға алушылар, күн бойы тазалық сақтайды және жұмыс соңында қарамағындағы учаскелерде, құрылыстан он метр қашықтықтағы жерде қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргiзедi;
      3) киоскiлер, палаткалар, ұсақ бөлшек сауда және дүкен павильондары жанында ыдыстар мен тауар қорын сақтауға, сондай-ақ сақтау үшiн бекiтiлген аумақтарды пайдалануға тыйым салынады;
      4) күз кезiнде түскен жапырақтарды, олар желмен көшелерге, жолдарға ұшуы, немесе газондарды жабуы мүмкiн жерлерде уақытында жинау қажет. Жиналған жапырақтарды арнайы белгiленген учаскелерге апарып тастау керек. Тұрғын үй аумақтарында, гүлзарлар мен саябақтарда жапырақтарды жағуға тыйым салынады.

3. Қоқысты, қатты және сұйық тұрмыстық
қалдықтарды жинау және шығару тәртібi

      8. Сұйық қалдықтар арнайы кәсiпорындармен келiсiм бойынша, немесе арнайы көлiк (ассенизаторлық машина) болған жағдайда өз күшiмен шақырылады.
      9. Жеке тұлғалар мен кәсiпорындар қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтарды өз күштерiмен және өз қаражатымен арнайы белгiленген үймелерге шығарады.
      10. Қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды шығару жөнiндегi бақылауды санитарлық-эпидемиологиялық станция жүзеге асырады.

4. Елдi мекен аумақтарын қысқы жағдайда жинау және ұстау

      11. Шатырларды қардан тазарту, карниз, шатыр және су ағатын құбырлардағы мұзды жою үй иелерiнiң немесе ғимарат пен құрылыстарды жалдаушылардың күшiмен жүйелi түрде жүргiзiлуi тиiс. Жұмыс барысында жаяу жүрушiлердiң бақытсыз жағдайға ұшырауын болдырмау және ауа желілерiнiң, көше шамдары мен жасыл екпелердiң бұзылмауы жөнiндегi сақтану шараларын мiндеттi түрде қолдану қажет.
      12. Меншiктiң нысанына тәуелсiз жеке және заңды тұлғалар аумақтарды жинауды өз күштерiмен жүзеге асырады.

5. Көшелердi, жолдарды және жол белгiлерiн пайдалану,
      оларды ұстау және қорғау тәртібi.

      13. Елдi мекендер көшесiнде:
      1) көшелердi, жолдарды және жол құрылыстарын, белгiлерiн, жол қозғалысының реттеу және ұйымдастыру құралдарын, жасыл екпелердi және басқа да жол құрылымын зақымдауға;
      2) көшенiң жүру бөлiгiн, жолды, жол көрсеткiштерiн, дренаж құрылғысының кiрленуiне, сондай-ақ тиiстi орамасыз көшелер мен жолдарды ластайтын жүктердi тасымалдауға;
      3) көшелер мен жолдарды, жол құрылыстарын қандай да болсын заттармен, құрылыс материалдарымен, машиналармен үймелеп қоюға;
      4) көшелер мен жолдарға канализациялық және ағынды суларды ағызуға;
      5) қысқы кезде жүру көшелерiн тазарту жағдайларынан басқа, баяу жүретiн техниканың жүруiне тыйым салынады.

6. Елдi мекендер аумағында жол жабындылары, жаяужол, газондар және көрiктендiру мен инженерлiк құрылымдардың басқа элементтерiн бұзумен байланысты жұмыстарды жүргiзу тәртiбi

      14. Заңды және жеке тұлғалар жер жұмыстарын, немесе елдi мекендер аумағында жол жабындылары, жаяужол, газондар және көрiктендiру мен инженерлiк құрылымдардың басқа элементтерiн бұзумен байланысты басқа жұмыстарды, уәкiлеттi органның жазбаша рұқсат қағазы бойынша ғана жүргiзе алады.
      15. Шұғыл түрде қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзудi, жол жабындыларын ашуды, көшелердi, алаңдарды және жалпы пайдаланымдағы басқа орындарды қазуды талап ететiн инженерлiк желiлердiң апаты кезiнде,  апат орнына уәкiлеттi орган өкiлдерiн шақыру қажет. Жұмысқа рұқсат қағазын алғаннан кейiн ғана кiрiсуге болады.

7. Жасыл екпелердi ұстау және қорғау

      16. Жасыл екпелердi ағымдағы ұстау, ұдайы өндiру және сақталуына жауапты болу аумақтар  бекiтiлген иеленушiлерге, жер пайдаланушыларға, заңды және жеке тұлғаларға жүктеледi:
      Тұрғын үй аймақтарында, тұрғын үй маңындағы көшелерде;
      Құрылысқа арналған аумақтарда, жұмыс басталған күннен - тапсырыс берушi немесе оның сенiмхаты бойынша бас мердiгер - құрылыс ұйымы.
      17. Құрылыс, жер асты коммуникациялар мен инженерлiк желiлердi орнату орындарындағы жасыл екпелердi бұзу және қайта отырғызу жасыл екпелердi бұзу актiсi болған жағдайда рұқсат етiледi.
      18. Құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жүргiзушi кәсiпорындар мен ұйымдар құрылыс орындарындағы жасыл екпелердiң, газондардың шарасыздан жойылуы керек болған жағдайда сметада олардың қалпына келтiру құнының төленуiн қарастыру қажет.
      19. Жасыл екпелердi бұзу, мамандандырылған кәсiпорынның есебiнен қалпына келтiру құнын төлегеннен кейiн, уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша, кейiннен жасыл екпелердi отырғызу үшiн, мамандандырылған кәсiпорындармен ғана жүзеге асырылады.
      20. Жұмыс кезiнде заңды және жеке тұлғалар:
      жасыл екпелердi зақымданудан қорғауға мiндеттi.
      21. Жер пайдаланушылар бекiтiлген аумақтарда жасыл екпелерді күтуге мiндеттi, оның iшiнде:
      1) қоқысты жинау, газондарды тырнауышпен өңдеу, құрғақ жапырақтарды жинау, арамшөптердi жою, газондарды кесу, бұталар мен газондарды қию;
      бiр жарым метрден кем емес көлемде топырақты өңдеу;
      вегетациялық кезең бойы жасыл екпелердi суару;
      жасыл қордағы ағаштар мен бұталарды отырғызу, жөндеу жұмысын жүргiзу;
      ағаштардың жапырақтарын, құрғақ бұтақтарын, өсiндiлерiн, сынған бұтақтарын кесу;
      ауру және құрғап қалған ағаштарды жою (комиссия актiсi бойынша);
      көктемгi кезде шұңқырларды өңдеу, қажеттi жерге топырақ толықтыру, күзгi-қысқы кезде зақымданған ағаштарды суару.
      22. Жасыл екпелер аумағында:
      құрылыс материалдарын, топырақ, отын, көмiр және басқа заттарды сақтауға;
      газондарды, гүлзарларды ластауға;
      газондардан жүруге, ағаштарды, бұтақтарды сындыруға және кесуге, басқа да зақымданулар жасауға;
      ағаштар мен бұталарды өз еркiмен кесiп алуға;
      гүлдердi жұлуға, көп жылдық гүлдердiң тамырларын, сондай-ақ раушан, шұғылық, флокс гүлдерiнiң бұталарын шабуға;
      от жағуға;
      ағаштарға электр желiсiн, сымдар, өткеншек, жiп, жарнама мен таблицалар орнатуға;
      бау-бақшалық мүккамалды: орындық, урна, қоршауларды құртуға;
      көшелерде, скверлерде, саябақта, стадионда, мектеп жанындағы учаскiде және жалпы пайдаланымдағы басқа да орындарда мал бағуға;
      газондар мен гүлзарларда көкөнiс отырғызуға тыйым салынады.

8. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларын ұстау

      23. Көшелерде, алаңдарда, скверлерде сыртқы жарықтандыру қондырғыларын ұстау, қызмет көрсетуi, ағымдағы және күрделi жөнделуi ауылдық округ және ауыл әкiмдерiне жүктеледi.
      24. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларына мыналар жатады:
      1) электр энергиясымен жабдықтау қондырғылары, қуат беру желiлерi, қуат беру пунктiлерi, үлестiргiш желiлерi;
      2) электр желiлерiнiң қорғану қондырғылары;
      3) басқару қондырғысы;
      4) трос iлгiшi.
      25. Түрлi қолданыстағы жарық iлгiштерi бар учаскелерде сыртқы жарықтандыру қондырғыларының қызмет көрсетуi желiлер иесiнiң таяныштарына өз өткiзгiштерiн iлген ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
      26. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларын ұстау және қызмет көрсетуге мынадай iс-шаралар жатады:
      1) сыртқы жарықтандыру қондырғыларын техникалық жарамды хал-күйде ұстау, сонымен қатар сандық және сапалық көрсеткiштерi, шамдарды және қатардан шыққан шамдардағы сейiлгiштердiң ауысуын қосқанда қойылған параметрлерге сәйкес келедi, шамдарды тазарту;
      2) сыртқы жарықтандыру қондырғыларының белгiленген жұмыс режимiн қамтамасыз ету, ауылдық округ әкiмi бекiткен кесте бойынша уақытында жандырып сөндiрудi бақылау, жартылай және толық сөндiру, жұмыс iстемейтiн шамдарды айқындау, олардың тез арада жөнделуiн қамтамасыз ету.
      27. Шамдардың жану пайызын және сыртқы жарықтандыру қондырғыларының хал-күйiн айқындау үшiн пайдаланушы кәсiпорындар күзгi-қысқы кезеңде екi аптада бiр рет тексеру жүргiзедi және сыртқы жарықтандыру қондырғыларының хал-күйi жөнiнде акт жасайды. Шамдардың жану пайызы 95%-дан кем болмау керек.
      28. Темiр таяныштар, кронштейндер және сыртқы жарықтандырудың басқа да элементтерi жағдайына байланысты үш жылда бiр рет сырланады.

9. Инженерлiк желiлердi, құрылыс пен
коммуникацияларды ұстау тәртiбi

      29. Қарамағында инженерлiк коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар елдi мекендердiң көрiктенуiне зиянын тигiзуi мүмкiн инженерлiк желiлер мен құрылыстардың техникалық хал-күйiн тұрақты түрде бақылап отыруға мiндеттi:
      аумақтық су басып кетуiн болдырмау;
      белгiленген және қорғалатын аймақтық санитарлық жағдайын қадағалау;
      люктардың, құдықтардың жабындысы қысқы кезде жол жабындысымен бiр деңгейде болғанын қадағалау;
      жер асты желiлерiнiң бетiндегi, монтаждау, пайдалану ережелерiн сақтамағанның салдарынан бұзылуы мүмкiн  қатты немесе қара жабындыларының жағдайын қадағалау;
      30. Қатты жабындылары бар аумақта күрделi жөндеу немесе жаңғырту жұмыстарын жүргiзу кезiнде инженерлiк желiлер құдықтарының люктарын талап етiлген белгiлерге сай келтiру, газондарды, жаяужолды, автожолды коммуникациялардың қорғалатын аймағының ауқымына келтiру тапсырыс берушiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
      31. Жер асты коммуникацияларды құру, күрделi жөндеу немесе жаңғырту автожолдардың, алаңдардың және жалпы пайдаланымдағы басқа да жерлердiң жаңғыртуы басталудан бұрын жүзеге асырылуы тиiс.
      32. Қысқы кезде елдi мекендердiң су колонкаларының бес метр радиустағы маңын мұздан және қоқыстан тазарту және шығару, колонкаларға бару жолды, сондай-ақ су ағызатын құрылғыны ұстау су колонкаларын иеленушi жүзеге асырады.  

10. Жер пайдаланушылардың және елдi мекен аумағында жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргiзетiн адамдардың мiндеттерi

      33. Жер пайдаланушы:
      қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес, белгiленген және бекiтiлген аумақтарды, инженерлiк желiлердi және олардың элементтерiн (құдық, люк, темiртор, таяныш, насос станциясы, жылу беру пунктiлерi, трансформатор подстанциясы, және басқалар) тиiстi жағдайда ұстауға;
      сұйық қалдықтарды жинау үшiн санитарлық нормаға сәйкес шұңқырлардың болуы;
      құрылыс қалдықтарының, қатты тұрмыстық қалдықтардың шығарылуы және көмiлуiн қамтамасыз етуге (ауылдық үймелерге);
      өз аумақтарында қажет болған кезде шыбын, қоңыз, тышқандарды жою үшiн дезинфекциялау және дератизациялау жұмыстарын жүргiзуге мiндеттi.
      34. Елдi мекен аумағында жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргiзетiн ұйымдар:
      1) құрылыс алаңын екi метрден кем емес шарбақтармен қоршауға, жаяу жүрушiлердiң қауiпсiздiгi үшiн енi бiр метрден кем емес қорғаныс құралын орнатуға;
      2) құрылыс кезiнде құрылыс алаңы маңындағы автожолды, сондай-ақ қоршаудың сырт жағындағы құрылыс қоқыстарын жинауға мiндеттi.
      35. Елдi мекендердiң аумағында:
      1) құдықтарға, су тоғандарына, газондарға, ағаштар мен бұталардың астына, көшеге, жолға кiр-қоқысты, сынған мұз қалдықтарын, кiрленген қарды лақтыруға;
      2) орман аймағына, жол, өзен және басқа су тоғандарының маңына құрылыс, тұрмыстық және азық-түлiк қалдықтарын тастауға;
      3) көшелерде, аулаларда және басқа да орындарда сауда ыдыстарын (жәшiктер және бөшкелер) және басқа сауда жабдықтарын, қоқыстарды қалдырып кетуге;
      4) көшеде және жалпы пайдаланымдағы қоғамдық жерлерде құрылыс материалдарын, отын мен көмiрдi үймелеп жинауға;
      өзен және басқа су тоғандарын қатты тұрмыстық қалдықтармен және құрылыс қоқыстарымен ластауға;
      үй iргесiне, сыртқы жарықтандыру таяныштарына, ағаштарға және бұндай мақсатқа арналмаған басқа жерлерге түрлi хабарландырулар iлуге;
      аулалар мен көшелер аумағына азық-түлiк қалдықтарын төгуге, жапырақтар жағуға және оларды көше жолдарына шығаруға;
      қандай да болсын көлiк түрiнде дұрыс салынбаған жүкпен шығуға;
      өз еркiмен елдi мекен аумақтарын қазуға;
      аумақты санитарлық тазарту және жинау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу мерзiмiн бұзуға;
      контейнерлердi салмағы үш жүз килограмнан артық iрi салмақты тұрмыстық заттармен және құрылыс материалдарымен толтыруға, контейнерлерге сұйық қалдықтарды құюға және қоқыстарды жағуға тыйым салынады.

11. Қорытынды ережелер

      36. Осы қағидамен реттелмеген мәселелер заңнамада белгіленген тәртiп бойынша шешiледi.
      37. Осы қағиданы бұзғаны үшiн заңнамада белгiленген тәртiп бойынша жауапкершiлiкке тартылу қарастырылған.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады