Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 2009 жылғы 16 сәуірдегі N 23-118 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Райымбек ауданының Әділет басқармасында 2009 жылдың 12 мамырда N 2-15-69 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 2010 жылғы 19 наурыздағы N 35-177 шешімімен

      Ескерту: Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 2010.03.19 N 35-177 шешімімен.
      
      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
      
      Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңының 97-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы” Заңының 6–бабы 1-тармағы 15-тармақшасына сәйкес, аудандық маслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      
      1. Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      
      2. Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеу жұмыстарын жүзеге асыру аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (Х. Зықаев) міндеттелсін.
      
      3. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін.
 
      Аудандық маслихаттың
      сессия төрағасы                            Д.Оразақынов
      
      Аудандық маслихаттың
      хатшысы                                    Ұ.Әбек     
                                 Райымбек аудандық мәслихатының
                                 16 сәуір 2009 жылғы «Табысы аз
                                отбасыларына (азаматтарға) тұрғын
                                үй көмегін көрсетудің мөлшері мен
                                тәртібін белгілеу туралы» № 23-118
                                         шешіміне қосымша 

Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй
көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес әзірленді және тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеу тәртібін белгілейді.

1. Негізгі терминдер мен анықтамалар

      1. Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) төленетін тұрғын үй көмегі (бұдан әрі – Тұрғын үй көмегі) халықты әлеуметтік қорғаудың бір түрі болып табылады.
      2. Тұрғын үй көмегі – коммуналдық шығындар үшін ақшалай төленетін төлемақы болып табылады.
      3. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті орган - «Райымбек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі болып табылады.
      4. Отбасының жиынтық табысы – отбасының ақшалай да, заттай да нысанда алған табысының жалпы сомасы.
      5. Өтініш беруші – тұрғын үй көмегін тағайындату үшін отбасы атынан өтініш беретін отбасының кәмелетке толған бір мүшесі.
      6. Учаскелiк комиссия - тұрғын үй көмегін алуға өтiнiш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына зерттеу жүргiзіп, қорытындылар даярлап, тұрғын үй көмегін тағайындауға қажетті құжаттарды уәкілетті органға тапсыру үшін селолық, поселкелік округ әкiмдерiнiң шешiмiмен құрылатын арнаулы комиссия.
      Учаскелік комиссия құрамын жергілікті өзін-өзі басқару, құқық қорғау органдарының, білім беру, денсаулық сақтау салаларының, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен жеке меншік пәтер иелері өкілдерінен құрылады. 

2. Тұрғын үй көмегін алу құқығы

      1. Жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және «Аудандық, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген мүшелері бар отбасыларының тұрғын үй көмегін алуға құқығы жоқ.
      Жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыссыз ретінде уәкілетті органда тіркелмегендердің қатарына 55 жасқа толғандар, 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектер мен 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды күтетіндер, басқаның күтімін керек ететін 80 жастан асқан тұлғаларға күтім жасайтындар және 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатындар, сондай-ақ бір айдан астам уақыт бойы ауруханалық емдеуде жүрген адамдар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті немесе айналасындағы адамдарға қатер төндіретін ауруы бар ауруханалық немесе емханалық емдеуде жүрген азаматтарды бағып - күтумен айналысатындар кірмейді.
      Жедел әскери қызметтегі әскери қызметкерлер отбасының құрамына есептелмейді.
      2. Жеке меншігінде бір үйден артық тұрғын үйі (пәтері) бар немесе тұрғын үйін (пәтерін) жалға беруші тұлғаларға тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      3. Құрамында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы және ішкі істер органдарындағы педагогтары, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлері, полиция қызметкерлері бар отбасыларына тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      4.Уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандар, уәкілетті орган ұсынған жұмысқа орналасудан себепсіз бас тартса және өз еркімен қоғамдық жұмысқа, оқыту мен қайта оқытуға қатыспаса тұрғын үй көмегін алу құқығынан алты айға айырылады.
      5. Коммуналдық қызмет ақысы үшін қарыздары бар отбасына, қарыздарына қарамастан, тұрғын үй көмегін алуға берген өтініші есепке тіркелген сәттен бастап тұрғын үй көмегі тағайындалады.

3. Тұрғын үй көмегін алуға өтiнiш беру тәртiбi

      1. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер немесе алушы отбасылары оны рәсімдеу үшін өтінішімен қоса ауылдық, селолық округ әкімдігінің жанындағы учаскелік комиссияға төмендегі құжаттарды ұсынады:
      1) жылына бір рет немесе қандай да өзгерістер болған жағдайда жеке басының куәлігінің көшірмесін, қозғалмайтын мүлікті бағалау және тіркеу басқармасынан немесе селолық, поселкелік округ әкімі аппаратынан жеке меншігінде бір үйден басқа үйі жоқ екені туралы анықтама, тұрғын үй құқығын куәландыратын құжат немесе жал шарты (жалдау), азаматтарды тіркеу кітабы, селолық округтерден № 3 анықтама, жеке меншік шаруашылықтарында жері, малы бар немесе жоқ екендігі жайлы мәліметтер;
      2) өткен тоқсанға, тоқсан сайын отбасының барлық мүшелерінің кірісі туралы анықтама, коммуналдық қызметке ақы төлеу туралы түбіртек.
      2. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде өтініш берілген тоқсанның алдыңғы тоқсанында Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде алынған табыстың мынадай түрлерi есепке алынады:
      1) еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;
      2) кәсіпкерлік және басқа да қызмет түрлерінен түсетін табыс;
      3) он сегіз жасқа дейiнгi балаларға арналған ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақы;
      4) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс;
      5) жеке қосалқы шаруашылықтан (мал мен құс ұстау, бағбандық, бақша өсiру) алынатын кіріс тоқсанына алты айлық есептік көрсеткіш көлемінде көрсетіледі;
      6) өзге де табысы туралы мәліметті өтініш беруші өзі жазып көрсетуге міндетті.
      3. Отбасының жиынтық табысына мыналар есепке алынбайды:
      1) мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек;
      2) тұрғын үй көмегі;
      3) жерлеуге арналған бiр жолғы жәрдемақы;
      4) бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақы;
      5) ақшалай және заттай түрдегi (құндық бағадағы) қайырымдылық көмек.
      6) оқушыларды тегін тамақтандырудың қаржысы, жалпыға бірдей оқыту қорынан берілетін және азық-түлік бағаларының қымбаттауына байланысты әлеуметтік әлжуаз топтарға берілетін көмектер;
      7) жеке iсiн ашуға және (немесе) жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек (грант).
      Егер жеке iсiн ашуға немесе жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек (грант) мақсатына сай пайдаланылмаса осы факт анықталған тоқсандағы, жиынтық табыс көрсетілген көмек сомасын ескере отырып есептеледi;
      8) төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығына және мүлкiне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасына көрсетiлген көмек;
      4. Өтініш берушінің тұрғын үй жәрдемақысын алу құқығы, тоқсан сайын, отбасы мүшелерiнiң жиынтық табысы туралы мәлiметтерi арқылы анықталады.
      5. Учаскелік комиссияға салыстырып тексеру үшiн құжаттардың түпнұсқалары мен көшiрмелерi ұсынылады, көшірме түпнұсқамен салыстырылғаннан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтiнiш берушiге қайтарылады.
      6. Тұрғын үй көмегі, отбасының атынан тұрғын үй көмегін алуға өтініш берген адамның (өтініш берушінің) атынан тағайындалып, төленеді.
      7. Учаскелік комиссия өтініш берушінің ұсынған құжаттарын тексереді, оларды тiркейдi және өтiнiштiң бекiтiлген нысанына сәйкес құжаттарды қабылдағаны туралы растаманы өтiнiш берушіге бередi.
      Учаскелік комиссия өтiнiш берушiлердiң құжаттарын өтiнiш берушiден қабылдап алған күннен бастап 15 жұмыс күнінен кешiктiрмей тұрғын үй көмегін тағайындау, немесе тағайындамау, немесе қосымша тексеру жүргізу жайлы қорытынды шығарады, тағайындау жайлы қорытынды қабылданса ол қорытындыны өтініш берушінің құжаттарымен қосып уәкiлеттi органға тапсырады. Ал тұрғын үй көмегін тағайындамау жайлы қорытынды қабылданса өтініш берушінің құжаттары өтініш берушінің өзіне қайтарылады.
      Өтініш берушіден құжаттар қабылданғаннан кейiн, қажет болған жағдайда учаскелік комиссия төрағасы немесе уәкiлеттi орган, учаскелiк комиссияға тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының материалдық жағдайына қосымша тексеру жүргiзу жөнінде ауызша немесе жазбаша тапсырма беруге құқылы.
      Ауызша немесе жазбаша тапсырма болған кезде, учаскелiк комиссия, жүргiзiлген тексеру нәтижелерi бойынша отбасының материалдық жағдайы туралы акт жасайды және отбасының мұқтаждығы туралы қорытындыны осы Қағиданың 2-қосымшасындағы нысанында жасап тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе учаскелік комиссия төрағасына ұсынады.
      8. Тұрғын үй көмегін алуға өтініш берушінің және учаскелік комиссия мен уәкілетті орган өкілдерінің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының 12 қаңтар 2007 жылғы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 14,15 баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі, ауданның елді мекендерінде тұрақты тұратын және тұрғын үйдің иесі немесе жалдаушысы болып табылатын табысы аз отбасыларына, облыстық бюджеттің есебінен төленеді.
      2. Тұрғын үй көмегі өтініш берушіге тұрғын үй көмегін алу құқығы туындағаннан кейін ағымдағы тоқсанға толық тағайындалады, тоқсанына бір рет ақшалай төлемақы ретінде төленеді.
      Тұрмыстық-коммуналдық қызметтерді тұтыну үшін шыққан шығын (белгіленген әлеуметтік нормалар мен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтерінің шегінде) отбасының жиынтық кірісінің 10 пайыздық үлесінен асқан жағдайда тұрғын үй көмегі тағайындалады.
      Тұрғын үй көмегінің мөлшері үй иесінің (жалгердің) коммуналдық қызмет үшін нормалар шегінде немесе одан төменгі көлемде төлеген қаржысы мен отбасының жиынтық кірісінің 10 пайыздық үлесінің айырмасы ретінде есептеліп, төленеді.
      3. Учаскелік комиссияның ұсынған қорытындысы негізінде уәкiлеттi орган тұрғын үй көмегін тағайындау, немесе тағайындамау, немесе қосымша тексеру жүргізу жайлы шешім қабылдайды. Бұл шешім учаскелік комиссияның қорытындысын қабылдап алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қабылданады және өтініш берушілерлерге қабылданған шешім жайлы учаскелік комиссиялар арқылы түбіртек-ескерту беріледі.
      Түбіртек-ескертуде тұрғын үй көмегі тағайындалса тағайындалған тұрғын үй көмегінің мөлшері, тағайындалмаған жағдайда тағайындалмау себебі көрсетіледі. Түбіртек-ескертуге уәкілетті органның құжаттарды қабылдаған лауазымды тұлғасының қолы қойылады.Уәкілетті органның шешімі, тұрғын үй көмегін берудің негізі болып табылады.
      4. Тұрғын үй көмегін алушылар өз отбасы құрамында немесе табыстарында өзгерістер болған жағдайда уәкілетті органға отбасы құрамының немесе оның жиынтық табысының өзгергені туралы 15 күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
      Берілген ақпараттың дұрыстығы туралы күмән пайда болған жағдайда, тұрғын үй көмегін тағайындайтын уәкілетті орган немесе учаскелік комиссияның төрағасы (округ әкімдері) ақпараты күмән туғызған отбасы мүшелерінің тұрғылықты жерлері, табыстары туралы ақпаратты тиісті орындардан сұрап алуға, тексеруге құқылы. Заңды және жеке тұлғалар шындық ақпарат беруге міндетті. Өтініш беруші талап етілген құжаттарды ұсынбаған жағдайда, тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      5. Тұрғын үй көмегін алу мақсатында алдын ала жалған мәліметтер бергені үшін өтініш беруші заңсыз алған тұрғын үй көмегін өз еркімен бюджетке қайтарады, ал тұрғын үй көмегін қайтарудан бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылады. Заңсыз алған тұрғын үй көмегі туралы уәкiлеттi орган өтініш берушіні 10 жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
      6. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі коммуналдық шығын нормалары белгіленеді:
      1)Көмір от жағу маусымына (6 айға) 5 тонна, ал айына 833 кг.
      2)газ тұтыну – 1 айға сыйымдылығы 10,5 кг газы бар 1 кішкене баллон
      3)электр жүйесін қолдану (1 адамға – 45 квт, 2 адамға – 90 квт, 3 адамға – 125 квт, 4 және одан көп жан тұратын отбасына – 150квт)
      Ауыз су белгіленген тиісті нормаларға сәйкес.
      7. Тұрғын үй көмегін тағайындап, төлеу үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі ұсынып, аудан әкімі бекіткен коммуналдық қызмет ақысы бағаларының тарифтік нормалары басшылыққа алынады. Бұл тарифтік нормалар баға өзгерістеріне байланысты жыл сайын белгіленіп, бекітіледі.
      8. Тұрғын үй көмегінің төлемі «Райымбек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Қазпошта» АҚ-ның аудандық бөлімшесінің арасында жасалған келісім шарт негізінде тағайындалған сомаларды өтініш берушілердің дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

5. Тұрғын үй көмегінің уақтылы тағайындалуы және
төленуі үшін жауапкершілік

      1. Учаскелік комиссия, уәкiлеттi орган және «Қазпошта» АҚ-ның аудандық бөлімшесі тиiсiнше тұрғын үй көмгін тағайындаудың, төлеудiң және берудiң заңдылығы мен өз мерзімінде берілуіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында белгiленген тәртiпке сәйкес жауап береді.
      2. Құжаттарды қабылдап алған күннен бастап он күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы уәкілетті орган басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам қол қойған шешім қабылданады.
      Өтініш иесі уәкілетті органның шешімімен келіспеген жағдайда жоғары тұрған уәкілетті органға, сондай-ақ сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады