Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай аудандық мәслихатының 2012 жылғы 20 қарашадағы N 8/7-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет Департаментінде 2012 жылдың 25 желтоқсанында N 2784 тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 08 шілдедегі N 23/6-V шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 08.07.2014 N 23/6-V шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      
      
      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
      
      Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуiрдегі «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңының 56789 баптарына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2 бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6 бабының 1 тармағының 15) тармақшасына, «Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 394 қаулысының 1 тармағының 14) тармақшасына сәйкес Бесқарағай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуіне жеке тұлғалардың келесі санаттары айқындалсын:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
      2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар;
      3) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғалардың өзге де санаттары;
      4) зейнеткерлік жасындағылар, сонымен қатар зейнатақының ең төменгі мөлшерін алатын зейнеткерлер, жалғыз басты зейнеткерлер;
      5) мүгедектер, соның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедек бала тәрбиелеп отырған тұлғалар;
      6) саясы қуғын-сүргін құрбандары;
      7) «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен және I, II дәрежедегі «Аналық Даңқ» ордендерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған көп балалы аналар;
      8) бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар, оның ішінде, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарда, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасылар, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа дейін);
      9) балалар, оның ішінде жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйінің түлектері, сонымен қатар аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер;
      10) аз қамтылған азаматтар;
      11) онкологиялық және туберкулездің әр-түрлі түрлерімен ауратын азаматтар;
      12) өмірдің қиын жағдайына ұшыраған азаматтар (өрт, дүлей апат).
      2. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуіне қажетті құжаттар тізбесі айқындалсын:
      1) әлеуметтік көмек көрсетуге арналған өтініш;
      2) жеке басты растайтын құжат;
      3) азаматтарды тіркеу кітабы немесе тұрғылықты жерден анықтама;
      4) салық төлеушіні тіркеу нөмірі;
      5) отбасының кірісі туралы мәліметтері;
      6) өтініш берушінің мәртебесін растайтын құжат;
      7) тиісті уәкілетті орган беретін қиын (төтенше) жағдайдың болғанын растайтын акт немесе өзге құжат;
      8) туберкулезбен ауыратындар үшін туберкулезге қарсы диспансерінің тізімдері бойынша;
      9) құжаттар түпнұсқаларда және көшірмелерде тапсырылады, салыстырып тексеруден кейін түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      
      
      Сессия төрағасы                                      Б. ОМАРОВ
      
      Бесқарағай аудандық
      мәслихатының хатшысы                                К. САДЫКОВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады