Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс салу Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2009 жылғы 6 ақпандағы N 158 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2009 жылғы 23 ақпанда N 3281 тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық мәслихатының 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 449 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық мәслихатының 2011.12.07 № 449 Шешімімен.

       Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының 21 бабының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148 Заңының 6 бабына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының "Жеке тұрғын үй құрылысы туралы" 1994 жылғы 3 қарашадағы N 213 және "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі N 94 Заңдарына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТЕДІ:
       1. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс салу Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.
       2. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихаттың
      сессия төрағасы                           В. ФАЛАЛЕЕВ

      Облыстық мәслихаттың
      хатшысы                                   А. ЕСІРКЕПОВ
      

Облыстық мәслихаттың    
2009 жылғы 6 ақпандағы N 158
шешіміне қосымша      

Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс салу
ЕРЕЖЕСІ

1-бөлім. Жалпы ережелер

1-тарау. Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар

        1. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс салу ережесі (бұдан әрі - ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы", 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы"заңдарына және "Объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы N 425 қаулысына сәйкес әзірленген.
       2. Ереже сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің жер телімдерін пайдалану, елді мекендер аумақтары мен табиғи аумақтарды жобалауды және онда құрылыс салу шарттары мен талаптарын анықтап, жаңа жылжымайтын мүлік объектілерін орналастыруға және салуға немесе қолда бар объектілерді өзгертуге (қайта бағдарлау, қайта жабдықтау, қайта жоспарлау, қайта жаңғырту, кеңейту, күрделі жөндеу) рұқсат ететін рәсімдерден өту тәртібін белгілейді.
       3. Осы ережеде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      қала құрылысындағы жылжымайтын мүлік объектілері (бұдан әрі - жылжымайтын мүлік объектілері) - ғимараттарды пайдалану, құрылысын салу және жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылатын объектілер, осы объектілер орналасатын құрылыстар және жер телімдері;
      инженерлік инфрақұрылым - адамдардың тіршілік етуі, сондай-ақ өндірістің немесе тауарлар мен көрсетілетін қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшін қалыпты жағдай туғызатын кәсіпорындардың (ұйымдардың), объектілердің (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желілерінің жиынтығы;
      көлік инфрақұрылымы - көпір, тоннель және өзге де көлік құрылыстарының, жол тарамдары мен жол өткізгіштерінің, реттеуші белгі беру құрылғыларының, байланыстың, көлік жұмысының инженерлік қамтамасыз ету, жүктерді, жолаушыларды тасымалдайтын көлік құралдарына қызмет көрсету, өндірістік және қызмет көрсетуші адамдардың функционалдық қызметін қамтамасыз ететін объектілердің, қойма үй-жайлары мен аумақтардың, санитарлық-қорғаныш және күзет алаңдарының, сондай-ақ көрсетілген бағыттағы жолдарға және жылжымайтын мүлік объектілерін қамтитын объектілерге заңдарда бекітілген жерлердің кешені бар жерүсті (автомобиль және (немесе) темір) жолдарының, су (теңіз және (немесе) өзен) жолдарының жиынтығы;
      құрылыс нормалары және ережелері - аумаққа құрылыс салуды жүзеге асырған кезде міндетті түрде атқарылуға жататын нормативтік-техникалық құжаттар;
      қала құрылысы регламенті - аумақтар (жер телімдері) мен басқа да жылжымайтын мүлік объектілерін пайдалану, орналастыру, шектеулер (қиындықтарды, тыйым салуларды және сервитуттарды қоса), сондай-ақ олардың заңнамалық тәртіппен белгіленген рұқсат етілетін кез келген жағдайын өзгерту режимі;
      қызыл сызық - кварталдарды, шағын аудандарды, елді мекендерді жоспарлау құрылымындағы өзге элементтердің аумақтарын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөліп тұратын шекаралар. әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшін қолданылады;
      сары сызық - жойқын жер сілкіністері, өзге де табиғи немесе техногендік сипаттағы зілзалалардың салдарынан үйлердің (ғимараттардың, құрылыстардың) үйінділерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкін болатын шекаралар. әдетте сары сызықтар ғимараттар мен құрылыстар арасындағы қашықтықты реттеу үшін қолданылады;
      сәулет қызметі (бұдан әрі - сәулет) - объектінің ішкі және сыртқы келбетін жасаудың шығармашылық үрдісімен қоса, құрылысқа арналған (қайта жаңғырту, қалпына келтіру) жобалау құжаттамасының сәулет бөлігінде белгіленген кеңістікті, композициялық, көлемдік-жоспарлық және қызметтік ұйымдастыруды, жобаны іске асыру кезінде авторлық қадағалауды жүргізуді қамтитын сәулет объектілерін жасау жөніндегі қызмет;
      қала құрылысы қызметі (бұдан әрі - қала құрылысы) - ұйымдардың қала құрылысын жоспарлау және аумақтар мен елді мекендерді дамыту, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін анықтау, қала құрылысы кеңістігін қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың шығармашылық процесін, қала құрылысы құжаттамасының барлық шектес бөлімдерін үйлестіруді қамтитын қалалар мен селолық елді мекендерді кешенді жоспарлау жөніндегі қызмет;
      жоба - жеке және заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтіндік материалдар, инженерлік және сметалық есептеулер) нысанында ұсынған, адамның мекендеуі мен тіршілік етуінің қажетті жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі түпкі ойы;
      жобалар сараптамасы - тапсырыс берушінің (инвестордың) жобаны инвестициялаудың орындылығы және оны іске асыру туралы шешім қабылдауына негіз болатын жобалау алдындағы немесе жобалау құжаттамасын әзірлеу кезеңі. Сараптама олардың мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделерді, адамның тіршілік етуіне қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасауды, жобаланып отырған объектілердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік нормативтердің шарттары мен талаптарына сәйкестігін не сәйкес еместігін анықтау арқылы құжаттамаға талдау жүргізу және инвестицияның тиімділігін анықтау, сондай-ақ жобалардың сапасын бағалау болып табылады;
      сәулет-жоспарлау тапсырмасы - объектінің мақсатына, негізгі параметрлеріне және оны нақты жер теліміне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешені, сондай-ақ осы елді мекен үшін қала құрылысының регламенттеріне сәйкес белгіленген жобалау мен құрылысқа қойылатын міндетті талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл орайда түсі жөніндегі шешім мен үйлердің ғимараттардың (құрылыстардың) қасбеттерін әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдік-кеңістік шешім бойынша талаптар белгілеуге жол берілмейді;
      елді мекеннің бас жоспары - қаланы, кентті, ауылды (селоны) не басқа да қонысты дамыту мен салуды кешенді жоспарлаудың қала құрылысы жобасы, онда аймақтарға бөлуді, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен қызметін ұйымдастыру, көлік және инженерлік коммуникациялар жүйесі, көгалдандыру мен абаттандыру белгіленеді;
      аумақтарды аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезінде аумақтарды, жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрі мен оларды пайдалану жөніндегі мүмкін болатын шектеулерді белгілей отырып жұмыс істелетін аймақтарға бөлу;
      қоныстану аумағы - елді мекен аумағының тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының жекелеген бөліктерін, орналастырылуы мен қызметі арнаулы санитарлық-қорғаныш аймақтарын қажетсінбейтін басқа да объектілерді орналастыруға арналған бір бөлігі;
      санитарлық-қорғаныш аймағы - арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындары мен елді мекендегі басқа да өндірістік, коммуналдық және қоймалық объектілерді жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан азаматтарға арналған тұрғын үй мен ғимараттардан және құрылыстардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуін әлсірету мақсатында бөліп тұратын аумақ;
      қабылдау комиссиясы - объектінің (кешеннің) дайындығына кешенді тексеру, технологиялық жабдықтар мен инженерлік жүйеге бақылау сынағын жүргізетін және салынған объектіні пайдалануға қабылдайтын уақытша алқалы орган;
      жұмыс комиссиясы - нәтижелерін мемлекеттік қабылдау комиссиясына ұсыну үшін объектінің дайындығына кешенді тексеру жүргізетін уақытша алқалы орган;
      өтініш беруші - өзінің мақсаты үшін (тұру, қызмет көрсету, өнімдер шығару, пайда табу және тағы сол сияқтылар үшін) жаңа құрылысты жүзеге асыруға ниеті бар немесе қолда бар ғимараттардың (құрылыстардың) жекелеген үй-жайларын немесе басқа бөліктерін қайта жаңғыртуды, қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды жүргізуге мүдделі жеке немесе заңды тұлға (меншік иесі, тапсырысшы, құрылыс салушы);
      рұқсат беретін құжаттар - өтініш берушіге жаңа объекті салу немесе қолда бар объектіні өзгерту жөніндегі өзінің ойын іске асыруға құқық беретін құжаттар. Олар төмендегілерді қамтиды:
      а) тиісті жергілікті атқарушы органның өтініш берілген объектіні салуға ведомстволық бағыныстағы жер телімінің аумағын (аумағын, трассаны) беру туралы шешімін не өтініш берушінің меншік немесе жер пайдалану құқығында болатын телімді құрылысқа пайдалануға арналған рұқсаты;
      б) тиісті жергілікті атқарушы органның қосымша жер телімін (аумақты) берумен (бөліп берумен) байланысты емес қолда бар объектіге (объектінің жекелеген бөліктеріне) сұратылған өзгерістер жүргізуге берген рұқсатын;
      в) мемлекеттік сәулет және құрылыс инспекциясының функцияларын жүзеге асыратын мекеменің осы құрылысқа арналған құрылыс алаңында (жер телімінде, аумақта, трассада) белгіленген мақсаттағы объекті бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыруға арналған рұқсаты.
      қайта жаңғырту - әдетте, өзгертілетін объектілерін жаңарту әрі жаңғырту қажеттілігіне байланысты жекелеген үй-жайларды, ғимараттардың өзге де бөліктерін немесе тұтастай ғимаратты өзгерту;
      қайта жоспарлау - осы үй-жайдың (осы үй-жайлардың) шекарасын өзгерте отырып үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарын өзгерту;
      қайта жабдықтау - әдетте, үй-жайды (үй-жайларды) қызметтік мақсатын өзгерту үшін тіршілікті қамтамасыз ету, пайдалану, қандай да бір өнімдер шығару, қызмет көрсету және тағы сол сияқтылар үшін ішкі технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстырумен байланысты өзгерту;
      құрылымдық шешімдерді өзгерту - қолда бар объектілердің тіреу және (немесе) сыртқы қоршау құрастырмаларын (іргетастарды, негіздерді, қаңқаларды, бағандарды, тіреулерді, арқалықтарды, ригельдерді, фермаларды, сыртқы қабырғаларды, ішкі тіреу қабырғаларды, аражабындыларды, баспалдақ алаңшасы мен марштарын, лифтілік шахталарды және тағы сол сияқтыларды) қамтитын өзгерістер не құрылыс жобасында бұрын бекітілген құрылымдық шешімдерді өзгерту.

2-тарау. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру кезінде мекендейтін және тіршілік ететін қолайлы ортаны қамтамасыз ету

       4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі аумақта төмендегідей жағдайда жүргізілуге тиісті:
      1) қоршаған ортаға әсерін бағалауды ескере отырып жүзеге асыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық, санитарлық-гигиеналық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қарастыруы тиіс;
      2) халықтың, аумақтар мен елді мекендердің қауіпті (зиянды) табиғи және техногендік, антропогендік құбылыстар мен процестердің әсерінен қауіпсіздігі жөнінде заңдарда белгіленген талаптарды қамтамасыз етуге негізделуі тиіс;
      3) заңдарда белгіленген тәртіппен тарихи, мәдени құндылықтар және қорғалатын ландшафтық объектілер деп танылған аумақтар мен объектілердің сақталу талаптарына негізделуі тиіс.
       5. Елді мекендерді не оның бір бөлігін жоспарлау және салу жөніндегі қала құрылысы құжаттамасында (қала құрылысы жобаларында) әлеуметтік,өндірістік, рекреациялық, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының құрамы мен құрылымы анықталуы тиіс, сондай-ақ:
      1) қоныстандыру түрін (рөлін) ескере отырып, аумақты абаттандыру, көгалдандыру, инженерлік дайындау және қажетті сервитуттар;
      2) аумақта кешенді құрылыс салу;
      3) халықтың әлеуметтік, демографиялық және кәсіптік түрлі топтарының мүдделерін ескеру;
      4) нормативтік талаптарды (шектеулерді, шарттарды) сақтау;
      5) қызмет көрсету саласында бәсекелестік ортаны дамыту көзделуі тиіс.

3-тарау. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мақсаты және сәулет, қала құрылысы, құрылыс салу мониторингі

       6. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры - қала құрылысы регламенттерін, қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметі аумағын оның пайдаланылу режимінің әлеуметтік-құқықтық белгілері, инженерлік-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі, онда орналасқан объектілердің параметрлері мен жай-күйі, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлары мен экологиялық жай-күйі бойынша сипаттайтын картографиялық, статистикалық және мәтіндік ақпаратты қамтитын сан және сапа көрсеткіштерінің мемлекеттік жүйесі.
       7. Объектілер мониторингі - өмір сүру ортасының жай-күйін зерттеу арқылы бірыңғай әдіспен жүргізілетін жылжымайтын мүлік нысандарының жай-күйі мен өзгерістерін байқау жүйесі.
       8. Нысандар мониторингінің мәліметтері Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілуі тиіс.

2-бөлім. Облыс аумағында құрылыс салуды реттеу

4-тарау. Облыс бойынша қала құрылысын салуға жер
телімдерін пайдалануға қойылатын талаптар

      9. Құрылыс үшін жер телімдерін берген кезде, оларды пайдалануға қала құрылысы талаптары бас жоспарларды, жоспарлау жобаларын, құрылыс жобаларын, сондай-ақ функционалдық қала құрылысын аймақтандыру жоспарын және құрылыс салу ережелерін ескере отырып белгіленеді.
       10. Кешендерді және жеке объектілерді орналастыру үшін тапсырыс берушінің қаражаты есебінен сәулет-қала құрылысы тораптарының құрылысын салу және жоспарлау жобалары түрінде сәулет - қала құрылысы құжаттамасы әзірленеді.
       11. Объектілер құрылысын салу үшін жер телімін беру Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 4344-баптарында белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады. Бұл ережеге тапсырыс берушіге меншік құқығымен тиесілі жеке үй жанындағы саяжай, бау-бақша, егінжай телімдерінде уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар және абаттандыру элементтерін, сондай-ақ тапсырыс беруші жер пайдалану құқығымен пайдаланатын телімдерінде (аумақтарда) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрғын және тұрмыстық үй-жайларды салу қосылмайды.
       12. Объекті салу үшін жер телімін таңдауды сәулет және құрылыс органдары жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органмен бірлесіп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қатысуымен жерге орналастыру және қала құрылысы регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
       13. Облыс бойынша жер телімдерін беру қазақстан Республикасының Жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
       14. Көрсетілген талаптар жер телімінің құқықтары басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сақталады.
       15. Ұзақ мерзімге жалға алу немесе меншік құқығын иеленген заңды тұлға жер телімін игеруді қала құрылысы төлқұжатына сәйкес жүзеге асырады.
       16. Жер телімдерін бөлген немесе олардың шекаралары және параметрлері өзгергенде қызыл сызық, құрылысты реттеу сызықтары және қала құрылысы регламенттерінің талаптары сақталады. Жылжымайтын мүлік объектілерін бөлген жағдайда олардың бөлімдері жылжымайтын мүліктің дербес объектілері ретінде қызмет ететіндей жағдай қамтамасыз етілуі тиіс.

5-тарау. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге
арналған рұқсат

       17. Құрылыс салуға рұқсат - меншік иесінің, жылжымайтын мүлік объектісі иесінің, пайдаланушы немесе жалға алушының жер телімінде құрылыс салуға, ғимаратты, құрылымды, құрылысты қайта жаңғыртуға, аумақты абаттандыруға құқығын куәландыратын құжат.
       18. Белгіленген тәртіппен бекітілген, жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарымен (қызметтерімен) келісілген жоба (нобайлық жоба), сондай-ақ сараптаманың оң қорытындысы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу үшін негіз болып табылады.
       19. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау органдары рұқсат береді (рұқсат беруден дәлелді бас тартады).
       20. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге арналған рұқсат жаңа объектіні салуға, не қолда бар объектіні өзгертуді ұйғарған мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша беріледі.
      Жазбаша өтініште:
      1) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты, мекенжайы және телефоны;
      2) заңды тұлғалар үшін - ұйымның атауы, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі, басшының тегі, аты, әкесінің аты, пошталық мекенжайы мен телефоны;
      3) салу ұйғарылған объектінің мақсаты;
      4) өзгерту ұйғарылған объектінің мекенжайы (орналасқан жері) және оны өзгертудің мақсаты;
      5) объектіні салуға жер телімін беру (жерді пайдалануға рұқсат беру) немесе қолда бар объектіні өзгертуге рұқсат беру туралы жергілікті атқарушы орган берген құжаттардың көшірмесі;
      6) белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген жоба, сондай-ақ қазақстан Республикасының заңнамасында қаралған жоба сарапатамасының оң қорытындысы.
       21. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге арналған рұқсатты алуға қажетті құжаттардың тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті орган белгілейді.қажет болған жағдайларда, өтінішке өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық қадағалау органдарымен (қызметтерімен) жобаны келісуі туралы қорытындылар және Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген өзге де құжаттар қоса тіркеледі.
      Жағалаудағы аймақтарда орналасқан, қала құрылысы сипатындағы жобалар ластағыш заттар шығарылымдары, атап айтқанда: жеке қазандықтар, дизель генераторлары, жер асты гаражы, ағынды суды төгу үшін жеке септиктерді пайдалану болған жағдайда мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізуге жатады.
       22. Төмендегі жағдайларда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат талап етілмейді:
      1) негізгі құрастырмаларын өзгертпей-ақ, жер телімінің (аумақтың, трассаның) қазіргі шекарасында жүзеге асырылатын объектілерді қайта жаңғырту, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, техникамен қайта жарақтандыру, күрделі жөндеу;
      2) көшелердің, алаңдардың, өткелдердің жол жабындылары мен көше төсемдеріне ағымдағы жөндеу жүргізу, шағын сәулет нысандарын, сәндік ашық жасанды бассейндерді, фонтандарды, қалалық безендіру қондырғыларын сәулет және көгалдандырудың жер бедері элементтерін салғанда және жайластырғанда;
      3) уақытша мақсаттағы көмекші және қосалқы құрылыстар салғанда.

6-тарау. Қала құрылысы саласындағы сервитуттар

       23. Қала құрылысындағы жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты жариялы және жеке сервитуттар белгіленуі мүмкін.
       24. Жариялы сервитут жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілері негізінде белгіленеді, егер мемлекет және жергілікті халық мүдделерін қамтамасыз ету үшін осы қажет болған жағдайларда, жер телімдері қайтарып алынбайды.
       25. Қала құрылысы саласындағы жеке сервитуттар осы телімдерге жеке меншік немесе жер пайдалану құқығы бар субъектілермен шарт бойынша белгіленеді. Көрші немесе өзге де жер телімдерін шектеулі пайдалану құқығы (жеке сервитут) қазақстан Республикасы Жер Кодексінде көзделген жағдайларда белгіленуі мүмкін.

3-бөлім. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында
құрылыс салу тәртібі

7-тарау. Аумақта құрылыс салуға қойылатын жалпы талаптар

       26. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс салу тәртібі қолданыстағы нормативтік актілер негізінде әзірленген және сәулет-қала құрылысы қызметін жүзеге асыру бөлігінде жергілікті атқару органдарының шешімдеріне негізделеді.
       27. Тәртіп Қазақстан Республикасы аумағында қолданылатын нормативтер, жобалау мен құрылыс жөніндегі ережелер ескеріле отырып қолданылады.
       28. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс жұмыстарының барлық түрлері белгіленген тәртіпте, жергілікті атқарушы органдар (қалалар және аудан әкімдері) азаматтарға және заңды тұлғаларға беретін рұқсат етуші құжаттар болғанда жүргізіледі.
       29. Объектіні салуға және жобалауға рұқсат етуші құжаттар:
      1) тиісті жергілікті атқарушы органның ведомствосына қарасты аумақтан өтініш берілген құрылыс объектісін салуға жер телімін (аумақ, трасса) беру туралы шешімі немесе өтініш берушіге жер пайдалану құқығымен тиесілі телімде құрылыс салуға берген рұқсаты;
      2) тиісті жергілікті атқарушы органның қолда бар объектіні (объектінің жекелеген бөліктерін) қосымша жер телімін берумен (бөліп берумен байланысты емес сұратылған өзгертуді жүргізуге берген рұқсаты;құрылыс салуға арналған жер телімінде (құрылыс алаңында, аумағында, трассада) нақты нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсатты объектілердің құрылысының сапасын мемлекеттік сәулеттік-құрылыстық бақылауды жүзеге асыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган береді.
       30. Жаңа объектінің құрылысын жүзеге асыру, не қолда бар объектіні өзгертуді ұйғарған тұлғаның жазбаша өтінішінде тиісінше төмендегілер көрсетілуі керек:
      1) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты, мекенжайы және телефоны, салық төлеушінің тіркелу нөмірі (СТТН);
      2) заңды тұлғалар үшін - ұйымның атауы, оның мемлекеттік нөмірі, басшының тегі, аты, әкесінің аты, пошталық мекенжайы мен телефоны, салық төлеушінің тіркелу нөмірі (СТТН);
      3) салу көзделіп отырған объектінің негізгі параметрлері, мақсаты (есептелген қуаты, жалпы алаңы, сыйымдылығы, өткізу мүмкіндігі және тағы сол сияқтылар);
      4) жаңа құрылыс телімін орналастыру болжанған (қалап алынған) жер негіздемесі;
      5) өзгертуге жататын қолда бар объектінің (үй-жайдың, ғимарат немесе құрылыс бөліктерінің) мекенжайы (орналасқан жері), өзгертудің мақсаты және көзделген өзгерістің негізгі параметрлері.
      қолда бар объектілерді өзгертуге рұқсат алу үшін өтінішпен бірге өтініш берушінің өзгертілетін объектіге меншік құқығын растайтын құжаттың нотариалдық куәландырылған көшірмесі не белгіленген өзгертулер мен оның параметрлеріне объекті иесінің (меншік иелерінің) жазбаша келісімі қоса беріледі.
       31. Егер өтініш беруші сұралып отырған жер телімінің нақты орнын және оның көлемін (шекарасын) көрсеткен жағдайда, жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтері) телімнің орналасқан жері жөнінде олардың қалауына және құрылыс салу көзделген объектінің негізгі параметрлеріне негіз болатын ықшамдалған алдын ала жобалау материалдарын (нобайларды) сұратуға құқығы бар.
       32. Түскен өтініш бойынша жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті сәулет және қала құрылысы органына (қызметіне) жаңа құрылыс объектісін орналастыру үшін жер телімін (аумақты, трассаны) таңдауды, бекітілген қала құрылысы құжаттамаларына және қала құрылысы регламенттеріне сәйкес жер телімінің көлемі мен шекарасы жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырады. Жер телімін таңдау СЭС, ТЖ және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.
       33. Өтініш берілген объектінің құрылысын салуға жер телімін (аумақты, трассаны) беру туралы не өтініш берушіге меншік немесе жер пайдалану құқығына тиесілі телімді құрылысқа пайдалануға рұқсат беру туралы өтініш берілген сәттен бастап шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін - 10 күнтізбелік күн, қалған заңды және жеке тұлғалар үшін 30 күнтізбелік күн ішінде қаралады.
       34. Жер телімін беру не өтініш берушіге меншік немесе жер пайдалану құқығына тиесілі не жер телімін құрылыс салуға пайдалануға рұқсат беру туралы оң шешім мүмкін болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар өтініш берілген сәттен бастап он күн ішінде өтініш берушіге (тапсырысшыға) оның ұйғарымына қайшы келетін заңнамалық нормаларды (ережелерді,талаптарды, шектеулерді, сервитуттарды) көрсете отырып, бас тартуды дәлелдеп, жауап қайтаруы тиіс.
      Өтініш берушінің жергілікті атқарушы органға жеткіліксіз, дұрыс емес, не заңнамаға немесе мемлекеттік нормативтерге сәйкес келмейтін өзге де негіздерді (өтініш құжаттарын) ұсынуы рұқсат беру құжаттарын беруден бас тарту үшін себеп болып табылады.
      Оң шешім беруден бас тартылса, өтініш берушінің қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағымдануға мүмкіндігі бар.
       35. Жергілікті атқарушы орган өтініш берілген объектіні салуға жер телімін беру (бөліп беру) туралы берген шешім не өтініш берушінің меншік немесе жер пайдалану құқығына тиесілі телімді құрылыс салуға пайдалануға берген рұқсат заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда қайтарып алынуы мүмкін.
       36. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс салу жөнінде белгіленген тәртіпті бұзуға жол берген (әртүрлі құрылыс жұмыстарын орындау) азаматтар мен заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне сәйкес жауапқа тартылады.
       37. Рұқсат етуші құжаттар жобалық және құрылыс жұмыстарының келесі түрлеріне ресімделеді:
      1) ғимараттарды, құрылыстарды және әртүрлі мақсаттағы кешендерді жаңадан салуға, қайта жаңғыртуға (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау), кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыру және күрделі жөндеуге;
      2) тарих, археология, мәдениет және сәулет ескерткіштеріне жатқызылған объектілердің және ғимараттардың қорғау аймақтарын анықтауға, күрделі жөндеу жүргізуге, жаңғыртуға және консервациялауға;
      3) жер асты және жер үсті инженерлік коммуникацияларын, автомагистральдарды, көшелерді, жолдар мен көлік құралдарын, теміржолдарды және ғимараттарын, метрополитенді және оның ғимараттарын, трамвай жолы мен ғимараттарын, троллейбус желілерін және ғимараттарын, қоғамдық көлік аялдамаларын жаңадан салу, қайта жаңғырту, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру және күрделі жөндеу;
      4) алаңдарды, саябақтарды және басқа да мақсаттағы жасыл аймақтарды, бассейндерді және фонтандарды, қоршауларды, шағын сәулет нысандарын, көше жарығы қондырғыларын, ғимараттарды, құрылыстарды және кешендерді жарықтандыру, түрлі жарнамаларды, ақпараттық құрылғыларды және жол көрсеткіштерін жаңадан салу қайта жаңғырту, күрделі жөндеу және қоғамдық мақсаттағы аумақтарды жарақтандыру жөніндегі басқа да жұмыстар;
      5) геотехникалық зерттеулер үшін жерді бұрғылау және қазу, карьерлерді игеру және әртүрлі мақсатта ұңғымаларды бұрғылау;
      6) табиғи ландшафты қалпына келтіру;
      7) уақытша объектілерді, павильондарды, дүңгіршектерді, жазғы алаңдарды, базарларды, көлік тұрақтарын, гараждарды, жанармай құю станцияларын, автомобильдерді техникалық қарау және диагностикалық бекеттерді, әртүрлі мақсаттағы құрылымдарды және ғимараттарды орналастыру және аббаттандыру, қоршауларды, уақытша инженерлік жүйелерді, көшені жарықтандыруды орнату;
      8) жасыл желектерді және құрылымдарды бұзу, аумақтарды жоспарлау жөніндегі жер жұмыстары, ғимараттардың, құрылымдардың және құрылыстардың сыртқы және ішкі тіреу қабырғаларын бөлу, негізгі жаяу жүргіншілер жолының бөліктерін және алаңдарды асфальттау, бетондау, тротуарлар плиталарын төсеу және нәтижесінде объектінің сыртқы параметрлері және функционалдық пайдалануын өзгертетін жұмыстардың басқа да түрлері.
       38. Рұқсат етуші құжаттарсыз жергілікті сәулет, қала құрылысы органдарының міндетті түрдегі бақылауымен келесі құрылыс жұмыстары орындалады:
      1) шатырды конфигурациясын, түсін және жабын түрін өзгертпей жөндеу;
      2) ағаш бұйымдарын мөлшерін және пішінін өзгертпей ауыстыру;
      3) ішкі әрлеу жұмыстары;
      4) қасбет және түс элементтерін өзгертпей, сыртқы әрлеу жұмыстары;
      5) құбырлардың диаметрін және инженерлік жабдықтаудың қолда бар сұлбаларын үй-жайларды және қасбеттердің жоспарын өзгертпей ғимараттарда және құрылыстарда санитарлық-техникалық құрылғыларды және жабдықтарды жөндеу және ауыстыру;
      6) мерекелік көпшілік шараларды өткізу кезінде халыққа қызмет ету үшін сауда нүктелерін орналастыру.

8-тарау. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағындағы құрылыс
және қайта жаңғырту объектілерін жобалау

      39. Жергілікті атқарушы органның өтініш берушіге жаңа құрылыс салуы үшін жер телімін беру (бөліп беру) шешімі (өтініш берушінің иелігіндегі телімді пайдалануына берген рұқсаты) немесе қолда бар объектіні өзгертуге берген рұқсаты Тапсырыс берушінің, не оның уәкілетті тұлғасының (құрылыс салушының) жобалауға арналған тапсырманы әзірлеуіне және бекітуіне оларды инженерлік және коммуналдық жабдықтау көздеріне қосуына техникалық шарт алуы үшін негіз болып табылады.
       40. Инженерлік және коммуналдық жабдықтау жөніндегі қызметті жеткізушілер өтініш берушіге өтініш негізінде он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде сұратылған (есептік) параметрлер шегінде техникалық шарт беру, не сұратылып отырған параметрлер шегінде техникалық шарт беруден бас тарту туралы жауап қайтарады. Техникалық шарт беруден бас тартқанда, өтініш беруші қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағымдануы мүмкін.
       41. Тапсырыс берушінің өтініші бойынша жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтері) тапсырысшыға не оның уәкілетті тұлғасына (құрылыс салушыға) үш жұмыс күні ішінде облыстың бас сәулетшісімен келісілген сәулет-жоспарлау тапсырмасын береді. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы:
      1) жергілікті атқарушы органның жаңа құрылыс үшін жер телімін беру (бөліп беру) (қолда бар телімді пайдалануға рұқсат беру) туралы шешімі;
      2) жергілікті атқарушы органның қолда бар объектілерді өзгерту үшін қайта жаңғыртуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) берген шешімі;
      3) жобалауға арналған бекітілген тапсырма;
      4) инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға техникалық шарттар негізінде беріледі.
       42. Берілген сәулет-жоспарлау тапсырмасы белгіленген тәртіппен жобаны әзірлеуге рұқсат берілгендігін білдіреді. Сәулет-жоспарлау тапсырмасына табиғи-климаттық, сейсмикалық және қала құрылысы жағдайларын ескере отырып, әртүрлі мақсаттағы объектілерді жобалау жөніндегі жалпы ұсыныстар кіреді.
       43. Жасақталған жоба сәулет-жоспарлау тапсырмасының негізгі талаптарына және ұсыныстарына сәйкес келуі тиіс.
       44. Жаңа объектіні салуға немесе қолда бар объектіні қайта жаңғыртуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға, жаңғыртуға, қалпына келтіруге) жер телімін беру (бөліп беру) талап етілмеген жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшін инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосу немесе жүктемені арттыру қажет болмаса, онда сәулет-жоспарлау тапсырмасына тиісті жазба жасалады.
       45. Жаңа объектіні салу (қолда бар объектілерді өзгерту) жобаларына сараптама жүргізудің қажеттілігі не сараптаманың қажет еместігі сәулет-жоспарлау тапсырмасында көрсетіледі. Бұл ретте, жергілікті сәулет және құрылыс органдарымен (қызметтерімен) келісе отырып, тапсырыс беруші төмендегі құрылыс жобаларын сараптамаға ұсынбауға құқылы:
      1) лицензиялары бар тұлғалар орындаған және қосымша жер телімін (аумақты бөліп беру) бөліп беруді талап етпейтін, құрастырмалардың есептік беріктігін төмендетпейтін, сәулеттік-эстетикалық, өртке, жарылысқа қарсы және санитарлық сапаны нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін тұрғын үйлердегі (ғимараттардағы) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды қайта жаңартуды (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау);
      2) азаматтардың жеке пайдалануына арналған техникалық жағынан күрделі емес басқа да құрылыстарды.
      Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу тәртібі мен шартын қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті орган анықтайды, бұл турасында сәулеттік-жобалау тапсырмасында талаптар белгіленеді.
       46. Сәулет жоспарлау тапсырмасында төмендегідей жобалар бойынша сараптама жүргізу үшін талаптар немесе шарттар белгілеуге рұқсат берілмейді:
      1) жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарының (қызметінің) сәулет жоспарлау тапсырмасына сәйкес лицензиялары бар тұлғалар орындаған жеке тұрғын үйлер. Бұл ереже сейсмикалық қауіптілігі жоғары немесе арнайы жобалау шешімдері мен оларды сату кезіндегі іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аудандардағы (аймақтардағы) жеке тұрғын үй құрылысына қолданылмайды;
      2) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстар, тұрғын үйлер мен тұрмыстық үй-жайлар;
      3) жеке үй жанындағы телімдердің аумағындағы, сондай-ақ бау-бақша және егінжай серіктестіктерінің (қоғамдарының) телімдеріндегі шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар;
      4) жұмыс істеп тұрған инженерлік желілерді өзгертуді талап етпейтін үй жанындағы және саяжай телімдерін абаттандыру;
      5) контейнерлік және блоктық тұтас кешендер, сондай-ақ жинамалы-бұзылмалы құрастырмалардан жасалған және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтермен келісуді талап етпейтін сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына арналған бір қабатты ғимараттар (құрылыстар);
      6) саны 50 бірліктен көп емес автомашина қоюға арналған ашық үлгідегі автотұрақтар, сондай-ақ екеуден аспайтын автомашинаға арналған бокстері бар гараждар;
      7) қолда бар ғимараттарда жүзеге асырылатын және тіркеу құрастырмаларын өзгертуді талап етпейтін өндірістік емес үй-жайларды қайта жоспарлау (қайта жабдықтау);
      8) инженерлік желілерді электрлік тоттанудан сақтау;
      9) желілі инженерлік тораптар мен олардың құрылыстарын олардың жағдайын, салыну белгілерін, құбырлардың диаметрін өзгертуді қажет етпейтін күрделі жөндеу жүргізу;
      10) шағын сәулеттік объектілер мен аумақтардың қоршаулары;
      11) ашық спорт алаңдары, ғимараттар (құрылыстар) маңындағы тротуарлар, төселген тастар;
      12) технологиялық ресурстары таусылған және кәсіпорынды (цехты) қайта жаңғыртуды немесе қайта бейімдеуді талап етпейтін технологиялық немесе инженерлік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру.
      Осы тармақта көрсетілген жобалар бойынша сараптама жүргізу туралы шешімді тапсырыс беруші қабылдайды. қала маңында орналасқан (жағажайдан тыс) аумақта ластағыш заттардың шығарылым және тасталым көздері, атап айтқанда: жеке қазандықтар, дизель генераторлары, жер асты гараждары, ағынды суларды төгу үшін жеке септиктердің болуы т.б. да қарастырылмаған қала құрылысы объектілері мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтуге жатпайтын болып табылады.
      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 09 шілдедегі N 481 Су  Кодексіне сәйкес "Қала құрылысы сипатындағы жобалар" мынадай жағдайларда: жағажай аймағында орналасқанда (рекреациялық), ластағыш заттарын шығару көздерінің болуы, атап айтқанда: жеке қазандықтар, дизель генераторлары, жер асты гараждары болса, ағынды суларды ағызатын септиктер болса экологиялық сараптамадан өткізілуге тиіс.
       47. Сәулет-жоспарлау тапсырмасына реңдік шешімдер және ғимараттардың (құрылыстардың) қасбетін әрлеу материалдарын пайдалану, сондай-ақ олардың көлемдік-кеңістік шешімдері бойынша талаптар белгілеуге рұқсат берілмейді.
       48. Жобалауға берілген тапсырмаға және сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзірленген жоба оны бекіткенге дейін қажетті келісулерден өтеді. Салынатын объектінің немесе қолда бар объектінің жоспарланған өзгерістеріне, техникалық күрделілік деңгейіне, оларды салу (қайта жаңғырту, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) процесіне адамдар мен қоршаған ортаға олардың ықтимал қауіпінің, сондай-ақ алдағы уақытта пайдаланған кезде мүмкін болатын ықпалына, объектінің тұтастай тұрақты жұмыс істеуіне, құрастырмалардың беріктігі мен сенімділігіне, қоршаған ортаға немесе санитарлық жағдайға байланысты жобаларды:
      1) өртке қарсы қызметпен;
      2) санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен;
      3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органмен келісуі қажет.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында басқаша қарастырылмаған болса, көрсетілген инстанцияларда келісу мерзімі ведомстволық нормативтермен белгіленеді.
       49. Келісілген жоба Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы ережеде басқаша қарастырылмаған жағдайда, сараптамадан өтеді. 

9-тарау. Жалпы құрылыс аудандарында
жеке құрылыс (қоныстық) салуды жобалау

       50. Жеке құрылыс салу ауданының сәулеттік бейнесі, оның жоспарлық құрылымы, үйлердің тұрпаттары, қабаттылығы, абаттандырылуы жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарының сәулет - жоспарлау тапсырмасына сәйкес жасақталған сол ауданның құрылыс салу жобасымен анықталады.
       51. Жеке тұрғын үйлерді жобалау және салу құрылыс нормаларына және құрылыс салу ережелеріне сәйкес белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
       52. Жеке құрылыс салу аудандарында бекітілген жобаға сәйкес шаруашылық құрылыстарын салуға рұқсат етіледі.
       53. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімінің мөлшері нормативтік-құқықтық актілерге және бекітілген жобаға сәйкес белгіленеді. 

10-тарау. Тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды
қайта жаңғырту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау)

       54. Тұрғын үй ғимараттарындағы тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, сондай-ақ тұрғын үй ғимараттарының өзге де бөліктерін өзгертуге мүдделі және жергілікті атқарушы органдардың тиісті шешімі бар тұлға объектінің орналасқан жері бойынша сәулет және қала құрылысы органдарына (қызметіне) өтініш береді.
      Өтінішке өзгертілетін үй-жайға өтініш берушінің меншік құқығын растайтын құжаттың нотариалдық куәландырылған көшірмесі не үй-жайлардың немесе ғимараттардың өзге де бөліктерін өзгертуге меншік иесінің (меншік иелерінің) жазбаша келісімі қоса беріледі.
       55. Жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтері) өтініш беруші ұсынған құжаттарды қарағаннан кейін, сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен үй-жайларды (ғимараттың бөліктерін) өзгерту жобасын әзірлеуге қажетті бастапқы деректерді беру немесе оларды беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
       56. Төмендегідей жағдайларда:
      1) өзгертілетін объектіге өтініш берушінің тиісті меншік құқығы не үй-жайдың меншік иесінің нотариалдық куәландырылған жазбаша келісімі болмаған жағдайда;
      2) егер жоспарланған өзгерістерде үй-жайды нормативтік-құқықтық актілерде және нормативтік-техникалық құжаттарда тыйым салынған әрі шектелген қызмет үшін пайдалану белгіленген болса, өзгертуге рұқсат беруден, сондай-ақ сәулет-жоспарлау тапсырмасын және бастапқы материалдарды (деректерді) беруден бас тартылуы мүмкін.
       57. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын және рұқсатты беруден бас тарту өтініш берушінің құжаты сай келмейтін нормативтік-құқықтық актілерді және нормативтік-техникалық құжаттарды көрсете отырып жазбаша түрде беріледі.
       58. Өтініш беруші бастапқы деректер мен сәулет-жоспарлау тапсырмасын алу барысында дәлелді бас тартуға негіз болған ескертпелерді жойған жағдайда қайта берілген өтініш жалпы негізде қаралады.
       59. Жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтері) бастапқы мәліметтер мен сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген кезде болжанып отырған өзгерістердің күрделілігіне қарай төмендегідей тәртіппен үй-жайларды немесе ғимараттың өзге де бөліктерін өзгертуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды:
      1) егер техникалық жағынан күрделі емес өзгерістерге тұтастай алғанда қосымша жер телімі (аумақ телімін) бөліп беруді талап етпейтін, құрастырылмалардың есептік беріктігін төмендетпейтін, өртке, жарылысқа қарсы және санитарлық, сәулет-эстетикалық сапаны нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін, жобасына мемлекеттік сараптама жүргізілетін объектілерге жатпайтын болса, онда жұмыстар кез-келген тұлға орындаған ықшамдалған жоба (нобай) бойынша жергілікті сәулет қала құрылысы органының (қызметінің) келісімімен жүзеге асырылады. Жоспарланған өзгерістерді техникалық жағынан күрделі еместердің қатарына жатқызу туралы шешімді жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтері) қабылдайды;
      2) үй-жайларды жоспарланған басқа да барлық өзгерту жұмыстары тиісті лицензиясы бар тұлға орындаған жоба бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасында белгіленген көлемде жүзеге асырылуы тиіс.
       60. Жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтері) қабылдаған шешімдердің нұсқаларының бірі 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сәулет-құрылыс тапсырмасында тіркеледі.
      Сәулет-құрылыс тапсырмасында, сондай-ақ заңнамалық нормалармен белгіленген үй-жайлардың (ғимарат бөліктерінің) ұйғарылған өзгерістерінің жобаларына сараптама жүргізудің қажеттілігі, не мұндай қажеттіліктің болмауы көрсетіледі.
       61. Үй-жайлардың немесе тұрғын үй ғимараттарының өзге де бөлігін қайта жаңғырту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобасын әзірлеуге бастапқы деректер мен сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру (немесе оларды беруден дәлелді бас тарту) үшін өтініш берушілердің жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарына (қызметтеріне) ұсынылған құжаттарын қарау мерзімдері үш жұмыс күнінен аспауы тиіс.
       62. Жобаны әзірлеушілер құжаттамаларда үй-жайларды немесе ғимараттардың өзге бөліктерін өзгерту жөніндегі жұмыс барысында, сондай-ақ өзгертілген объектіні одан әрі пайдалану кезінде басқа меншік иелерінің мүддесін қозғайтын жобалық шешімдердің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс.
      Егер үй-жайларды жоспарланған жаңғырту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) немесе үй-жайлардың шекарасын ауыстыру басқа меншік иесінің (меншік иелерінің) мүддесін қозғайтын болса, онда жобаға олардың осы өзгерістерге нотариалдық куәландырылған жазбаша келісімі қосылып берілуге тиіс.
      Басқа меншік иелеріне аталған келісімді алу қажеттілігі:
      1) жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтеріне) сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген жағдайда, өтініш берушінің жоспарлаған өзгерістеріне;
      2) жобаны әзірлеушілер қабылдаған жобалау шешіміне байланысты белгіленеді.
       63. Үй-жайларды (ғимараттың бөліктерін) өзгерту жөнінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуден бас тарту үшін тек төмендегі жағдайларда:
      1) егер қайта жаңғырту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) туралы жергілікті атқарушы органдардың шешімі өтінішті қарау уақытына әрекет ету мерзімі аяқталса;
      2) егер жоба бекітілмеген болса немесе белгіленген тәртіпті бұза отырып бекітілсе;
      3) объектінің орналасқан жері бойынша сәулет және қала құрылысы  органдары (қызметтері) жобаны келісуден бас тартса немесе жобалар сараптамасының қорытындысы теріс болса;
      4) жоба нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес болмаса орын алуы мүмкін.
       64. Үй-жайларды (ғимараттардың бөліктерін) өзгерту жөнінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту мерзімдері он бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.

11-тарау. Инженерлік желілерді және ғимараттарды жобалау

      65. Магистральдық инженерлік желілерді және ғимараттарды жобалау мекемелердің және қызметтердің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады. Ақтөбе облысының елді мекендерінде магистральдық инженерлік желілердің және ғимараттарды салуға мүдделі жеке және заңды тұлғалар да кейіннен желілерді облыстың тиісті қызметтерінің балансына берумен олардың жобалауға және салуға тапсырыс берушілер бола алады.
       66. Объектілердің қызмет етуін қамтамасыз ететін таратушы және алаң ішіндегі инженерлік желілерді, сондай-ақ үйлердің және ғимараттардың ішіндегі желілерді олардың ұзындығына қарамастан жобалау, құрылыс салушылардың тапсырысы бойынша жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары берген сәулет-жоспарлау тапсырмасына және облыстың инженерлік қызметтерінің техникалық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Инженерлік желілерді және ғимараттарды жобалауды тиісті лицензиялары бар жобалау ұйымдары немесе жеке тұлғалар жүзеге асырады.
       67. Инженерлік желілердің жобалардың барлық түрлері және сатылары М - 1:500 масштабында толыққанды және түзетілген топогеодезиялық негізде орындалуы тиіс. Инженерлік желілердің және ғимараттардың дайындалған жобаларды міндетті түрде облыстың бас сәулетшісімен келісу керек.
      Инженерлік ғимараттардың жобалары (сорап, қосалқы станциялар және басқа объектілер) белгіленген тәртіпте мемлекеттік сараптама органымен келісіледі.
       68. Облыс аумағында инженерлік желілердің және ғимараттардың құрылысын салу жұмыстарын жүргізуге рұқсатты облыстың бас сәулетшісімен келісілген жоба негізінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы береді.
       69. Инженерлік желілер мен ғимараттардың құрылысы аяқталғанда құрылыс салушы немесе құрылыс мекемесі оларды топырақпен көмгенге дейін, лицензия алған топогеодезиялық ұйымның күшімен жаңадан салынған инженерлік желілер телімінің М - 1:500 масштабында орындаушылық геодезиялық түсірілімді қамтамасыз етуге, кейіннен облыстың кадастр қызметінде тіркеуге міндетті.
       70. Инженерлік желілерді пайдалануға олардың құрылысы немесе қайта жаңғыртылуы аяқталған кезде, қабылдаушы комиссия белгілеген тәртіпте қабылдайды. Комиссия Актісінің бір данасы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына ұсынылады. Инженерлік ғимараттар мен құрылыстар мемлекеттік комиссия қабылдайды.
       71. Келісілмеген жобалық құжаттамамен немесе жұмыстар жүргізуге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының рұқсатынсыз инженерлік желілерді және ғимараттарды салу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуді жүзеге асыратын құрылыс мекемесі Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексіне сәйкес әкімшілік жазаға тартылады. 

12-тарау. Объектілер құрылысы

      72. Азаматтар және заңды тұлғалар (тапсырыс берушілер) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органынан жобалау құжаттамасы бойынша сараптаманың оң қорытындысы негізінде жұмыстар жүргізуге рұқсат алады.
       73. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы тапсырыс берушінің қажетті құжаттарды ұсынуы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат береді (бұл рұқсаттың мерзімі жыл сайын ұзартылып отырады).
       74. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар азаматтар және заңды тұлғалар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына объектінің құрылысы басталғаны туралы хабарлайды. Жұмыстарды жүргізу жобада белгіленген құрылыс мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырылады. құрылыс салу кезінде құрылыс-монтаж жұмыстарының жобасын және әрлеу жұмыстарының сапасын бұзуға жол берген азаматтар және заңды тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапты болады.
       75. Объектілерді немесе кешендерді салғанда іргелес аумақтарда, ғимараттарда және құрылыстарды тіршілік іс-әрекетінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ыңғайлы технологиялық процесті ұйымдастыру және құрылыстың эстетикалық қабылдануын қалыптастыру мақсатында, міндетті түрде құрылыс алаңын абаттандыру, жергілікті сәулет және құрылыс органдарымен келісілген құрылыстың бас жоспарына және жұмыстарды жүргізу жобасына сәйкес қоршаулар жасау, кірме жолдар мен жаяу жол өткелдерін ұйымдастыру, автокөлікті жуу және басқа да шаралар көзделеді. 

13-тарау. Құрылысы аяқталған объектілерді қабылдау

       76. Салынған объектілерді пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексімен, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңымен реттеледі.
       77. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы және қабылдау комиссиясы салынған объектіні, оның бекітілген жобаға сәйкес толық әзірлігі және жұмыс комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда пайдалануға қабылдайды.
      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңның 74 бабында көзделген жекелеген жағдайларда, салынған объектіні пайдалануға қабылдауды меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор, құрылысты салушы) дербес жүргізеді.
       78. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңының 74 бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының оң шешімі болмайынша, салынған объектіні пайдалануға жол берілмейді.
       79. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы мезгілінде:
      1) өндірістік мақсаттағы объектілерді пайдалануға қабылдағанда - комиссия жұмысын бастау белгіленген мерзімінен үш ай бұрын;
      2) азаматтық тұрғын үй және коммуналдық мақсаттағы объектілерді пайдалануға қабылдағанда - комиссия жұмысын бастау белгіленген мерзімнен отыз күн бұрын тағайындалады. Сонымен бірге, сол нысан бойынша комиссия жұмысының басталу және аяқталу мерзімі белгіленеді.
       80. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы, оны тағайындаған күннен бастап екі апта мерзім ішінде орындалған жұмыстардың құрылыс нормаларына және ережелерге, жобалық құжаттамаға сәйкестігін және сапасын, объектінің қалыпты пайдалануға әзірлігін тексеруге және тиісті шешім қабылдауға міндетті.
       81. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының салынған объектілерді пайдалануға қабылдау актісі (мемлекеттік нормативте белгіленген жағдайларда қабылдау комиссиясының актісі) дайын құрылыс өніміне мүліктік құқықты тіркеу кезіндегі бастапқы ерекше құжат болып табылады.
       82. Мемлекеттік комиссияның салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітуге жатады. Қабылдау актісін бекітуді мемлекеттік қабылдау комиссиясын тағайындаған инстанция жүргізеді. құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау актілерін бекіту облыстың кадастр қызметінде тіркеуден өткеннен кейін жүргізіледі.
      Қабылдау актісін бекіту:
      1) өндірістік мақсаттағы объектілер бойынша - актіге қол қойылған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде;
      2) азаматтық тұрғын үй объектілері бойынша - актіге қол қойылған күннен бастап жеті күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі.
       83. Комиссияны тағайындаған инстанцияның объектіні пайдалануға қосу туралы актіге қол қойған күні мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдаған объектінің пайдалануға қосылған күні деп есептеледі.
      Объектінің пайдалануға қосылғандығы туралы актіге қол қойылған күн, қабылдау комиссиясы қабылдаған объектіні пайдалануға қосқан күн деп есептеледі.
       84. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының және қабылдау комиссиясының нақты объекті бойынша өкілеттіктері олардың тағайындалған кезінен басталады және объектілерді пайдалануға қабылдау туралы акт бекітілген кезден бастап тоқтатылады.
       85. Жұмыс комиссиясының нақты объекті бойынша өкілеттіктері оның тағайындалған кезінен басталады және пайдалануға қосылатын объектіні кешенді тексеру бойынша тапсырыс берушіге берілген кезден бастап тоқтатылады. 

14-тарау. Инженерлік желілерді және ғимараттардың құрылысын
салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу

      86. Траншеяларды жол жабындысын барынша күтіліп сақталуына кепілдік беретін алдын ала дайындықсыз қазуды бастауға тыйым салынады.
       87. Материалдарды жұмыс орнына жұмыс басталғанға дейін 24 сағаттан бұрын жеткізуге болмайды.
       88. Көшелерде, алаңдарда және абаттандырылған басқа аумақтарда жер асты коммуникацияларын төсеу үшін және траншеяларды және қазаншұңқырларды қазу мына талаптарды сақтау арқылы жүргізілуі тиіс:
      а) жұмыстарды жүргізу жобасына сәйкес жұмыстар бөлшектеліп орындалады;
      б) алдыңғы бөлікте аумақты тазалау және қалпына келтіру жұмыстарымен қоса, барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана келесі бөліктердегі жұмысты бастауға рұқсат етіледі;
      в) траншеялардан және қазаншұңқырлардан алынған топырақ жұмыс орнынан тез арада шығарылуы тиіс;
      г) траншеяларды қайтадан көму, оңтайлы-малтатасты қоспаны қабат-қабат нығыздаумен жүргізілуі тиіс;
      д) асфальт-бетондық жабындысының ені 4-7 метр көшеге магистральдық инженерлік желілерді төсеген кезде асфальт-бетон жабыны сол көшенің барлық ені бойынша қалпына келтіріледі, ал ені 7 метрден асатын болса, асфальт-бетондық жабындысын қалпына келтіру жұмыстары траншеяда және құрылыс механизмдер жұмысының аймағында орындалады;
      е) асфальт-бетонды жабындысының ені 1,5-2 метрлік тротуарларға телефон канализациясын, электр кабельдері мен басқа да инженерлік желілерді төсеген кезде асфальт-бетондық жабынды тротуарлардың барлық ені бойынша қалпына келтіріледі.
       89. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында немесе аяқталғаннан кейін инженерлік желілер трассаларының жобалары сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік сәулет-құрылыс органы осы желілерді қайта төсеуге нұсқама береді. Инженерлік желілерді және олардың жабдықтарын жобаға сәйкес келтіру үшін қайта қондыру шығындары осы жұмыстарды жүргізуші мекеменің есебінен орындалады.
       90. Инженерлік желілердің монтаждауды және инженерлік ғимараттардың құрылысы аяқталғаннан кейін, соңғыларын топырақпен төсегенге дейін құрылыс мекемесі облыстың кадастр қызметінде тіркелетін орындаушылық түсірілімді орындайды.
       91. Құрылысы аяқталған инженерлік желілерді пайдалануға қабылдауды мемлекеттік қабылдау комиссиясы және жұмыс комиссиясы жүргізеді, оларға тапсырыс берушінің, жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарының (қызметтерінің), бас мердігердің, қосымша мердігерлік ұйымдардың, жобалаушы мекемелердің, техникалық инспекцияның және қажет болған жағдайда басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері кіреді.
       92. Комиссия ұсынылған құжаттамалар мен салынған ғимараттарды нақты қарап:
      1) істелген жұмыстардың орындаушылық сызбаларға сәйкестігін;
      2) орындалған жұмыстың сапасын;
      3) аяқталмаған жұмыстарды белгілейді.
       93. Инженерлік желілерді пайдалануға қабылдау люктерді, құдықтарды орналастыру және абаттандыру элементтерін толық қалпына келтіру жұмыстарымен қоса, барлық жұмыс аяқталғаннан кейін жүргізілуі тиіс.
       94. Облыстың ішкі аумақтарындағы және көшелердегі құдықтардың, жылу камералары мен люктердің жағдайына пайдаланушы мекемеге немесе осы инженерлік желі қарауындағы ведомство жауапты болады. 

15-тарау. Инженерлік желілердегі апатты жою жөніндегі
қалпына келтіру жұмыстары

       95. Техникалық инспекция және жол полициясы апат туралы хабарлама алған кезде, оны жою үшін жолды жабу қажет болған жағдайда, жолды жабу және зақымдарды жою мерзімін белгілеу туралы мәселені шешу үшін жауапты тұлғаларды дереу апат орнына жібереді.
       96. Егер жер асты ғимараттары тозған жағдайда немесе олардың орнына басқа ғимарат салынса, бірінші ғимарат пайдаланудан шығарылып, топырақ қабатындағы орнынан алынуы тиіс.
       97. Жер қазу жұмыстарымен байланысты жұмыс істемейтін ғимараттарды жою (бөлшектеу) жұмыстары экологиялық сараптамадан өткен жобалар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте техникалық инспекциядан ордер алғаннан кейін ғана жүргізіледі. 

16-тарау. Тұрғын аумақтарда құрылыс салу

       98. Тұрғын аумақтарда құрылыс салу Ақтөбе қаласы мен басқадай облыстың елді мекендерінің бекітілген бас жоспарына сәйкес орындалған құрылыс салу жобасы бойынша жүзеге асырылады.
       99. Жаңа тұрғын үй құрылысын салуда өмір сүрудің жайлы жағдайларын қамтамасыз ететін, тұрғындарға инженерлік қызмет көрсетулер мен ең төменгі әлеуметтік кепілдік қамтамасыз етілген қала құрылысы кешені түріндегі тұрғын орталығын қалыптастыру қарастырылуы тиіс.
       100. Тұрғын аумақтарға құрылыс салу сәулет-қала құрылысы құжаттамасы негізінде жүзеге асырылады.
      Тұрғын аумақтарды жобалағанда және тұрғын үйлерді орналастырғанда олар орналасқан үйлерді және жер телімдерін ұстау әрі қызмет көрсету мақсатында көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғын және тұрғын емес үй-жайларына меншік иелерінің кондоминиумдарын құру мүмкіндігін қарастыру қажет.
       101. Көп пәтерлі тұрғын үйлер кешендерін жобалағанда, санитарлық және өртке қарсы талаптарды ескеріп, үстіңгі қабатта балалар ойнайтын спорттық және шаруашылық алаңдарын орната отырып, инженерлік жабдықтар ғимараттарын және гараждарды орналастыру үшін жер асты кеңістігін барынша пайдалану қажет.

17-тарау. Жеке тұрғын үй (қоныстық) құрылыс салу
аумағын ұйымдастыру

       102. Жеке тұрғын үй (қоныстық) құрылыс салу аумағын ұйымдастыру белгіленген тәртіпте әзірленіп, бекітілген құрылыс салу жобасы бойынша жүзеге асырылады.
       103. Жеке тұрғын үй (қоныстық) құрылысын салу дегеніміз әрбір тұрғын үйдің (пәтер) өзінің қоныстық жер телімі болатын қоныстық (коттедждік) және блокталған құрылыс салу.
       104. Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 50 бабына сәйкес бөлек жеке тұрғын үй (коттедж) құрылысы үшін кемінде 0,10 га көлемінде жер телімі бөлінеді.
      Сәулет-қала құрылысы құжаттамасына сәйкес, қоныстың жер телімін ұлғайтуға жол беріледі; азаматтарға тұрақты жер пайдалануға тегін берілетін көлемінен артық және осынау телімдер көлемі шегіне дейін меншігіне берілетін қосымша жер телімдері сатып беріледі.
       105. Жеке аз қабатты құрылыс аудандарындағы көшелердің ені "қызыл сызықтарда" кемінде 12 метр, көлік өтетін бөлігінде - 5,5 метр болуы тиіс.
      Тұйық жолдардың ұзындығы 100 метрден аспай, бұрылатын алаңдармен аяқталуы тиіс.
       106. Жеке аз қабатты құрылыс аудандарында:
      1) әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді орналастыру үшін аумақ резерві ұсталуы;
      2) көше жол желілерінің және инженерлік инфрақұрылымның озыңқы құрылысы жүзеге асырылуы тиіс.
       107. Инженерлік жабдықтарды орталықтандырылған қалалық жүйелерге де сонымен қатар, жергілікті және кварталдық дербес ғимараттар құрылысына да қосу көзделуі тиіс.

18-тарау. Сауда дүңгіршіктерін және
павильондарын орналастыру

       108. Облыстың елді мекендерінің әсем сәулеттік келбетін сақтау және қалыптастыру, сондай-ақ көшелерді тиісті эстетикалық және санитарлық жағдайда ұстау мақсатында, сауда дүңгіршіктерін және павильондарын орнату атқарушы орган бекіткен сауда дүңгіршіктерін және павильондарын орналастыру кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
       109. Бекітілген орналастыру кестесіне сәйкес орнатылған жұмыс істейтін дүңгіршіктер, оларды бұзу немесе басқа телімге ауыстыру туралы ескерту берілгенге дейін қызмет етеді.
       110. Сауда дүңгіршіктері және павильондары орналасқан жер телімдері, сауда дүңгіршектерінің және павильондарының иелеріне тек жалға берілуі мүмкін. Сауда блогы және аялдама қалқаның арақатынасы аялдама павильонының жалпы ауданынан тең үлесте құрылуы тиіс. 

19-тарау. Тұрғындар иелігіндегі көлік құралдарын сақтау және
оларға қызмет көрсетуге арналған ғимараттарды орналастыру

       111. Тұрғын кварталдарда, шағын аудандарда, тұрғын аудандарда автомобильдерді тұрақты сақтау үшін гараждарды және алаңдарды орнату жергілікті атқарушы органдар бекіткен облыс елді мекендер аумағында гараждар және автотұрақтар орналастыру сызбасына сәйкес жүзеге асырылады.
       112. Мүгедектер автомобильдерін сақтау үшін гараждар орнату, белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізіледі. Азаматтардың осы санаттарына жер телімдерін беру үшін дайындық материалдарын ресімдеуді жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары жүзеге асырады.
       113. Кооперативтік гараждар мен автотұрақтарды жобалау, және құрылысын салу қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерін сақтай отырып жергілікті атқарушы органдар белгілеген тәртіпте жүзеге асырады.
      Өз бетімен гараждар мен автотұрақтардың құрылысын салуға, сондай-ақ жұмыс істейтін автотұрақтарда қалқалар орнатуға жол берілмейді.
       114. Ірі сауда және қоғамдық ғимараттарды жобалағанда, ішінен немесе жанынан жер асты гараждарын салуды қарастыру қажет.
       115. Автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету станциялары өндірістік базалардың қоғамдық магистральдарына жақын, өнеркәсіп-коммуналдық және көлік кәсіпорындарынан оқшауланған санитарлық-қорғаныс аймақтарының телімдерінде, тұрғын үй құрылысынан қашық орналастырылады.
       116. Стационарлық май құю және техникалық қызмет көрсету станциялары, ыңғайлы көлік кірме жолдарын ұйымдастырумен жалпы қалалық магистральдарда арнайы бөлінген алаңдарда орналасуы тиіс.
      Контейнерлік май құю станциялары өртке қарсы, экологиялық талаптарды сақтай отырып, уақытша резервке сақталатын аумақтарда орналасуы мүмкін.
      Техникалық қызмет көрсету станциясын (ТҚС), стационарлық май құю станциясын, (СМС) автомобильдерді жуу пунктін және басқа да қызмет көрсететін объектілерді бір алаңға біріктіруге болады.
       117. Май құю және техникалық қызмет көрсету станцияларын орналастыру, олардың бекітілген орналасу кестесіне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
       118. 116-119 тармақтарында көрсетілген құрылыс объектілері экологиялық сараптамадан өткен жобалар бойынша жүзеге асырылады. 

20-тарау. Мүгедектердің ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету
мақсатында арнайы құрылғылар құрылысын жобалау

       119. Объектінің немесе кешеннің құрылысын жүзеге асыруды ұйғарған жеке және заңды тұлғалар (тапсырыс берушілер), мүгедектердің ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрылғыларды қарастыруға міндетті. Бұл жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары (қызметтері) дайындаған сәулет-жоспарлау тапсырмасымен анықталады. 

4-бөлім. Қала құрылысы қызметін жүзеге асыруды бақылау

21-тарау. Қала құрылысы қызметін жүзеге асыруды бақылау

       120. Қала құрылысы қызметінің жүзеге асырылуын бақылау қала құрылысы құжаттамасы саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, мемлекеттік қала құрылысы нормативтері мен құрылыс салу ережелерін сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған. 

22-тарау. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында жекелеген
құрылыс объектілерін жобалау, келісу және салу тәртібін бұзғаны
үшін жауапкершілік

       121. Ақтөбе облысының елді мекендер аумағында құрылыс салу ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады