Сәтбаев қаласы аумағында құрылыс салу қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық мәслихатының 2010 жылғы 23 желтоқсандағы N 389 шешімі. Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының Әділет басқармасында 2010 жылғы 29 желтоқсанда N 8-6-111 тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 11 маусымдағы N 45 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012.06.11 N 45 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі, "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы заңдарына сәйкес Сәтбаев қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Сәтбаев қаласы аумағында құрылыс салу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау экономикалық реформа, бюджет, коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға (төрағасы Владимир Леонидович Цой) жүктелсін.
      3. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы                            В. Юстус

      Қалалық
      мәслихат хатшысы                           С. Имамбай

      Келісілді:

      "Сәтбаев қаласының құрылыс, сәулет
      және қала құрылысы бөлімі" ММ бастығы      Г. Бәкірова
      2010 жылғы 23 желтоқсан

Сәтбаев қалалық мәслихатының
2010 жылғы 23 желтоқсандағы ХXХI
сессиясының N 389 шешімімен бекітілген

Сәтбаев қаласы аумағында құрылыс салу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сәтбаев қаласы аумағында құрылыс салу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы", 2007 жылғы 11 қаңтардағы "Лицензиялау туралы" заңдарына, "Объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы N 425 қаулысына сәйкес әзірленді.
      Қағида сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің жер учаскелерін пайдалану, қала аумақтарын жобалау және салу жөніндегі жағдайлары мен талаптарын анықтайды, жылжымайтын мүліктің жаңа объектілерін орналастыруға және салуға немесе қолда барын өзгертуге (қайта бейіндеуге, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға, реконструкциялауға, кеңейтуге, күрделі жөндеуге) рұқсат етілетін рәсімдерді өткізу тәртібін белгілейді, қала аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтерін жүзеге асырумен байланысты өзге де қатынастарды реттейді.
      2. Қала аумағында құрылыс салу осы Қағидаға, қаланың бас жоспарына, қала аудандарының құрылысы жобаларына және нақты жоспарлар жобаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Осы Қағида ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан Сәтбаев қаласының жаңадан игерілетін және реконструкцияланатын аумақтарында ғимараттар құрылысын салуды, жобалауды және абаттандыруды іске асыратын барлық кәсіпорындарға, ұйымдарға, мекемелерге және басқа заңды тұлғаларға, сонымен қатар жеке тұлғаларға қолданылады.

2. Негізгі ұғымдар

      4. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) ерікті құрылыс – ерікті құрылыстарды (тұрғызу) (тұрғын үйлер, басқа да құрылымдар, ғимараттар, оның ішінде павильондар, сауда дүңгіршектері мен сыртқы жарнама объектілері немесе өзге де жылжымайтын мүліктер) жер учаскесінде салынған, заңнамасымен белгіленген тәртіпте осы мақсаттар үшін бөлінбеген, сондай-ақ оған қажетті рұқсаттар алусыз құрылған өзге де жылжымайтын мүлік);
      2) жобалаушы – жобалық қызметтің тиісті түрлерін жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды немесе жеке тұлға;
      3) инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым – ғимараттар және инженерлік жабдықтар (су құбыры желілері, кәріздеу, жылумен жабдықтау, электрлік желілер және тағы басқалары), байланыс, көлік (автокөлік жолдары, аялдамалар, автокөлік қоятын орын және тағы басқалары) коммуникациялар, сондай-ақ қаланың тұрақты дамуын және қызмет етуін қамтамасыз ететін халыққа әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету объектілерінің кешені;
      4) қаланың бас жоспары – аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен функционалдық ұйымдастыруды, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерiн белгiлейтiн, қаланы дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
      5) қала құрылысының регламенті – аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда);
      6) қала құрылысының жобасы – аумақтар мен елдi мекендердi немесе олардың бөлiктерiн ұйымдастыруды, дамыту мен салуды кешендi қала құрылысын жоспарлау жөнiндегi түпкi ойдан (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, елдi мекендердiң бас жоспарлары, нақты жоспарлау жобалары, өнеркәсiп аймақтарын жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, объектiлер мен кешендердiң бас жоспарлары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, өзге де жоспарлау жобалары) тұратын жобалары;
      7) қаланы абаттандыру – қала аумағында адамның қолайлы, салауатты және тиімді өмір тіршілігін құруға бағытталған элементтер мен жұмыстар кешені;
      8) қала құрылысы кеңесі – жергілікті атқарушы органы жанындағы консультациялық-кеңесші орган.
      9) қоныстану аумағы – тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық - iскерлiк) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жекелеген бөлiктерiн, басқа да объектiлердi орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметi арнаулы санитарлық-қорғаныш аймақтарын талап ететiндей әсер етпейтiн елдi мекен аумағының бiр бөлiгi;
      10) құрылыс жобасы (құрылыстық жоба) – көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын жобалау (жобалау - смета) құжаттамасы, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулері;
      11) құрылыс салушы – белгіленген объектіні салуды жүзеге асыруға ниет білдірген және құрылыс салуға жер учаскесін беру немесе оған меншік немесе жерді пайдалану құқығында тиесілі жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру туралы әкімдіктің шешімін алған заңды және жеке тұлға;
      12) құрылыс алаңы – тұрғызылатын объектілерді, уақытша құрылымдар мен ғимараттарды, техникаларды, топырақ үйінділерін орналастыру, құрылыс материалдарын, бұйымдарды, жабдықтарды реттеу және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау үшін арналған аумақ;
      13) құрылыс салуды реттейтiн сызық – қызыл сызықтардан немесе жер учаскесi шекарасынан шегiндiре отырып, үйлердi, ғимараттарды, құрылғыларды орналастыру кезiнде белгiленетiн құрылыс салу шекарасы;
      14) қызыл сызық – елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден, жолдардан, алаңдардан бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады;
      15) мемлекеттік сәулет және қала құрылысы органы – Сәтбаев қаласында сәулет және қала құрылысы саласындағы қызметті жүзеге асыратын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын сәулет және қала құрылысы жергілікті атқарушы органы;
      16) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы;
      17) мемлекеттік қадағалау органдары – құрылыс, санитарлық, экологиялық, табиғатты қорғау және басқа қағидаларға сәйкес, құрылыс және жоба жұмыстарын келістіруді іске асыратын жергілікті (аумақтық) мемлекеттік органдар;
      18) мердігерлік ұйым – тапсырыс берушімен шарт бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары қызметінің тиісті түрлерін жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлға;
      19) пайдаланушы ұйым – пайдалану объектілерді және инженерлік коммуникацияларды (су құбыры, кәріздеу, электр және жылу электр желілері) пайдалануды жүзеге асыратын ұйым;
      20) сәулет-жоспарлау тапсырмасы – объектiнiң мақсатына, негiзгi өлшемдерiне және оны нақты жер учаскесiне орналастыруға қойылатын талаптар кешенi;
      21) сәулет қызметінің субъектілері – Сәтбаев қаласының аумағында адамның мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортасын қалыптастыруға және дамытуға қатысатын мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар;
      22) тапсырыс беруші – құрылысқа мердігер шартын жасайтын және азаматтық заңнамаға сәйкес өз міндеттерін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлға; тапсырыс беруші болып құрылыс салушы немесе құрылыс салушымен уәкілдендірілген өзге де тұлға болуы мүмкін, бұл жағдайда құрылыс салушы мемлекеттік қадағалау және өзге де мемлекеттік органдармен өзара байланыс жасау барысында өз қызметтерін уәкілетті органға табыстауы мүмкін;
      23) үй маңындағы аумақ – белгілі бір тұрғын үйге жанасып жатқан, аула элементтері (көлік жолдары, автотұрақ қалташасы, көгалдандыру аймақтары, трансформаторлық қосалқы станциялары, насостық, балалардың ойын алаңдары, спорттық алаңдар және маңайдағы үй тұрғындарының демалуға арналған орындары) орналастырылған жалпы көпшілік пайдаланатын жер учаскесінің аумағы.

3. Сәулет және қала құрылысы қызметі субъектілерінің жер учаскелерін пайдалану бойынша шарттары мен талаптары

      5. Қала құрылысының жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына және ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
      6. Маңызды қала құрылысы жобалары Сәтбаев қаласының әкімдігі жанындағы қала құрылысы кеңесінде қарастырылады.
      7. Сәтбаев қаласының аумақтарында құрылыс салуды қалыптастыру Сәтбаев қаласының дамуының бас жоспарына, қала аудандарының нақты жоспарлау жобаларына және құрылыс салу жобаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Қала құрылысы регламенттері және шектеулері жер пайдалану актісіндегі "жер учаскесіне міндеттеу" жолындағы және жер учаскесін жалға алу келісім шартында көрсетіледі.
      9. Құрылыс ұйымдастыру үшін алаң таңдау кезінде учаскені орналастыру сызбасында көрсетілген жоспарлау шектігін (құрылыс салуды реттеу сызығын, ауытқуларды, ажыратушылықты, қорғау аймағын) сақтау қажет.

4. Сәтбаев қаласының аумағында құрылыс салудың және жобалаудың жалпы шарттары мен талаптары

      10. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі және құрамы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес анықталады.
      11. Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер ететін объектінің құрылысын салу кезінде алаң таңдау және жоба дайындау үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органмен келісу қажет.
      12. Жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімі беретін сәулет-жоспарлау тапсырмасында объектінің мақсатына, негізгі өлшемдеріне және нақты жер учаскесіне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешені, сондай-ақ қала құрылысы регламенттеріне сәйкес белгіленетін жобалау мен құрылысқа қойылатын міндетті талаптар, шарттар мен шектеулер беліленеді.
      13. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы құрылыс салушының (тапсырыс берушінің) өтініші бойынша сәулет және қала құрылысы органында төмендегі негіздерде дайындалады және беріледі:
      1) құрылыс салушының (тапсырыс берушінің) өтініші;
      2) жер учаскесіне құқық белгілейтін және құқықты куәландыратын құжаттар, жергілікті атқарушы органның қолда бар объектілерді өзгертуге – реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) рұқсаты;
      3) қолданыстағы нормативтерге сәйкес құрылыс салушымен (тапсырыс берушімен) бекітілген жоспарлау тапсырмалары;
      4) инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылуға техникалық шарттар.
      Қажет болған жағдайда, өтініш беруші құрамы және көлемі мемлекеттік нормативтік құжаттармен белгіленген бастапқы деректерді (мәліметтерді) қоса ұсынады.
      14. Тұрғын үй аудандарын жобалау, құрылыс және құрылыс салу, жаңадан салынатын және реконструкцияланатын аймақтарды абаттандыру кезінде мүгедектердің тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстарға және үй-жайларға қол жеткізуі қарастырылуы тиіс.
      15. Объектілерді жобалау және жер учаскесіне құрылыс салу құрылыс жобалары негізінде жүзеге асырылады. Жобалау және іздестіру жұмыстарын жобалау, іздестіру ұйымдары мен кәсіпорындары немесе осы жұмыстарды атқаруға тиісті лицензиясы бар басқа заңды және жеке тұлғалар атқарады.
      16. Құрылыс жұмыстарын орындауға тиісті жұмыстарды атқаруға лицензиялары бар құрылыс ұйымдарына және кәсіпорындарына, сондай-ақ жеке тұрғын үй, көлікжай, саяжай құрылысын өз күшімен іске асырушы құрылыс салушыға рұқсат беріледі.

5. Сәтбаев қаласының қоныстану аумағында құрылыс салу

      17. Жаңа тұрғын үй құрылысы тұрғылықты ортаның қалыптасуын, инженерлік қамтамасыз ету деңгейін және елді мекендерге әлеуметтік қызмет ету кепілденген, өмір сүру жайлылығын қамтамсыз ететін, осы және құрылыстың басқа түрлері үшін экономикалық негізделген қала құрылысы кешендері, кварталдары және шағын аудандары түрінде қарастыру қажет.
      18. Тұрғын үй аумағының құрылысы сәулет-қала құрылысы құжаттамалары негізінде жүзеге асырылады.
      19. Тұрғын үй аумақтарын жобалау және тұрғын үйлерді орналастыру кезінде үйлерді және орналасқан жер учаскелерін ұстау және қызмет көрсету мақсатында тұрғын және тұрғын емес көп пәтерлі тұрғын үйлер иелерінің кондоминиумдарын құру мүмкіндігін қарастыру қажет.
      20. Бұрыннан тұрған құрылысты реконструкциялау және нығыздау есебінен құрылыс және ғимараттар құрылысын салу өртке қарсы, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, құрылыс салу нормативтерін және қала құрылысы құжаттамаларды орындаған жағдайда жүзеге асырылады.
      21. Тұрғын ұй құрылысын жобалау кезінде (жаңа құрылыс салу және реконструкциялау) аулалық кеңістігі элементтерін орналастыруды және жайластыруды қарастыру қажет.
      Үй маңындағы (аулаішілік) аумақ мына міндетті элементтерден тұрады: үйге келу және көлікпен өту, қонақжайлық автотұрақтар, ойын, спорт және демалу алаңдары бар жасыл желекті аумақтар.
      22. Жеңіл автокөліктерді уақытша және тұрақты сақтауға арналған жер бетіндегі, жер бетіндегі-жер астындағы көлікжайларды, ашық көлік тұрақтарды, техникалық қызмет көрсету станцияларын орналастыру бекітілген қала құрылысы құжаттамаларына сәйкес жүргізіледі, бұл ретте олардан арақашықтық тұрғын үйлерге және қоғамдық ғимараттарға дейінгі, сонымен қатар қоныстану аймағында орналасқан мектептер, балалар бақшалары және стационарлық типтегі емдеу мекемелерінің учаскелеріне дейінгі арақашықтық қолданыстағы нормаларға сәйкес қабылданады.
      Қоныстану аумағындағы бір көлік-орынға арналған көлікжайдың ұсынылатын көлемі қабырғалар осі 4х6 метрді құрайды.
      23. Кварталдарда, үй маңындағы аймақтарға металл көлікжайларды орналастыруға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне көлікжай орналастырудың болжалды ауданында тіркелген және автокөлік құралына техникалық паспорты болған жағдайда уақытша қысқа мерзімде жер пайдалануға сұратылған аумақтың нақты сәулет-қала құрылысы жағдайы ескеріле отырып, рұқсат етіледі.
      24. Тұрғын үй және қоғамдық бағыттағы көп қабатты ғимараттарға қосымша құрылыс салуға арналған жобалық шешімдер уәкілетті органдармен келісіледі.
      Құрылыс салушы қасбет шешімінің жобасын ұсынған және жылжымайтын мүлік объектілерін тұрғын үй қорынан тұрғын емес қор құрамына шығарған жағдайда қолда бар көп пәтерлі тұрғын үйлерге қосымша құрылыс салуға болады.
      25. Қолда бар көп пәтерлі тұрғын үйге қосымша құрылыс салу есебінен пәтердің тұрғын алаңын кеңейтуге жол берілмейді.
      26. Өртке қарсы автокөлік жүретін жолдар аумағында орналасатын жазғы кафе алаңдарын жобалауға және орналастыруға жеңіл ауыстырмалы төзімді қондырғылар (үстел, орындықтар, қоршаулар, шатырлар) пайдаланылғанда ғана рұқсат етіледі.
      Жазғы кафелерді жеке орналасқан мамандандырылған күрделі ғимараттар маңында ғана орналастыруға болады. Мұнымен қоса, жазғы кафелерді үй маңындағы аумақтарға орналастыруға рұқсат етілмейді.
      Өртке төзімділігі 1, 2 және 3 дәрежелердегі ғимараттарға қосымша салынатын жазғы кафелердің жанғыш материалдардан жасалған аспалары мен төсемдерінің ауданы 50 шаршы метрден аспауы қажет.
      Мангалдарды санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы негізінде арнайы жабдықталған үй-жайларда ғана орналастыруға рұқсат етіледі.
      27. Тұрғын үйлерден қайта жабдықталған, ауданы 70 шаршы метрден асатын сауда алаңы бар сауда объектілерінің Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары және тәртібі талаптарына сәйкес кем дегенде екі эвакуациялық шығу жолы болуы шарт.
      28. Көлік жүру жолдары мен жаяу жүру жолдарын жобалау кезінде өрт сөндіру көліктерінің тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарға, оның ішінде қосымша салынған алаңдары бар ғимараттарға өту және өрт сөндірушілердің көлік баспалдақтарынан немесе автокөтергіштерден кез-келген пәтерге немесе алаңға жету мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.
      29. 10 қабатқа дейінгілерді қоса алғандағы ғимараттар үшін жол шетінен ғимараттың қабырғасына дейінгі арақашықтық 5-8 метрден кем болмауы тиіс.
      30. Эвакуация жолындағы эвакуациялық шығу есіктері және басқа да есіктер ғимараттан шығу бағыты бойынша ашылуы керек.
      31. Эвакуациялық болып табылатын жертөленің және төменгі қабаттың есіктері ғимараттың жалпы баспалдақ торабынан тікелей сыртқа оқшауланған болуы қажет.

6. Сәтбаев қаласының аумағында сауда дүңгіршектерін, қоғамдық көлік күту павильондарын, жарнама кешендерін және сервистің басқа объектілерін орналастыру

      32. Қала аумағында тұрмыстық қызмет көрсету және газеттер, журналдар, балмұздақ және гүлдер сатылатын дүңгіршектер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған тәртіпте орналастырылады.
      33. Стационарлық сипаттағы жеке тұрған жарнама объектілерін (билбордтар, жарық таблосы, стеллалар, пилондар, жарнама ілу транспаранттары) орналастыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы "Елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру ережесін бекіту туралы" N 121 қаулысымен бекітілген Елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру ережесіне сәйкес жүргізіледі және Сәтбаев қаласы аумағының нақты сәулет-қала құрылысы жағдайына байланысты анықталады. Бұл ретте қалаішілік көшелердің көлік жолдары бөлігіне ілу-транспаранттарын орналастыру 5 метрден төмен емес, ал магистралдық көшелерде 6 метрден төмен болмауы қажет.
      34. Жақтарының біреуінде ақпараттық хабарламаларсыз (жарнамасыз) стационарлық сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін пайдалануға рұқсат етілмейді.
      35. Сауда дүңгіршектері, қоғамдық көліктерді күту павильондары, жарнама объектілері және сервис объектілері орналасқан жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне сәйкес сауда дүңгіршектерінің, павильондардың, жарнама кешендерінің және сервис объектілерінің иелеріне берілуі мүмкін.

7. Сәтбаев қаласы аумағында өнеркәсіп кәсіпорындарын орналастыру, жобалау және салу

      36. Қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына тікелей немесе жанама әсерін тигізетін және азаматтардың заңды мүдделерін қозғайтын (асфальт бетонды зауыт, құрылыс материалдарын өндіру, металлургиялық және химиялық кәсіпорындар, автомобильдерге май құю станциялары, жанар-жағар май материалдары қоймасы, автопарковкалар, наубайханалар) жоспарланған объектілерді орналастыру жер учаскесін таңдау сатысында қоршаған ортаға, тұрғындардың денсаулығына әсер етуін бағалаумен және қоғамдық пікірді ескере отырып жүзеге асырылуы қажет. Қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қабылданатын шаруашылық шешімдер нұсқаларының экологиялық және өзге де салдарларын анықтау, қоршаған ортаны сауықтыру, табиғи экологиялық жүйенің және табиғат ресурстарының жойылуының, құлдырауының, зиян келтіруінің және әлсіреуінің алдын алу жөніндегі ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүзеге асырылады. Қоршаған ортаға әсер етуді бағалау жобалау алды және жобалық құжаттамалардың ажырамас бөлігі болып табылатын құжат түрінде дайындалады. Қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына әсерін тигізетін жобаларды қоршаған ортаға әсер етуін бағалаусыз дайындауға және іске асыруға жол берілмейді.
      37. Құрылыс салу үшін ұсынылған жер учаскелерін пайдалану бойынша қала құрылыс талаптары қаланың бас жоспары, құрылыс жоспарлау және салу, сондай-ақ осы Қағида негізінде белгіленеді.
      38. Жаңа құрылысты жобалау, реконструкциялау (өңдеу, кеңейту, күрделі жөндеу, техникалық қайта жабдықтау) және объектілерді абаттандыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      39. Жобаны әзірлеу мынадай кезеңдер бойынша жүзеге асырылады:
      1) жобалау алды құжаттамаларды әзірлеу (нобайлық жобаны немесе құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесін);
      2) "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімімен жобалық құжаттамаларды әзірлеу;
      3) жобаны сараптау;
      4) жобаны бекіту.
      40. Қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін объектілерді салу жобалық материалдардың мемлекеттік экологиялық сараптамасы өткізілгеннен кейін және жоба шешімі бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы болған кезде рұқсат етіледі.

8. Инженерлік желілер мен құрылыстарды жобалау, құрылысын салу және жөндеу өнеркәсіп жұмыстарын жүргізу тәртібі

      41. Объектілердің қолданылуын қамтамасыз ететін таратушы және алаңішілік инженерлік желілерді, сондай-ақ ұзақтығына қарамастан, ғимараттар мен құрылыстар ішіндегі желілерді жобалау техникалық шарттарына сәйкес құрылыс салушының тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.
      Инженерлік желілер мен құрылыстарды жобалау тиісті лицензиялары бар жобалау ұйымдарымен немесе жеке тұлғалармен жүзеге асырылады.
      42. Барлық кезеңдегі және түрдегі инженерлік желілер жобасы 1:500 масштабта толықтай және қазіргі топогеодезикалық негізде жасалынады.
      Инженерлік құрылыстар (сору, қосалқы станциялар) жобаларына аталмыш жұмыс түріне лицензиясы бар заңды тұлғалардың сараптамасының қорытындысы болуы қажет.
      43. Инженерлік желілердің және құрылыстардың бүлінулеріне қажетті ескерту және сақтық шараларын қолдану үшін жұмыс өндірісіне жауапты тұлға мүдделі ұйымдар өкілдерін шақыруға, олармен бірге қолда бар инженерлік желілер және құрылыстардың нақты орнатылу орнын анықтауы және олардың толық сақталу шараларын қолдануы қажет.
      Мүдделі ұйымдардың басшылары өз өкілдерінің жұмыс жүргізілетін орынға келуін қамтамасыз етеді және жұмыс жүргізу кезінде өздеріне тиесілі желілер мен құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етуге қажетті шарттардың орындалуы жөнінде нақты жазбаша нұсқаулар береді.
      44. Өндіріс жұмыстарына жауапты тұлға жұмыс басталғанға дейін мыналарды орындауы керек:
      1) жер қазу шекаралары бойынша белгіленген үлгідегі қоршаулар мен жол белгілерін орнату;
      2) жаяу жүргіншілер орындарға қол тұтқасы бар жүргіншілер көпірлерін дайындау және қазу учаскесін түнгі уақытта жарықпен қамтамасыз ету;
      3) механизмдердің жұмыс аймағында жасыл желектер болған жағдайда, олардың сақталуына кепілдік беретін жасыл желектерді мықты қалқандармен қоршау керек;
      4) транспорт құралдарының дөңгелектерін топырақтан тазалауды ұйымдастыру және көшелердің жүру жолы бөлігі жабындысының ластануына жол бермеу шараларын қабылдау.
      45. Траншеяларды дайындау жұмыстарын жол жамылғыларының ұзақ сақталуына кепілдеме беретін алдын ала дайындықсыз бастауға рұқсат етілмейді.
      46. Көшелерде, алаңдарда және басқа да абаттандырылған аймақтарда жер асты коммуникацияларын төсеу үшін траншеялар мен шұңқырларды қазу кезінде келесі талаптарды сақтау қажет:
      1) жұмыс өндірісі жобасына сәйкес жұмыстар қысқа учаскелермен орындалады;
      2) келесі учаскелердегі жұмыстарды, аумақтарды тазалау және қалпына келтіру жұмыстарын қосқанда алдыңғы учаскелердегі барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін, бастауға рұқсат беріледі;
      3) траншеялар мен шұңқырлардан шығарылған топырақтар жұмыс орнынан шұғыл түрде жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органымен келісілген орынға апарылуы керек;
      4) траншеяларды қайтадан жабу оңтайлы-қиыршық тас араласпасымен қабатты тығыздап отырып орындалуы қажет;
      5) асфальт бетонды жабындысының ені 4-7 метр көшелерде магистралдық инженерлік желілерді (қызыл сызықтан параллельді қызыл сызыққа дейін) өткізу кезінде асфальт бетонды жабынды жолдың барлық ені бойынша қалпына келтіріледі, ал ені 7 метрден асатын жолда асфальт бетонды жабындыны қалпына келтіру траншея және құрылыс механизмі жұмыстары аймағында орындалады;
      6) асфальт бетонды жабындылардың 1,5-2 метр енімен тротуарлар бойынша телефон кәріздерін, электр желісін және басқа инженерлік желілерді өткізу кезінде асфальт бетонды жабындылар тротуардың жалпы ені бойынша қалпына келтіріледі;
      7) жол жабындыларын қалпына келтіру, осы жұмыс түріне лицензиясы бар кәсіпорындардың күшімен желілерді өткізу бойынша тапсырыс берушімен өндіріледі.
      47. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу немесе аяқтау кезінде инженерлік желілер трассасының жобалары сәйкес болмаған жағдайда мемлекеттік сәулет-құрылысы қадағалау басқармасы саласындағы уәкілетті органы осы желілерді қайта өткізуге ұйғарым береді. Жобаға сәйкес келтіру үшін инженерлік желілерді және олардың жабдықтарын қайта орнатуға жұмсалатын шығындар осы жұмыстарды жүргізетін ұйымның есебінен жүргізіледі.
      48. Топырақ жолдарын қазу кезіндегі қазба жұмысын өндірген ұйым жұмыс аяқталғаннан кейін, топырақты қабатты тығыздаумен қайта жабуды орындайды. Топырақты қайтадан жабу мүмкін болмаған жағдайда бірікпейтін топырақпен орындалады.
      49. Инженерлік желілер төсемдерінің орындарында екі жыл ішінде жоғары қабатының бұзылуы, отыруы пайда болған жағдайда, желі иесі он күн мерзімде асфальт бетонды жабуды қайта қалпына келтіруі қажет.
      50. Инженерлік желілерді монтаждау және инженерлік құрылымдар құрылысы аяқталғаннан кейін, бірақ соңғысын топырақпен жапқанға дейін құрылыс ұйымы атқарушы топографты-геодезикалық түсірілімін жүргізеді.
      Люктері мен құдықтары (бұру бұрыштары жоқ тік учаскелерде) бар коммуникациялардың орындаушылық түсірімдері траншеяларды жапқаннан және ішкі абаттандыру элементтерін толық қалпына келтіргеннен кейін жүргізілуі мүмкін.
      51. Құрылысы аяқталған инженерлік желілерді пайдалануға қабылдауды мемлекеттік немесе қабылдау комиссиялары жүргізеді.
      Инженерлік желілерді пайдалануға қабылдау люктерді, құдықтарды орнатуды және абаттандыру элементтерін толық қалпына келтіруді қоса алғанда, жұмыстарды толық аяқтағаннан кейін жүргізіледі.
      52. Қаланың ішкі кварталды аумағындағы және көшелердегі құдықтар, жылу камералары, люктеріне жауапкершілікті осы инженерлік желілерге қызмет көрсетуші ұйымдардың немесе ведомстволардың жауапкершілігінде болады.

9. Жылжымайтын жаңа объектілерді орналастыруға және құрылысын салуға рұқсат беру рәсімдерін өткізу тәртібі

      53. Жер учаскелерін беру осы мақсат үшін қала құрылысы құжаттамаларында қарастырылған аумақтарда іске асырылады. Құрылыс салушыларға құрылыстар мен ғимараттар құрылысы үшін жер учаскесін беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Қағидамен анықталады.
      54. Құрылыс салушы жылжымайтын жаңа объект құрылысына және орнатуға рұқсат алу үшін жаңа немесе өз аумағында алаң іздестіреді және оң нәтиже тапқан жағдайда жергілікті атқарушы органға өтініш береді.
      Өтінішке жаңа аумаққа немесе өзінің жеке меншік учаскесіне, қалаған учаскесінің шекарасы, оның мақсатты тағайындауы, құрылыстың тығыздық көрсеткіші және объектінің қуаттылығы белгіленген объектіні орналастыру сызбасы қоса беріледі.
      Егер өтініш беруші іздестіріліп отырған жер учаскесінің нақты орны мен өлшемдерін (шекарасын) көрсетсе, онда жергілікті сәулет және қала құрылысы органы одан учаскенің орналасқан жері бойынша, құрылыс салуға ұйғарылған объектінің негізгі параметрлерін негіздейтін ықшамдалған жобалау алды материалдарды (нобайларын) сұрауға құқығы бар.
      55. Объектілерді салуға арналған жер учаскесін таңдау жер және қала құрылысы регламенттеріне сәйкес жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарымен бірге жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органмен жүзеге асырылады.
      56. Құрылыс салуға жер учаскелерін таңдауды қарастыру мен келісім актілері комиссиялы түрде жүргізіледі және қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органымен, жергілікті сәулет және қала құрылысы органымен, мемлекеттік өрт бақылауымен, жол полициясымен, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаумен, аймақтық қоршаған ортаны қорғау органымен және пайдаланушы ұйымының өкілдерімен жүзеге асырылады.
      57. Объектіні салуға мәлімделген жер учаскесін ұсыну туралы өтінішті қарау мерзімі, сонымен қатар дәлелді бас тарту Жер кодексімен анықталады.
      Өтініш берушіге меншік немесе жер пайдалану құқығында тиесілі учаскені құрылысқа пайдалануға рұқсат өтініш берілген сәттен бастап он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімдерде қаралады.
      58. Жабдықтаушыға желіге қосылуға техникалық шарттарды ұсыну туралы өтінішті қарау мерзімі және жақын желіге шарттарды таратуға келісімі бес жұмыс күні ішінде жүзеге асады.
      59. Жобаны дайындауға арналған бастапқы мәліметтерді және сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үшін жергілікті сәулет және қала құрылысы органына өтініш беруші тапсырыған құжаттарды қарастыру мерзімі өтініш берілген күннен бастап үш күннен аспауы қажет.

10. Құрылыс-жөндеу жұмыстары өндірісіне рұқсат беру

      60. Құрылыс-жөндеу жұмыстары өндірісіне рұқсат беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы "Объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату жөніндегі кейбір шаралар туралы" N 425 қаулысымен бекітілген Жаңа объектілер салу және қолданыстағы объектілерді өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерді өткізу ережесі негізінде жүзеге асырылады.
      61. Құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірісіне рұқсат беру (дәлелді бас тарту) мемлекеттік сәулет-құрылысы бақылау органымен жүргізіледі.
      62. Рұқсат өтініш және тізбесін мемлекеттік сәулет-құрылысы бақылауды жүзеге асыратын сәулет, құрылыс және қала құрылысы істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген оған қоса тіркелген құжаттар негізінде беріледі.
      63. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге (құрылысты бастауға) рұқсат жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығының барлық мерзімі ішінде қолданылады. Егер объект нормативтік ұзақтық мерзімінің ішінде аяқталмаса, онда құрылысты жалғастыру үшін тапсырыс беруші (құрылыс салушы) жаңа рұқсат алуға міндетті.
      Объектіге құрылыс жұмысын рұқсатсыз атқару немесе күші жойылған рұқсат негізінде жұмыс жүргізу, көрсетілмеген жұмыстар түрін атқару заңсыз құрылыс салу болып табылады.
      64. Құрылыс ұйымдары өкілдерімен бірге жеке және заңды тұлғалар құжаттарды объекті шекараларын түсіру немесе алу кешендері туралы жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарда рәсімдейді және оларды сақтауға жауапты болады.
      65. Құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстарының сапасы мен құрылыс барысында жобаны бұзу кемшіліктерін жіберген жеке және заңды тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапты болады.
      66. Құрылыс монтаждау жұмыстары басталғанға дейін құрылыс алаңы биіктігі екі метрден кем емес біртұтас дуалдармен қоршалуы керек.
      Алаңға кірер жерге объектінің атауы, құрылыс салушының, мердігердің аты, объекті салудың мерзімі көрсетілген ақпараттық тақта орнатылуы керек.
      67. Тапсырыс беруші нысан немесе кешен құрылыстарының аяқталуы бойынша нысанды пайдаланып қабылданғанға дейін атқарушы топографикалық түсірілімге тапсырыс беруге және оны жергілікті сәулет және қала құрылысы органына тапсыруы тиіс.

11. Қолданыстағы жылжымайтын нысандарды өзгертуге (қайта профильдеуге, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға, реконструкциялауға, кеңейтуге, күрделі жөндеуге) рұқсат беру рәсімдерін өткізу тәртібі

      68. Жаңа объектілер салуға және қолданыстағы объектілерді өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерді өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы "Объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату жөніндегі кейбір шаралар туралы" N 425 қаулысымен бекітілген Жаңа объектілер салуға және қолданыстағы объектілерді өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерді өткізу ережесімен белгіленді.
      69. Көп пәтерлі тұрғын үйде тұрғын және тұрғын емес жайды жобалау құжаттамаларсыз, жергілікті атқарушы органның шешімінсіз, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігін қадағалау органдарының қорытындысыз, пайдаланушы ұйымдардың келісімінсіз қайта жабдықтауға және қайта жоспарлауға рұқсат берілмейді.
      70. Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау, басқа меншік иелерінің мүдделерін қозғайтын жағдайда, олардың жазбаша келісімі қажет.

12. Жеке тұрғын үй құрылысы

      71. Жеке тұрғын үй құрылысы аудандарын қалыптастыру қаланы дамытудың бас жоспары, нақты жоспарлау жобасы мен осы аудандарда құрылыс салу жобаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      72. Бар құрылысты реконструкциялау және нығыздау есебінен жеке тұрғын үйлер құрылысын салу орын алған кеңістіктік аумақты сақтаған және өртке қарсы, санитариялық-эпидемиологиялық, экологиялық талаптар мен қала құрылысы нормативтерін сақтаған жағдайда жүзеге асырылады.
      73. Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін беру тәртібі Қазақстан Республикасының "Жеке тұрғын үй құрылысы туралы" Заңымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы "Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелеріне құқық беру ережесiн бекiту туралы" N 726 қаулысымен бекітілген Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру ережесімен анықталған.
      74. Жеке тұрғын үй құрылысын бастауға жер учаскесін иелену құқығын куәландыратын құжаттар және жергілікті сәулет және қала құрылысы мекемесімен келісілген тұрғын үйдің жобасы негіз болады.
      75. Құрылыс салушы жеке тұрғын үйді кез келген жоба бойынша, оның ішінде өзі жасаған, белгіленген құрылыс және басқа да міндетті нормалар мен ережелерді бұзбайтын және жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілген жоба бойынша салуға құқылы.
      Аулада орналасқан тұрғын үйдің және басқа да құрылымдардың өлшемдері жеке құрылыс салушымен олардың сыртқы габариттері бұл құрылымдар арасындағы белгіленген міндетті нормативтік, санитариялық, өртке қарсы және техникалық қашықтықтар қамтамасыз етілген жағдайда дербес анықталады.
      76. Тұрғын үй құрылысының сапасына құрылыс жұмыстарын жүргізушілер жауапты болады.
      77. Жер учаскесінің шекарасын белгілеу жөніндегі жерге орналастыру жұмыстары қаланың жер қатынастары жөніндегі өкілетті органымен қамтамасыз етіледі және жер учаскесіне жеке тұрғын үй құрылысын салатын тұлғаның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      78. Жеке тұрғын үйдің меншік иесі құрылыс салуға және басқа да міндетті нормалар мен ережелерді сақтай отырып, үйді және аула учаскесіндегі басқа да жылжымайтын мүліктерді қайта салуға немесе қайта жабдықтауға құқығы бар.
      Құрылысты қайта салуға, қайта жоспарлауға және қайта жабдықтауға байланысты реконструкциялау құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау бөлігінде жергілікті сәулет және қала құрылысы органымен келісілген жоба бойынша жүзеге асырылады.
      79. Жеке тұрғын үй құрылысы аумағындағы инженерлік жабдықтаумен қалалық орталықтандырылған жүйелерге қосу, сондай-ақ локалдық және кварталдық автономды құрылыстармен жабдықтау қарастырылу қажет.
      80. Жеке тұрғын үйді қабылдау Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1995 жылғы 25 шілдедегі "Қазақстан Республикасында Құрылысы аяқталған жеке тұрғын үйлердi қора-қопсы құрылыстарымен пайдалануға қабылдау тәртiбi туралы ережені бекіту туралы" N 1018 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында Құрылысы аяқталған жеке тұрғын үйлердi қора-қопсы құрылыстарымен пайдалануға қабылдау тәртiбi туралы ережеге сәйкес қабылдап алу комиссиясының актілерімен ресімделеді.
      81. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі құрылыс салушының жеке тұрғын үйге меншік құқығын тіркеуге негіз болып табылады.

13. Құрылысы аяқталған объектілерді қабылдау

      82. Құрылысы, қайта жаңартылуы, кеңейтілуі, техникалық қайта жарақтандырылуы және күрделі жөндеуі аяқталған объектілерді пайдалануға қабылдау Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
      83. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк қабылдау комиссиясы немесе қабылдау комиссиясы оның бекiтiлген жобаға сәйкес толық әзiрлiгi және жұмыс комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда жүргiзедi.
      84. Қабылдау комиссиясының оң шешімінсіз салынған объектіні пайдалануға жол берілмейді.
      85. Кей жағдайларда меншiк иесi (тапсырысшы, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi, атап айтқанда:
      1) тiреу және қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге, сондай-ақ үй-жайларды қайта бейiндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысы жоқ бiр қабатты тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
      2) уақытша құрылыстарды, соның iшiнде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрмыстық үй-жайларды;
      3) жеке үй маңындағы учаскелер аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды, бау-бақша серiктестiктерi (қоғамдары) учаскелерiндегi құрылыстарды, үй жанындағы немесе үй iргесiндегi (саяжай) учаскелердегi абаттандыру элементтерiн;
      4) автомашиналар саны елуден аспайтын ашық үлгiдегi автотұрақтарды, сондай-ақ саны екеуден аспайтын автомашинаға арналған жайы бар көлiкжайларды;
      5) бар ғимараттарда жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларының өзгертiлуiн қажет етпейтiн өндiрiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлауды (қайта жабдықтауды);
      6) шағын сәулеттiк нысандарды және аумақтардың қоршауын;
      7) үйлер (ғимараттар) маңындағы ашық спорт алаңдарын, тротуарларды, тас төсенiштерiн пайдалануға қабылдауды дербес жүзеге асыруға құқылы.
      Қағиданың осы тармағының нормаларын, егер 1) тармақшадағы көрсетілген үй-жайларды (үйдiң жекелеген бөлiктерiн) өзгерту, сондай-ақ техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi салу мен пайдалану басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтiрсе не мемлекеттiк және (немесе) қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, қолдануға болмайды.
      Осы Қағиданың нормалары құрылысы мемлекеттiк инвестициялар есебiнен не олардың қатысуымен қаржыландырылатын объектiлерге қолданылмайды.
      86. Қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген актiсi жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды тiркейтiн мемлекеттiк органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады.
      87. Объектілерді пайдаланудың кепiлдi мерзiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.

14. Қала құрылысы қызметін жүзеге асыруды бақылау

      88. Қала құрылысы саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған қала құрылысы қызметінің жүзеге асырылуын бақылау бас жоспарға және өзге де қала құрылысы құжаттамаларына, мемлекеттік қала құрылысы нормативтеріне және осы Қағидаға сәйкес жүзеге асырылады.

15. Осы Қағиданы бұзғандығы үшін жауапкершілік

      89. Осы Қағиданы бұзғандығы үшін жеке, заңды, лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
      90. Осы Қағиданың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаушы және уәкілетті органдар өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.
      91. Осы Қағида бойынша уәкілетті органдардың қызметтері мен шешімдеріне сотта шағымдануы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады