Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттың 28.03.2013 № 7-6 шешімімен
Қазақстан Республикасының Су Кодексінің 38 бабының 1 тармақшасына және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қоса берілген Батыс Қазақстан облысында су нысандарында жалпы суды пайдаланудың ережелері белгіленсін.
2. Осы шешім ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.
Сессия төрағасы
Облыстық мәслихат хатшысы
Облыстық мәслихаттың
2006 жылғы 11 желтоқсандағы
N 33-20 шешіміне қосымша
Батыс Қазақстан облысында
су нысандарында жалпы суды пайдаланудың
ережелері
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жалпы суды пайдаланудың ережелері (бұдан әрі - Ережелер) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 38 бабы 1 тармақшасы негізінде әзірленді.
2. Жалпы су пайдалануға жататын су нысандары:
техникалық құралдарды қолданбай жер үсті су көздерінен су алу кезінде;
күшті су тасқыны қаупін туғызатын су объектілерінен басқа, жалпы демалу, туризм және спорттық нысандарды қайта қалпына келтіру мақсаттарында;
кеме қатынасы, оның ішінде кіші суларда жүзу;
малды суару үшін.
3. Жалпы су пайдалану, жалпы су пайдаланудың объектілерінде, сонымен қатар, жалпы су пайдаланудың объектілеріне жатпайтын су объектілерінде жүргізілуі мүмкін және рұқсаттың болуын талап етпейді.
4. Ережелер барлық заңды және жеке тұлғалармен, олардың меншік және азаматтық нысандарына қарамастан орындалуы міндетті.
5. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
6. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақсатында ортақ су пайдалануға шектелу немесе оған тыйым салынуы мүмкін.
7. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында, ветеринария саласында қызметті іске асырушы және тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсарту саласында жергілікті атқарушы органдар облыстағы атқарушы органдармен келісе отырып, шомылатын, ауыз-су және тұрмыстық қажеттіктерге су алу үшін, малды суаруға тыйым салынған орындарды белгілейді, сонымен қатар, сәйкесті жергілікті өзін-өзі басқару органының аумағында орналасқан су объектілерінен жалпы су пайдаланудың өзге де шарттарын анықтайды.
8. Азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету су объектілері иегерлерінің жауапкершілігі мен міндеттері, суды пайдаланушылар және ұйымдар (меншік түріне қарамастан) Қазақстан Республикасындағы тиісті заңдарымен анықталады.
9. Су шаруашылығы құрылыстарын меншіктенушілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың техникалық жай-күйінің қауіпсіздігі үшін жауапты болады.
10. Су шаруашылығы құрылыстарының қауiпсiздiгiн меншiктенушiлердiң қамтамасыз етуiн қадағалауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, төтенше жағдайлар және өнеркәсiп қауiпсiздiгi жөнiндегі уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
11. Су пайдаланушылар су қорғау іс-шараларын жүзеге асыруға, белгіленген нормативтерден асатын зиянды заттардың ағызылуына жол бермеуге, жер үсті және жер асты суларынан су жинау алаңының ластануына жол бермеуге, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органның және жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөніндегі уәкілетті органның тиісті негіздемесі мен шешімінсіз ауыз су сапасындағы суды өндірістік және басқа мұқтаждарға пайдалануға жол бермеуге тиіс.
2. Ерекше жағдайлардағы жалпы суды пайдалану
12. Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, елдің қорғанысын және мемлекеттің қауіпсіздігін, тұрғылықты халықтың денсаулығын, қоршаған табиғи ортаны және тарихи-мәдени мұраны, басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсаттарында жекелеген су объектілерін немесе олардың бөліктерін пайдалануға шектеулер, тоқтата тұрулар немесе тыйым салулар енгізілуі мүмкін.
13. Су пайдалану құқығын шектеу халықтың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждары үшін су ресурстарын пайдалану жағдайын нашарлатпауға тиiс.
14. Жалпы су пайдаланудың шарттарын немесе оған тиым салынатынын жариялау үшін жеке немесе бірлесіп су пайдалануды жүргізетін су пайдаланушы, облыстың жергілікті өкілетті органдарына мәлімдеме тапсырады, онда оларды қабылдаудың қажеттілігі негізделеді.
15. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезiнде жеке және заңды тұлғалар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен оны облыстың жергiлiктi атқарушы органдарында мiндеттi түрде тiркеп, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның тұтас алғанда осы су объектiлерiне оң қорытындысы болған жағдайда тiкелей жер үстi және жер асты су объектiлерiнен су алуға құқылы.
16. Су объектілерін және су шаруашылығы құрылыстарын санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау үшін ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен жолдарын белгілейді.
17. Жалпы су пайдалануға тыйым салу немесе оны шектеу жөніндегі ақпараттық белгілерді орнату жөніндегі шығындар, осы су объектілері оларға жеке немесе бірлесіп пайдалануға берілген су пайдаланушылардың есебінен жүргізіледі.
18. Бекітілмеген су объектілеріне Ережелерді бұзғаны үшін айыппұл мөлшерлері туралы ескертулер бар тыйым салатын белгілер мен плакаттарды орнату жергілікті атқарушы органдармен қамтамасыз етіледі.
19. Су объектілерін жалпы су пайдалану тәртібінде, мал суару үшін пайдалану, ауыз сумен жабдықтаудың су көздерін санитарлық қорғау аумақтарынан тыс жерлерде су объектілерін ластану мен қоқымданудан қорғайтын құрылғылар болса ғана рұқсат етіледі Басқа жағдайларда жергілікті атқарушы органдар суару алаңшаларын жайластыру жөніндегі шараларды жүргізеді.
20. Суда жүзетін жабайы құстар мен жүні бағалы аңдардың, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының мекен-жайы болып табылатын су объектілерінде, жалпы су пайдалану, суды кешенді пайдаланудың талаптарын ескере отырып, аң және балық шаруашылығы ұйымдары мен кәсіпорындары келісім берген жағдайда мүмкін болады.
21. Жүзудің қауіпсіздігін сақтау мақсатында кемелердің қозғалыстарын шектеу, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен реттеледі.
22. Суға түсуге және де басқа жағдайларда ортақ су пайдалануға тиым салынуы туралы тұрғындар бұқаралық ақпараттық құралдар, арнаулы белгілер немесе басқа құралдар арқылы хабарландырылады.