Ақтөбе облысының ерекше табиғи кешендерін сақтау, қалпына келтіру және одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 68-бабының 1-тармағына, 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 122-бабының 1-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жергілікті маңызы бар «Эбита» мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында егер мемлекеттік табиғи қаумалы объектілерінің сақталуына қауіп төндірген жағдайда, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен табиғат пайдаланушылардың кез-келген қызметіне жол бермеу және шаруашылық қызметтеріне шектеу енгізу, сонымен қатар:
жаңа елдi мекендер құруға және бар елдi мекендердi кеңейтуге;
мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн объектiлердi орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгiзуге;
жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн зәрлi улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивтi нысандарын енгiзуге;
15 сәуірден 1 қыркүйекке дейін кәсіпшілік балық аулауға;
атмосфераға және ашық су көздерi мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
пайдалы қазбалар өндiруге;
әуесқойлық (спорттық) және кәсiпшілік аң аулауға;
радиоактивтi материалдар мен өнеркәсiп қалдықтарын көмуге;
1 мамырдан 1 тамыз аралығында шопандардың иттерін байлаусыз қоюға;
жабайы жануарлар мен жабайы өсiмдiктердiң бөтен түрлерiн жерсiндiруге жол берілмейді.
2. Қарғалы ауданының әкімі, «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі жергілікті маңызы бар «Эбита» мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында қажетті шаралар қабылдасын:
жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелеріне ауыртпалық белгілеу жөнінде;
барлық жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен табиғат пайдаланушылардың шаруашылық қызметтеріне салынған шектеулермен таныстыру жөнінде.
3. «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік мекемесі осы қаулыны басқарманың ғаламтор-ресурсында жариялауын қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Р. К. Кемаловаға жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі А. Мұхамбетов