Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар берешегі есебіне өткізу Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 15 қазандағы № 281 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 15 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6561 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 16 ақпандағы № 86 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 16.02.2015 № 86 бұйрығымен. (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 618-бабына, 2010 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 168-бабының 2-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар берешегі есебіне өткізу Ережелері бекітілсін.
      2. «Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне сату Ережелерін бекіту туралы» Казақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының 2009 жылғы 1 шілдедегі № 259-п (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізімінде № 5839 тіркелген, «Заң газеті» газетінің 2009 жылғы 6 қарашадағы, № 170 (1593) жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы Бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                   Р. Түсіпбеков

      «Келісілді»
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      ________ Б. Жәмішев
      2010 жылғы 15 қазан

Қазақстан Республикасы 
Әділет министрінің   
2010 жылғы 15 қазандағы
№ 281 бұйрығымен    
бекітілді      

Салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегі есебіне, төлеушінің кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар берешегі есебіне билік етуі шектелген мүлкін сату
ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ереже

      1. Осы Ереже салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегі есебіне, төлеушінің кедендік төлемдер, салықтар, өсімпұлдар төлемдері бойынша берешегі есебіне билік етуі шектелген мүлкін сату тәртібін анықтайды (бұдан әрі – билік етуі шектелген мүлік).
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      аукцион – билік етуі шектелген мүлікті сату үшін алдын ала анықталған орын және уақыттағы жария конкурстық сауда-саттық;
      сауда-саттықтың ағылшын әдісі – сауда-саттықтың арнайы әдісі, мұнда бастапқы құн алдын ала жарияланған қадаммен ең жоғары баға ұсынған жалғыз қатысушы қалғанға дейін көтеріледі;
      сауда-саттықтың голланд әдісі – сауда-саттықтың арнайы әдісі, мұнда бастапқы құн қатысушылардың бірі сауда-саттық затын жарияланған бағамен сатып алуға келісім бергенге дейін жарияланған қадаммен төмендейді;
      кепілдік жарна – тұлғалармен салық төлеушінің (салық агентінің), салықтар, кедендік төлемдер, өсімпұлдар бойынша төлеушінің мүлкін өткізу үшін немесе олардың атынан жарияланған сауда–саттыққа қатысуға ниет білдірген тұлғалардың бюджетті орындау жөніндегі орталық уәкілетті органның жазбаша хаты негізінде ашылған аумақтық органының қолма-қол ақшаны уақытша бақылау шотына енгізілген ақша қаражаты;
      мүлік – салық берешегі есебіне, салық, кедендік, өсім төлемдері есебіне салық төлеушінің (салық агентінің), кеден, салық, өсім төлемдері бойынша төлеушінің өндіріп алынатын билік етуі шектелген мүлкі;
      лот – тұтас бөлінбейтін аукцион заты болып табылатын заттар (немесе бір зат) жиынтығы;
      лоттың ең төменгі бағасы – лот осы бағадан төмен бағамен сатылмайды;
      ұйымдастырушы – сауда-саттықты жүргізу қызметін жүзеге асыруға құқығы бар, аумақтық органмен сауда-саттық жүргізу үшін келісім-шарт жасасқан арнайы немесе өзге мамандандырылған ұйым;
      жеңімпаз – сауда-саттықты жеңген тұлға, яғни сауда-саттық затының ең жоғарғы бағасын ұсынған аукционға қатысушы немесе тауарды (голланд әдісі бойынша өткізілген сауда-саттықта) аукционшы жариялаған бағамен сатып алуды ең бірінші болып ұсынған, сауда-саттықты жүргізу хаттамасына қол қойған тұлға;
      сатып алушы – сатып алу-сату шартына қол қойған және мүлікті сатып алу құнын енгізген сауда-саттықты жеңген тұлға;
      мүлікті сатып алу құны – сауда-саттық жеңімпазы мүлікті сауда-саттық хаттамасына сәйкес осы бағамен сатып алуға ниет білдірген және міндеттенген құн;
      жеткізіп беруші – жеке кәсіпкер, аумақтық органмен қызмет көрсетуге келісім шарт жасасқан контрагенті болып табылатын (мүлікті бағалау, тасымалдау, сақтау, өткізу және т.б. қызмет көрсету) заңды тұлға;
      сауда-саттық (аукцион) заты - сауда-саттыққа шығарылатын барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
      мүлікті сатуға кеткен шығыстар – мүлікті сақтау, тасымалдау, бағалау, өткізу және қажетті басқа да қызметтерді жүзеге асырғаны үшін жеткізіп берушіге төленетін ақша сомасы;
      бастапқы құн – сауда-саттық басталатын лоттың бағасы;
      аумақтық орган – атқару құжатын орындау аясында мемлекеттік реттеу қызметін және мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      қатысушы - сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген және осы Ереженің 18-тармағында көрсетілген шарттарды орындаған жеке немесе заңды тұлға;
      бағаның өзгеру қадамы – сатылатын мүлік құнының көтерілу немесе төмендеу мөлшері.

2. Мүлікті сатуға тапсыру

      3. Мүлікті салық, кеден органдарының салық төлеушінің (салық агентінің), кедендік төлемдер, салық және өсімпұлдар бойынша төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өндіріп алу туралы қаулысы, мүліктің билік етілуін шектеу туралы салық, кеден органдарының шешімдерінің көшірмелері және тізімдеме актісі сауда-саттыққа шығарудың негіздемесі болып табылады.
      4. Салық, кеден органдары осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген құжаттарды аумақтық органға ұсынады, бұл ретте салық, кеден органдарының өкілдері мен аумақтық органдардың, салық төлеушінің (салық агентінің), кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті төлеушінің қатысуымен мүліктің сақталғандығы тексеріліп, мүліктің болуы туралы акті жасақталады.
      Егер, салық төлеуші (салық агенті), кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешекті төлеуші қатыспаса немесе қол қоюдан бас тартса, жоғарыда аталған мүліктің болуы туралы кем дегенде екі куәгердің қатысуымен акті жасақталады.
      5. Егер мүлік мемлекеттік тіркеуге жататын болса, салық, кеден органдарымен билік етуі шектелген мүлікке қатысты тіркелген құқықтарды және басқа да растайтын құжаттарды ұсынады. Құқық белгілейтін құжаттар жоқ болған жағдайда, аумақтық орган құжаттарды салық, кеден органдарына орындаусыз қайтарады.
      6. Мүліктің болуы туралы актіге қол қойылғаннан кейін, аумақтық орган салық төлеушіге (салық агентіне), кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар төлемдері бойынша төлеушіге мүлікті жауапты сақтауға қалдырады немесе оны алып қою актісі арқылы алып, тиісті қызмет көрсетушіге сақтауға тапсырады. Мүлікті бағалау оны алу-тапсыру күнінен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
      7. Мүлікті бағалауды бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар (бағалау қызметі туралы заңнамаға сәйкес) жеке немесе заңды тұлға жүргізеді. Мүлікті бағалау актісінің көшірмесі аумақтық орган оны алған күннен бастап салық, кеден органдарына 3 жұмыс күні ішінде тапсырыс хаты нысанында немесе қолма-қол тапсыру арқылы жолданады. Мүлікті бағалау жөніндегі актінің көшірмесі салық, кеден органдарына жолданғаннан кейін аумақтық орган 10 күнтізбелік күн ішінде мүлікті сауда-саттыққа шығарады.
      8. Мүлікті сауда-саттыққа шығару ұйымдастырушыға салық, кеден органдарының билік етуі шектелген мүлікті өндіру туралы қаулысының көшірмесін, салық, кеден органдарының мүлікке билік етуі шектелген шешімдер көшірмелерін, тізімдеу актісі көшірмесін, мүлікті бағалау актісі көшірмесін, өтінім жолдау арқылы жүзеге асырылады.
      9. Егер баға белгілеуші тұлғаның қорытындысына сәйкес мүлікті сату мүмкін емес болса немесе оны сатудан түскен кіріс сомасы жоспарланған шығыс сомасынан кем болса, аумақтық орган мүлікті бұдан әрі сатуды жүзеге асырмайды. Мұндай жағдайда мүлік салық, кеден органдарына мүліктің қайтарылатындығы жайлы хабарлама жолдай отырып, салық төлеушіге (салық агентіне), кедендік төлемдер, салық және өсімпұлдар бойынша төлеушіге кері қайтарылады.

3. Мүлікті сатуға дайындық

      10. Мүлікті сату алғашқыда ағылшын әдісі бойынша өткізілген сауда-саттықтарда аукцион нысанында жүргізіледі. Мүлікті ағылшын әдісі бойынша сауда-саттыққа шығару кезіндегі бастапқы құн бағалау құнына тең болуы тиіс.
      11. Мүлікті сауда-саттыққа шығаруды ұйымдастырушы аумақтық органнан өтінім келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді. Алдағы сауда-саттық жөніндегі хабарландырулар жергілікті мерзімді баспасөз басылымдарында сауда-саттық өткізуге дейін кемінде он күнтізбелік күнге дейін мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады.
      12. Сауда-саттықты өткізу жөніндегі хабарландыруда мынадай мәліметтер қамтылуы тиіс:
      1) лот (мүлік) атауы, оның сипаттамасы (қысқаша сипаттамасы);
      2) лоттың бастапқы құны;
      3) сауда-саттықты өткізу күні, уақыты және орны;
      4) сауда-саттықты өткізу әдісі;
      5) сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарнаның мөлшері және кепілдік жарна аударылуы тиіс ақшаны уақытша орналастырудың аумақтық органның қолма қол ақшаны бақылау шотының деректемелері.
      6) сауда-саттыққа қатысуға тапсырыстарды қабылдау мекен-жайы, уақыты және мерзімдері;
      7) аукцион затымен танысу күні, уақыты және тәртібі;
      8) анықтама алу телефондары мен мекен-жайы;
      9) аумақтық органның немесе ұйымдастырушының қарауына байланысты басқа да мәліметтер.
      13. Сауда-саттыққа қатысуға берілетін өтінімдерде қатысушының барлық мәліметтері (тегі, аты-жөні, жеке куәлігінің мәліметтері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, ЖСН және БСН ол болса, ал басқа тұлғалардың мүддесін білдіретін тұлғалар үшін: Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген сенімхат, заңды тұлғаның өкілдері үшін көрсетілген мәліметтермен қоса: заңды тұлға немесе органның толық атауы, мекен-жайы және банк шотының деректемелері) көрсетілуі тиіс.
      14. Сауда-саттыққа қатысуға берілетін өтінімдерді ұйымдастырушы және (немесе) сол үшін уәкілетті аумақтық орган қызметкері қабылдайды. Сауда-саттыққа қатысуға берілетін өтінімдерді қабылдау сауда-саттықтың 24 сағат бұрын тоқтатылады.
      15. Алдағы сауда-саттық жөніндегі хабарландыру жарияланғаннан кейін, ұйымдастырушы және аумақтық орган әлеуетті сатып алушылардан (жұмыс уақыты ішінде) неғұрлым кедергісіз және үздіксіз өтінім қабылдауды қамтамасыз етеді.

4. Сауда-саттыққа қатысу шарттары және қатысушыларды тіркеу

      16. Аумақтық орган қызметкерлері, салық органы, кеден органының қызметкерлері, сондай-ақ олардың жақын туыстары (ата-анасы, балалары, асырап алушы, асырып алынғандар, толықтай және толықтай емес ағайындар мен апалылар, аталары, әжелері, немерелері, ері (зайыбы) мүлікті сату жөніндегі сауда-саттыққа сатып алушы ретінде қатыса алмайды.
      17. Бір-бірімен жақын туыстық қатынаста болатын тұлғалар (ата-анасы, балалары, асырап алушы, асырып алынғандар, толықтай және толықтай емес ағайындылар мен апалылар, аталары, әжелері, немерелері, (зайыбы) бір лотты сату бойынша сауда-саттыққа қатысуға болмайды.
      18. Сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген тұлғалар қатысушы ретінде тіркелуі үшін мыналарды ұсынуы қажет:
      1) сауда-саттыққа қатысуға өтінім;
      2) осы Ереженің 15 және 16-тармақтарында көрсетілген сауда-саттыққа қатысуға еш кедергі жоқ екені жөніндегі өтініш;
      3) қатысушының жеке басын растайтын құжат және жеке немесе заңды тұлға өкілінің өкілеттілігін растайтын құжаттың түпнұсқасы;
      4) кепілдік жарнаның енгізілгендігін растайтын төлем құжаты;
      5) Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары салық төлеушінің (салық агентінің) нотариалды куәландырылған куәлігінің, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) куәлігінің көшірмелерін қосымша ұсынады;
      6) шетелдік заңды тұлғалар нотариалды куәландырылған құрылтайшы құжаттар мен олардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармаларын қосымша ұсынулары тиіс.
      19. Сауда-саттыққа қатысу үшін енгізілетін кепілдік жарнаның мөлшері мүліктің бастапқы бағасының 5 % процент мөлшерінде белгіленеді және ол ақшаны уақытша орналастырудың аумақтық органның бақылау шотына енгізіледі.
      20. Қатысушы немесе оның өкілі ғана емес, сонымен қатар басқа да заңды және жеке тұлғалар қатысушының атынан кепілдік жарна енгізе алады.
      21. Сауда-саттықты жеңген тұлғаның кепілдік жарнасы мүлікті сатып алу құнының есебіне қосылады. Сауда-саттыққа қатысқан басқа тұлғалардың кепілдік жарнасы қайтарылуы тиіс.
      22. Кепілдік жарна оларды енгізген тұлғаларға мынадай жағдайларда қайтарылмайды және мемлекет кірісіне түседі:
      1) егер сатып алушы осы Ережемен белгіленген мерзім ішінде мүліктің сатып алу құнын енгізбесе;
      2) егер сатып алушының сауда-саттыққа қатысуға құқығы жоқ екені анықталса;
      3) егер сатып алушы сауда-саттықтың басталуына дейін жиырма төрт сағаттан кем уақытта сауда-саттыққа қатысудан бас тартса.
      23. Сауда-саттыққа қатысушылар:
      1) сауда-саттыққа өздері немесе өкілдері арқылы қатыса алады;
      2) мүлік жөнінде қосымша тегін ақпарат ала алады;
      3) сауда-саттықта сатылатын мүлікті алдын ала көре алады;
      4) сауда-саттыққа дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей өз өтінішін кері қайтарып ала алады;
      5) құқықтары бұзылған жағдайда сотқа жүгіне алады.
      24. Ұйымдастырушылар сауда-саттыққа қатысушыларға мынадай мәліметтерден тұратын билеттер дайындайды:
      1) қатысушының сауда-саттыққа қатысатын нөмірі;
      2) өтінім берілген лоттың атауы және нөмірі;
      25. Тіркеуден өткен тұлғаға қатысушының билеті беріледі, осы билет сауда-саттық өтетін күні аукцион нөміріне айырбасталады. Сауда-саттық кезінде басқа тұлғаға осы аукцион нөмірін пайдалануына жол берілмейді.

5. Сауда-саттықты өткізу тәртібі

      26. Сауда-саттықты өткізуге ұйымдастырушының басшысы арнайы уәкілеттік еткен тұлға (аукционшы) ғана сауда-саттықты өткізуі тиіс.
      27. Салық төлеушінің (салық агентінің), кеден, салық және өсім төлемдері бойынша төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін сауда-саттыққа шығару жөнінде қаулы шығарған аумақтық органның, салық, кеден органдарының өкілдері мүлікті өткізу жөніндегі сауда-саттыққа қатысады. Мүлкін сауда-саттыққа шығаруға өтініш берген салық төлеушіні сауда-саттықтың өткізілетін уақыты мен орны жайлы сауда-саттық өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күні ішінде ұйымдастырушы хабардар етеді.
      Тиісті хабардар етілген салық төлеушінің (салық агентінің), кеден, салық және өсім төлемдері бойынша төлеушінің, салық және кеден органдарының өкілдерінің сауда-саттыққа келмей қалуы сауда-саттықты өткізуге кедергі жасамайды және оның нәтижелеріне әсер етпейді.
      28. Сауда-саттық оны өткізудің қысқаша тәртібін жариялаудан басталады.
      29. Сауда-саттықтың барлық қатысушылары бір-бірінен түзу көрерлік қарсысында орналасады.
      30. Әр лот бойынша сауда-саттық лоттың атауын, қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықты өткізу әдісін, бастапқы құнын аукционшының жариялауынан басталады.
      31. Сауда-саттықта бағаның өзгеру қадамы, бағаның көтерілуі мен төмендеуіне қарай мүліктің бастапқы бағасының бес процент мөлшерінде белгіленеді.
      32. Алғашқы сауда-саттық ағылшын әдісі бойынша өткізіледі, егер бастапқы бағадан кейін қатысушылардың ешқайсысы бастапқы немесе неғұрлым жоғарғы бағаны ұсынбаса, сауда-саттық өткізілмеді деп танылады, ол туралы сауда-саттық нәтижелері жөнінде хаттамада жазылады. Бірінші сауда-саттықтан өтпеген мүліктер осы Ереженің 3 тарауының талаптарын сақтай отырып, голланд әдісі бойынша қайта сауда-саттыққа түседі.
      33. Аукционшы лоттың бастапқы бағасын хабарлаған кезде, аукционға қатысушылар нөмірді көтеру арқылы мүлікті сатып алу туралы өзінің ниетін білдіреді.
      34. Бірден артық нөмірлер көтерілсе, бастапқы баға жарияланған бағаға дейін көтеріледі. Сол үшін аукционшы лот бойынша сауда-саттыққа қатысатын аукционға қатысушылардың нөмірлерін жариялап, бағаны бекітіп, оны көтеруді ұсынады. Лотқа неғұрлым жоғарғы баға ұсынған аукционға қатысушы – жеңімпаз атанады.
      35. Аукционшы лоттың ең соңғы бағасын үш рет қайталайды және басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде, балғаны ұру арқылы лоттың құрамына кіретін мүліктің сатылғандығын растайды.
      36. Сауда-саттықты өткізу күнінен бастап үш жұмыс күн ішінде аумақтық органның қолма-қол ақшаның бақылау шотына мүліктің сатып алу құнын енгізбеген сауда-саттық жеңімпазы осы лот бойынша сауда-саттыққа қатысу құқығынан айырылады. Мұндайда, сауда-саттыққа үш не одан да көп қатысушы бұдан әрі қатысқан жағдайда, мүлік соңғы бағаға сәйкес ең жоғарғы баға ұсынған сауда-саттықтың аталған қатысушыларына ұсынылады. Бұл қатысушы бас тартқан жағдайда, аумақтық орган қызметкері сауда-саттықтың өтпегені туралы акт жасақтап, мүлік келесі сауда-саттыққа шығарылады.
      37. Сондай-ақ сауда-саттық өтпеді деп танылады:
      1) егер лот бойынша сауда-саттыққа екіден кем сатып алушы келсе;
      2) егер қатысушылардың ешқайсысы сауда-саттық барысында сауда-саттықта ұсынылған бағаға мүлікті сатып алуға ниет білдірмесе.
      38. Сауда-саттықтың голланд әдісі кезінде лоттың ең төмен бағасы бастапқы бағасының 50 %-тен төмен болмауы тиіс.
      39. Нөмір көтерген кезде аукционшы жарияланған баға бойынша нөмірін бірінші болып көтерген қатысушының нөмірін атайды, лоттың бағасын үш рет қайталайды және қайталау кезінде басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде оны осы лот бойынша балғаны ұрып, жеңімпаз деп жариялайды.
      Егер қатысушылардан ешкім мүлікті сатып алуға ниет білдірмесе және аукционшы лот бағасын жариялаған кезде аукцион нөмірін көтермесе, сауда-саттық одан әрі жалғасады.
      Егер лоттың ең төменгі бағасына жеткен кезде көтерілген нөмірлер болмаған жағдайда сауда-саттық тоқтатылады және өтпеді деп танылады.
      40. Қайталанған сауда-саттықтың мүлікті сатып алуға келіскен қатысушы ұйымдастырушыға қатысушының аукцион нөмірін көрсетуі және сауда-саттық хаттамасына қол қоюы тиіс.
      41. Сауда-саттық нәтижелері бойынша міндетті түрде хаттама толтырылады, оған сауда-саттық қатысушылары, жеңімпаз, ұйымдастырушы (аукционшы) және аумақтық органның өкілі қол қояды. Хаттаманың түпнұсқасы сауда-саттықты ұйымдастырушыда қалады, ал көшірмесі сауда-саттыққа қатысушыларға, жеңімпазға, салық, кеден органдарының өкілдеріне және аумақтық органның өкіліне тапсырылады. Қатысушылардың өтініші, сондай-ақ аумақтық орган өкілінің өтінімі бойынша сауда-саттықтың өту барысы бейне таспаға түсірілуі мүмкін.
      Салық, кеден органдарының тиісті хабардар етілген өкілі сауда-саттықта болмаған жағдайда, билік етуі шектелген мүлікті сату бойынша сауда-саттық хаттамасының көшірмесі хаттама жасалған күннен үш жұмыс күні ішінде тапсырыс хатпен немесе қолма-қол арқылы салық органына, кеден органына жолданады.
      42. Жеңімпаз сауда-саттық өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аумақтық органның мүлікті сатып алу құнының қолма-қол ақшасын бақылау есеп шотына салады.
      43. Сатып алушы мүліктің сатып алу құнының барлығын толығымен енгізгеннен кейін аумақтық орган болған сауда-саттық туралы акт жасайды және мүлікті сатып алу-сату шартын әзірлейді.
      44. Мүлікті сатып алу-сату шартына сатып алушы және салық төлеуші (салық агенті), кеден төлемдері, салық және өсім төлемдері бойынша төлеуші қол қояды. Аумақтық орган салық төлеушіге (салық агентіне), кеден төлемдері, салық және өсімпұлдар бойынша берешекті төлеушіге мүлікті билік етуді шектеу туралы шешімде көрсетілген заңды мекен-жайы бойынша мүлікті сатып алу-сату шартына қол қою жөніндегі хабарлама жібереді.
      45. Аумақтық орган сатылмаған мүлікті салық төлеушіге (салық агентіне), кеден төлемдері, салық және өсім бойынша берешекті төлеушіге салық, кеден органдарын хабардар ете отырып, қабылдап алу-тапсыру актісі жасалған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қолма-қол табыстау немесе тапсырыс хатпен қайтарылады.
      46. Мүлікті сауда-саттықтан алып тастау салық төлеушінің (салық агентінің), кеден төлемдері, салық және өсім бойынша берешекті төлеушінің мүлкін билік етуін шектеу туралы шешімдердің күшін жою туралы кеден органдарының хаты негізінде сауда-саттықты өткізуге дейін жүргізіледі.

6. Мүлікті сатудан түскен соманы бөлу және жеткізіп берушінің қызметін өтеу

      47. Мүлікті сатудан түскен сомадан бірінші кезекте мүлікті сатуға, сонымен қатар мүлікті сақтау, тасымалдауға және сату бойынша жеткізіп берушінің шығындары өтеледі. Қалған сома соманы бөлу кезінде пайда болған салық төлеушінің (салық агентінің), кеден төлемдері, салық және өсім бойынша берешек төлеушінің есебінде бюджетке аударылады және барлық талаптарды қанағаттандырғаннан кейін қалған сома салық төлеушіге (салық агентіне), кеден төлемдері, салық және өсім бойынша қайтарылады.
      48. Салық, кеден органдары мүліктің сатып алудың барлық құнын ақшаны уақытша орналастырудың аумақтық органының қолма-қол ақшаны бақылау шотына аудару жөнінде аумақтық органнан жазбаша хабарлама алғаннан кейін, аумақтық органға мүлікті сатып алу құнынан алып өтелуі тиіс салық берешегі жөнінде ақпарат береді және салық берешегі, кедендік төлемдер бойынша берешек, салық және өсімпұлдар бойынша берешек сомасының аударуға жататын салық бойынша өсімпұл сомасын аудару үшін деректемелерін ұсынады.
      Салық, кеден органы ұсынған деректемелер негізінде аумақтық органның уәкілетті қызметкері үш жұмыс күні ішінде мүлікті өткізуден түскен соманы бөлу жөнінде өтінім жасайды және оны аумақтық органның қолма қол ақшаның бақылау шоты үшін жауапты қызметкеріне жолдайды.
      Өтінімді аумақтық органның сот актілерін орындау жөніндегі басшысы және бас есепші бекітеді. Аумақтық органның қолма қол ақшаны бақылау есеп шотын жүргізу үшін жауапты аумақтық органның қызметкері тиісті өтінімді алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде барлық қажетті аударымдарды жүргізеді.
      49. Салық төлеуші (салық агенті) салық бойынша берешегін толығымен өтеген жағдайда немесе салық төлеушінің (салық агентінің) кеден төлемдері, салық және өсім төлемдері бойынша берешекті төлеушінің мүлкі екі сауда-саттықтан кейін сатылмай қалған немесе барлық шығындарды өтеуге түскен ақша жеткіліксіз болған жағдайда, аумақтық орган салық төлеушіге (салық агентіне), кеден төлемдері, салық және өсім бойынша берешек төлеушіге оның мүлкін сатуға байланысты барлық шығындарды өтеу қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Егер кедендік төлемдер, салық шығындарын төлеуден бас тартса салық төлеушіден (салық агентінен), салық және өсім бойынша берешек төлеушіден сот тәртібінде шығындарды төлеу бойынша міндеттемелерді жүктеу бойынша шаралар қабылдайды.

7. Қорытынды ереже

      50. Осы Ережеде көрсетілген даулы мәселелер және басқа да объективті себептер бар болған кезде мерзімдерді есептеу салық, кеден органдары және аумақтық органдардың арасында жазбаша түрде келісу бойынша үзіледі.
      51. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес шешілуі тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады