2012-2013 оқу жылын аяқтау және жалпы білім беретін оқу орындарының білім алушыларының қорытынды аттестаттауын өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 28 наурыздағы № 110 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 23 сәуірде № 8433 тіркелді

      Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 14) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды  аралық және қорытынды аттестаттаудың үлгі ережесінің 16-тармағына сәйкес және 2012-2013 оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау, меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жалпы білім беретін оқу орындары білім алушыларының аралық және қорытынды аттестаттауын өткізу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Оқу жылын аяқтау және білім алушыларының аралық және қорытынды аттестаттауын өткізу мынадай тәртіпте белгіленсін:
      1) жалпы білім беретін күндізгі және кешкі (кезекті) оқу орындарының барлық түрлеріндегі мектепалды, 1-11 (12)-сыныптарда оқу сабақтары 2013 жылғы 25 мамырда аяқталады;
      2) 5-8 (9), 10 (11)-сыныптардағы білім алушыларды аралық аттестаттау 2013 жылғы 31 мамырға дейін өткізіледі;
      3) негізгі орта білім берудің жалпы білім беру оқу бағдарламасын меңгерген 9 (10)-сыныптардың және 12 жылдық білім берудің 10-эксперименттік сыныптарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау 2013 жылғы 30 мамыр - 15 маусым күндерінде, жалпы орта білім берудің білім беру оқу бағдарламасын меңгерген 11 (12)-сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау 2013 жылғы 31 мамыр - 20 маусым күндерінде өткізіледі;
      4) негізгі орта білім берудің жалпы білім беру оқу бағдарламасын меңгерген 9 (10)-сыныптардың және 12 жылдық білім берудің 10-эксперименттік сыныптарының білім алушылары үш міндетті емтихан және таңдау бойынша 1-2 пәннен ауызша емтихан тапсырады.
      Міндетті емтихандардың тізбесі, нысаны және өткізу мерзімдері:
      ана тілі мен әдебиетінен (оқыту тілі) жазбаша емтихан - 30 мамырда (гуманитарлық пәндерді тереңдете оқытатын мектептердің және гимназиялардың білім алушылары - шығарма, қалғандары - диктант жазады);
      алгебрадан жазбаша емтихан - 3 маусымда;
      орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінен ауызша емтихан - 7 маусымда;
      қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілінен ауызша емтихан - 7 маусымда;
      5) жалпы орта білім берудің жалпы білім беру оқу бағдарламасын меңгерген 11 (12)-сыныптардың білім алушыларын қорытынды аттестаттау ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) немесе мемлекеттік бітіру емтихандары нысанында өткізіледі.
      Ағымдағы оқу жылында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына оқуға түскісі келетін білім алушыларды қорытынды аттестаттау ҰБТ нысанында 2013 жылғы 1-15 маусым күндерінде өтеді.
      Өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердің 11-сынып оқушылары («Алтын белгі» аттестаты мен үздік аттестат алуға үміткерлерді қоспағанда) өз қалаулары бойынша ҰБТ тапсыруға қазақ немесе орыс тілінде қатыса алады.
      Оқу бітірген жылы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына оқуға түсуді және ҰБТ-ге қатысуды қаламайтын жалпы орта білім беру ұйымдарының 11 (12)-сынып оқушылары төрт міндетті және таңдау бойынша 1-2 пәннен ауызша мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады.
      Міндетті емтихандардың тізбесі, нысаны және өткізу мерзімдері:
      орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінен ауызша емтихан - 31 мамырда;
      қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілінен ауызша емтихан - 31 мамырда;
      ана тілі мен әдебиетінен (мектептегі оқыту тілі) шығарма түрінде жазбаша емтихан (кешкі жалпы білім беретін мектептер үшін - диктант) - 4 маусымда;
      алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан - 7 маусымда;
      Қазақстан тарихынан ауызша емтихан - 11 маусымда.
      2. Облыстық, Алматы және Астана қалаларының білім басқармалары жалпы білім беру ұйымдарында 2012-2013 оқу жылын осы бұйрықтың талаптарына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың үлгі ережесіне сәйкес аяқтауды қамтамасыз етсін (НҚА мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5191 тіркелген).
      3. Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы қаласының білім басқармалары өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептер үшін жазбаша бітіру емтихандарын өткізуге арналған емтихандық материалдарды 2013 жылғы 25 мамырға дейін дайындасын.
      4. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева):
      1) республикалық мамандандырылған жалпы білім беру ұйымдарының 9 (10) және 11 (12)-сыныптарының білім алушылары үшін қазақ тілі мен әдебиетінен, орыс тілі мен әдебиетінен, алгебрадан, алгебра және анализ бастамаларынан емтихандық тапсырмалар пакеттерін 2013 жылғы 25 мамырға дейін дайындасын;
      2) қазақ тілі мен әдебиетінен шығарма тақырыптарын ТМД елдерінің және Моңғолияның Білім министрліктеріне 2013 жылғы 30 наурызға дейін жеткізсін;
      3) шығарма тақырыптарын жариялау үшін 2013 жылғы 30 наурызға дейін «Қазақстан мұғалімі» және «Учитель Казахстана» газеттерінің редакцияларына ұсынсын;
      4) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      5) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткізілгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.А. Әбеновке жүктелсін.
      6. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғанынан он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                        Б. Жұмағұлов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады