"Брокерлік қызмет бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және ашу" 33 бухгалтерлік есеп стандартын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Төрағасының 2011 жылғы 26 тамыздағы № 108 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 6 қазанда № 7236 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 137 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 16.07.2014 № 137 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы, «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда бухгалтерлік есепті жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған «Брокерлік қызмет бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және ашу» 33 бухгалтерлік есеп стандарты бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      3. Осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Брокерлік қызмет бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және ашу» 33 бухгалтерлік есеп стандартын бекіту туралы» 2004 жылғы 10 қарашадағы № 140 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3270 тіркелген);
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Брокерлік қызмет бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және ашу» 33 бухгалтерлік есеп стандартын бекіту туралы» 2004 жылғы 10 қарашадағы № 140 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» 2010 жылғы 29 наурыздағы № 21 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6199 тіркелген).

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                    Г. Марченко

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрлігі
      Министр                                    Б. Жәмішев
      2011 жылғы 9 қыркүйек

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2011 жылғы 26 тамыздағы 
№ 108 қаулысымен   
бекітілген      

«Брокерлік қызмет бойынша операциялар туралы ақпаратты
есепке алу және ашу» 33 бухгалтерлік есеп стандарты

1-тарау. Мақсаты және қолданылу аясы

      1. Осы Стандарт «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының заңдарына, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3870 тіркелген, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2005 жылғы 27 тамыздағы № 317 қаулысына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрі – брокер) қаржылық есептілікті жасаған кезде қолдануына арналған.
      2. Бухгалтерлік есепті жүргізудің және брокер қаржылық есептілікте ашуы тиіс брокерлік қызмет жөніндегі ақпаратты ұсынудың ерекшеліктерін айқындау осы Стандарттың мақсаты болып табылады.
      3. Осы Стандарт халықаралық қаржылық есептілік стандарттарымен реттелмеген және оларға қайшы келмейтін мәселелерді қарастырады.
      4. Осы Стандарт брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар екінші деңгейдегі банктерге қолданылмайды.
      5. Меншікті қаражатының портфелі бойынша брокердің есеп жүргізуі және есептілік жасауы үшін тиісті халықаралық қаржылық есептілік стандарттары қолданылады.

2-тарау. Осы Стандартта пайдаланылатын ұғымдар

      6. Осы Стандарттың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) брокердің меншікті қаражатының портфелі – брокердің өз мүдделері үшін және меншікті қаражаты есебінен сатып алатын ақшасы, бағалы қағаздары және өзге де қаржы құралдары;
      2) брокердің комиссиялық кірістері (шығыстары) – брокердің брокерлік қызмет бойынша қызмет көрсетуден алатын (шеккен) сыйақысы (шығыстары).

3-тарау. Есепке алу және бастапқы тану

      7. Брокер клиенттерге тиесілі бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалған мәмілелердің есебін баланстық шоттарда көрсетпестен қосалқы есепте жүргізеді. Брокердің атына ашылған банк шотына есептелген клиенттің ақшасы брокерде баланстық шоттарда, өзге жағдайларда – баланстық шоттарда көрсетілместен есепке алынады.
      Клиенттерден алынған ақшаны брокердің бухгалтерлік балансына қосу туралы шешім бұл ақшаның «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағында келтірілген «активтер» ұғымының анықтамасына сәйкес келуіне байланысты болады.
      Активпен байланысты болашақ экономикалық пайданың түсуінің күтілуін не күтілмеуін белгілеу активтің бар екендігін айқындау үшін негіз болып табылады.
      Клиенттердің ақшасын брокердің бухгалтерлік балансына қосу туралы шешімді қабылдау кезінде брокер мен клиент арасындағы шарт талаптарын бағалау қажет.
      Егер брокер клиенттің агенті ретінде ғана болса және мәміленің нәтижесімен байланысты болатын пайда алмайтын болса, ол клиенттен алынған ақшаны өзінің бухгалтерлік балансында активтер ретінде танымайды.
      Егер клиентпен жасалған келісімнің талаптары бойынша брокердің мәміленің нәтижесімен байланысты болатын белгілі бір экономикалық пайдасы немесе қарастырылып отырған ақшаны брокер үшін әлеуеті қолайлы талаптармен басқа экономикалық активтерге айырбастау мүмкіндігі болса, онда ол клиенттерден алынған ақшаны меншікті бухгалтерлік балансында меншікті активтері ретінде таниды.
      8. Брокердің брокерлік қызмет көрсетуге байланысты және клиент өтеуі тиіс шеккен шығындары клиент оларды толық өтегенге дейін дебиторлық берешектің баланстық шоттарында көрсетіледі.

4-тарау. Брокерлік қызмет көрсету бойынша қызметтер
көрсетуден кірістер (шығыстар)

      9. Брокердің брокерлік қызмет көрсету бойынша қызметтер көрсетуден кірістері (шығыстары) болып брокердің комиссиялық кірістері (шығыстары) танылады. Мұндай кірістер (шығыстар) брокердің баланстық шоттарында және меншікті қаражатының портфеліндегі қаржылық есептілікте көрсетіледі.

5-тарау. Ақпаратты ашу

      10. Брокерлік қызмет көрсету бойынша қызметтер көрсеткен кезде қаржылық есептілікте міндетті түрде мынадай ақпарат ашылады:
      1) брокерлік қызмет көрсету бойынша қызметтер көрсетуден туындаған міндеттемелер;
      2) брокерлік қызмет көрсету бойынша қызметтер көрсетуден кірістер мен шығыстар.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      11. Осы Стандартпен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешілуге жатады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады