Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Жезқазған қалалық мәслихатының 2012.05.24 N 6/50 (ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтарындағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтарындағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне сәйкес, қалалық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қосымшада ұсынылған Жезқазған қаласы және оның маңындағы елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық ұстау Қағидасы бекітілсін.
2. Қалалық мәслихаттың 2005 жылғы 21 қазандағы N 22/242 "Жезқазған қаласының аумағын көркейту Қағидасын бекіту туралы" (2005 жылдың 3 қарашасында Жезқазған қаласы әділет басқармасында N 8-2-9 нөмірімен тіркелген және 2005 жылдың 30 қарашасында "Сарыарқа" газетінің 96 (7186) нөмірінде ресми жарияланды), шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы Н. Дүйсембеков
Қалалық мәслихаттың хатшысы Қ. Әбдіров
Келісілді:
Тұрғын үй шаруашылығы,
жолаушылар көлігі мен
автокөлік жолдары бөлімі
бастығының м.а. Жандарбеков А.Ә.
14 сәуір 2009 жыл
Жезқазған қалалық мәслихатының
2009 жылғы 14 сәірдегі
N 13/156 шешімімен
бекітілген
Жезқазған қаласы және оның маңындағы елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық ұстау
Қағидасы
1. Жалпы ережелер
Абаттандыру және санитарлық ұстау Қағидасы Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес қаланың тазалық, өрт қауіпсіздігі, эстетикалық жағдайын қажетті деңгейде қамтамасыз етіп, оны одан әрі көріктендіріп, тазалығын сақтау мақсатында жасалды.
1. Жезқазған қаласы және оның маңындағы елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық ұстау Қағидасы (одан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 4 желтоқсандағы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Заңына, 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй қатынастары" Заңына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жасалып, қабылданды.
Қағида қала аумағына, ондағы объектілердің меншік иелерінің меншік түрлеріне, ведомстволық қатыстылығына немесе азаматтығына, сондай-ақ жер иелері мен жерді пайдаланушылар болуына қарамастан, салынатын құрылыстардың сыртқы көркі мен санитарлық тазалығына қойылатын талаптарды белгілейді.
Жезқазған қаласын абаттандыру және санитарлық ұстау бойынша жұмыстарды ұйымдастырып, үйлестіретін және жүзеге асыратын қала әкімі мен ауыл әкімдігі аппаратының лауазымды тұлғалары, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы, басқа да мемлекеттік уәкілетті органдар.
Қағида жеке және заңды тұлғалардың көркейту және санитарлық тазалық сақтау және аумақты тазалауды ұйымдастыруды, Жезқазған қаласындағы инфрақұрылымдар объектілерін қорғау саласындағы қатынастарын реттеп, жауапкершілігін белгілейді және меншік түріне қарамастан барлық жеке және заңды тұлғаларды қамтиды.
2. Осы Қағидада қолданылатын негізгі ұғымдар мен түсініктер
2. Көркейту – адамның қолайлы, жайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз ететін элементтер мен жұмыстардың кешені. Бұл жұмыс кешені аумақты тазалау, объектілерді күтіп ұстау, пайдалану, жөндеу және қорғау жұмыстарын келесі негізгі кешендер - инженерлік көркейту, үй маңындағы аумақты көріктендіру, жерде жұмыс жасау, көгалдандыру және дыбыстық және шулы түзілімдер және басқалар бойынша ұйымдастыруды қарастырады.
3. Аумақты санитарлық тазалау (жинау) - тұрғындардың күнделікті тіршілігі барысында пайда болатын коммуналдық қалдықтарды (қоқыстарды) жинау, жою және залалсыздандыру жөніндегі шаралар жүйесі.
4. Тазалаудың тапсырыстық жүйесі – жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары бойынша қалдықтарды жинап, жою.
5. Бекітілген аумақ – осы Қағидаға және Жезқазған қаласы әкімдігінің (ауылдық әкімдердің) актілерімен белгіленген шекара шегінде заңды және жеке тұлғаларға бекітіліп берілген аумаққа енетін оны таза, күтіп ұстау міндеттелген жер учаскесі. Қала шегіндегі бекітіліп берілген жерлер:
1) бөлінген учаске шекарасынан (тұтас құрылыс алаңы болмаған жағдайда) 10 метрге дейінгі аумақ, және қала көшелері мен жол жаққа қарай қосымша (тротуарлар, газон, машина қоятын "қалташалар" мен көркейтудің басқа да элементтері);
2) жетілдірілмеген төсенішті көшелер, жолдың ортасына дейін екі жақты құрылыс және жолдың өне бойына – бір жақты құрылыс болса;
3) жетілдірілген төсенішті көшелер, жүретін жол бөлігінің ең жақын шетіне дейін;
4) орамішілік аумақ учаскелері – уәкілетті органдардың ұсынуы бойынша Жезқазған қаласы әкімдігі актілерімен белгіленген шекаралар шегінде;
5) пәтер иелерінің коперативтеріне, кондоминиумдарына және басқа да жер пайдаланушы субъекттерге бөлінбеген, шағын сәулеттік түрлерге, балалар алаңы, кір жаятын, қоқыс жәшіктері тұратын орын, көлік бұрылатын, көлік қоятын орындар, аулаға көлікпен кіруге, үйге дейін көлікпен жетуге арналған жол тілімдері және сәндік құрылыстар (бір аулада бірнеше жер пайдаланушылар болса, бекітілген аумақ бөлінген аумаққа сай анықталады);
6) Жезқазған қаласы әкімдігі (ауыл әкімдері) арнайы бөлген және маусымдық (уақытша) бөлшек сауда мен басқа да мақсаттарға арналған орындар;
7) инженерлік желілердің (су құбырлары, жылу және басқа да желілер) күзетілетін аумағы;
8) уақытша қойма ретінде жиып қою және басқа да мақсаттарға пайдаланылатын аумақтар жатады.
Аумақты бекітетін субъектілер жеке және заңды тұлғалар бола алады:
1) пәтер иелері кооперативтері;
2) ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері;
3) жерді уақытша немесе тұрақты пайдалануға берілген тұлғалар.
Бекітілген аумақты санитарлық ұстау бойынша міндеттер субъектілерге аталған аумақты бекітіп беру жөніндегі актілер күшіне енген кезден бастап пайда болады.
6. Көшелер санаты – көлік қозғалысының жиілігіне және оларды пайдалану мен ұстау ерекшелігіне қарай бөлінетін қала магистралдары, көшелері мен жолдарының жіктелуі.
7. Тұрмыстық қатты қалдықтар – арнайы қоқыс тасушы автокөліктерге тиелетін стандартты қалыптағы типтік контейнерлерге салуға жарайтын тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарды пайдаланудан (пәтерлерді ағымдағы жөндеуден шыққан қалдықтарды қоса есептегенде) пайда болатын тұрмыстық қалдықтар, пеш күлі, күзгі жапырақ, үйде тұтынатын заттар.
8. Тұрмыстық сұйық қалдықтар – канализацияланбаған үй-жайлардың кез-келген сұйық қалдықтары (лас су, қазылған шұңқырлардың суы), сұйық астың қалдықтары;
9. Ірі көлемді қалдықтар - өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан, стандартты қалыптағы контейнерлерге сыймайтын, өздерінің көлемдік-салмақтық сипаттарына сай арнайы қоқыс жинаушы машиналармен тасуға жарамайтын тұтыну және шаруашылық қалдықтары (тұрмыстық техника, жиһаз, жылытатын және санитарлық-техникалық приборлар және тағы басқалар).
10. Ағын сулар – адамның шаруашылық қызметі негізінде немесе ластанған аумақта пайда болып, табиғи немесе жасанды су объектілеріне, щұңқырларға жиналатын су.
11. Инженерлік желілер және қондырғылар – қала тұрғындары мен кәсіпорындарды жылумен, сумен, электр энергиясымен қамтамасыз ететін, сондай-ақ ағын суларды жинап, басқа жаққа ағызуға арналған қаланы инженерлік көріктендірудің техникалық элементтері.
12. Шағын сәулеттік нысандар – сәндік сипаттағы және күнделікті қолданымдағы объектілер,мүсіндер, субұрқақтар, барельефтер, клумбалар мен гүл көзелері, павильондар, демалыс орындықтары, балалар ойындары үшін және ересектердің демалысына арналған қондырғылар мен конструкциялар, сәндік хауіздер, көркемдеп жасалған қақпалар, аспалы босағалар, флагштоктар, дүңгіршектер, телефон автоматтар, көшелер мен үйлердің тақталары, сыртқы жарнаманың тұрақты объектілері (будкалар, билбордтар, лайтбокстар, қалқандар, стеллалар, пилондар, электронды және жалюзды экрандар, витриналар, транспаранттар мен басқа да конструкциялар).
13 Автотұрақ – жобалық-сметалық құжаттама негізінде ұйымдастырылып, автокөліктерді орналастыруға арналған аумақ.
14. Сауда объектісі – сауда қызметін жүргізу үшін сауда қызметінің субъектілері пайдаланатын мүліктік кешен.
15. Уақытша объект – сауда немесе басқа да объектілер үшін арнайы бөлінген (рыноктар мен басқа да тұрақты орындардан өзге), қажетті санитарлық-гигиеналық деңгейде қамтамасыз етілген орындардағы уақытша сауда объектісі және тағы басқа уақытша объектілер. Маусымдық бөлшек сауда объектілері, қоғамдық тамақтану объектілерінің ашық (жазғы) алаңшалары, жәрмеңкелік сауда объектілері, көшпелі сауда кешендері (автодүкендер, цистерналар), киіз үйлер, шатырлар, сауда автоматтары, жайма сөрелер, металл дүңгіршектер, будкалар, әжетханалар, құрылыстағы тұрмыстық (күзетші үйшігі) және басқа да объектілер.
16. Қоғамдық орындар – жалпыға ортақ пайдаланатын және демалатын орындар (саяжайлар, жағажайлар) алаңдар, скверлер, бақжолдар, көлік аялдамалары.
17. Жасыл өсімдіктер – қаланың жобалық шешімдегі санитарлық-гигиеналық және экологиялық жағдайын қамтамасыз етіп, көріктендіру мен сәулет-ландшафтық әсемдеу деңгейін көтеруге әсер ететін,өсімдіктік объектілер (ағаштар, бұталар, гүлзарлар).
18. Рұқсат етілмеген үйінді – өндіріс пен құрылыс қалдықтарын, заңды және жеке тұлғалардың жұмысы негізінде пайда болған немесе ірі көлемді тұрмыстық қатты қалдықтар басқа да қоқыстарды өз бетімен (рұқсатсыз) төгу немесе үйіп қою.
19. Бөлінген аумақ – заңнамамен қарастырылған алаңы, шекарасы, орналасқан жері, құқықтық мәртебесі және басқа да сипаттамалары қала құрылысы құжаттарында және мемлекеттік жер кадастрында көрсетілген, жеке және заңды тұлғаларға берілген (бекітілген) қала аумағының бөлігі.
20. Құрылыс салушы – жаңа құрылысқа, қайта өңдеуге, жөндеуге, сондай-ақ бұзуға, алып тастауға, үйді, құрылғыны қиратуға тапсырыс беруші.
21. Жер учаскесін пайдаланушы – меншік түріне қарамастан қала көлемінде жер учаскесін пайдаланатын (кәсіпорын, ұйым, жалға алушы, пәтер иелері кооперативі, жеке кәсіпкерлер, үй иелері) жеке және заңды тұлға.
22. Іргелес аумақ – жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі, иелігіндегі және жалға алынған ғимараттың, құрылғының, құрылыс алаңы қоршауының, сауда объектілерінің, жарнама және басқа да объектілердің шекарасына тікелей түйісетін аумақ.
23. Өтпе жол - автокөліктердің шағын аудан, орамдар ішіндегі тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, жол құрылғыларына, басқа да қалалық құрылыс объектілеріне тақап келуін қамтамасыз ететін жол бөлігі.
24. Жолды күтіп ұстау – автокөлік жолдарын пайдалану ережесінің талаптарына сай, жол құрылғыларын, жолдардың көліктік - пайдалану жағдайын бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік беретін жұмыстар кешені.
25. Тротуар – көлік жолына түйісетін немесе одан гүлзармен немесе арықпен бөлінген, жаяу жүргіншілер қозғалысына арналған жол бөлігі.
26. Көше – өтпе жол орналасқан бөлігі, тротуарлар, жасыл көшеттер, аялдамалар,жерасты және жерүсті инженерлік желілері орналасқан аумақ.
27. Үй иеленуші – жеке меншігінде не басқалай заңды негізде тұрғын (жеке, көппәтерлі) үйі және тұрғын емес (әкімшілік, сауда, өндірістік, мәдени-тұрмыстық және басқа мақсаттағы) ғимараты немесе солардың бір бөлігі (бірігіп иелену) бар заңды және жеке тұлғалар.
28. Қоқысты жою – қоқысты жинау (белгіленген шоғырлану орындарында пайда болу көздерінен қалдықтарды қабылдау), тасу, залалсыздандыру, жою және көмуден тұратын мамандандырылған ұйым көрсететін коммуналдық қызмет түрі. Бұл Қағидада мамандандырылған ұйымдарға қоқыс шығарумен кәсіпкерлік қызметпен айналысатын және арнайы көліктері бар заңды және жеке тұлғалар жатады.
29. Тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы уәкілетті органы (әрі қарай - тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы) - өз уәкілеті құзыры көлемінде жұмыс атқаратын мемлекеттік орган – тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы – тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы және қалалақ инфрақұрылым саласындағы уәкілеттілігін Жезқазған қаласы әкімдігі белгілеген мемлекеттік мекеме.
30. Басқа уәкілетті органдар – Жезқазған қаласының әкімі мен әкімдігіне қарайтын мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік басқару органдары, сондай-ақ мемлекеттік басқару орталық атқару органдарының аумақтық құрылымдары.
3. Аумақты жинау мен санитарлық ұстау тәртібі
31. Барлық заңды және жеке тұлғалар тұрғын үй, әкімшілік, өндірістік, сауда және басқа да ғимараттар мен қондырғыларды, сондай-ақ өздерінің және оған іргелес жатқан аумақтарды, көшелерді, даңғылдарды, алаңдар мен бақжолдарды және жалпыға ортақ аумақтар, скверлерді, бақтарды, саябақтарды,жағажайларды тағы басқаларды жүйелі түрде (қолмен және механикалық) тазалау жұмыстарын жүргізеді. Қоқысты, ал қысқы мезгілде қарды арнайы белгіленген орынға уақтылы тасып шығару үшін барлық қажетті шараларды қолданылады.
32. Жалпыға бірдей қолданылатын аумақтар жеке және заңды тұлғаларға және бекітіліп берілмеген келісім-шартқа сәйкес, мемлекеттік тапсырыс негізінде мамандандырылған кәсіпорындар мен ұйымдар жинап, тазалайды.
33. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып-жоюды мамандандырылған кәсіпорын жоспарлы-тұрақты жүйе бойынша аталған кәсіпорындармен және тиісінше, заңды және жеке тұлғалармен жасалған келісім-шарт негізінде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда, тұрмыстық қатты қалдықтарды өз күштерімен полигонға уақтылы тасып шығарып тұруға техникалық мүмкіндіктері жоқ барлық жеке және заңды тұлғалар келісім-шартқа отыруға міндетті. Егер тұрмыстық қатты қалдықтарды және басқа да қоқысты өз күштерімен тасып шығаратын болса, қоқысты полигонға қабылдап алғаны жөніндегі белгі мен белгіленген тәртіп бойынша бекітілген қоқыстың жинақталу нормасы дәлелдейтін құжат болып табылады. Қоқысты өз бетімен тасып шығарудың аралық мерзімі санитарлық қағидалар мен нормаларына сай болуы керек.
34. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып, жою үшін жинаудың төмендегідей тәсілдері рұқсат етіледі:
1) әр тұрғын үйдің жанына немесе келісім арқылы белгіленген жерге қойылатын контейнерлік алаңшаларға немесе жеке тұрған контейнерлер арқылы. Қатар тұрған бірнеше көпқабатты тұрғын үйлерді қамтитын контейнерлер алаңын құруға болады;
2) қолданылуға жаңадан берілген жобамен қарастырылған тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау жүйесі және қызмет көрсетуші кәсіпорындар қамтитын үйлердегі қоқыс құбыры арқылы;
3) жеке тұрғын үйлерден тұрмыстық қатты қалдықтарды арнаулы техниканың тоқтайтын жеріне шығарып қою.
Бірінші тәсілді пайдаланғанда тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау орны (контейнерлік алаңдар) қолданылып жүрген санитарлық және өртке қарсы талаптарға, ал оған қойылған контейнерлер саны жинақталу нормасына сай болуы керек. Контейнерлік алаңдарды инженерлік қондырғылар ауданына орналастырған жағдайда, контейнер мен аталған объектіге дейінгі ара қашықтық объектіні пайдалану ережесіне сай болуы керек.
Контейнер алаңын және оған іргелес жатқан аумақты (іргелес жатқан аумаққа контейнер алаңының периметрінен 10 метр қашықта орналасқан аумақ алынады) былғамау үшін контейнер алаңындағы контейнерлерді толтыру оның жалпы көлемінің 3/4 аспауы керек. Контейнерлер бүтін, жыл сайын сырланатын және иесінің маркасы болуы керек. Контейнерлер орналастырылатын алаңның су өткізбейтін қалқасы, қоршауы және арнайы техника тақай алатын өтпежолы болуы керек.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың екінші тәсілі қоқыс құбыры шахтасы арқылы қоқыс қабылдайтын камерадағы контейнерге келіп түсіп, ары қарай арнайы техникамен тасылып әкетіледі.
Үшінші тәсіл бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жекеменшік үйлердің иелері шағын металл ыдыстарға немесе бір реткі полиэтилен пакеттерге салып, қала аумағының тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімімен келісілген арнайы тұрмыстық қатты қалдықтар жиналатын орынға әкеледі. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау мамандандырылған ұйымдар бекітілген кесте бойынша арнайы техника тоқтайтын орында жүргізіледі. Аталған орындардың тізімін тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын мамандандырылған ұйым тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөліміне беріп, оған аталған жұмысты үйлестіретін лауазымды тұлға қол қойып бекітеді.
35. Мамандандырылған кәсіпорынның басшылары тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып шығару кестесінің қатаң сақталып, тасып шығарудың барлық кестесінде жұмыстың толық орындалуына жеке жауапкершілік алады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып шығарудың кестесін бұзған жағдайда қызмет көрсететін кәсіпорын жіберілген олқылықтың салдарын жою үшін тез арада қажетті шаралар қолдануы керек, яғни:
1) тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып шығару кестесінің бұзылғандығы жөнінде дереу тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөліміне хабарлау керек;
2) тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімі белгілеген мерзім ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып шығарып, тазалау жұмыстарын жүргізу керек.
36. Ірі көлемді тұрмыстық қалдықтар, ескі жиһаз, пәтерді ағымдағы жөндеуден қалған қалдықтар арнайы бөлінген алаңға жиналып, жиналу көлеміне қарай, кемінде аптасына бір рет тұтынушының жеке тапсырысы бойынша мамандандырылған кәсіпорын тасып шығарады. Тұрмыстық қатты қалдықтарға жатпайтын қоқыстың барлық түрі (пәтерлер мен қондырғыларды күрделі жөндеуден қалған қалдығы, жапырақтар) тұлғаның өз күшімен немесе келісім шарт бойынша мамандандарылған кәсіпорынның күшімен тасып шығарылады.
37. Арнайы техникаға тиеген кезде шашылып-төгілген қоқыс қалдықтары техника иесінің күшімен дереу тазаланады.
38. Барлық заңды және жеке тұлғаларға қатаң тыйым салынады:
1) аталған үй иеленушіге басқа үй иеленушілерден бөлек арнайы орын бөлінген жағдайдан басқа кезде тұрмыстық қатты қалдықтарды үй иелігінен тыс және жалпыға бірдей қолданылатын қала аумағында қалдырып кетуге;
2) кез-келген қоқыс түрін өз учаскесінен тыс жерге, қаланың көпшілікке ортақ аумағына төгіп, жинауға;
3) ағаштарды, жапырақтарды өртеу;
4) қоғамдық орындарды әртүрлі қоқыспен (темекі тұқылы, қағаз, бөтелке және тағы басқалармен) былғауға;
5) контейнерге, контейнерлік алаңға және оған іргелес аумаққа тұрмыстық қатты қалдықтарға жатпайтын қоқыстарды (құрылыс қалдықтары, жылыту аспаптары және табиғи қалдықтар) тастауға және жинауға;
6) мамандандырылған кәсіпорындар тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімімен келіспестен үй иеліктері маңайына коммерциялық және сауда ұйымдарына арнап қосымша контейнерлер қоюға;
7) тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы қызметінің мемлекеттік, ведомстволық үй иеліктері аумағына орналастырылуы құрылыс нормалары мен ережелеріне,санитарлық қағидалар мен нормаларға және осы Қағидада қарастырылған контейнерлік алаңдар мен контейнерлер қоюға кедергі келтіруге;
8) өзінің жекеменшік контейнерлері жоқ кәсіпорындар, ұйымдар мен басқа да шаруашылық жүргізуші субъектілер қала аумағындағы көпшілікке ортақ, меншіктің кез-келген түріндегі тұрғын үй маңында орналасқан контейнерлерді мамандандырылған кәсіпорындармен қоқыс тасып шығаруға келісім шарт жасамастан қолдануға тыйым салынады.
39. Канализация жүргізілмеген үй иелектері аумағында тұрмыстық сұйық қалдықтар мен жуындыларды жинау үшін белгіленген қалыпқа сай су өтпейтін шұңқырлар қазылады. Сұйық қалдықтарды тасып шығару келісім шарт негізінде мамандандырылған кәсіпорынның ваккумды көлігімен қажеттілікке орай, бірақ тоқсанынына бір реттен кем емес уақыт аралығында осы мақсатқа арнайы бөлінген (сұйық қалдықтар полигоны) орында жүзеге асырылады.
40. Қала шеңберінде орналасқан теміржолдар, оқшаулау тілімдері, қима жолдар, төсеніштер, виадуктер, өтпежолдар, вокзал перрондары, аялдамалық платформалар, темір жол кәсіпорнының күші мен құрал-жабдықтарымен тазаланады. Темір жолдың оқшаулау тілімдері ведомстволық нормативтерге сай алдын ала келісілген кеше көлемге ие. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінің келісіміне сай іргелес жатқан аумақты да қоса тазалау үшін көлем деңгейіне ұлғайту бағытына қарай өзгеріс енгізіп келісім шарт жасалуы мүмкін.
41. Жаға шегінде жатқан аумақтар мен айлақтар өздері қарайтын немесе келісім шарт негізінде бекітіліп берілген кәсіпорын мен ұйымдардың күшімен тазартылады.
42. Аялдамалық павильондар мен қоғамдық көліктерге арналған аялдама алаңдары, сондай-ақ оларға іргелес жатқан 10 метрден кем емес аумақ (аталған аумақта орналасқан урналарды қоса есептегенде) мамандандарылған кәсіпорынның күші мен құрал-жабдықтарын пайдалана отырып тазаланады; ал аялдамалық павильондар мен қоғамдық көліктерге арналған аялдама алаңдары жеке және заңды тұлғалардың жекеменшігі болған жағдайда – соңғылардың күшімен немесе келісім шарт негізінде мамандандырылған кәсіпорынның күшімен тазартылады.
43. Көпшілікке ортақ орындарды тазалау мемлекеттік тапсырысқа сай келісім шарт негізінде жиналған қоқыстар (бұтақтар, жапырақтар тағы басқалар) тез арада қалалық қоқыс үйіндісіне тасып әкету арқылы жүргізіледі. Бұл арада:
1) гүлзарларды бүлінуден сақтау үшін жиналған қоқысты гүлзарлардың үстіне үюге;
2) жиналған қоқысты өтпежол үстіне, тротуарға, көлік жолына тастап кетуге тыйым салынады.
44. Көшелерді, алаңдарды, демалыс орындарын ластанудан сақтау үшін қала құрылысы мен сәулет және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімі бірігіп урналардың орнатылуына, ұстауына жауапты заңды және жеке тұлғаларды белгілейді. Урналардың түрі мен бояу түсі қала құрылысы және сәулет бөлімімен келісілуі керек.
45. Жер пайдаланушылар мен үй иелері, меншік түріне қарамастан өздеріне бөлінген және бекітілген аумақта:
1) өздеріне қарасты немесе өздері пайдаланатын техникалық жағдайын өз есебінен ұстау:
Тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды, өз аумақтарына іргелес жатқан басқа объектілерді өз қаражаттары есебінен техникалық жағынан күтіп ұстауға, жөндеп, сыртқы әрін сақтауға, жол төсеніштерін, тротуарларды, жаяу жүргіншілер жолын, орамішілік өтпежолдарды және басқа да жолдарды;
Аула аумағын, өтпежолдар мен тротуарларды, жағажайды, демалыс зонасын, рыноктарды, сауда алаңдарын және уақытша (маусымдық) бөлшек сауда үшін арнайы бөлінген орындарды, іргелес жатқан аумағымен қоса қала қорымын, автомотокөліктерінің тұрақтарын;
Қоршауларды, дуалдарды, көгал қоршауларын, тұрақты жарнама объектілерінің барлық түрін, сәндік жарықтандыру қондырғыларын, көше шамдарын, витриналарды, тірек бағаналарын, көше сағаттарын, көше аттарының көрсеткіштерін, үйлердің нөмірлік белгілерін, бақ-саябақ орындықтарын, урналарды, отырғызу алаңдары мен жолаушылар көлігі аялдамаларындағы павильондарды;
Жол құбырлары, су құбырларды, трансформаторлық құрылғыларды, жол белгілерін, телефон будкаларын, радиохабар тарату құрылғыларды, антенналарды, будка-посттарды, диспетчерлік қызметтің сөйлесу құрылғыларын, қайық, суда құтқару станциялары мен басқа да гидротехникалық, инженерлік-техникалық және санитарлық-техникалық қондырғыларды күтіп ұстауға міндетті.
2) көпқабатты үйлердің кіреберістерінің тазалығы мен тәртібін сақтауға, олардың тұрақты жарық болып тұруын, лифтердің, қоқыс құбырларының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті;
3) бөлінген және бекітіліп берілген аула аумағын көріктендіріп, оларды үнемі жөндеп, тазалап, сыпырып, суарып, жуып, қоқысын, қар мен мұзын тасып шығарып, құм сеуіп отыру, суағарлар мен дренаждарды тазалап, қоқыс пен жапырақтарды өртеуге жол бермеуге міндетті;
4) ведомстволық қатыстылығына қарамастан жасыл желектерді күтуге, уәкілетті органдарды, келісіміне сай жобалар бойынша көк көшеттер отырғызуға, агротехникалық іс шаралардың толық кешенін жүргізуге, суару, кесу, ағаштардың түбін ақтау, тамыр түбындегі өскіндерді кесіп тастау, тыңайтқыш себу, жерді қопсыту, жараланған жерлерін дезинфекциялау, емдеу, тесіктерін бітеп, көгалдарды отауға міндетті;
5) зиянкестер мен карантинді арам шөптерді жою жұмыстарын жүйелі түрде өз күштерімен немесе келісім шарт негізінде жүргізіп отыру;
6) жыл сайын көктем күз айларында қала мен ауыл аумақтарын көріктендіру және санитарлық тазалау бойынша айлықтар өткізу;
7) әуедегі желілерді үзілуден сақтап, жол қозғалысы мен объектілердің, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іргелес жатқан аумақтардағы ағаштарды уақтылы санитарлық қию жұмыстарын жүргізіп отыру. Магистралдық инженерлік коммуникацияның күзетілетін зонадағы жер үсті желілеріндегі жасыл желектерді санитарлық қию, қиылған материалдарды міндетті түрде әрі тез арада қалалық қоқыс үйіндісіне апарып тастаумен қоса, осы желілерді балансында ұстаушылар немесе желінің дұрыс жұмыс істеуіне жауапты кәсіпорындар жүргізеді;
8) қажет болған жағдайда құрылыс материалдарын, конструкцияларды және тағы басқаларын тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінен алынған белгіленген үлгідегі рұқсат қағазы болған кезде ғана қала аумағына жинақтауға болады;
9) кәсіпорындар мен ұйымдардың балансындағы жүйелерден басқа, жаңбыр мен жерасты суларына арналған арықтарды, құбырлар мен дренаждарды уақтылы тазалап тұруды іске асыру;
10) құрылыс және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде жұмыс аумағы мен оған іргелес жатқан жерлерді уақтылы тазалап отыру, көріктендірудің бұзылған элементтерін (гүлзарлар, асфальтты-бетонды төсеніштер, жиектастар, орындықтар, турникеттер тағы басқаларын) қалпына келтіруге;
11) құрылыстардың, қондырғылардың меншік иелері, жалға алушылар және басқалай иелік етушілер қақпаларды, қоршауларды, қасбеттерді және ғимараттардың цоколды бөлігін, құрылғыларды олардың техникалық және эстетикалық жағдайына сай (тиісті органдар мен қызметтердің келісімімен) уақтылы тазалау, сырлау және ақтау, сондай-ақ терезелер мен сыртқы есіктерді, маңдайшаларды тағы басқаларды жуу жұмыстарын жүргізуі керек. Қажет жағдайда өздері пайдаланатын объектілерге косметикалық жөндеу жасайды;
12) кез-келген меншіктегі объектілерге ұқыптылықпен қарау;
13) мемлекеттік меншіктегі объектілерге келтірілген зала туралы тиісті органдарға хабарлау;
14) көше аттары мен үй нөмірлері жазылған көрсеткіштерді техникалық бүлінбеген, таза күйінде ұстау;
15) ғимараттарда бекітілген үлгідегі, анық жазылған көше аттары мен үй нөмірлері және қоқыс жинайтын урна болуы;
16) көппәтерлі үйлердің кіреберістегі есіктерінде пәтерлер нөмірлері көрсетілген тақтайшалар болуы;
17) шатыр мен жертөлелердің есігіне құлып салынып, жертөлелердің біраз терезесі ауаны желдету үшін жыл бойы ашық болуы;
18) аулалардағы, кіреберістердегі, жертөлелердегі және баспалдақ алаңшаларындағы электр жарығын дұрыс жағдайда ұстау;
19) су құбыры, канализация, жылыту жүйесін ұқыптап ұстап, жертөлелерді су басып кетпеуін қадағалау;
20) ғимараттың сыртқы есіктерін ұқыптап ұстау;
21) өндірістік, қызметтік және тұрғын үй ғимараттарының кіреберіс жолдарын ұқыпты және бос ұстау;
22) канализация жүйесіне қосылмаған тұрғын емес және тұрғын үйлердің ауласында су өтпейтін шұңқырлары мен ауа тазартқышы бар, айналасы асфальт немесе бетон тәрізді қапталған, қоқыс жинау және жуынды қондырғылары орнатылуы және мамандандырылған кәсіпорындармен сұйық жуындыларды тасып төгуге жасалған келісім шарт болуы міндетті.
46. Қаладағы, тұрғын үйлер мен оларға іргелес аумақтардағы қалыптасқан сәулеттік бейнені сақтап және жақсарту үшін оларға сауда объектілерін (кеңселерді) орналастырған кезде бұл объектілердің иелері ғимараттардың қасбеттерін әрлей және іргелес аумақтарды көріктендіру жөніндегі алдын ала жасалған және келісілген жоба бойынша мынадай шаралар кешенін атқаруға міндетті:
1) қасбетті әрлеу (сырлау, түрлі материалдармен қаптау);
2) ғимараттың жалпы стиліне сейкес келетіндей табалдырықтар, арбамен жүретін мүгедектер үшін пандустар, маңдайшалар орнату;
3) өткел құрылғыларын, тротуарларды, орамішілік өтпежолдардың тоғысуын, автокөлік тұрақтарын, көгалдарды, көк желектерді қоса есептегенде аумақты көріктендіру жұмыстарын жүргізуге;
4) отырғыштар, урналар, қоршаулар орнатуға;
5) ғимаратқа іргелес жатқан және көлік жолына немесе өтпежолға дейінгі көше аумағын жарықтандыруға жететін сыртқы жарық құрылғыларын (жарықты жарнама), көше жаққа және басқа да қоғамдық орындарға шығатын қасбеттерге шам орнату;
6) ең аз көлемдегі қажетті ақпаратты қамтитын, жалпыға ортақ стилдегі, көркемдеп жасалған ілмелер жасау.
47. Ғимаратта жалғыз объекті (кеңсе) орналасқан жағдайда, оның иесі сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органның келісімімен ғимарат қасбетінің бір бөлігін немесе толықтай безендіреді. Ғимаратқа басқа ие немесе жалға алушы пайда болған жағдайда шыққан шығынын қайтарып ала алады. Бірнеше объект болған жағдайда қасбетті безендіру, көріктендіру және санитарлық тазалау жұмыстары олардың иелерінің үлестеріне сай бірыңғай сәулеттік–көркемдік бейне мен жұмыстың бір уақытта жүргізілуін қадағалай отырып жасайды.
48. Қаланы ағымдағы санитарлық жағдайында ұстау жұмыстарын мамандандырылған кәсіпорындар атқарады және келесі іс-шаралар жасалады:
1) автомагистралдарды, жолдарды, көшелерді, құрылғыларды (көпірлер, дамбалар, жолөткізгіштер тағы басқалары), көше жарығы объектілері, шағын сәулеттік түрлер және тағы басқаларын күтіп ұстап, жарықтандыру;
2) қорымды күту;
3) жасыл желектерді отырғызу және күту;
4) қала аумағындағы қоқыстарды, қалдықтарды жинап, оларды уақтылы тасып, шығаруды ұйымдастыру;
5) тұтыну қалдықтарын жинауға арналған алаңшаларды күтіп ұстау, қалдықтарға арналған контейнерлердің (қалдықтарды тікелей арнайы көлікпен жинау ұйымдастырылған кезден басқа) кір жаятын, үй жануарларын серуендететін орындардың болуы, көпшілікке ортақ орындарға нормативтік талаптарға сай урналар орнату;
6) қала аумағын тазалау, суару, қоқыс жинау, қыс кездерінде қарды күреп, шығару, көшенің көлік жүретін бөлігі мен жаяу жүргіншілер тротуарын көктайғаққа қарсы қоспалармен өңдеу, тұтыну қалдықтарын белгіленген орынға тасып, көму, өзендерді, арықтарды, астауларды, бұлақтарды, жаңбыр суағарларын және басқа да су құбырлары қондырғыларын тазалау;
7) аумақты нормативтік санитарлы-қорғалатын аймақ деңгейінде жүйелі ұстау бойынша жұмыстар жүргізу;
8) сумен қамтамасыз ету көздерін нормативтік санитарлы-қорғалатын аймақ деңгейінде жүйелі ұстау жұмыстарын жүргізу;/
9) жалпы қалалық шара өткізілетін кезеңдегі жасалатын бір реткі жұмыстар.
49. Барлық ұйымдық-құқықтық нысандағы жеке және заңды тұлғалар:
1) аумақты көріктендіріп, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу үшін бірігуге;
2) уәкілетті органдардан қала аумағын күтіп ұстау жөніндегі мәселелер бойынша ақпарат алуға;
3) қала аумағын күтіп ұстау бойынша байқауларға, конкурстарға және басқа да шараларға қатысуға құқылы.
4. Жалпыға ортақ орындар мен бекітілген аумақтарды жинау және күтіп ұстау
50. Қалада тұрақты түрде тәртіп пен тазалықты ұстау мақсатында, жалпыға ортақ орындар мен бекітілген аумақтарды жинау және күтіп ұстау үшін барлық үй иелері мен жер пайдаланушылар өздеріне бөлінген және бекітіліп берілген аумақтарды жинап,ұстауға қатысуы міндетті.
51. Жалпыға ортақ орындар мен бекітілген аумақтарды жинау және күтіп ұстау жұмыстарына мынадай жұмыс түрлері кіреді:
1) аумақты сыпыру, қалдықтар мен қоқыстарды жинап арнайы бөлінген орындарда жарақтандырылған контейнерлік алаңдарға қойылған контейнерлерге салу;
2) тұрмыстық қатты қалдықтар мен ірі көлемді қалдықтарды жинап, қалалық үйіндіге тасу. Тасып-төгу тиісті құжатпен расталуы керек;
3) шөптерді, бұталарды және басқа да арамшөптерді шауып, тасып шығару;
4) шағын сәулеттік түрдегі қоршауларды жөндеп, сырлау.
52. 15 сәуірден 15 қарашаға дейін, жинаудан басқа, ауа райына байланысты көшелерді, алаңдар мен басқа да жалпыға ортақ орындарды сумен жуу жұмыстары жүргізілуі керек. Орталық көшелер күн сайын кемінде екі рет жуылу керек.
53. Жер пайдаланушылар арасында жинайтын жердің шекарасын заңды және жеке тұлғаларға бекітіліп берілген аумақтар: көше-жол желісі, алаңдар, қоғамдық орындарға (жалпыға ортақ демалыс зонасы, саябақтар, скверлер) сай және аталған қызмет түріне мемлекеттік тапсырыстан бөлінген қаржы көлемін есепке ала отырып тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы анықтайды.
54. Орамішілік және басқа аумақтарды жинау шекарасы тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінің ұсынуымен Жезқазған қаласы әкімдігінің актілеріне сай бөлінген жер учаскелері мен бекітілген аумақтар бойынша анықталады.
55. Жинау жұмыстары қолданылып жүрген техникалық регламентке, нормалар мен ережелерге, осы Қағиданың ережелеріне және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінің нұсқауларына сай жүргізіледі. Құрылыс жүріп жатқан ауданда жоспарлы-тұрақты тазалау жұмыстары тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімі мен санитарлық қызмет органдарының келісімімен атқарылады.
56. Жер пайдаланушылар ара-тұра қажеттілікке қарай, маусымдық жағдайға және ауа райына байланысты өздеріне бөлініп, бекітіліп берілген аумақты тазалау, суару, тротуарға құм себу, қоқысты, қар мен мұзды шығару, су қоймалары мен дренаждарды тазалау жұмыстарын атқаруы қажет.
57. Бөлініп, бекітілген аумақтар мен оларға қала көшелерінен тақап келетін жолды жинап, күту жұмыстарын осы аумақта орналасқан құрылыстың иесі немесе пайдаланушысы болып табылатын тұлға өз бетімен немесе тазалаудың тапсырыстық жүйесі арқылы жүзеге асырады.
58. Көшелерді, іргелес жатқан көгалдарды, тротуарды, "қызыл сызық" шекарасындағы жол қиылыстарын, алаңдарды, автожолдар көпірлерін, саябақтарды, скверлерді, бақжолдарды, қорым аумағын жинау жұмыстарын қалалық бюджет есебінен аталған жұмыстарды атқару құқығын конкурстық негізде жеңіп алған мамандандырылған кәсіпорын жүргізеді.
59. Сапаржайларды, автостацияларды, такси тұрақтарын, диспетчерлік қоғамдық көліктің диспетчерлік пункттерін 10 метр радиуста жинап-ұстау аталған объектілердің иелері немесе пайдаланушылары жүргізеді.
60. Жанар-жағар май құю стансаларына, көлік жуу, ақылы автотұрақтарға, гараждар мен іргелес аумақтарды жинау, аумақтың тазалығын сақтау жұмыстарын олардың иелері жүзеге асырады.
61. Автокөліктің кез-келген түрін су қоймасында және оның жағалауында жууға тыйым салынады.
62. Өнеркәсіптік кәсіпорындарды санитарлық-қорғау аймақтары мен сумен қамтамасыз ету негіздерін санитарлық күзету аймақтарының аумағын жинау жұмыстарын олардың иелері іске асырады.
63. Жеке тұрған жарнама объектілеріне іргелес, жарнама конструкциясы бағанасынан бес метр радиусындағы аумақты осы объектілердің иелері тазалайды.
64. Инженерлік-техникалық және гидротехникалық құрылғыларға іргелес аумақты осы құрылғылардың иелері жинап, күтеді.
65. Жоғарыдағы және жер астындағы суларды қала аумағынан ағызып әкетуге арналған каналдар, құбырлар мен дренаждарды алдын ала тексеріп, тазалауды, жаңбыр суын жинайтын коллекторларды, жаңбырқабылдағыш құдықтарды тазалап, пайдаланатын кәсіпорын, аула аумағында – пәтер иелері кооперативтері, жекеменшік учаскелер мен кәсіпорын аумақтарында аумақ иелері жүзеге асырады.
66. Сыртқы жарық көздері бағанасының және байланыс желісі айналасындағы аумақтарды осы аумақ бекітіліп берілген тұлға тазалайды. Құлаған шам бағаналарын бағана иесі негізгі жол үстінен дереу алып кетуі тиіс; басқа аумақтардан, сондай-ақ бұзылып алынған бағаналарды – бір тәулік ішінде тасып әкетуі керек.
67. Ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан және игерілмеген бөлінген аумақтарды, бұзылып алынған құрылғылардың орнын тазалау жұмыстарын жер пайдаланушы немесе құрылысшы өз бетімен немесе тазалаудың тапсырыстық жүйесімен жүзеге асырылады.
68. Бөлінбеген және бекітіліп берілмеген аумақтарды тазалау жұмыстары бөлінген қаражат көлемінде бюджеттік қаржы есебінен іске асырылады.
69. Сауда объектілерінің иелері, уақытша объектілерді қоса есептегенде тәулік бойы жұмыс орындарын таза ұстап, объектіден 10 метр радиустағы іргелес аумақты қоқыстан тазартып отыруға міндетті.
70. Сауда объектілеріне бекітіліп берілген аумақты, көгалды, палаткалардың төбесін, дүңгіршектер мен басқа да объектілерді бос жәшіктерді, қосалқы тауарларды жинап қою үшін пайдалануға жол берілмейді.
71. Базар аумағын, оған іргелес жатқан базар алаңын қоса есептегенде, қоқыс жинағыштарды тазалау және оларды күтіп ұстау жұмыстарын базар иелері өздері атқарады. Базар аумағына қатты төсеніш төселуі керек. Жылдың жылы мезгілінде, базар аумағын сыпырып қана қоймай, жуу да керек.
72. Жалпыға ортақ аумақтарда жеткілікті мөлшерде қоқыс салынатын урналар орнатылуы керек, оларды ара қашықтығы - адам көп жүретін жерлерде 50 метрден, адам аз жүретін жерде 100 метрден артық болмауы керек.
73. Қалалық көлік аялдамаларында, тұрақты (стационарлық) объектінің әр кіру (шығу) есігінде кемінде екі урна, уақытша объектіде – бір урна орнатылуы қажет.
74. Жер пайдаланушылар мен басқа да тұлғалар өздеріне бөлінген және бекітіліп берілген аумақтарда урналар орнатып, оларды 3/4 көлемінде толған кезде тазалап, сондай-ақ ластану деңгейіне қарай, ең кемінде аптасына бір рет жуып тұруы керек.
75. Жағажайлардың, демалыс зоналарының аумағын тазалау, жыл сайын таза құм төгу, құмның үстіңгі бетін механикалық қопсыту, жиналған қалдықтарды жою жұмыстарын меншік иелері, жалға алушылар және ол аумақ бөлініп, бекітіліп берілген тұлғалар атқарады.
76. Жағажай аумағында шешінетін орын болуы керек. Жағажайлар мен саяжайларда, басқа да демалыс зоналарында әр 75 адамға бір орын есебінен, жағажайларда – суға шомылатын орыннан 100 метрден кем емес қашықтықта қоғамдық әжетханалар орнатылуы қажет.
77. Саяжайлар мен жағажайларда, урналардан басқа, контейнер орнатуға арналған арнайы алаңшалар болуы қажет. Әр 3500-4000 шаршы метр ауданға бір контейнер есебімен демалыс орнынан 20 метрден кем емес қашықтықта орнатылуы қажет. Шомылуға арналған орында көлік, кір жууға, жануарларды шомылдырып, серуендетуге тыйым салынады.
78. Жағажайдың техникалық қызметкерлері жағажай жабылғаннан кейін жағалауда, шешінетін орында, әжетханада, көгалда негізгі тазалау жұмыстарын жүргізіп, астауларды тазалап, әжетханаларды залалсыздандыруы қажет. Күндіз ағымдағы тазалық жұмыстары жүргізіледі.
79. Жалпыға ортақ демалыс аумағында қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық актілерге, оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сай сауда объектілерін орналастыруға рұқсат етіледі.
80. Жалпыға ортақ демалыс аумағында:
1) қоғамдық тамақтану объектілерінен тыс жерде тамақ істеуге, от жағуға, қоқысты, жапырақтарды өртеуге;
2) көгалдар мен клумбаларды басып жүруге, сондай-ақ көгалдар мен клумбаларда, гүлзарларда тротуарларда кез-келген нысандарды орнатуға, көліктерді жуып тазалауға тыйым салынады.
81. Стадиондарды, спорт алаңдарын, күту, жинау жұмыстары балансұстаушылардың техникалық қызметкерлері арқылы жүзеге асырылады.
82. Бөлінген және бекітіліп берілген гараждарды, саябақтар мен гараждық қоғамдарды (кооперативтерді) күтіп ұстап, тазалау жұмыстарын гараждар иелереі мен кооперативтер, тиісті қоғамдар жүзеге асырады.
83. Ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, сауда объектілері, демалыс және көпшілік орындарға келушілер үшін ақысыз тұрақтармен қамтамасыз етіледі.
84. Жеке адамдардың иелігіндегі жеңіл автокөліктердің гараждарын орналастыру үшін бөлініп, бекітіліп берілген аумақтар, күзетілетін ашық автотұрақтар (одан әрі - автотұрақ), жалпыға ортақ тұрақтар, техникалық қызмет көрсететін станциялар, такси тұрақтарын тазалап, күтіп ұстау олардың иелерінің күшімен атқарылады.
85. Жеңіл автокөліктердің ашық авттотұрақтары тұрғын және қоғамдық ғимараттардан санитарлық және өрт қауіпсіздігіне сай алшақ қашықтықта орналастырылады. Автотұрақтар мен техникалық қызмет көрсету станцияларында, такси тұрақтарында қоқыстар мен қалдықтарды жинайтын урналар мен контейнерлер болуы шарт, оларды уақтылы тазалап, төгіп тұру қажет.
86. Қорым аумағы қоршалып, өтпежолдарға қатты төсеніштер төселіп, қоқысжинағыштар қойылуы керек. Қорым маңайынан тұрмыстық қатты қалдықтарды қорым иегері тасып шығарады.
87. Ойпат жерде орналасқан аумақты жаңбыр немесе қар суы басып кетпеуі үшін, жаңбыр сулары құйылатын суағарлар мен арықтар, сондай-ақ қалалық және орамішілік суағарлар маусымына кемінде екі реттен осы құрылғылар балансында болып табылатын тиісті қызметтердің күшімен тазартылып тұруы тиіс.
88. Инженерлік желілердегі апатты жағдайдың салдарынан пайда болған су басып кету қаупін жою міндеті осы қателікті жіберген ұйымның жауапкершілігінде болады.
89. Суағарлардың былғанбауы үшін суағар коллекторларына түрлі тұрмыстық қоқыстарды тастауға жол берілмейді.
90. Жапырақтар түсе бастаған кезде өздеріне бөлініп, бекітілген аумақтарды тазалауға жауапты барлық тұлғалар көгалдардан, көшелерден, жолдар мен өтпежолдардан, аула аумақтарынан жапырақтарды жинауы қажет. Жапырақтарды ағаштар мен бұталардың түбінен тырмалап алуға, сондай-ақ тұрғын үй маңайында, скверлер мен саябақтарда жапырақтарды өртеуге тыйым салынады.
91. Жиналған жапырақтар арнайы бөлінген учаскелерге немесе көму орнына тасылуы керек.
92. Кәсіпорындар мен инженерлік жүйелердің аумағынан шыққан жерүсті суларын шаруашылықтық фекалды және жаңбыр сулары канализациясына ағызуы қажет,тек канализация желілерін пайдаланушы кәсіпорынның келісімімен немесе келісім шартымен жүзеге асырылады.
93. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың тазаланбаған суларын суағарларға және канализацияның шаруашылықтық фекалды желілеріне ағызуға жол берілмейді.
94. Тұрғын үй орамдары мен жалпыға ортақ орындарда, су колонкалары, суағарлар маңайында, көпшілік демалатын орындарда, тұрғын үйдің кіреберістері алдында автокөліктерді жууға, тазалауға және жөндеуге тыйым салынады.
95. Қала аумағында тыйым салынады:
1) үйлердің, ғимараттардың қасбеттеріне, мекемелер мен құрылғыларға, су құбырларына, жарық бағаналарына, инженерлік желі және коммуникация қондырғыларына және басқа да тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы арнайы бөлмеген орындарға, сондай-ақ меншік иесінің келісімінсіз хабарландырулар, терілген немесе қолмен жазылған жарналамалық, үгіт-насихат өнімдерін (плакаттар, афишалар, листовкалар) және басқа да көрнекі ақпарат түрлерін жапсыруға, ілуге; аталған ақпараттарды орналастыру үшін тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы арнайы жарнамалық қалқан орнатылады;
2) қалалық инфрақұрылым элементтерін (жолдарды, жол жиегі қоршауларын, тротуарларды, көгалдарды), шағын сәулеттік түрлерді, сыртқы және сәндік жарық нысандарын, спорттық, ойын, балалар және шаруашылық алаңдарын, қоршауларды бүлдіру, сындыру, қирату, бұзу, оның ішінде қабырғаларға, кіреберістерге, қоғамдық және тұрғын үй лифтеріне, шағын сәулеттік түрлерге, қоғамдық жолаушылар көлігінің салонына кез-келген түрдегі жазулар жазып, суреттер салуға;
3) көшелерде, жолдарда, тротуарларда, көгалда, жалпыға ортақ орындарда, қоғамдық көлікте және басқа да көпшілік орындарда қоқыс, темекі тұқылын тастауға, түкіруге, табиғи қажеттіліктерін өтеуге;
4) көгалдарда, гүлзарларда, балалар кір жаятын және контейнерлік алаңдарда, ғимарат аркаларында түрлі мақсаттағы нысандарды орнатуға, сондай-ақ көлік қоюға;
5) тұрмыстық қалдықтарды, құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, ыдыстарды, кесілген ағаштарды, жапырақтарды қарды тастауға;
6) жолды былғамау үшін брезентпен және басқа да материалмен жабылмаған күйінде топырақты, қоқысты, ұсақ құрылыс материалдарын, жеңіл ыдыстарды, жапырақты, ағаш кесінділерін тасуға;
7) аулаға кіретін жолдарға бөренелерді, блоктарды және басқа да көліктің жүру жолын бөгейтін заттарды қоюға, сондай-ақ арнайы бөлінген тұрақтардан басқа орындарда әр түрлі көлік түрлерін қоюға;
8) үй жануарлары мен құстарды жеке тұрғын үй ауданынан тыс жерлерге, автокөлік және теміржол бойына, көшелерге, скверлерге, бақтарға, орман бақтарына, стадиондарға, мектеп маңайына және басқа да орындарға айдап, жаюға;
9) тұрғын үйдің кіреберістерінде, тұрғын орамдар ішінде және жалпыға ортақ орындарда (мал дәрігерлік мекемелердің аумағы мен көршілердің келісімімен жеке меншік үйдің ауласын есептемегенде) үй жануарлары мен құстарды сойып, бұзуға.
96. Қалалық базарлар мен тұрақты сауда нысандарынан басқа орындарда сүт өнімдерін, мал өнімдерін, балық, шемішке және уақытша сауда объектілері мен қоғамдық тамақтану орындарында сатуға рұқсат берілген ассортиментке кірмеген кез-келген тауарлар мен өнімдерді сатуға жол берілмейді.
5. Көшенің өтпежол бойын тазалау
97. Көшенің көлік жүретін бөлігін көлденеңінен, алаңдарды, қалалық жол желісінің жолдары мен өтпежолдарын, тұрақ қалташаларын, көпірлерді, автобус маршруттарының соңғы аялдамаларындағы тұру-бұрылу алаңдарын және іргелес аумақтарды және жол бөлігін тазалауды жүзеге асыратын кәсіпорындар жүргізеді.
98. Жол жабынын қоқыс, лас, қардан үздіксіз технологиялық тазалауды қамтамасыз ету үшін көпшілік баратын нысандарға іргелес орындардағы қаланың магистральді көшелерінің бойында күн сайын автокөлік құралдарын орналастыруға жол берілмейді, тыйым қажетті жол белгілерін орнатумен белгіленеді.
99. Магистральдар, көшелер және жолдардың жол жабындарын, осьтік және резервтік жолақтарды, жиектас бөлігін сыпыру уәкілетті орган бекіткен кестеге сәйкес жол жабынын алдын ала дымқылдандырумен жүзеге асырылады.
100. Жолдардың жүру бөлігі ластанудың барлық түрлерінен толық тазалануы тиіс. Реттеу сызықтарымен белгіленген осьтік және резервтік жолақтар құм және түрлі ұсақ қоқыстардан тұрақты түрде тазаланып тұруы қажет.
101. Бөлу сызығының көгал жақ бөлігін тазалау, көлік жолындағы, тротуарлардағы, көгалдардағы қоршауларды және басқа да көріктендіру элементтерін күту жұмыстарын оларды баланста ұстаушы кәсіпорындар іске асырады.
102. Жол жиектері қоқыстан тазалануы керек.
103. Жол берілмейді:
1) қала көшелерінде шынжыр табан көліктермен жүруге;
2) жалпы көлемі, салмағы мен оське түсетін күш белгіленген қалыптан асып кететін көлік құралдары Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай рәсімделген арнайы рұқсаттамасыз көшелер мен жолдарға жіберілмейді;
3) жолдар мен өтпежолдарға жол бойын ластайтын көліктер жіберілмейді; құрылыс алаңынан шыққан көліктер алдын ала дөңгелектерін жумай қала көшелеріне шығуға тыйым салынады;
4) көшені механикалық тазалау кезінде көлікті жол бойына тастап кетуге. Көшені механикалық тазалау кезінде жол бойына тастап кеткен көліктер эвакуатор көмегімен айыппұл тұрағына қойылады;
5) көлік құралдарымен тасымалданатын көшелерді ластайтын, төгілетін және басқа да жүктер көшелердің ластануына жол бермес үшін ұқыпты түрде жабылуы тиіс;
6) автокөліктерден жол үстіне және жиегіне тротуарларға қоқыс лақтырып кетуге;
7) тазалау жұмыстары кезінде қоқысты бөлінген немесе бекітілген орыннан жол үстіне не керісінше тасуға;
8) көліктерге жол жиектеріне шығып кетуге, әрі асып өтуге және тротуарларға, көгалдарға тоқтап, көліктерін қоюға, олар арқылы басқа жаққа өтуге;
9) жол төсеніштерін, жол құрылғыларын, белгілерді, жол қозғалысын реттеу құралдарын бүлдіруге;
10) ғимараттар мен қондырғыларға, өртке қарсы сумен жабдықтау көздеріне апаратын жолдарды жауып тастауға бөгет жасауға;
11) канализацияның, өнеркәсіптік және іркінді суларды көшенің көлік жолына және жолдарға ағызып жіберуге, автокөліктерді белгіленбеген орындарда жууға;
12) арнайы келісімсіз жасалатын, жол жабынын бүлдіруі мүмкін жұмыстарды атқаруға.
6. Аялдама және отырғызу алаңшаларын тазалау
104. Қалалық жолаушылар көлігінің аялдама алаңшаларын тазалауды жол бөлігін тазалауды жүзеге асыратын кәсіпорындар жүргізеді. Отырғызу алаңшалары топырақ-құмнан, түрлі қоқыстардан толық тазалануы қажет.
105. Қалалық қоғамдық көлікке отырғызу алаңшаларын тазалауды сауда-отырғызу алаңшаларының иелері, жалға алушылар, немесе бекітілген аумақ шегінде орналасқан сауда кешендерінің иелері, жалға алушылар жүзеге асырады.
106. Қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдама алаңшаларындағы жолаушылар павильондарын және оның маңындағы аумақтарды тазалауды және жууды олардың иелері жүзеге асырады.
7. Аумақты қыс мезгілінде тазалау
107. Қала көшелерінің көлік жүретін жолдарын қыста тазалау жұмысы осы Қағидаға, жұмыс технологиясын, техникалық құрал-жабдықтарды және қолданылатын көктайғаққа қарсы реагенттерді анықтайтын регламентке, сай және Қазақстан Республикасы заңнамалары аясында бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.
108. Қала аумағын тазалауға жауап беретін ұйымдар (тапсырыс берушілер қызметі мен мердігерлік ұйымдар) 1 қазанға дейін көктайғаққа қарсы материалдардың қажетті мөлшердегі қорын жасап, тасып әкеліп, жинап қоюлары керек.
109. Көлік жолының жиегіндегі қарды тазалау осы көшені тазалауға жауапты кәсіпорындардың күшімен атқарылады.
110. Саябақтарда, бақтарда, скверлерде, бақжолдарда және басқа да жасыл аймақтарда жолды тазалау кезінде химиялық реагенттері жоқ қарды үйіп қоюға жол беріледі. Қар алдын-ала арнайы дайындалған алаңда көк желектерге зиян келмейтіндей шарттармен және еріген қар суы ағып кететіндей етіп үйіледі.
111. Қыс кездерінде жолдар, бақтағы отырғыштар, урналар, басқа да элементтер мен шағын сәулеттік нысандар, сондай-ақ олардың алдындағы және екі жағындағы кеңістіктер, оларға келетін жол қар мен мұздақтан тазалануы керек.
112. Тротуарлар мен көлік жолындағы инженерлік желілердегі апат салдарынан пайда болған мұздақтар желі иелері кәсіпорындардың күшімен ойылып, тазаланады. Ойылған мұз белгіленген жерге тасылады.
113. Көлік жолындағы, өтпежолдардағы, тротуарлар мен аула аумақтарындағы тазалау жұмыстарының технологиясы мен өндіріс түзімі көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасамайтындай жағдайда жүргізілуі қажет.
114. Жол берілмейді:
1) магистралдардың, көшелер мен өтпежолдардың көлік жолдарына, тротуарлар мен көгалдарға орамішілік жолдардан, аула аумақтарынан, кәсіпорындардың, ұйымдардың, құрылыс алаңдарының, сауда объектілерінің аумақтарынан, жиналған қарды тасып, үюге;
2) көктайғаққа қарсы реагент ретінде техникалық тұзды, сұйық хлорлы кальцийді тротуарларға, қалалық жолаушылар көлігіне отырғызатын алаңшаларға, саябақтарға, скверлерге, аулалар мен басқа да жаяу жүргіншілер және жасыл желек зоналарына пайдалануға;
3) былғанған және тұздалған қарды, сондай-ақ қар мұз сынықтарын көгалдарға, гүлзарларға, және басқа да жасыл желек орындарына ротормен лақтыруға, тасуға;
115. Көшелер мен магистралдарды тазалаудағы ең бірінші кезектегі операцияларға мыналар жатады:
1) көлік жолын көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу;
2) қарды күреп, сыпыру;
3) тасып әкету үшін қар үйіндісін жасау;
4) жол қиылыстарында, қалалық көлік жолдары аялдамаларында, қоғамдық ғимараттарға кіру жолдарындағы қар үйінділерін аршу.
116. Екінші кезектегі операцияларға мыналар жатады:
1) қарды тасып әкету;
2) қарды тасып әкеткеннен кейін жолдарды тазалау;
3) мұзды ою және қарлы мұзды тазалау
117. Қала жолдарының көлік жүретін бөлігін көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу, хлоридтер бекіп қалатындай қар қабаты пайда болуы үшін қар жауа бастағаннан кейін 20-40 минуттан соң басталуы керек.
118. Қаланың метеорологиялық қызметінен жаппай көктайғақ болуы қаупі бар екендігі туралы уақытылы хабар алынған жағдайда көлік жолдарын, көпірлерді өңдеу жұмыстары қар жаумай тұрып басталады.
119. Қыс кезінде қатты реагенттерді тарататын машиналар мен тырмалы-шөткелі қар тазалағыш машиналардың тәулік бойы кезекшілікте болуын ойластыру керек.
120. Тәулік бойы кезекшілікте тұратын көктайғаққа қарсы материалдарды тарататын барлық машиналар белгілі бір көшелер мен жолдарға (жұмыстың маршруттық кестесі) бекітіледі, кесте көшірмесі жол қағазымен бірге жүргізушінің қолына беріледі.
121. Қар жауа бастаған бойда ең бірінші кезекте жоғары қарқынды қозғалысы бар көшелер мен неғұрлым апат қаупін туғызатын орындар: ойпаң жерлер мен қыраттар, көпірлер, өтпежолдар және инженерлік құрылыстардың жол бөліктері, қауіпті бұрылыстар, қоғамдық көлік аялдамалары, жол қиылыстары, жаяу адамдардың өту жолдары және оларға апаратын жолдары өңделеді.
122. Неғұрлым қауіпті жерлерді өңдегеннен кейін жалпы жол аумағын тұтастай өңдеуге кірісу керек. Бұл операция жолаушылар таситын көлік қозғалысы маршруты бойынша жүргізіледі.
123. Жол тазалау ұйымдарына бекітіліп берілген барлық аумақ көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу уақыты қар жауа бастаған уақыттан бастап төрт сағаттан аспауы керек.
124. "Себу-сыпыру" технологиялық циклында атқарылған жұмыстарды үлес салмағы тең болуы керек, яғни реагенттермен өңделген алаңдардың саны сыпырылғандарға тең болуы керек.
125. Көлік жолдарын механикаландырылған тазалау жұмыстары жол үстіндегі күртік қардың биіктігі 2,5 - 3,0 см болған кезде басталуы керек, бұл жаңа жауған, әлі тапталмаған 5 см қар массасына тең.
126. Қар ұзақ жауған кезде көлік жолын механикаландырылған тазалау жұмыстары жаңа жауған қарды әр 5 см-де жүргізілуі керек.
127. Бір кәсіпорын қызмет көрсететін барлық көшелер мен жолдарды күреп, сыпыру төрт сағаттан аспауы керек.
128. Қар тоқтамай жауған кезде технологиялық цикл (себу-сыпыру) саны қажетті мөлшерде, бірақ үш реттен артық емес, қайталануы керек,
129. Қар тоқтағаннан кейін жол жабынын соңғы рет тағы да сыпырады.
130. Механикаландырылған сыпыру жұмыстары аяқталғаннан кейін көлік жолы көлденеңінен тұтастай қар таптандылары мен мұздақтардан тазартылуы керек.
131. Көшенің көлік жолы мен өтпежолдардан және тротуарлардан сыпырылған қар жол шеттеріне уақытша жиналады.
132. Қар үйінділерін мына жерлерде жасауға жол берілмейді:
1) барлық жолдар мен көшелердің және өтпежолдардың қиылысында бір деңгейде және теміржол бойында көріну үшбұрышы зонасында
2) жаяу жүргіншілер жолына 5 метрден кем қашықтықта, қоғамдық көліктердің аялдау пунктіне 20 метрден кем қашықтықта;
3) қоршаулар мен көтеріңкі жиектастармен қоршалған жол учаскелерінде;
4) тротуарларда.
133. Жол шетіне қар үю кезінде қарды тротуарлар мен көгалға тасуға жол берілмейді.
134. Біржақты қозғалысты көшелер мен өтпежолдарда, оның ішінде сквер, көгал және бетон блоктар түріндегі бөлу сызығы бар магистралдарда қыс бойы қар мен мұздақтар тазартылып тұруы керек.
135. Қар тиегіш әр жүріп өткен сайын жол жиегіндегі және жиектастар түбіндегі қар қалдықтары мен мұздақтар тазаланып, артынан шығарылып тасталуы керек.
136. Көшелер мен өтпежолдардағы қар арнайы дайындалған алаңшалар – қартөккіштерге тасылуы керек.
137. Қарды Кеңгір су қоймасы жағалауына және арнайы келісілмеген аумақтарға төгуге тыйым салынады.
138. Қар төгетін орынды табиғатты қорғау ұйымдарымен келісе отырып, қала әкімдігі аппараты анықтайды.
139. Уақытша қар үю орындары қар ерігеннен кейін қоқыстан тазартылуы және көріктердіруі керек.
140. Тротуарларды тазалауға мынадай талаптар қойылады:
1) тротуарлар қар мен қар-мұз қосындыларынан қатты төсенішке дейін көлденеңінен тұтастай тазалануы керек;
2) қар көп жауған кезеңдерде, көктайғақ туралы хабарлағанда немесе көктайғақ басталғанда тротуарлар көктайғаққа қарсы реагенттермен немесе ұсақ құммен өңделіп, жүргіншілер жолы тазартылуы керек.
141. Аула аумақтары, тротуарлар мен өтпежолдар қар мен мұздақтан асфальтқа дейін тазартылып, қар мен мұз қартөккіштерге тасылуы керек. Көктайғақ кезінде ұсақ құм себілуі керек.
142. Аула аумақтары мен орамішілік өтпежолдардан шығарылған қарды көлік пен жүргіншілер қозғалысына бөгет жасамайтындай етіп аулаға үюге рұқсат беріледі.
143. Аула ішінде, аумағында қар үйген кезде еріген қар суының қайда ағатынын ескеру керек.
144. Қыс мезгілінде ғимараттардың иелері мен жалға алушылары үй төбесін қардан, мұздақтан және сүңгіден уақтылы тазалауды ұйымдастыру керек.
145. Ғимарат төбесінің жаяу жүргіншілер жолына шығатын жағын тазалаған кезде қауіпті аймаққа арнайы қауіпті учаскеге алдын ала орнатылған қоршау қойылуы керек.
146. Ғимарат шатырын қар мен мұздақтан тазалаған кезде тротуарға қар лақтыру жұмысы тек жарық кезде және көше жаққа қараған еңіс беттен жүргізілуі керек. Қарды басқа еңіс беттен лақтырған кезде ішкі аула аумағына тастау керек. Қар лақтырар алдында жаяу жүргіншілердің қозғаласына қауіп тумайтындай сақтық шаралары жасалуы керек.
147. Қарды, мұз мен қоқысты суағар құбырының құйғысына тастауға жол берілмейді.
148. Аула аумақтары, тротуарлар мен өтпежолдар қар мен мұздақтан асфальтқа дейін тазартылуы тиіс. Көктайғақ кезінде ұсақ құм немесе қиыршық себілуі керек.
149. Аула аумақтары мен орамішілік өтпежолдардан шығарылған қарды көлік пен жүргіншілердің еркін қозғалысына бөгет жасамайтындай етіп аулаға үюге рұқсат етіледі.
8. Аумақты жаз мезгілінде тазалау
150. Магистралдардың, көшелер мен өтпежолдардың жол жабынын сыпыру (оның ішінде осьтік және қосалқы белдеулер) жол төсенішін алдын ала ылғалдандырып, күндізгі уақытта сағат 8-ден 21-ге дейін, ал көлік қозғалысы көп болатын алаңдарда, магистралдар мен көшелерде түнде жүргізіледі.
151. Магистралдардың, көшелер мен өтпежолдардың,алаңдардың өтпежол бөлігінің жол жабынын жуу түнде (сағат 23 тен 07 дейін) қажет болған жағдайда күндіз жүргізіледі.
152. Көлік жолын жуғанда су ағынымен қоқыстарды тротуарларға, көгалдарға, көк желектерге, аялдама павильондары мен жолаушылар көлігіне, ғимарат қасбеттері мен сауда объектілеріне шашуға жол берілмейді.
153. Ыстық күндерде (ауа температурасы +25 градус С жоғары) жол жабындарын жуу сағат 12-ден - 16 дейін (екі сағаттық үзіліспен) жүргізіледі.
154. Жапырақ түсе бастаған мезгілде бекітілген аумақты тазалауға жауапты ұйымдар көше бойындағы көгалдардан, магистралдар мен аула аумақтарынан түскен жапырақтарды жинап, шығарады. Ағаштар мен бұталарды түбіріндегі жапырақтарды тырмалап алуға тыйым салынады.
9. Қалдықтарды жинау, уақытша сақтау, тасу және қайта өңдеу
155. Тұрғын үй алабы аумағында көлік үшін кірме жолы ыңғайлы контейнерлерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлінуі тиіс. Алаңдар тұрғын және қоғамдық мекемелерден, спорттық алаңдардан және тұрғындардың дем алу орындарынан санитарлық қызмет органдарымен міндетті түрде алдын ала келісіле отырып, 20 метрден кем емес қашықтықта орналасуы керек.Алаңдардың аумағы контейнерлердің қажетті санын орналастыруға есептелуі керек, әдетте бестен артық болмауы тиіс. Шаруашылық алаңдар үшін контейнерлердің санын анықтаған кезде қалдықтардың жиналуын 3 күндік орташа жиналуын ескеру қажет.
156. Құрылыстың көркейту алабындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау үшін сыйымдылығы 0,75 куб метр стандартты, металдан жасалған контейнерлер қолданылуы тиіс. Жазғы кезеңде контейнерлерді ауыстырылмайтын жүйе болғанда 10 күнде бір реттен кем емес, ал ауыстырылатын жүйеде әрбір төккеннен кейін жуылуы қажет. Жеке үй қожалықтарында қақпақтары бар еркін конструкциядағы (ағаш, металдан жасалған және тағы басқалар) ыдыстарды қолдануға болады.
157. Аумақтарында контейнерлік алаңдары бар (қатысты, бекітілген, аулаішілік) тұлғалар келесі талаптарды орындаулары тиіс:
1) контейнерлік алаңдардың кірер жолдарында қатты бүркеулері болып, қоқыстың маңындағы жатқан аумақтарға таралмауы үшін жабық қоршаумен қоршалуы керек;
2) контейнерлік алаңдар мен маңындағы алаңның қалыпты санитарлық тазалығын қамтамасыз ету; алаңдар мен контейнерлердің дезинфекциялануы мен дезинсекциялануын, үнемі жуылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану. Тиеу кезінде контейнерлерден түскен қоқыстарды қоқыс таситын көлікке тұрмыстық қатты қалдықтар, ірі көлемді қалдықтар тасымалын жүзеге асыратын арнайы ұйымдар жинап-салып отырады;
3) тұрмыстық қатты қалдықтар мен ірі көлемді қалдықтар уақтылы тасымалдануын қамтамасыз ету;
4) тұрмыстық қалдықтардың контейнерлерде жануын болдырмау;
5) қысқы мезгілде арнайы автокөліктің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мен тұрғындардың қолдануы үшін контейнерлік алаңдарға кіру жолдарын қардан мұздан тазартып отыру;
6) әрі қарай қолдануға келмейтін контейнерлері айырбастап, уақтылы жөндеуден өткізу;
158. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қоқыс контейнерлерінде немесе контейнерлік алаңдарды сұрыптауға жол берілмейді.
159. Қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен жоюдың жоспарлы-тұрақты жүйесі әрекет етеді. Ол мамандандырылған мекемелермен шарт бойынша қоқыстардың тұрақты шығарылуын бекітілген кезеңі жоқ өтінішсіз және қаланың санитарлық қызметінің тапсырыссыз шығарылуын қарастырады:
1) тұрғын үй алабы үшін – үй иелерімен келісіліп, мамандандырылған мекемемен бекітілген және контейнерлердің толып кетпеуін қадағалайтын кесте бойынша;
2) қоғамдық және мәдени бағыттағы обьектілер үшін – қажеттілік бойынша, аптасына екі реттен кем емес;
3) шағын қабатты үйлер үшін, жеке тұрғын үйді қоса – қажеттілік бойынша, аптасына бір реттен кем емес;
4) жоспарлы-тұрақты жинап отыру үшін әрбір мамандандырылған ұйымға уәкілетті тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы органымен бекітілген шекарамен анықталған аумақтар беріледі. Қалдықтар таңертеңгі сағат 7-ден ерте емес және кешкі сағат 22 сағаттан кеш емес уақытта шығарылуы тиіс. Арнайы машинаның әрбір рейсі қалдықтарды қоймалау полигон әкімшілігімен жол жүру парағында тіркеледі.
160. Қала аумағында өз қызметтерін жүзеге асыратын жерді пайдаланушылар мен үй иелері, меншік түріне тәуелсіз, көппәтерлі құрылыс үйлерінің меншік иелері арнайы ұйымдармен тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін шарттар жасасулары керек. Ірі көлемді қалдықтарды шығару кәсіпорындармен, мекемелермен, жеке тұлғалармен жеке немесе тазалаудың тапсырыс беру жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
161. Қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтарды шығару, сақтау, заласыздандыру, жинау және көму арнайы бөлінген орында немесе залалсыздандырып, қайта өңдейтін құрылғыда жүзеге асырылады. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ұстауға пайдаланушы, мамандандырылған ұйым жауап береді. Қалдықтарды белгіленбеген басқа жерге немесе ауыл шаруашылығы даласында көмуге жол берілмейді.
162. Қалада рұқсатсыз қалдық төгіп немесе өртеген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамаларына және осы қағидаға сәйкес әкімшілік жазаға тартылады. Аталған жағдайларға кінәлі тұлға табылмаған жағдайда қалдықтарды жойып, қоқыс үйілген жерді өңдеу сол аумақтың иесінің күші мен қаражатымен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы белгілеген мерзім ішінде атқарылуы керек.
163. Тұрғын үйлердегі қоқыс құбырларын пайдалануды осы тұрғын үй иелігіне қарайтын тұлға атқарады. Бұл тұлға мыналарды қамтамасыз етуі керек:
1) қоқыс құбыры мен қоқысқабылдағыш камерасының дұрыс жұмыс істеуін;
2) шу шығармайтын жұмысты, ол үшін баспалдақ алаңындағы қоқыс құбырларының қақпағы тығыз жабылып, резина кигізілген болуы керек;
3) ай сайын алдын ала қоқысқабылдағыштар мен құбырға, алаңшалар мен контейнерлерге және қалдықтарды жинаушыға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу.
164. Қоқыс қабылдайтын камераға бөтен ешкім кірмеу үшін құлып салынуы керек.
165. Қоқыс құбырына сұйық тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қалдықтарды тастауға болмайды.
166. Ауладағы, канализацияға қосылмаған және қоғамдық әжетханалар тұрғын және қоғамдық ғимараттардан балалар мен ересектер демалатын алаңдардан кемінде 20 метр, бірақ 100 метрден артық емес қашықтықта орналасуы керек. Аула әжетханаларының шұңқырлары толған сайын, бірақ ең кемі жарты жылда бір рет тазалап отыру керек.
167. Аурухана ұйымдарындағы қалдықтарды жинау, пайдалану, сақтау, шығару медицина ұйымдарының қалдықтарына қойылатын талаптарға сай орындалуы керек.
168. Тамақ қалдықтарын жинау, сақтау және шығару тамақ өнімдері қалдықтарына қойылатын талаптарға сай жүргізіліп, оларды мал жеміне беру үшін пайдалану, жинауды бөліп жүргізу жағдайында және мамандандырылған мал асырау шаруашылығы болған жағдайда ғана мүмкін болады.Қалдықтарды жеке тұлғаларға беруге жол берілмейді.
169. Тамақ қалдықтары осы мақсатқа арналған (бактар, шелектер) қақпағы жабылатын, іші-сырты сырланған (сырланбаған мырыш ыдыстар жарамайды) арнайы ыдыстарда жиналады. Жиналған тамақ қалдықтарын басқа мақсаттарға қолдануға жол берілмейді. Жинақтарды дұрыстап пайдалануға тамақ қалдықтарын жинаушы тұлға жауап береді.
170. Тері-венерологиялық, инфекциялық және туберкулез диспансерлерінің, сондай-ақ инфекциялық аурулармен ауырып жазылған адамдарға арналған арнаулы санаторийлердің асханаларынан көлік байланысының халықаралық линиясына қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану орындарынан тамақ қалдықтарын жинауға жол берілмейді. Басқа қалдыққа арналған ыдыстардағы тамақ қалдықтарын таңдап алуға жол берілмейді.
171. Тамақ қалдықтарын асып әкеткенге дейінгі уақытша сақтау мерзімі олар шіри бастамау үшін бір тәуліктен аспауы керек. Сауда объектілері мен қоғамдық тамақтандыру орындарындағы тамақ қалдықтарын сақтау тек салқындатылған жайларда жүзеге асырылуы керек.
10. Уақытша объектілер үшін арнайы бөлінген орындарды белгілеп оны күтіп ұстау, олардың жұмысын ұйымдастыру
172. Қалада уақытша объектілерді орналастыру үшін арнайы орын бөлу тек уәкілетті органдардың келісімімен ғана жүзеге асырылады.
173. Уақытша объектілерді балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метрден жақын емес жерде орналастыру керек.
174. Қоғамдық тамақтанудың жазғы алаңшаларын, тамақ дайындайтын технологиялық қондырғыларды, дыбыс шығаратын аппаратураларды тұрғын үйдің бірінші қабатының терезесі алдына, тротуар үстіне орналастыруға жол берілмейді.
175. Қоғамдық тамақтанудың жазғы алаңдарына келушілерге объект жұмыс істеп тұрған кезде негізгі объектідегі қоғамдық әжетханаға бару жолы еркін болу керек. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда жазғы алаң маңайына биотуалет орнатылуы керек.
176. Арнайы бөлінген орындар мен уақытша объектілерге көрсететін көлік қызметі басқа көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет, қауіп тудырмауы керек. Товар әкелген көліктің кіріс жолы мен уақытша объектінің тікелей жанына көлік тоқтату орны тек жол полициясы уәкілетті органның келісімімен шешілуі керек. Бұл мақсат үшін тротуарларды, көгалдарды пайдалануға жол берілмейді.
177. Арнайы бөлінген орын қатты төсеніші бар, жаңбыр және қар суы ағып кететіндей, палаткалары мен көшпелі сөрелері, шатыры, урналары, контейнер алаңы, көпшілікке арналған тұрақты немесе мобилді әжетханасы, кешкі жарық көзі және егер тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы қажет деп тапса, қоршауы бар болуы керек.
178. Уақытша объектілердің иелері аумақты тазалап, қоқысты уақтылы тасуды өз бетімен немесе тапсырыстық жүйеге сай атқаруы керек. Бұл объектілердің қасында жиналмаған сауда лотоктары, ыдыстар, тазаланбаған урналар, лай, мұз сынықтары мен қар үйінділерін қалдыруға болмайды.
179. Қалада ұлттық, мемлекеттік және кәсіптік мерекелерді, сондай-ақ Қазақстанның ұлт диаспораларының ұлттық-дәстүрлі шараларын өткізу кезінде қосымша уақытша объектілерді, тез қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану орындарын орналастыруға рұқсат етіледі. Қосымша орналастыру уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімімен ғана рұқсат етіледі.
180. Металл гараждарды, будкаларды, басқа да уақытша объектілерді орнату тек уәкілетті органның келісімімен жүзеге асырылады. Кей жағдайларда, аталған объектілердің иелеріне осы бөлінген жерді уақытша пайдалану құқығы берілуі мүмкін.
181. Өз бетінше қойылған дүңгіршектер, гараждар, будкалар, сарайлар иелерінің қаржысы есебінен алынып тасталады.
182. Металл гараждар, будкалар және басқа да уақытша объектілер орнатуға рұқсат алған тұлғалар:
1) металл гараждың (басқа да уақытша объектінің) қасбетіне берілген рұқсаттың нөмірін жазып қоюға;
2) ең кемі жылына бір рет гаражды уақтылы сырлап тұруға;
3) іргелес аумақты қоқыс пен арамшөптен тазартып тұруға міндетті.
183. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы уәкілетті органдарының келісімінсіз уақытша сыртқы (көрнекі) жарнама іліп, пайдалануға жол берілмейді.
184. Уақытша объектілердің иелері бөлінген және бекітілген аумақтың көріктендірілуі мен тазалығына жауап береді. Көріктендіру элементтері мен объектілерге зиян келген жағдайда оны өз күшімен қаржысына, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы белгілеген мерзім ішінде қалпына келтіреді.
11. Шағын сәулет нысандарын, субұрқақтарды, сыртқы жарықтандыру қондырғыларын, қаланы жарықтандыру элементтерін, сыртқы стационарлық жарнама объектілерін орнату және күтіп ұстау
185. Тұрғын құрылыс аумақтары, қоғамдық аймақтар, скверлер, көшелер, бақтар, демалыс алаңшалары шағын сәулет нысандарымен – беседка, көлеңкелі бастырма, гүлзарлар, сәкілер, урналар, фонтандар, балалар ойынына, ересектердің демалысына арналған құрылғылар, газет стендтері, қоршаулар, телефон будкалары (бастырмалар), автокөлікті күту павильондарымен жабдықталады.
186. Шағын сәулет нысандарын жобалау, салу, дайындау және орнату қалалық сәулет және қала құрылысы уәкілетті органымен келісілгеннен кейін жүргізіледі. Шағын сәулет нысандарының конструктивті шешімдері олардың тұрақтылығын, пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.
187. Шағын сәулет нысандарының иелері заңды және жеке тұлғалар оларды ауыстыру, жөндеу және сырлау жұмыстарын өз есебінен жүргізуге міндетті.
188. Субұрқақтардың жағдайы және пайдалануы үшін жауапкершілік пайдаланушы ұйымға жүктеледі. Субұрқақтарды іске қосу уақытын, олардың жұмыс тәртібін, астауларды жуып, тазалау кестесін, технологиялық үзілістер мен жұмыстың аяқталуын тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы анықтайды. Субұрқақ жұмыс істеп тұрған кезде су бетін түрлі қоқыстардан тазарту жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Пайдаланушы ұйым субұрқақтың тазалығын ол жұмыс істемей тұрған кезде де сақтауға міндетті.
189. Көшенің, аулалардың скверлердің тағы басқалардың шамдарын күтіп ұстауға жауапкершілік жарықтандырудың электр желілерінің иесіне жүктеледі. Жарықтандырудың электр желілерінің иесі жоспарлы-тұрақты негізде көше және аула шамдарының техникалық жағдайын тексеріп отыруға міндетті. Тексерістің нәтижесіне сай желі иелері тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы органымен келісе отырып жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының жоспар-кестесін жасайды. Жарықтандыру жүйесі элементтерін ұрлап немес әдейі бүлдіру жағдайы орын алған кезде желі иелері болған оқиғаны тез арада ішкі істер органдарына, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөліміне хабарлап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі керек.
190. Аумақты жарықтандыру сыртқы жарықтандыру қондырғылары арқылы қамтамасыз етіледі. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларына:
1) электрмен жабдықтау құрылғылары, таратушы желілері;
2) электр желілерін қорғау және жерлестіру қондырғысы;
3) басқару қондырғысы;
4) кронштейндер, тростық аспа тіректері жатады
191. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларына қызмет көрсету және күтіп ұстау келесі шараларды қамтиды:
1) шамдарды ауыстыру және шамдардағы істен шыққан шашыратқыштарды ауыстыру, шамдарды тазалау, жарық түсіру деңгейін өлшеуді қоса есептегенде, ондағы сандық және сапалық көрсеткіштер берілген параметрге сәйкес келуімен сыртқы жарықтандыру қондырғыларын техникалық дұрыс жағдайда ұстау;
2) сыртқы жарықтандыру қондырғыларының жұмыс тәртібін қамтамасыз ету, кесте бойынша қосу және айыру уақытын бақылау, жанбайтын, бүлінген шамдарды анықтау, оларды тез арада қалпына келтіру.
192. Көшелер, жолдар, алаңдар, су жағалары және басқа да жарықтандырылатын объектілерге сыртқы жарықтандыруды қосу Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органы бекіткен кесте бойынша кешкі уақытта табиғи жарық деңгейінің төмендеуі 20 люкске дейін жеткен кезде, ал айыру таңертеңгі қараңғылықтың сейілуі кесте бойынша 10 люкске дейін көтерілген кезде атқарылады.
193. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларының жағдайы және шамдардың жану пайызын анықтау үшін екі жұмада бір рет бақылау тексерісі жүргізіліп, тиісті акт жасалады. Көшелердегі, жолдардағы, қоғамдық орындардағы, аулалардағы және басақа да жарықтандыруды қажет ететін қоғамдық орындардағы шамдардың жанбау пайызы жалпы көлемнің 3 пайызынан аспауы керек. Күйіп кеткен шамдарды ауыстыруды тиісті қызметтер 24 сағаттың ішінде жүзеге асырулары керек.
194. Металл тіректер, кронштейндер және басқа да сыртқы жарықтандыру қондырғылары мен байланыс желілерінің элементтері таза, темір таты жоқ және жабынының жағдайына қарай кемінде 3 жылда бір рет сырланып отырылуы керек.
195. Меншік иесінің келісімінсіз жарық тіректерінде, инженерлік желілерде жарнамалық қалқандардың орнатылуына жол берілмейді.
196. Құрамында сынабы бар істен шыққан газразрядты лампалар – доғалы сынабты люминесцентті, доғалы сынабты иодидовметалды, доғалы натрийлі, люминесценттік лампалар осы мақсаттар үшін бөлінген үй-жайларда сақталуы және оларды қайта өңдеу үшін арнайы кәсіпорындарға шығарылуы қажет. Лампалардың көрсетілген түрлерін қалалық полигонға шығаруға жол берілмейді.
197. Қисайған жарықтандыру тіректері және электрлендірілген көліктердің байланыс желілерін шығаруды тірек иесі негізгі магистральдарда шапшаң түрде, басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектелетін тіректер бойынша 12 сағат ішінде жүзеге асырады.
198. Тұрғын үйлер мен тұрғын емес үйлердің және басқа да объектілердің қасбеттерін жарықпен әрлеу қалалық уәкілетті органның сәулет саласындағы белгілеген талаптарына сай келіп, жарықтандырғыш гирлянд, жүгірме оттар және басқа да қазіргі заманғы жарықтехникасын қолдана отырып орындалуы керек.
199. Мәдениет және тілдерді дамыту уәкілетті органдарының және басқа да органдардың келісімінсіз сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орнату мен пайдалануға жол берілмейді. Жарнама берушінің меншігі болып табылмайтын тұрақты объектіде, ғимаратта (құрылғыда) жарнамажеткізуші орнату үшін сол объекті иесінің рұхсатын алу керек.
200. Сыртқы жарнама объектілердің инженерлік-техникалық шешімі ол пайдаланылатын барлық мерзім ішінде нормативке байланысты беріктік, мықтылық, орнықтылық және қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек және құрылғылардың әр түріне қарай рұқсат етілетін мөлшердегі ауырлық күші, жарнамажеткізуші ілінетін ғимараттардың көтеру мүмкіндігі ескеріліп, болуы мүмкін салдарлардың себебіне құрылғының немесе ғимараттың пайлалану сапасының мерзімі шектелмейтіндігін дәлелдеу керек. Сыртқы (көрнекі) тұрақты жарнама объектілердің иесі кез-келген қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін жауап береді. Сондай-ақ дұрыс монтаждау шарттарының бұзылуы себепті пайда болған апаттық жағдайлар үшін де жауапты.
12. Ақылы автотұрақтар мен гараж кооперативтерін орналастыру және көріктендіру
201. Жеке иеліктегі жеңіл автокөліктердің гаражын, күзетілетін ашық тұрақтарды, уақытша (ақылы және тегін) тұрақтарды орналастыру санитарлық және қала құрылысы нормаларына мен ережелеріне, бекітілген тәртіпте жасалып, келісілген жобалық құжаттарға сай жүргізіледі.
202. Ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, қоғамдық сауда және тамақтану объектілері, демалыс және көпшілік баратын орындар келушілер үшін тегін тұрақтармен қамтамасыз етілуі керек.
203. Жеке иеліктегі гараждар гараж кооперативтеріне (серіктестік) бірігеді. Гараж кооперативтерінің аумағын көріктендіру және оны күтіп ұстау осы кооператив қаржысына іске асырылады.
204. Жеңіл автокөліктердің ашық ақылы тұрақтары тұрғын және қоғамдық үйлерден оқшау орналастырылуы керек. Автотұрақтар қатты төсеніші, қоршауы, күзетшіге арналған жайы, сыртқы жарық көзі бар болуы керек. Автокөліктердің үстіне жеңіл шатырдар құрып қоюға болады.
205. Автотұрақ, гараж иелері өздеріне бекітіліп берілген және іргелес аумақты санитарлдық таза, өрт қауіпсіздігін сақтай отырып ұстаулары қажет.
13. Құрылыс алаңдары мен учаскелерін күтіп ұстау
206. Құрылыс салдырушы құрылыс нормалары мен ережелерін сақтай отырып, құрылыс-монтаж жұмыстарының барлық түрін жүргізуі керек.
207. Объектінің (жаңа құрылыс, қайта өзгерту, жөндеу демонтаж және тұрған ғимаратты алып тастау) құрылыс алаңын қалыпқа келтірмей тұрып, құрылыс салдырушы белгілі бір жұмыс түрін жүргізу үшін уәкілетті органға келісім жасап, рұқсат алу үшін береді.
208. Рұқсат алғаннан кейін, құрылыс жұмыстары басталмай тұрып қолданылып жүрген нормалар мен заңнамаларға сай, құрылыс салдырушы мамандандырылған кәсіпорындармен тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын, қар мен мұзды тиісті полигондарға тасып әкетуге келісім шарт жасасуы керек және құрылыс алаңын төмендегі міндетті талаптарды сақтай отырып жарақтандыруы тиіс:
1) бөгде адамдар кіріп, қоқыстарды іргелес аумақтарға тасымау үшін құрылыс алаңы барлық периметрі бойынша тұтастай қоршалуы керек. Қоршау металл парақтардан немесе қоршауға арналған темірбетон панелден әзірленуі тиіс; қоршау жақсылап бекітіліп, көлденеңінен және тігінен тегістелуі тиіс, сырланып, әдемі түрге еніп тұруы керек, сондай-ақ тиісті ескертпе белгілері болуы тиіс;
2) адамдар көп жүретін жерлерде, қоршау тұтас қорғаныс қалқасымен жабдықтау керек; қажет болған жағдайда жақтаулар, жүргіншілер галереясы, көпірлермен жабдықталады;
3) құрылыс алаңынан басқа көшелерге шығуды азайту үшін шлагбаумдар мен қақпа орнатылады;
4) кіреберісте ақпараттық қалқан қойылады;
5) тәуліктің қараңғы кезінде құрылыс алаңының барлық периметрінде оның ішкі және сыртқы бөліктері жарықпен қамтамасыз етілуі керек;
6) алаң ішіндегі жолдар мен құрылыс алаңына кіретін өтпежолдардың қатты төсеніші болуы керек; өтпежолдардың айналма және уақытша жолдар арқылы қалалық асфальт жолға түйісуі қамтамасыз етілуі және жолдың дұрыс күтімде болуын қамтамасыз ету керек;
7) құрылыс алаңынан шығар жерде көліктердің былғанған бөлшектері мен дөңгелектерін жууға (тазалауға) арналған пункттер жасалады; құрылыс алаңынан шекаралас 10 метрден аз емес қашықтықтағы іргелес аумақты да құрылыс салдырушы күтімге алып, санитарлық тазалығына жауап береді;
8) құрылыс алаңы таза болуы керек, құрылыс және тұрмыстық қоқысты жинайтын контейнерлер (жинақтаушы контейнер) қойылып, қоқыстың уақтылы шығарылып тұруы ұйымдастырылуы керек, құрылыс басталғанға дейін алаңда әжетхана салынып, оның күтімі, тазалануы және залалсыздандырылуы қамтамасыз етілуі қажет;
9) құрылыс материалдарының құрылыс алаңынан (синтетикалық үлдірлер, жапқыштар, жоңқалар, үгінділер, қаптама материалдары және басқалар) шығып (желмен ұшып) кетпеуін қадағалау керек;
10) жабық лотоктар мен жинақтаушы бункерлерді пайдаланбай қалдықтар мен қоқыстарды объектінің жоғары қабаттарынан лақтыруға жол берілмейді;
11) ғимартаттың, қондырғының қасбеттерінде жұмыс жасаған кезде тордан жасалған, осы мақсаттарға арналған және сапасы жағынан сәндік, беріктік және өртке қарсы талаптарға сәйкес келетін торлы қоршаудың болуын қарастыру қажет; торлардың қисайып, салбырап қалуына жол берілмейді.
209. Құрылыс және жоспарлау жұмыстары кезінде жасыл желектерге абай болып, оларға зиян келмеуін қадағалау керек. Тапсырыс берушілерлер қорғалатын көк желектерді құрылыс ұйымына қолхатпен табыстауы қажет. Жасыл желектерді сақтау мүмкін болмаған жағдайда құрылыс салдырушы өз қаражатына тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органымен келісе отырып, көрсетілген орынға айтылған мөлшердегі жасыл желектер отырғызуы қажет.
210. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үй мөлтекаудандарында ғимараттарды салу кезінде құрылыс қоқыстарын шығару жұмыстарын үйге тапсырыс беруші атқару керек. Орталықтандырылған жоспарлы тазарту ғимаратты пайдалануға берер кезде жүргізіледі.
211. Барлық материалдар мен топырақ қоршалған аумақта ғана орналасады; шығарылған топырақ (құнарлы топырақты есепке алмағанда), бұзу қалдықтары, қоқыстар дереу қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына немесе басқа да учаскелерге шығарылуы мүмкін.
212. Құрылыс аяқталғаннан кейін құрылыс салушы құрылыс алаңының маңындағы аумақтың, сондай-ақ уақытша жүру жолы, жаяу адамдардың өтуі, уақытша құрылыстар, материалдарды сақтау, инженерлік жүйелерді салу және басқа да мұқтаждықтар үшін пайдаланылған аумақтарының бүлінген көркею жұмыстарын қалпына келтіруі қажет.
14. Жол, жер және басқа да жұмыстар туралы тәртіп
213. Заңды және жеке тұлғалар жол жамылғысы, тротуарлар, көгал және басқа объектілердің, көркейту элементтерінің және инженерлік құрылыстардың бүлінуіне байланысты жұмыстарды қолданылып жүрген заңнамаларды сақтап, коммуникация иелерімен, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы уәкілетті органымен, сәулет және қала құрылысы бөлімімен, жол полициясымен келісілгеннен кейін және жұмыс жүргізуге рұқсат қағаз алған жағдайда ғана іске асырады.
214. Жобалау және су құбыры, канализация, жылу, электр және газ желіліріне қосылу пайдаланушы ұйымның рұқсатымен ғана іске асырылады.
215. Жерасты желілері мен коммуникацияларды пайдаланушы ұйымдар мен мекемелердің басшылары қажеттілікке қарай өз өкілдерінің жұмыс өндірісі орнына келуін қамтамасыз етеді.
216. Қазуды қажет ететін шұғыл апаттық жұмысты жүргізген кезде жұмысты атқаруға рұқсат қағазын рәсімдемей тұрып, бірақ желі бүлінуі мүмкін ұйымға алдын ала ескертіп және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімін ескертіп барып кірісе беруге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда қазу жұмыстарына алынған рұқсат жұмыс басталғаннан кейін үш күн ішінде дайындалып берілуі керек.
217. Қазу жұмыстары кезінде жерасты коммуникациясы бұзылған заңды және жеке тұлғалар бұл туралы дереу тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөліміне және желі иелеріне хабарлау керек, сондай-ақ апатты тез арада жою үшін барлық шараларды қолдану керек.
218. Қала аумағында жер жұмыстарын атқару рұқсат қағазда көрсетілген әдіспен, жасалған келісім шартқа сай белгіленген уақытта қазылған жерді артынан қалпына келтірілуі керек.
219. Қазандықтарды, траншеяларды көму, төсеніштерді қалпына келтіру жұмыстары рұқсат берген ұйым мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінің өкілінің қатысуымен міндетті түрде акт жасалып, келісілген уақытта орындалуы керек.
220. Қазуға рұқсат алған заңды немесе жеке тұлға қалпына келтірілген учаскені жоғарыда аталған рұқсат қағазды берген ұйым мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінің өкіліне өткізуі керек.
221. Заңды және жеке тұлғаларға, алдында қазылған жерді қалпына келтіріп, рұқсат қағазды берген ұйым мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөліміне акт бойынша өткізбейінше, жаңа жұмыстарға рұқсат берілмейді.
15. Құрылыс-жөндеу жұмыстарын орындау кезіндегі талаптар
222. Құрылыс-жөндеу жұмыстары басталмай тұрып, тиісті жобалық құжаттама сәулет және қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімімен, басқа да қызметтермен келісілуі керек. Инфрақұрылым және инженерлік коммуникация объектілерін салу кезінде жұмысты бастауға міндетті түрде рұқсат алу керек. Қозғалысы көп көшелерде көлденеңінен қазу жұмыстары жұмысты орындауға рұқсат берген органмен, жол полициясымен, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімімен келісілген кесте бойынша қатаң белгіленген уақытта, тәртіп бойынша түнгі уақытта жүргізілуі керек. Рұқсатсыз басталған жұмыс дереу тоқтатылып, кінәлілер қолданылып жүрген заңнамаларға сай жауапқа тартылуы керек.
223. Құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайындық кезінде келесі шарттардың орындалуы қамтамасыз етілуі қажет:
1) материалдарды жұмыс орнына тасу ережесін сақтай отырып, жұмыстың басталуына ең көп дегенде 3 күн қалғанда жеткізу;
2) материалдарды жинақтау осы мақсатқа арнайы бөлінген орында ғана жинақы, көріктендіру элементтеріне зиян келтірмейтіндей және көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысына бөгет жасамайтындай етіп жүзеге асырылады;
3) жұмыс орнын қоршау белгіленген үлгідегі, адамдар мен көлік қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін типтік қоршаулармен жасалады. Тәуліктің қараңғы мезгілінде жұмыс орны жарықтандырылып, қызыл түсті жарықпен ескерту белгісімен жарақтандырылады. Қоршау жол белгілерінің саны мен түрі оларды орнату шекарасы мен айналма жолдар бағыты, жол қозғаласын жабу мүмкіндігі жол полициясының келісімімен жұмыс жоспары бойынша анықталады.
224. Жер және құрылыс-жөндеу жұмысын жүргізетін заңды және жеке тұлғалар келесі шарттарды орындауы тиіс:
1) қаланың көлік жолдарын, алаңдарды,аулаларды, тротуарларды асфальттау кезінде өсіп тұрған ағаштардың айналасынан диаметрі 1,5 - 2 метрден кем емес бос кеңістік қалдырып, оны биіктігі 5-10 сантиметр болатындай жиектастармен көмкеріп қою керек;
2) кабель, канализация және басқа да коммуникация құбырларын жүргізген кезде траншея қазуды, кез-келген объектілер мен қондырғыларды орнату ағаш діңінен, егер діңнің жуандығы 15 сантиметр артық болса, 1,5 метрден кем емес, бұталардан – 0,5 метрден кем емес ара қашықтықта жүргізілуі керек;
3) жаңадан салынып жатқан объектілерді көгалдандыру жұмыстары көріктендіру (көгалдандыру) жобасына сай жүргізіледі. Жасыл желектерді отырғызуға арналған жер учаскесі алдын ала құрылыс қалдықтарынан тазартылып, қаратопырақ төгілуі керек;
4) заңдық тұлға құрмай жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын барлық азаматтар мен заңдық тұлғалар құрылыс және қайта өзгерту жұмыстарын жүргізген кезде жұмыс барысында шығатын қалдықтарды пайдаланып және залалсыздандыру туралы техникалық және технологиялық құжаттары немесе аталған қалдықтарды бекітілген тәртіппен қайта өңдеуді растайтын құжаты бар болса құрылыс алаңын тазалап, топырақты қазып шығаруды бастай беруіне болады;
5) құрылыс салған немесе қайта өзгерткен кезде барлық заңды және жеке тұлғалар Қазақстан еспубликасының заңнамалары бекіткен қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау саласындағы экологиялық, санитарлық және басқа да талаптарды қатаң сақтауы тиіс;
6) құрылыс қалдықтар мен шығарылған топырақты көпшілік орындарға, оның ішінде беткейлерге, бос кеңістікке, орман белдеулеріне төгуге тыйым салынады.
225. Жер және құрылыс–жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде тыйым салынады:
1) көгалдарды, тротуарды, көлік жолын, гүлзарларды люктерді, арықтарды, астауларды, геодезиялық белгілерді сыртқы көріктендіру элементтерін топырақпен, құрылыс материалдарымен және құрылыс қалдығымен толтырып тастауға және көк желектерді бүлдіруге;
2) құрылыс алаңынан тыс, көлік жолында, тротуарда, көгалда қоспа, бетон және басқа да құрылыс материалдарын дайындауға;
3) материалдарды, қоқысты үюге, техниканы қоюға артық ауданды пайдалануға, белгіленген аумақтан тыс жер учаскелерін қоршап алуға;
4) аулаларға кіретін жолды бөгеп, жауып тастауға;
5) құдықтардан, траншеялардан, қазандықтардан сорып алынған суды тротуарға, көгалдарға, көлік жолына, төгуге. Суды пайдаланып жүрген ашық немесе жабық жаңбыр канализациясына, ондай жоқ болса жабық ыдыстармен тасып шығаруға болады.
6) көліктермен жолдан тыс жерлерге (көгалдарға, жиектастан ары, тротуар үстіне, ашық топырақ учаскесіне) шығып кетуге;
7) көлік құралдарын құрылыс алаңдарынан жабысқан топырақты, лайды тазаламай шығаруға;
226. Иеліктерінде, меншіктерінде инженерлік коммуникациясы бар заңды және жеке тұлғалар міндетті:
1) өз объектілерінің техникалық және эстетикалық бейнесін тексеріп, оны тез арада қалыпқа келтіру;
2) сәулет және қала құрылысы бөліміне инженерлік көммуникациядағы жасалған өзгерістерді планшетке түсіру үшін ұсыну. Жұмыс барысында планшетке түсірілмеген инженерлік коммуникацияға зиян келетін болса, оларды қалпына келтіру жауапкершілігі қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне уақытылы ақпар бермеген коммуникация иелері – заңды және жеке тұлғаға жүктеледі.
227. Инженерлік коммуникацияны пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларға құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақ толық қалпына келтірілмейінше, сондай-ақ осы жұмыстарды қабылдап алуға және атқарылған жұмыстың техникалық құжаттамалары көрсетілмейінше, іске қосылған объектілерді тұтынушының пайдалануына беруге тыйым салынады.
228. Жер және құрылыс-жөндеу жұмыстарына жауап беретін заңдық және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамаларына сәйкес атқарылған жұмыстың аяқталу уақыты мен сапасына жауап береді.
16. Ғимараттар мен құрылғылардың қасбеттерін күтіп ұстау
229. Қарамағында ғимараттары мен құрылғылары бар кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, ғимараттар мен құрылғылардың жеке меншік иелері аталған объектілердің қасбаттері мен олардың жекелеген элементтерін (балкондарды, лоджияларды, суағарларды тағы басқаларды) уақытылы өңдеу, жөндеу, сырлау жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ қасбеттерде орналасқан тақтайшаларды, естелік тақталарын таза, дұрыс күйінде ұстауды қамтамасыз ету керек. Қасбеттері көше жаққа шығатын дүкендер мен кеңселердің витриналары жарықпен безендірілуі керек.
230. Ғимараттар мен құрылғылардың қасбеттерін және конструктивті элементтерін өз бетінше қайта жарықтандыруға жол берілмейді.
231. Шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында ғимараттар, құрылымдар және құрылыстарға иелік ететін жеке және заңды тұлғалар қала құрылыстық және жобалық құжаттама, қала құрылыстық нормативтер мен ережелер, экологиялық, санитарлық, өрт қауіпсіздігі және басқа да арнайы нормаларға сәйкес, ғимараттар, құрылымдар мен құрылыстар және жер учаскелеріндегі басқа да жылжымайтын мүлік объектілерін сәйкесінше күтіп ұстау бойынша, соның ішінде оларға тиесілі ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін, шатырларын өз қаражаттары немесе қатыстырылған қаражаттар есебінен қалпына келтіру және жөндеу бойынша жұмыстарды жүргізуі қажет.
232. Тұрғын емес немесе тұрғын ғимараттарда заңды және жеке тұлғалардың меншігінде, заңды тұлғалардың шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жекелеген тұрғын емес үй-жайлары болған жағдайда, осы тұлғалар орналасқан аудандарына пропорционалды түрде аталған ғимараттардың қасбеттерін, шатырларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына үлестік қатысуы қажет. Ғимарат немесе құрылыстың қасбетін жоспарлы тұтас жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде оған үлестік қатысатын тұлғалар орналасқан аудандарына пропорционалды көлемде осы мақсаттарға бағытталатын қаражаттарын біріктірулері мүмкін.
233. Сәулет, тарих немесе мәдениет ескерткіштері болып табылатын ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін жөндеу, қалпына келтіру және қайта жаңарту Қазақстан Республикасы мен Жезқазған қаласының құқықтық актілерімен белгіленген нормативтер мен қағидаларға сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану бойынша уәкілетті органдар және сәулет және қала құрылысы уәкілетті органымен келісім бойынша қорғау міндеттемелеріне сәйкес жүргізіледі.
234. Жол берілмейді:
1) алдын ала сәулет бөлшектерін қалпына келтірусіз ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін бояуға;
2) табиғи немесе жасанды таспен қапталған қасбеттерді бояуға.
Ғимараттардың қасбеттерін жөндеп, сырлау жұмыстарын атқарудың мерзімі мен қажеттілігін:
1) қасбеттің сол кездегі жағдайына байланысты иелері шешеді;
2) міндетті түрде тиісті алғы шарттарды беру арқылы сәулет және қала құрылысы бөлімі шешеді.
235. Балкон қоршауларын, терезелер мен есіктердің сыртқы кәсектерін сырлау ғимараттың, үйдің осындай элементтеріне ортақ бір түсті бояумен сырлануы керек.
236. Ғимаратқа ілінген барлық ілмелердің орнаталып, күтіп ұстауына ғимараттың иесі – заңды немесе жеке тұлға жауап береді.
237. Аула аумағында түрлы шаруашылық және қосалқы үй-жайларды (сарайлар, будкалар, гараждар,қоршаулар) өз бетімен салуға тыйым салынады.
238. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің келісімінсіз аула ішілік өтпежолдарды турникеттермен, шлагбаумдармен және басқа қоршаулармен жауып тастауға тыйым салынады.
239. Әр үйдің сыртқы қасбеттеріне, оның меншік түріне қарамастан, иесі көше аты және үй нөмірі жазылған, түнде жарық түсіп тұратындай белгі орнатады. Номерге түсетін жарық оны қараңғыда 10 метр қашықтықтан оқуға мүмкіндік беруі керек. Үй белгісі сәулет және қала құрылысы бөлімінің келісімімен үй қақпасына, қақпа жоқ болса – сыртқы есікке ілінуі керек. Екі немесе үш көшеге шығатын ғимараттарда үй нөмірі барлық көшеге қарата ілінеді.
240. Қараңғы түскеннен күн шыққанға дейін тұрғын үй қорының аумағында аулалар, аркалар, кіреберістер, үй көрсеткіштері, баспалдақ алаңдарында жарық жанып тұруы керек.
17. Апатты жұмыстарды жүргізу
241. Жерасты және жерүсті коммуникациясында құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында пайда болған апатты жағдай салдарынан жұмыс ырғағы бұзылып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі, су объектілерінің ластануы төтенше жағдай деп танылып, олардың қалыпты жұмыс жағдайын тез арада қалпына келтіруді талап етеді.
242. Апат пайда болған кезде инженерлік коммуникация мен құрылғының иесі пайдаланушы ұйым тез арада апатты жойып, салдарын қалпына келтіруі тиіс. Бұл жағдайда адамдар мен техниканың қауіпсіздігі, сондай-ақ тақауда орналасқан жерасты және жерүсті құрылғыларының, инфрақұрылымдар объектілерінің, көк желектердің сақталуын қамтамасыз етілуі қажет.
243. Апат болған жерге апатты жою бригадасын жіберумен бірге пайдаланушы ұйым апаттың орны мен сипатын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы уәкілетті органына, апат ауданында жер асты және жерүсті құрылғылары бар ұйымдарға, қоғамдық жолаушылар көлігі қызметіне, жол полициясына, басқа да ұйымдарға хабарлайды.
244. Апат аймағында жерасты және жерүсті коммуникациялары бар барлық тұлғалар ақпарат алған бетте апат аймағына тез арада атқару сызбалары бар өз өкілдерін жіберіп, олар өздеріне қатысты құрылғылар мен инженерлік коммуникациялардың қай жерде орналасқанын көрсетулері тиіс.
245. Апат аймағына жақын жерге материалдары мен басқа да құндылықтарын жинаушы иеліктер, апатты жою жұмысын басқаратын басшының бірінші талап етуімен апатты жою аумағын босатуы керек.
246. Егер апатты жою жұмыстары көлік жолын толық немесе жартылай жауып тастауды талап ететін болса, жол полициясы жолды уақытша жабу туралы шұғыл шешім қабылдап, көліктердің айналма жолдарын белгілейді.
247. Апат аймағы қалқандармен және белгіленген үлгідегі тақталармен қоршалады. Жарық қойылып, ірі қызыл шам орнатылады. Жол полициясы келісімімен көлік жолына қажетті жол белгілері қойылады. Апатты жою жұмыстарына жауапты тұлғалар жұмыс толық аяқталғанша сол аумақты жарықтандыруға, қоршаулар мен жол белгілерін орнатуға жауап береді.
248. Апат салдарын жойып, аумақты көріктендіруді қалпына келтіру үшін, апат болған кезден бастап бір тәулік ішінде жер жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағазы рәсімделеді. Жер жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағазы рәсімделмеген белгіленген мерзімде, қазу жұмыстары заңсыз деп саналып, пайдаланушы ұйым қолданылып жүрген заңнамаларға және осы Қағидаға сай жауапқа тартылады.
249. Бұзылған жол жабындары мен көріктендірудің басқа да элементтерін қалпына келтіру жұмысын инженерлік желінің иелері апаттық жұмыс аяқталған бетте дереу іске асырады.
250. Апатты жағдайды желеу етіп, жоспарлы жұмысты жүргізуге жол берілмейді.
18. Көлік құралдарын күтіп ұстау
251. Автобустардың, таксоматорлық парктердің, автобазалардың, гараждардың әкімшіліктері, жүргізушілер мен барлық транспорт түрлерінің иегерлері, меншік түрі мен ведомствалық иелігіне қарамастан, көлікті қала көшелеріне таза және жөнделген қалыпта шығаруға міндетті.
252. Көлікті жуу тек арнайы рұқсат етілген жерлерде ғана және сол үшін бөлінген аймақтарда жүргізілуі қажет. Көлік жуу жұмыстарына колонкалар мен ашық су қоймаларын, сонымен қатар басқа да рұқсат етілмеген орындарды пайдалануға рұқсат етілмейді.
253. Арнайы арналған жерлері (арнайы алаңдар тағы басқалары) жоқ көлік құралдарын тротуарларда, балалар алаңында, көгалдар мен басқа да объектілерде, сонымен қатар ашық топырақ пен көлік жолынан тысқары орындарда уақытша қоюға, жүруге рұқсат етілмейді.
254. Бұзылған автокөліктер мен олардың бөлшектерін үй маңындағы аумақтарда сақтауға тыйым салынады.
255. Жол полициясында сыртқы көріктендіру элементтері (турникеттер, қоршаулар, электр тіректері, жиектастар) бұзылған (бүлінген) жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат болған жағдайда, аталған ақпар жол көлік оқиғасы болған уақыттан бастап бір апта ішінде міндетті түрде тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөліміне тапсырылып, жол көлік оқиғасы кінәлілерінің қаражатына бүлінген мүлікті қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қолданылуы керек.
19. Уәкілетті және мемлекеттік аумақты көріктендіру, санитарлық жағдайда ұстау және тазалауды бақылау жөніндегі міндеттері
256. Қазақстан Республикасының заңнамаларымен осы Қағиданы сақтауды бақылау жұмысын қоршаған ортаны қорғау, ішкі істер, сәулет және құрылыс, сондай-ақ көлік бақылауы, өртке қарсы органдар мен санитарлық бақылау органдары өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.
257. Мемлекеттік бақылау–байқау органдары комиссиялық аралау мен бақылау жүргізе қалған жағдайда қаланың жалпы көріктендіру жағдайын өзінің функционалды міндеттеріне сай уәкілетті орган қадағалайды.
20. Заңды және жеке тұлғалардың Қағиданы бұзғандығы үшін жауапкершілігі
258. Осы Қағиданы бұзғаны үшін кінәлі заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамаларына және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сай жауапқа тартылады.
259. Әкімшілік жауапқа тарту шаралары, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамаларына сай, тәртіп бұзушыларды келтірілген материалдық шығынды өтеуден, бүлінген материалдарды қалпына келтіріп, осы Қағидада көрсетілген талаптарды орындаудан босатпайды.