Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 16 мамырдағы N 272 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 3 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5229 болып енгізілді.

      Қолданушылардың назарына!!!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 02.07.2018 № 317 (алғашқы жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2007 жылғы 27 шілдедегі "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспеге орыс тілінде өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді - ҚР Білім және ғылым министрінің 15.03.2016 № 199 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 02.07.2018 № 317 (алғашқы жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Орта білім департаменті (М.Т. Санатова):

      1) аталған бұйрықты облыстық, Астана және Алматы қалалық білім департаменттерінің, республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының назарына жеткізсін;

      2) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр К.Н. Шәмшидиноваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы Ф. Қуанғанов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушының
2008 жылғы 16 мамырдағы
№ 272 бұйрығымен
бекітілген

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 02.07.2018 № 317 (алғашқы жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 02.07.2018 № 317 (алғашқы жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңес қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесі (бұдан әрі - Педагогикалық кеңес) білім беру ұйымдарын алқалы басқару нысандарының бірі болып табылады.

      3. Педагогикалық кеңес:

      1) оқу-тәрбие жұмыстарын жоспарлау және іске асыру;

      2) оқу жұмыс жоспарларын бекіту;

      3) білім беру қызметтерін ұсыну сапасы;

      4) инклюзивті, арнайы білім беруді қамтамасыз ету үшін білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) үлгерімі және психологиялық-педагогикалық даму ерекшеліктері туралы алынған деректердің негізінде білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) жеке ерекшеліктері ескеріліп, оқу-тәрбие және түзету-дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға ұсынымдар әзірлеу;

      5) білім алушыларға қорытынды аттестаттауды өткізу, оларды емтиханға жіберу, ұсынылған құжаттар негізінде білім алушыларды емтиханнан босату, білім алушыларды келесі сыныпқа ауыстыру немесе оларды қайталау курсына қалдыру, білім алушыларды грамоталармен, мақтау қағазымен марапаттау, негізгі орта білімді үздік бітіру туралы аттестат, негізгі орта білімді бітіргендігі туралы аттестат, жалпы орта білімі туралы үздік аттестат, жалпы орта білімі туралы аттестат, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес белгіленген үлгідегі анықтама беру туралы шешімдер қабылдау;

      6) мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы педагогтердің оқу жүктемесін бөлу, оларды аттестаттауға дайындау, марапаттау және көтермелеу;

      7) білім беру ұйымының үш тілде оқытуға ауысуы;

      8) экстернаттық оқыту нысанындағы білім алушыларға рұқсат беру, қорытынды аттестаттау жүргізу;

      9) зияткерлік, ғылыми, спорттық жарыстарға, музыкалық-шығармашылық конкурстарға қатысушы білім алушыларға жеке жұмысты ұйымдастыру;

      10) сабақ кестесін құрастыру;

      11) білім алушыларды (тәрбиеленушілерді) қабылдау, ауыстыру және бітіріп шығару;

      12) білім алушының (тәрбиеленушінің) эмоциялық-ерік және жеке дамуын зерделеу;

      13) оқуы мен тәрбиесінде тұрақты қиындықтарға шалдығатын балалардың ерекше білім алу қажеттіліктерін анықтау үшін оларды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жолдау бойынша ұсынымдар беру;

      14) кәсіби қызметке алғаш келген педагогке бір оқу жылы кезеңіне бекітілетін тәлімгерді анықтау мәселелерін қарастырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 02.04.2020 № 125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Педагогикалық кеңестің құрамы және оны сайлау тәртібі

      4. Педагогикалық кеңестің құрамына білім беру ұйымдарының барлық педагогтары кіреді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс орыс тілінде енгізіледі, мәтін қазақ тілінде өзгермейді – ҚР Білім және ғылым министрінің 02.04.2020 № 125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Педагогикалық кеңес өз құрамынан бір оқу жылы мерзіміне төрағаны, хатшыны сайлайды.

      6. Педагогикалық кеңестің құрамы бір оқу жылына білім беру ұйымының басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      7. Білім беру ұйымындағы педагогикалық кеңестің отырысына педагогикалық кеңестің мүшелері шақырылады. Қарастырылатын мәселеге сәйкес қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің мүшелері, білім беру ұйымдарына қарасты медициналық пункт қызметкерлері, сондай-ақ білім алушылардың ата-аналары қосымша шақырылады.

3-тарау. Педагогикалық кеңестің қызмет тәртібі

      8. Педагогикалық кеңестің жұмысы бір оқу жылына әзірленетін және білім беру ұйымының басшысы бекітетін жұмыс жоспары бойынша жүргізіледі.

      9. Педагогикалық кеңестің отырысыжоспарлы (жылына кемінде 5 рет) және жоспардан тыс (туындаған проблемаларды талдауды, оларды еңсеру жолдарын пысықтауды, рұқсат берілетін жүктемені анықтауды, оқыту режимі мен нысанын өзгерту қажеттігін қарастыратын, педагогтардың немесе ата-аналардың сұраныстары бойынша ұйымдастырылады) болып бөлінеді. Педагогикалық кеңестің барлық мүшелерінің 1/4 ұсынысы бойынша педагогикалық кеңестің жоспардан тыс отырысы өткізіледі.

      10. Отырысты өткізуге дайындық отырыс өткізілетін күнге дейін 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жоспарланады. Білім алушылармен (тәрбиеленушілермен) тікелей жұмыс жүргізетін қызметкерлер отырыс өткізілгенге дейін 3 (үш) жұмыс күн қалғанда хатшыға тиісті құжаттарды ұсынады. Педагогикалық кеңес отырысының уақыты, орны және тәртібі мектеп әкімшілігімен келісіледі.

      11. Педагогикалық кеңестің шешімі дауыс берушілердің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда төраға дауысы шешуші болып табылады. Педагогикалық кеңестің құзыреті шегінде қабылданған және заңнамаға қайшы келмейтін шешімдері орындауға міндетті болып табылады.

      12. Педагогикалық кеңестің отырысы бойынша хаттама шығарылады. Хаттамаға кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      13. Педагогикалық кеңес отырысында талқыланатын мәселелер бойынша орындау мерзімі және орындауға жауапты тұлға көрсетілген қаулы шығарады. Кеңестің кезекті отырысында төраға өткен педагогикалық кеңес шешімінің орындалу нәтижесі туралы қорытынды шығарады.

      14. Педагогикалық кеңестің хаттама кітапшасының әрбір беті нөмірленген, жіппен тігілген, білім беру ұйымының мөрімен және білім беру ұйымы басшысының қолымен бекітілген болуы керек.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады