Тағылымдамадан өтушілердің кәсіби дайындығының бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 36 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 29 ақпанда № 7451 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 24.09.2018 № 1437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 24.09.2018 № 1437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Тағылымдамадан өтушілердің кәсіби дайындығының бірыңғай бағдарламасы бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің Төрағасына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн он күнтізбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
Б. Имашев

      "Келісілді"

      Республикалық нотариаттық

      палатаның Төрағасы

      2012 жылғы 31 қаңтар


      ____________ Ә.Б. Жанәбілова


  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2012 жылғы 31 қаңтардағы
№ 36 бұйрығына
1-қосымша

Тағылымдамадан өтушілердің кәсіби дайындығының бірыңғай бағдарламасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 24.09.2018 № 1437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Тағылымдамадан өтушілердің кәсіби дайындығының Бірыңғай бағдарламасы (бұдан әрі - бағдарлама) "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 9-тармағы негізінде әзірленді және тағылымдамадан өтушілердің барлығына міндетті болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 24.09.2018 № 1437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Тағылымдаманы ұйымдастыруды мемлекеттік нотариаттық кеңседе әділет органы, жекеше нотариустарда аумақтық нотариаттық палата жүзеге асырады.

      2-1. Тағылымдамадан өтуші Нотариаттық палатаның басқармасының шешімімен бекітілген нотариуста тағылымдамадан өтеді.

      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Әділет министрінің 2012.10.10 № 342 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      3. Бағдарлама бір күнтізбелік жылға арналған теоретикалық дайындық пен практикалық дағдылардан тұрады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 24.09.2018 № 1437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Практикалық дағдылар:

      нотариаттық іс жүргізу туралы сабақтардан;

      нотариаттық құжаттардың жобаларын дайындаудан;

      тағылымдамадан өту туралы қорытынды есепті дайындаудан тұрады.

2-тарау. Бағдарламаның мазмұны

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 24.09.2018 № 1437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Тағылымдамадан өтушінің теориялық дайындығы тізбесін аумақтық нотариаттық палата бекіткен нормативтік құқықтық актілерді өз бетінше зерделеу арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 2012.10.10 № 342 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      6. Практикалық дағдыларды игеру:

      1) іс жүргізу барысында қажетті практикалық дағдыларды игеру келесі мәселелерді қарастырады:

      қызметтік құжаттарды әзірлеу;

      құжаттарды қабылдау, тіркеу мен жолдау;

      құжаттардың орындалуын бақылау;

      істер номенклатурасын жасау;

      шағымдар мен өтініштерді шешу;

      кіріс және шығыс хат-хабарлар журналдарын жүргізу;

      мұрагерлік істердің есеп кітабын жүргізу;

      мұрагерлік мүлікті қорғау жөніндегі шаралар қабылдау бойынша өтінімдердің есеп кітабын жүргізу;

      мұрагерлік істер алфавиттік кітабын жүргізу;

      өсиеттерді есепке алудың алфавиттік кітабын жүргізу;

      тұрғын үйлерді (пәтерлерді) меншіктен шығаруға, тұрғын үйлерді (пәтерлерді) тұтқындауға тыйым салудың алфавиттік есеп кітабын жүргізу;

      статистикалық есептілік жасау;

      нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеуге арналған тізілім жүргізу (тізілімнің нысандары мен оларға қойылатын талаптарды зерделеу, қағаз бетінде және электрондық тасымалдағыштардағы тізілімдерде тіркеу тәртібі);

      нотариустың мөрін, бланкілерді, куәландыратын мөртаңбаларды сақтау мен қолдану;

      шетелдегі іс-әрекеттерге арналған құжаттарды ресімдеу;

      құжаттарды қалыптастыру және сақтау, сондай-ақ оларды нотариустың мұрағатына беруге әзірлеу;

      істерді бұдан әрі жекеше нотариаттық мұрағатқа (мемлекеттік мұрағатқа) тапсыруға дайындау;

      тұрақты және уақытша сақталатын құжаттарды іріктеу;

      тұрақты сақталатын істер тізімдемесінің тәртібі;

      құжаттарды жою тәртібі;

      2) тағылымдамадан өтуші нотариаттық іс-әрекеттерді жасауға қатысады және келесі нотариалдық құжаттардың жобаларын жасайды:

      мемлекеттік тіркеуге жататын мәмілелер (пәтер, тұрғын және тұрғын емес жайды, жер учаскесін, автокөлік құралын сыйға тарту шарты; пәтер, тұрғын және тұрғын емес жайды, жер учаскесін, автокөлік құралын сату - сатып алу шарты);

      тіркеуге жататын мүлікті (пәтер, тұрғын және тұрғын емес жайды, жер учаскесін, автокөлік құралын) кепілге беру шарты;

      Қазақстан Республикасының аумағында және шетелде күші бар сенімхаттар;

      өсиет бойынша және заң бойынша мұра құқығы туралы куәлік;

      өсиетхат;

      азаматты тірі деп тану фактісі туралы куәлік;

      азаматты белгілі бір жерде табу фактісі туралы куәлік;

      өтініш бойынша берілетін, жалпы мүліктегі ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік;

      артында қалған жұбайына берілетін, ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі жалпы мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік;

      мұрагерлік мүлікті бөлу туралы келісім;

      теңіз наразылығы туралы акт;

      вексельді төлемеу және акцептемеу наразылығы туралы акт;

      акцептің күнін белгілемеу туралы наразылық актісі;

      өтінішті беру туралы куәлік;

      құжаттарды сақтауға қабылдау туралы куәлік;

      нотариаттық іс-әрекеттерді жасаудан бас тарту туралы қаулы;

      нотариаттық іс-әрекетті кейінге қалдыру және тоқтата тұру туралы қаулы;

      3) тағылымдамадан өту туралы қорытынды есеп:

      тағылымдамадан өтетін орын, мерзімдері мен тәртібі, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау және іс қағаздарын жүргізу кезінде қажетті теоретикалық дайындығы, игерген дағдылары туралы мәліметтерді;

      тағылымдамадан өту кезінде тағылымдамадан өтуші өз қолымен жасаған, тағылымдамадан өтуші және тағылымдама жетекшісі қол қойған нотариаттық құжаттардың үлгілерін қамтиды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2012.10.10 № 342 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      7. Тағылымдамадан өтуші әр тоқсан сайын аумақтық нотариаттық палатаның басқарма отырыстарында тағылымдаманың барысы туралы баяндайды.

      Тағылымдама аяқталған соң тағылымдама жетекшісі тағылымдамадан өтушінің кәсіби дайындық бағдарламасынан өту деңгейі көрсетілген қорытындыны әзірлейді. Бұл қорытындыны тағылымдама жетекшісі аумақтық нотариаттық палатаға жолдайды, бұдан әрі ол тағылымдамадан өтуші мен тағылымдама жетекшісінің қатысуымен қарастырылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 24.09.2018 № 1437 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Тағылымдамадан өтуші бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйедегі практикалық дағдыларды игеруін демо-нұсқада жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2012 жылғы 31 қаңтардағы
№ 36 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі:

      1. "Нотариустардың сынақтан өтушілері туралы ережені бекіту және кейбір нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2003 жылғы 20 тамыздағы N 169 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2468 болып тіркелген және 2003 жылғы 12 қыркүйектегі "Заң газетінде" жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасы Әдiлет Министрiнiң 2003 жылғы 20 тамыздағы N 169 "Нотариустардың сынақтан өтушілері туралы ережені бекіту және кейбір нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы" тіркеу N 2468 бұйрығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2004 жылғы 7 мамырдағы N 127 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2842 болып тіркелген).

      3. "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2004 жылғы 4 қарашадағы N 325 бұйрығының 1 тармағы 1) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3191 болып тіркелген)

      4. "Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 20 сәуірдегі № 129 бұйрығының 1 тармағы 1) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 6185 болып тіркелген және 2010 жылғы 27 қарашадағы "Казахстанская правда" газетінде жарияланған).

      5. "Кадрлық резерв және нотариустың бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2005 жылғы 31 наурыздағы N 101 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3547 болып тіркелген және 2005 жылғы 23 маусымда "Заң газетінде" жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады