2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнің 187-бабының 1) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 13 маусымдағы Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. «Бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындау тәртібі туралы ережелерді бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2009 жылғы 16 шілдедегі № 151 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5727 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының 2009 жылғы № 8 актілер жинағында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындау қағидасында (бұдан әрі - Қағида):
9, 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік кредит беру арқылы іске асыруға ұсынылып отырған бюджеттік бағдарламаларды олардың бюджеттік кредит беру критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
10. Республикалық бюджет қаражаты есебінен бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындауды, төмен тұрған бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығының орнын толтыруға бағытталған бюджеттік кредиттерді қоспағанда, мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындауды, төмен тұрған бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығының орнын толтыруға бағытталған бюджеттік кредиттерді қоспағанда, мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi жергілікті уәкiлеттi орган жүзеге асырады.»;
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«13. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі тиісті бюджеттік комиссия айқындаған тиісті бюджеттен қаржыландырудың шығыстар лимиттері, тізбесі және көлемдері шегінде бюджеттік өтінім жасайды. Бюджеттік өтінім жасаған кезде бюджеттік бағдарламалар әкімшісі осы Қағиданың 15-тармағын сақтай отырып, бюджеттік кредит беру жолымен қаржыландырылуы мүмкін іс-шараларды айқындайды.»;
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«15. Бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындау үшін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тиісті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға негіздейтін құжаттаманы ұсынады, онда мыналар қамтылуы тиіс:
1) бюджеттік кредит беру есебінен қаржыландыруға ұсынылатын шығыстар және іс-шаралар түрлерінің есептеулері;
2) бюджеттік кредит беру бағыты, сондай-ақ инвестициялық бағдарламаны іске асырудың экономикалық және қаржылық тиімділігі есебінің бастапқы шарттары мен факторлары туралы ақпарат, жобаны қаржыландырудың балама көздерін және схемасын қарастыру көрсетілген ақпараттық парақ (еркін нысанда ұсынылады);
3) жобаны іске асыру мақсатында бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындау үшін негіздеуге арналған ақпарат:
жобаны іске асыруға шығын көлемін растау;
тиісті салада іске асырылатын, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер кредиттерін тарту есебінен жобаларды қаржыландыру көздерін талдау;
кредит беру шарттарын негіздеу (оның ішінде мерзімі, сыйақы ставкалары, кредит сомасы және оны өтеу кестесі);
соңғы қарыз алушыларға кредит беру шарттарын негіздеу (мұндай болған жағдайда);
қаржы агенттіктерін бюджеттік кредиттеу кезінде осы Қағиданың қосымшасына сәйкес ұсынылатын көрсеткіштер тізбесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 220 қаулысымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінің (бұдан әрі – Бюджетті атқару ережесі) 565-2-тармағына сәйкес құжаттар тізбесі;
4) саланы дамыту басымдықтарына, сондай-ақ бюджеттік кредит беру арқылы іс-шараларды іске асырудың оңтайлы нұсқасының таңдалуы сәйкестігі тұрғасынан тиісті салалық сараптаманың түсіндірме жазбасы және қорытындысы;
5) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді талап ететін құрылыс қызметін көздейтін іс-шаралар болған жағдайда техникалық-экономикалық негіздемеге мемлекеттік, экологиялық және санитариялық-эпидемиялогиялық сараптама қорытындылары, оның ішінде техникалық шарттар бойынша құжаттардың көшірмелері (жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушылар залалдарының, алып қойылатын алқаптардың түріне байланысты ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісі шығындарының есептеулері қоса беріліп) және жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялауды болжайтын жобалар бойынша жылжымайтын мүліктің тиісті құқық белгілейтін құжаттарының көшірмелері қоса беріліп, техникалық-экономикалық негіздеме ұсынылады.
Объектіні пайдалануға беру шығындары болған жағдайда салалық уәкілетті мемлекеттік органның және ведомстволық нормативтерге сәйкес объектіні пайдалануға беру (қосу-қалыпқа келтіру жұмыстары) шығыстары бойынша жобалардың мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілет берген заңды тұлғаның қорытындылары талап етіледі.
Бюджеттік кредиттің орындылығы туралы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті уәкілетті органның экономикалық қорытындысын алу нәтижесі бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшісі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті орталық немесе жергілікті уәкілетті органға бюджеттік өтінім құрамында бюджеттік кредит бойынша экономикалық қорытындыны заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджетті қалыптастыру (нақтылау) шеңберінде енгізеді.»;
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«20. Республикалық бюджеттен бюджеттік кредит беру жолымен қаржыландыруға мәлімделген республикалық бюджеттік инвестициялық жоба бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшісі осы Қағиданың 15-тармағына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға құжаттаманы енгізеді.
Республикалық бюджеттен бюджеттік кредит беру жолымен қаржыландыруға мәлімделген жергілікті бюджеттік инвестициялық жоба бойынша жергілікті уәкілетті орган жергілікті бюджеттік инвестициялық жоба бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның экономикалық қорытындысын қоса бере отырып, осы Қағиданың 15-тармағына сәйкес құжаттаманы тиісті орталық салалық уәкілетті органға (республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне) енгізеді.
Тиісті салалық орталық мемлекеттік орган ұсынылған құжаттаманы қарайды және жергілікті бюджеттік инвестициялық жоба бойынша салалық қорытындыны дайындайды. Салалық қорытынды оң болған жағдайда республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісі осы Қағиданың 15-тармағына сәйкес құжаттаманы бюджеттік кредит берудің орындылығы туралы экономикалық қорытындыны дайындау үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.
Жергілікті бюджеттен бюджеттік кредит беру жолымен қаржыландыруға мәлімделген жергілікті бюджеттік инвестициялық жоба бойынша бюджеттік бағдарламаның тиісті әкімшісі осы Қағиданың 15-тармағына сәйкес құжаттаманы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жергілікті бюджеттен бюджеттік кредит берудің орындылығын анықтау үшін енгізеді.»;
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«21. Бюджеттік кредит беру жолымен қаржыландыру жоспарланған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 сәуірдегі № 545 қаулысымен бекітілген Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.».
2. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті (Қ.М. Тұмабаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты ол мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ресми жариялауға жіберсін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Министрдің
міндетін атқарушы М. Құсайынов