Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобаларын әзірлеу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2010 жылғы 22 сәуірдегі N 285 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 20 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6239 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 22 қарашадағы № 490 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 22.11.2016 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2006 жылғы 7 шілдедегі "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобаларын әзірлеу ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті (Е.Н. Нысанбаев) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық ол бірінші рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Күрішбаев


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2010 жылғы 22 сәуірдегі № 285
бұйрығымен бекітілген

Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобаларын әзірлеу ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобаларын әзірлеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарды тарату және олардың аумақтарын азайту кезінде орнықты шешімдер қабылдау мақсатында 2006 жылғы 7 шілдедегі "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 8-бабына сәйкес әзірленді.

      2. Бюджет қаражаты пайдаланылған жағдайда 2007 жылғы 21 шілдедегі "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобаларын әзірлеуді республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратуға және олардың аумақтарын азайтуға бастамашылық жасайтын уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) техникалық тапсырмалары бойынша мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдары жүргізеді.

2. Жаратылыстану-ғылыми негіздеменің жобасын әзірлеу

      3. Жаратылыстану-ғылыми негіздеменің жобасы мына мәселелерді қамтиды:

      1) жобалық аумақтың табиғи кешендері мен онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігі, маңыздылығы және ерекшелік сипаты.

      Бұл бөлімде табиғи ортаға жан-жақты баға беру негізінде жобалық аумақтың табиғи кешендерінің бірегейлігі, маңыздылығы және ерекшелік сипаты анықталады.

      Табиғи ортаны зерттеу объектілері: рельеф, топырақ, климат, геология, жер бетіндегі және жер астындағы сулар, флора, фауна, аумақта болып жататын физикалық-геологиялық процестер болып табылады.

      Рельефті бағалау рельефтің жалпы белгілерін сипаттауды, оның белгілі бір геоморфологиялық өңірге жатуын сипаттауды, негізгі орографиялық ерекшеліктерді (биік және еңіс учаскелердің бөліну сипатын) сипаттауды көздейді. Танымдық және эстетикалық тұрғыдан алғанда неғұрлым көрікті және қызықты аумақтар атап өтіледі. Жобалық аумақтың инженерлік-геологиялық сипаттамасы, теріс физикалық-геологиялық процестердің талдауы келтіріледі.

      Аумақты гидрологиялық бағалау осындағы су қоймалары мен су ағыстарына, олардың ұзындығына, режиміне, жылдамдығына, су қоймаларының тереңдігі мен еніне, аумақтың батпақтануына талдау жасауды көздейді.

      Өсімдіктер қабатын зерттеу мен талдау кезінде фитоценоздардың негізгі тұрпаттарының кеңістікте бөлінуінің заңдылығы (рельефпен, топырақпен, ылғалдану режимімен өзара байланыс, таулардағы белдеулік), өзгеру және сақталу дәрежесі, басым және бірегей фитоценоздардың қалыптасу жағдайлары анықталады.

      Жануарлар дүниесін зерттеу мекендеу орындарының жағдайларын егжей-тегжейлі зерттеуді, бағалы және сирек кездесетін түрлердің таралу аймағын, олардың таралымдарының тұрақтылығын, әр түрлердің маусымдық аялдауы мен қоныс аудару жолдарын, фаунаның бағалы түрлері таралымдарының сақталуына әсер ететін антропогендік факторларды, сондай-ақ олардың санын бақылаудың немесе басқарудың ықтимал жолдарын қамтиды.

      2) зерттеліп отырған аумақтағы мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйі, оларды күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі тәуекелдер, қатерлерді және шаралар.

      Бұл бөлімде табиғи-қорық қоры объектілерінің және жобалық аумақта немесе оған жақын маңда орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің сипаттамасы келтіріледі.

      Тақырыптық карталар: экожүйелер картасы мен ландшафтық карта жасалады.

      Экожүйелер картасы аэроғарыш суреттерінің негізінде нақты далалық зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалады. Ландшафтық картадан өзгешелігі сол - экожүйелер картасының түсініктемесінде биологиялық объектілердің (өсімдіктердің, жануарлар дүниесінің негізгі түрлерінің) толық сипаттамасы беріледі. Экожүйелер картасында бірегей және сирек кездесетін күзет объектілері бөліп көрсетіледі, ал түсініктемеде олардың мекендеу орындарының экологиялық жағдайлары да сипатталады.

      Ландшафтық карта тарих және мәдениет ескерткіштерін қоса алғанда, аумақтың ландшафтық әртүрлілігін көрсету үшін жасалады. Ландшафтық карта нақты зерттеулердің және арнайы материалдарды өңдеудің негізінде жасалады. Табиғи жағдайларды және қоршаған табиғи ортаға антропогендік әсер факторларын талдау нәтижесінде жобалық аумақ ландшафтарының кешенді бағасы келтіріледі.

      3) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың ахуалын бағалау.

      Бұл бөлімде өңірдің қысқаша әлеуметтік-экономикалық сипаттамасы, салынған өндірістік және тұрғын үй қоры, оның жай-күйі мен пайдаланылуы, аумаққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жүйесі мен объектілерінің сипаттамасы, жергілікті халықтың табиғи ресурстарға мұқтаждығы келтіріледі.

      4) республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың экологиялық және экономикалық қажеттілігі туралы тұжырымдар.

      Бұл бөлімде жоспарланып отырған шаруашылық қызмет және оның зерттеліп отырған аумақтың табиғи кешендеріне әсері, оның ішінде өнеркәсіптің, көліктің, елді мекендердің әсері, сондай-ақ республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың экономикалық қажеттілігі қаралады.

      5) республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтары азайтылған жағдайда - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамынан шығарылатын меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің сипаттамасымен және координаттарымен, санатымен және көлемімен ұсынылатын шекаралары;

      Бұл бөлімде картографиялық материалдың негізінде әкімшілік облыстар мен аудандардың шегінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ шекарасының сипаттамасы беріледі, меншік иелері мен жер пайдаланушылар жер учаскелерінің экспликациясы келтіріледі.

      6) жер учаскелерін кейіннен пайдалану және рекультивациялау туралы ұсыныстар.

      Бұл бөлім кен орындарын игеру кезінде оның салдарынан бұзылған топырақтың құнарлылығы мен өсімдіктер қабатын жасанды жолмен қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар сипатталып, нақты ұсыныстар әзірлеу үшін орындалады.

      4. Жаратылыстану-ғылыми негіздеменің жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүргізу ережелерін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 207-е бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4844 тіркелді) мемлекеттік экологиялық сараптауға жатады және оның оң қорытындысы болған жағдайда оны 10 күнтізбелік күн ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      5. Жаратылыстану-ғылыми негіздеменің бекітілген жобасының негізінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы орган 30 жұмыс күні ішінде тиісті қаулы жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады