Облыстағы демографиялық жағдай және 2005 жылы оны жақсарту жөніндегі шаралар туралы

Күшін жойған

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2005 жылғы 12 қаңтардағы N 7 қаулысы. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2005 жылғы 31 қаңтарда N 1465 тіркелді. Қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты күші жойылды (Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының 2011 жылғы 17 қазандағы N 01.04-08/2964 хаты)

      Ескерту. Қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты күші жойылды (Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының 2011.10.17 N 01.04-08/2964 хаты)

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 17 тамыздағы N  1272 қаулысына сәйкес облыста 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік демографиялық саясат тұжырымдамасын іске асыру бағдарламасы бекітілген және әрекет етуде. Ел Президентiнiң "Қазақстан - 2030"  жолдауында күшті демографиялық саясат елдiң ұлттық қауiпсiздiгiнiң жетекшi басымдықтары қатарына шығарылды.
      Бірақ, облыстың демографиялық жағдай күрделі проблемалардың бірі болып қалуда. Мәселен 2004 жылдың қорытындысы бойынша 1000 адамға шаққанда туу көрсеткіші 12,3-ты құрады және ол 2003 жылғы деңгейден 3 пайызға, ал республикалықтан - 40 пайызға төмен. Бұл көрсеткіш облыстық деңгейден Тимирязев (9,0), Қызылжар (10,5), М.Жұмабаев (11,0), Аққайың (11,3), Мамлют аудандарында (11,3), Петропавл қаласында (11,3) төмен.
      Халық өлімінің азаюындағы оң үрдіске қарамастан бұл көрсеткіш әлі де болса жоғары болып қалуда және 2004 жылдың қорытындысы бойынша 1000 адамға шаққанда 13,2-ты құрады. Облыс халқының орташа жас ұзақтығы қысқара түсуде. Оның мөлшері 2004 жылы 64,8 құрады, соның ішінде ерлердің жасы - 59,7. Әйелдердің денсаулық индексі төмен және балалар өлімінің деңгейі жоғары (1000 адамға шаққанда 14,7) күйде қалуда.
      Өткен жылы көші-қон үрдісі теріс сальдосымен (7260 адам) де ерекшеленді. Халықаралық көші-қон 10,9 пайызға, облысаралық - 18,7 пайызға өсті. Өткен жылы 7627 адам туып, 8154 адам қайтыс болды. Осындай үрдістер нәтижесінде облыс халқының саны 2004 жылы 7,8 мың адамға кеміді. Оралмандарды қабылдаудағы және жаңа жағдайда тұруға жайғастыру, оларды әлеуметтік бейімдеу, еңбекке орналастыру жұмысы есебіндегі кемшіліктер салдарынан облысқа квотамен келген және қаржыландырумен толық қамтамасыз етілген 750 отбасының, бүгіндері 571-і ғана тұрып жатыр. Оралмандарды мемлекеттік қаржылай қолдауда, оларды тарихи отандарына бекітуде алалаушылық бар.
      Демографиялық үрдісте жағымсыз тенденцияларды жою, халықтың сапалық және сандық өсімін қамтамасыз ету, көші-қон үрдісін жүйелік реттеу үшін облыс әкімдігі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік демографиялық саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі облыстың атқарушы органдары әкімдерінің жұмыстары жеткіліксіз деп танылсын.

      2. 2005 жылы бала тууды материалдық ынталандыру мақсатында әр жаңа туған балаға, жоспардан артық кіріс есебінен 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде бірмезгілдік ақшалай жәрдемақы белгіленсін.
      Петропавл қаласы және аудандар әкіміне нәрестелердің аналарына жәрдемақыны салтанатты түрде беру тапсырылсын.

      3. Денсаулық сақтау департаментінің бастығы (Воронцова):
      "2005-2007 жылдарға арналған облыста денсаулық сақтауды реформалау және дамыту бағдарламасын" әзірлеген кезде жаңа туылған балаға бірмезгілдік төлемді ескерсін;
      бір айлық мерзімде, аналардың денсаулық жағдайын балалы бола алатындай жағдайға жақсарту жөнінде кешенді шаралар әзірлесін, бала туатын жастағы (24-34жас) бақылау тобындағы әйелдерді зерттеу және сауықтырудың тұрақты мониторингін қамтамасыз етсін.

      4. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті (Сақыпкереев) мен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Көші-қон жөніндегі комитет басқармасы (Әлиев) оралмандардың тізімін айқындайтын бірінші сатыдан бастап оралмандармен жұмыс жөніндегі тиімді өзара әрекетін қамтамасыз етсін.

      5. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментіне, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Көші-қон жөніндегі комитет басқармасына (келісім бойынша) аудандар мен Петропавл қаласының әкіміне:
      сатылуға дайын және бос жұмыс орнын ескере отырып, оралмандарды орналастыру үшін елді мекендер айқындау;
      оралмандарға тұрғын үй сатып алуға белсендірек жәрдемдесу;
      олардың ілгеріде жайғастыруларын көрсете отырып, 2003 жылдан бері келген оралмандардың тегі бойынша электронды база мәліметтерін қалпына келтірсін;
      әлеуметтік-демографиялық жағдайларды жақсарту мәселелерімен тұрақты айналысу тапсырылсын.

      6. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментіне оралмандарды "Халықтың көші-қоны" туралы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес қабылдау және жайғастыру мәселелері бойынша облыстық қызметтердің іс-әрекеттерін тиімді үйлестіру тапсырылсын.

      7. Әділет департаментінің бастығы Е.А.Сейдімбеков (келісім бойынша), облыстың ішкі істер басқармасы (Тұрғымбаев) оралмандарды құжаттандыруды және тіркеуді шұғыл және сапалы жүргізсін, Қазақстан Республикасының азаматтығын ресімдеу кезінде олардың отбасыларының дәл есебі қамтамасыз етілсін.

      8. Облыс әкімінің орынбасары Ж.Ы.Омаров оралмандарды қабылдау және жайғастыруды тексеру жөніндегі мүдделі ведомстволардың мамандарын тарта отырып, 2003-2004 жылдары келген оралмандарды қабылдаудағы және жайғастыру жұмысындағы және оларды жайғастырудағы қаржылық шығындардың мақсаттылығы жөніндегі жіберілген кемшіліктер есебін анықтау үшін жұмыс комиссиясын құрсын. Комиссия істелген жұмыстар туралы 2005 жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде ақпарат берсін.

      9. Білім департаменті (Дінкенова), мәдениет (Бикенов), дене шынықтыру және спорт басқармалары (Дайыров) жастардың денсаулығын сақтау, салауатты тұрмыс салтын насихаттау, балалы болу тәртібі, ана болу қауіпсіздігі, оқушыларды, жастарды және жұмысшы жастарды адамгершілік-жыныстық және мәдени-эстетикалық тәрбиелеу мәселелері жөнінде ақпараттық жүйе құру, оқу орындарының бағдарламаларына, мекемелердің мәдени-бос уақыт жоспарларына арнайы оқу пәндерін енгізу жөніндегі нысаналы бағдарламаларды мүлтіксіз орындауға қол жеткізсін.

      10. Ішкі саясат департаменті (Құбаш) облыстық, қалалық, аудандық газеттерде және телевизияда облыстағы мемлекеттік демографиялық саясатты жүзеге асыру мәселелерін көрсетіп отыруды ұйымдастырсын.

      11. Әлеуметтік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментіне (Сақыпкереев), Солтүстік Қазақстан облысы бойынша статистика басқармасына (Жақыпов), Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көші-қон комитетіне (Әлиев) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс халқын демографиялық жағдайлар, көші-қон үрдісі, еңбек рыногіндегі өзгерістер, әлеуметтік бағдарламаларды орындау туралы мезгіл сайын ақпараттар беріп отыру ұсынылсын.

      12. Осы өкімінің орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасарлары Е.Е.Нұрақаевқа, Ж.Ы.Омаровқа жүктелсін.
      Аудандар мен Петропавл қаласының әкімі, облыстық атқарушы органдар басшылары осы қаулының орындалу туралы тоқсан сайын (есеп беретін айдан соң кейінгі айдың 10-на) облыс әкімі аппаратына ақпарат беруді қамтамасыз етсін.

       Облыс әкімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады