Коммуналдық мүлікті сенімді басқаруға беру Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы N 1/29 қаулысы. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2012 жылғы 9 ақпанда N 921 тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 27 наурыздағы N 1/198 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 27.03.2014 N 1/198 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 17, 75 баптарына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған коммуналдық мүлікті сенімді басқаруға беру Ережесі бекітілсін.
      2. Қаржы басқармасы заңнамамен белгіленген тәртіпте нормативтік құқықтық актіні Алматы қаласы әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырсын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің орынбасары М. Құдышевқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі                        А. Есімов

Алматы қаласы әкімдігінің
2012 жылғы 17 қаңтардағы
№ 1/29 қаулысымен бекітілді

Коммуналдық мүлікті сенімді басқаруға беру
Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 44 тарауына және 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 17, 75 баптарына сәйкес әзірленді және коммуналдық меншік нысандарын сенімді басқаруға берудің, оның ішінде тендер өткізудің, сенімді басқарушылармен шарттар жасасудың және сенімді басқару шарттары бойынша міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүзеге асырудың тәртібін айқындайды.
      2. Осы Ережеде келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) басқару органы – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) мемлекеттік басшылықты жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған шарттармен коммуналдық меншікке қатысты құқықтарды иеленетін, әкімдік белгілеген атқарушы орган;
      2) жергілікті атқарушы орган – Алматы қаласының әкімдігі;
      3) коммуналдық меншікті сенімді басқарудың құрылтайшысы –коммуналдық меншікті басқаруға Алматы қаласының әкімдігі өкілеттік берген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган (Алматы қаласы Қаржы басқармасы);
      4) нарықтық құн – кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру туралы шешім қабылданған жағдайда, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушының бағалау туралы есебі негізінде айқындалатын нысанның құны;
      5) нысан – мемлекетке тиесілі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың мүліктік кешені, бағалы қағаздар, мүліктік құқықтар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері), ақша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында қарастырылған жағдайларда сенімді басқару шартының нысаны болып табылатын өзге коммуналдық мүлік;
      6) пайданы иеленуші – жергілікті атқарушы орган;
      7) сенімді басқарушы – коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысымен сенімді басқару шартын жасасқан жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
      8) тендер – коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы өзі ұсынған шарттардың негізінде тендер жеңімпазымен шарт жасасуға міндеттенетін, нысанды сенімді басқаруға беру жөніндегі конкурстық саудалаудың түрі;
      9) тендер жеңімпазы – тендерлік комиссияның қорытындысы бойынша ең жақсы шарттарды ұсынған тендерге қатысушы;
      10) тендерлік комиссия – коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы нысанды сенімді басқаруға беру жөніндегі тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін құрылған комиссия;
      11) тендерге қатысушы – тендерге қатысуға жіберілген жеке немесе заңды тұлға;
      12) шарт – коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы мен сенімді басқарушының арасында жасалатын нысанды сенімді басқару шарты. 

2. Нысанды сенімді басқаруға берудің тәртібі

      3. Нысанды кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімді басқаруға беру туралы шешім Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде қабылданады.
      4. Кейіннен сатып алу құқығымен немесе табысы жоқ коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды оңалту үшін нысанды сенімді басқару құрылған жағдайда тендерді өткізу міндетті болып табылады.
      5. Табысы жоқ кәсіпорындарды басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар табысы жоқ кәсіпорындарды сенімді басқаруға беру жөніндегі ұсыныстарды коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысына енгізеді.
      Табысы жоқ кәсіпорындарға мынандай өлшемдерге жауап беретін коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар жатады:
      1) үш жылдың ішінде ағымдағы, негізгі және негізгі емес қызметтің табыс көрсеткіштерінің төмендеуі және/немесе олардың жоспарланған мөлшерді қамтамасыз етпеуі;
      2) қатарынан үш жылдың ішінде таза табыс бойынша жоспарлы көрсеткіштерді орындамауы.
      6. Нысанды кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беруді тендер өткізбестен жүзеге асыруға болады.
      Инженерлік желілерді табиғи монополия субъектілері болып табылатын реттелетін қызметтерді (тауарлар, жұмыстар) көрсетушіге сенімді басқаруға беру тендерсіз, жергілікті атқарушы органның шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
      7. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің нысандарын сенімді басқаруға беру тендерсіз, жергілікті атқарушы органның шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
      Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің нысандарын сенімді басқаруға беру тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану жөніндегі өкілетті органның жазбаша келісімі негізінде жергілікті атқарушы орган арқылы жүзеге асырылады.
      8. Нысанды тендер өткізбестен сенімді басқаруға беру кезінде нысанды сенімді басқаруға беруге арналған өтінімді коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
      9. Нысанды тендер өткізбестен сенімді басқаруға беру кезінде сенімді басқарушымен коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы не оның міндетін атқарушы тұлға өтінім берген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей шарт жасасады. 

3. Нысанды сенімді басқаруға беруге дайындау

      10. Нысанды сенімді басқаруға беруге дайындауды коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы жүзеге асырады.
      11. Басқару органы коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысына акциялары (үлестері) не мүліктік кешені нысан болып табылатын заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарын, соңғы үш жылдағы қаржы-шаруашылық қызметі туралы толық ақпаратты, нысанды кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімді басқаруға беру жөніндегі шарттарды белгілеу туралы ұсынысты береді.
      Өзге нысандар бойынша басқару органы коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысына нысанның сипаттамасын, нысанның теңгерімдік құны туралы мәліметтерді және нысанды кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімді басқаруға беру жөніндегі шарттарды белгілеу туралы ұсынысты береді.
      12. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, сондай-ақ акциялары мен жарғылық капиталдарындағы мемлекеттің қатысу үлестері сенімді басқаруға беру нысаны болып табылатын мемлекеттік емес заңды тұлғалардың лауазымды адамдары коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысының жазбаша сұрау салуы бойынша олар белгілеген мәліметтерді береді және берілген мәліметтердің дұрыстығына жауапты болады.

4. Тендер өткізуге дайындық

      13. Коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы сенімді басқаруды құру мақсатында:
      1) тендер ұйымдастырады (тендерлік комиссия құрамы мен жұмыс регламентін бекітеді, тендерге қатысушаларды тіркейді, ақпараттық хабарламалардың жариялануын қамтамасыз етеді);
      2) кепілдік жарналарды қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес нысанды бағалауды жүргізуге шарттар жасасады;
      4) тендердің өткізілу барысын бақылауды жүзеге асырады;
      5) тендерге қатысушылармен және бағалаушылармен тендер өткізу рәсімдеріне байланысты есептерді жүзеге асырады;
      6) сенімді басқарушымен шарт жасасады;
      7) нысанды сенімді басқаруға беруге байланысты өзге де функцияларды жүзеге асырады;
      14. Коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін тендерлік комиссия құрады.
      Тендерлік комиссияның құрамына коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысының және басқару органының өкілдері кіреді. Төраға мен хатшы коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысының өкілдері болып табылады. Тендерлік комиссия құрамының саны кемінде бес адамнан құралады. Хатшы тендерлік комиссияның мүшесі болмайды.
      15. Тендерлік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) кепілдік жарнаның мөлшерін бекітеді;
      2) қажет болған жағдайда тендердің шарттары мен сенімді басқарушыға қойылатын талаптарды айқындайды;
      3) тендер өткізеді;
      4) тендер жеңімпазын жариялайды.
      16. Тендерлік комиссияның хатшысы тендерді ұйымдастыруға және өткізуге қажетті құжаттарды дайындайды және тендерлік комиссия хаттамасын ресімдейді.
      17. Тендерді өткізуге дайындық кезінде коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы нысан туралы ақпарат жинауды, ақпараттық хабарламаның уақтылы жариялануын қамтамасыз етеді, тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдауды және тіркеуді, бағалауды (нысанды кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берген жағдайда) жүргізеді, келіп түскен материалдарды тендерлік комиссияның қарауына береді. 

5. Тендерлік құжаттама

      18. Тендер өткізу туралы ақпараттық хабарлама тендер өткізудің жарияланған күніне дейін кемінде он бес күнтізбелік күн бұрын, ал коммуналдық меншіктегі акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімді басқаруға беру кезінде – тендерді өткізгенге дейін кемінде отыз күнтізбелік күн бұрын мерзімде баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады әрі мынадай мәліметтерді:
      1) тендердің шарттары мен тендер жеңімпазын анықтау өлшемдерін;
      2) тендер нысанының қысқаша сипаттамасын;
      3) тендерді өткізу күнін, уақыты мен орнын;
      4) тендерге қатысуға өтінім салынған конвертті ұсынудың тәртібін, тәсілін, орны мен соңғы мерзімін және тендерге қатысуға өтінім қолданысының талап етілетін мерзімін;
      5) кепілдік жарнаның мөлшері мен оны енгізу үшін банктің деректемелерін (кепілдік жарнаның мөлшерін ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін өзгертуге болмайды);
      6) сенімді басқарушыға қойылатын талаптарды;
      7) басқару органдары ұсынған қосымша мәліметтерді қамтиды.
      19. Тендерлік комиссия тендердің шарттарын өзгерткен жағдайда барлық өзгерістер туралы хабарландыру осы Ереженің 18 тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімде жариялануы тиіс.
      Тендердің шарттары өзгергені туралы хабарлама жарияланғанға дейін тендерге қатысуға өтінім берген және осыған байланысты тендерге қатысудан бас тартқан тұлғалар кепілдік жарна мен өздеріне келтірілген шығыстарды толық көлемде қайтаруды талап етуге құқылы.
      20. Ақпараттық хабарлама жарияланғанға дейін акциялары мен жарғылық капиталдарындағы мемлекеттің қатысу үлестері сенімді басқаруға беру нысаны болып табылатын әрбір заңды тұлға бойынша коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы мынадай құжаттардың көшірмелерінен тұратын құжаттар пакетін дайындауы тиіс:
      1) заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлік;
      2) жарғы;
      3) эмиссияны тіркеу туралы куәлік (акционерлік қоғамдар үшін);
      4) есепті кезеңнің алдындағы үш жылдағы қосымшаларымен бухгалтерлік теңгерімдер;
      5) жарғылық капиталына мемлекет қатысатын мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, заңды тұлғалардың Тізілімінен үзінді.
      Құжаттар пакетіне коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысының тапсырмасы бойынша тәуелсіз кеңесшілер өткізген нысанды басқарудың тиімділігі мен жұмыс істеу мониторингінің негізінде қосымша мәліметтер де енгізілуі мүмкін.
      Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы тендерге қатысушы болуға тілек білдіргендерге нысан туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
      21. Тендерге қатысушылар тендер өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген мөлшерде, мерзімде және тәртіппен кепілдік жарна енгізеді. Кепілдік жарнаның мөлшерін ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін өзгертуге болмайды. Кепілдік жарнаны қатысушының атынан кез - келген жеке немесе заңды тұлға енгізе алады. Кепілдік жарнаны алушы коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы болып табылады.
      22. Тендерге қатысу үшін кепілдік жарна әрбір нысан үшін оның нарықтық құнының немесе теңгерімдік құнының (нысанды кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға берген жағдайда) он пайызы шегінде бөлек белгіленеді.
      23. Кепілдік жарна қатысушының келесі міндеттемелерін қамтамасыз ету болып табылады:
      1) жеңген жағдайда тендердің нәтижелері туралы хаттамаға қол қою;
      2) коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысымен шарт жасасу.
      24. Егер тендерге қатысушылар осы Ереженің 9 тармағының екінші бөлігінде қарастырылған жағдайларды қоспағанда, тендер өткізілгенге дейін кемінде үш күн бұрын оған қатысудан бас тартқан жағдайда коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы оларға кепілдік жарнаны қайтармайды.
      25. Осы Ереженің 24 және 43 тармақтарында көрсетілгендерді санамағанда, басқа барлық жағдайларда кепілдік жарна тендер аяқталған күннен бастап он банктік күннен кешіктірілмейтін мерзімде, ал егер ақша коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысының шотына тендер өткізілгеннен кейін түссе, онда олар түскен күннен бастап банктік он күн ішінде қайтарылады.
      Кепілдік жарналар сауда – саттыққа қатысушының деректемелері көрсетіліп, осы қатысушы берген кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініш негізінде қайтарылады. 

6. Тендерді өткізу

      26. Тендерге қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады.
      27. Тендерге қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды ұсынуы қажет:
      1) тендерге қатысушыны тендер жеңімпазы деп жариялаған жағдайда оның жазбаша, ақпараттық хабарламада көрсетілген және тендерге қатысушының өзі ұсынған тендер талаптарында шарт жасасу міндеттемесін білдіретін тендерге қатысуға өтінімді;
      2) басқа құжаттардан бөлек желімделген конвертте тендерге байланысты құжаттаманы қоса бере отырып, жазбаша түрде тендер шарттары бойынша ұсыныстарды;
      3) банктің (банктердің) мөрі басылған бірінші басшы немесе қол қоюға құқығы бар адам және бас бухгалтер қол қойған тендерлік өтінімдері бар конверттерді ашатын күннің алдында кемінде үш ай бұрын банк (банктер) алдында тендердің ықтимал қатысушысының мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы анықтаманы. Егер тендерге ықтимал қатысушы екінші деңгейдегі бірнеше банктің, сондай-ақ шет ел банкінің клиенті болып табылған жағдайда, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен аудитті міндетті өткізу белгіленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебін;
      5) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын міндетті түрде ұсына отырып көшірмесін, немесе көрсетілген түпнұсқаның нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      6) жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесін немесе салыстырып тексеру үшін түпнұсқаны міндетті түрде ұсына отырып, көшірмесін. Шетел заңды тұлғалары құрылтайшылық құжаттарын нотариалды куәландырылған, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге ұсынады;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, осы салық органының мөрі бар бірінші басшы немесе қол қою құқығы бар адам қол қойған тендерлік өтінімдері бар конверттерді ашатын күннің алдында кемінде үш ай бұрын салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екені туралы анықтаманың түпнұсқасын;
      8) коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысының депозит шотына кепілдік жарнаны аудару туралы төлем тапсырмасының немесе түбіртектің (жеке тұлға үшін) түпнұсқасын;
      9) тендерге ықтимал қатысушы өкілінің өкілеттігін растайтын құжатты (жеке куәлікті, төлқұжатты (шетел азаматтары үшін) немесе әділет органдары берген уақытша жеке куәлікті ұсынған жағдайда жарамды);
      10) ықтимал қатысушының ақпараттық хабарламада көрсетілген сенімді басқаруға қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттары.
      28. Жеке тұлға болып табылатын тендердің ықтимал қатысушысы осы Ереженің 27 тармағының 1), 2), 3), 8), 9), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды, сондай-ақ:
      1) жеке куәліктің, төлқұжаттың (шетел азаматтары үшін) немесе әділет органдары берген уақытша жеке куәліктің көшірмесін;
      2) тиісті мемлекеттік орган берген заңды тұлға құрмастан, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесін (жеке кәсіпкер үшін) ұсынады.
      29. Өтінімдерді қабылдау және тендерге қатысуға ниет білдірген адамдарды тіркеу талап етілетін құжаттардың толық жиынтығы бар болған кезде жүргізіледі.
      30. Тендерге қатыса алмайтындар:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтайшылық құжаттарына сәйкес жүзеге асырылуы тендердің шарттары болып табылатын қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлға;
      2) сенімді басқаруға шарт жасасу және оны орындау жөніндегі тиісті міндеттемелерді орындамаған өткен тендерлердің жеңімпазы.
      31. Қазақстан Республикасының заңдарымен қарастырылған жағдайларды қоспағанда, коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы тендерге қатысушыларға қатысы бар ақпаратты тендерді дайындау және оны өткізудің бүкіл кезеңі ішінде жариялауға құқығы жоқ.
      32. Тендердің ықтимал қатысушыларының құжаттары тіркеу журналына тіркелгеннен кейін сейфте сақталады. Тендер өткізілетін күні тендерге қатысушылардың құжаттары тендерлік комиссияға беріледі.
      33. Тендер ашық болуы тиіс.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мемлекеттің қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын ерекше жағдайларда тендер жабық болуы мүмкін.
      34. Жабық тендерді өткізу кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық хабарлама жарияланбайды. Жабық тендерге қатысушылардың шектелген тобы қатысады. Бұл ретте ықтимал қатысушыларды таңдау негізін: компаниялардың дүниежүзілік сыныптамадағы рейтингін; ақша айналымы көлемін; саладағы, ұқсас өнім нарығындағы жұмыс тәжірибесін; заманауи менеджментті; қарыздар, несиелер немесе жеке капиталды инвестициялауды, «ноу-хауға» ие болуды, ғылыми әзірленімдер және басқалары түрінде инвестицияларды тарту арқылы өндірісті жаңғыртуды жүзеге асыру қабілетін анықтайды.
      35. Жабық тендердің барлық шарттарымен жабық тендерге қатысуға жазбаша шақыруларды коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы жібереді. Қатысуға шақыру жіберілген адамдарды тіркеу жазбаша шақырулар жіберілген күннен бастап жүргізіледі және жабық тендерді өткізгенге дейін бір күн бұрын аяқталады.
      36. Тендерлік комиссия тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттерді ашады және жеңімпазды анықтау өлшеміне (өлшемдеріне) сүйене отырып, тендерге қатысушылардың ұсыныстарын қарайды.
      37. Тендерлік комиссияның шешімі оның мүшелерінің қарапайым дауыс беру көпшілігімен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Дауыстар тең болған кезде тендерлік комиссия дауыстардың тең санын алған қатысушыларды келіссөзге шақыруға құқылы және тендерлік комиссияның пікірі бойынша нысанның жұмысын жақсартуға бағытталған ең жақсы қосымша ұсыныстарды енгізген тендерге қатысушы жеңімпаз болып танылады. 

7. Тендер нәтижелерін ресімдеу және шарт мазмұны

      38. Тендерлік комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған тендерлік комиссияның мүшелері, оның төрағасы және тендер жеңімпазы қол қояды. Тендерлік комиссияның мүшесі өзінің ерекше пікірін жазбаша беруге және оны хаттамаға қоса беруге құқылы, ол туралы соңғысында белгі қойылады. Тендердің нәтижелеріне оның қатысушылары тендер жеңімпазын хабарлаған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде шағым бере алады.
      39. Тендер нәтижелері туралы хаттама тендер жеңімпазы мен коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысының тендер шарттарында шарт жасасу міндеттемелері мен тендер жеңімпазының ұсыныстарын белгілейтін құжат болып табылады.
      40. Тендер нәтижелерін тендер жеңімпазын хабарлаған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы бекітеді.
      Мынадай жағдайларда, егер:
      1) тендерлік комиссия қатысушылардың ұсыныстарын тендер шарттарын қанағаттандырмаса немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейді деп таныса;
      2) тіркелген қатысушылардың саны екіден кем болса;
      3) тендерлік комиссия жеңімпаздың жоқ екені туралы шешім қабылдаса;
      4) тендер жеңімпазы тендердің нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартса, тендер өткізілмеді деп танылады.
      Тендер өтпеген болып танылған жағдайда тендерлік комиссия жаңа тендерді хабарлауға және тендер шарттарын өзгертуге құқылы.
      41. Тендерге қатысуға тіркелгендер екіден аз болған жағдайда тендерлік комиссия желімделген конвертті ашпайды. Тендер өткізілмеді деп танылғаннан кейін барлық ұсынылған құжаттар қатысушының жазбаша сұрауы бойынша оған қайтарылады.
      42. Нысан шарт жасасуға ниет білдірген жалғыз қатысушыға берілуі мүмкін үшінші және кейінгі тендерлерді қоспағанда, кейіннен сатып алу құқығы берілетін, бір қатысушы қатысқан тендерлер өткізілмеді деп танылады.
      Осы Ереженің 40 тармағының 2) тармақшасына сәйкес сатып алу құқығы берілмейтін тендер өткізілмеді деп танылған жағдайда, коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы тендер шарттары бойынша шарт жасасуға ниет білдірген жалғыз қатысушыға нысанды беру туралы шешім қабылдауға құқылы.
      43. Тендер жеңімпазы тендер нәтижелері туралы хаттамаға немесе шартқа қол қоюдан бас тартқан кезде өзі енгізген кепілдік жарнаны жоғалтады.
      44. Осы Ереженің 5 тармағында көрсетілген өлшемдерге сәйкес табысы жоқ кәсіпорындарды сенімді басқаруға беру бойынша тендер жеңімпазын анықтаудың негізгі шарттары мыналар:
      кәсіпорын қызметінің негізгі түрін сақтау;
      табыстылықты арттыру мақсатында қаржы көрсеткіштерін жақсарту бойынша ұсыныстарды, оның ішінде:
      тиімді шаруашылық қызметінің мақсатында өндіріс құрылымын, оның техникалық-технологиялық базасын қайта құру бойынша ұсыныстарды;
      маркетингтік қызметті ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды;
      неғұрлым ұтымды шарттарда қажетті ақша қаражатын тарта отырып, кәсіпорынды қаржылық тұрақтандырудың (оңалтудың) қолданылатын тетіктері бойынша ұсыныстарды;
      бағдарламаны іске асыру мерзімін қамтитын кәсіпорынның қаржылық оңалту бағдарламасының болуы.
      Басқару органы кәсіпорындар қызметінің ерекшелігін ескере отырып қосымша өлшемдерді ұсынуы мүмкін.
      45. Нысанды сенімді басқару Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен үлгілік шартқа сәйкес жасалатын шарт негізінде туындайды (құрылады).
      46. Шарт тендер жеңімпазының тендерлік ұсыныстарына сәйкес шарттарды көздеуі тиіс.
      47. Нысанды сенімді басқаруға беру талаптары сенімді басқарушының міндеттемелері:
      нысанға инвестициялардың көлеміне, түрлеріне және мерзімдеріне;
      өндіріс көлемдеріне, шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің түрлері мен номенклатурасына;
      нақты тұтынушыларға өнімді жеткізуге;
      баға белгілеуге, оның ішінде бағалардың шекті деңгейі бойынша шектеулерге;
      табиғатты қорғаудың іс-шараларын өткізуге;
      қолда бар санын сақтап қалуға немесе жаңа жұмыс орындарын құруға;
      өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын пайдалану тәртібіне;
      нысанның берешектерін белгіленген мерзімдерде өтеуге;
      сенімді басқарушының нысанды кейін сатып алуына;
      мәмілелер жасасуға және/немесе белгілі бір уақыт кезеңі ішінде нысанға қатысты айқындалған әрекеттерге тыйым салуға;
      нысанның нарықтық құнын төлеу үшін бөліп төлеуді ұсынуға;
      нысанды сенімді басқаруға беру кезінде туындайтын салықтық міндеттемелерге қатысты болуы мүмкін.
      Басқару органдары кәсіпорындар қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша өлшемдерді ұсынуы мүмкін.
      48. Сенімді басқарушының нысанды сатып алу шарттары шартпен анықталады.
      Сенімді басқарушыға нысанды сатуға ол шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана жол беріледі. Нысанды сату, сатып алу-сату шарттарын жасасу арқылы нарықтық құн бойынша жүзеге асырылады.
      Сенімді басқару мерзімі ішінде нарықтық құны инфляция деңгейіне сәйкес индекстеуге жатады және сатып алу-сату шартын жасасқан күннен кейін үш жылдан аспайтын мерзімде бөліп төленуі мүмкін. Нарықтық құнын бөліп төлеу мүмкіндігі сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру жөніндегі тендердің шарттарына енгізіледі. Нарықтық құнын бөліп төлеудің мерзімі мен тәртібі сатып алу-сату шартында айтылады. 

8. Шарттың орындалуын бақылау

      49. Шарт талаптарының орындалуын бақылауды коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы жүзеге асырады.
      50. Бақылауды жүзеге асыру үшін коммуналдық мүлікті сенімді басқарудың құрылтайшысы шарттың орындалуына байланысты құжаттармен танысады, сондай-ақ тәуелсіз кеңесшілерді тарта отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес нысанды басқару тиімділігінің жыл сайынғы мониторингін жүргізеді.
      51. Сенімді басқарушы коммуналдық мүлікті сенімді басқару құрылтайшысына және пайда түсірушіге өзінің қызметі туралы есепті шартта белгіленген мерзімдерде және тәртіппен ұсынады.
      52. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сенімді басқарушы міндеттемелерді орындауды аяқтаған сәтке дейін жүргізіледі. 

9. Қорытынды ережелер

      53. Заңда қарастырылған жағдайларды қоспағанда, осы Ережеде қарастырылған сенімді басқару қатынастарына азаматтық заңнаманың осындай қатынастарды реттейтін нормалары қолданылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады