РҚАО ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiнiң 123-бабына, Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Заңының 10, 18, 43-баптарына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабына сәйкес, Алакөл мемлекеттік табиғи қорығын қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзету және қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, облыс әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес, Алматы облысының аумағындағы Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының жер пайдаланушылары мен меншiк иелерiнен жер учаскелерiн алып қоймай, енi кем дегенде екі шақырымнан күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимi белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің "Алакөл мемлекеттік табиғи қорық" мемлекеттік мекемесіне күзет аймағының шекарасын арнайы белгiлермен белгiлеу ұсынылсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкiмiнiң орынбасары Тынышбай Досымбекұлы Досымбековке жүктелсiн.
4. Осы қаулы әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және оны алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Облыс әкiмi А. Мұсаханов
Облыс әкімдігінің
2013 жылғы 06 ақпандағы
"Алматы облысының аумағындағы
Алакөл мемлекеттік табиғи
қорығының күзет аймағы
мен табиғатты пайдалану режимін
белгілеу туралы" N 33 қаулысына
қосымша
Алакөл мемлекеттiк табиғи қорығының күзет аймағындағы табиғатты
пайдалану режимi
1. Алакөл мемлекеттiк табиғи қорығының (бұдан әрі-табиғи қорық) күзет аймағында жер пайдаланушылардың табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ететiн дәстүрлi шаруашылық қызметінің негізгі түрлерiне рұқсат етiледi.
2. Табиғи қорықтың күзет аймағында мыналарға тыйым салынады:
1) жаңа елдi мекендер құруға және бар елдi мекендердi кеңейтуге;
2) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн объектiлердi орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгiзуге;
3) жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн зәрлi улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивтi нысандарын енгiзуге;
4) атмосфераға және ашық су көздерi мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
5) пайдалы қазбалар өндiруге;
6) әуесқойлық (спорттық) және кәсiпшiлiк аң аулауға;
7) радиоактивтi материалдар мен өнеркәсiп қалдықтарын көмуге;
8) Табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiнiң гидрологиялық режимiн өзгертетiн қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға әкеп соғатын басқа да объектiлер салуға;
9) жабайы жануарлар мен жабайы өсiмдiктердiң бөтен түрлерiн жерсiндiруге;
10) Табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн басқа да қызметке тыйым салынады.
3. Табиғи қорықтың күзет аймағында оның экологиялық жүйесiне келеңсiз әсер етпейтiн шаруашылық әрекеттiң әр алуан түрлерi жүзеге асуы мүмкiн:
1) орман шаруашылық әрекеті;
2) мал жайылымы және шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлi жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық саналуандықты ұзақ мерзiмдi сақтау мен оның берiктiгiн қамтамасыз ету шеңберiндегi өзге де қызмет;
3) туристiк және рекреациялық қызмет;
4) минералды суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
5) кәсiпшiлiк және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
6) орман және дала өрттерiн сөндiру жөнiнде жердегi және авиациялық жұмыстарды жүргiзу;
7) бүлiнген жерлердi рекультивациялау;
8) орман және өзге де өсiмдiк қауымдастықтарын қалпына келтiру;
9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтiру;
10) жер учаскелерiн туристер болатын жерлердi жайластыру, өсiмдiктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетiн және құрып бара жатқан түрлерiн жасанды жолмен көбейту, өсiру, өндiру үшiн питомниктер салу, табиғи қорық қызметкерлерiнiң тұруы үшiн қызметтiк үй-жайлар (кордондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер үлестерiн беру үшiн пайдалану.
4. Табиғи қорықтың күзет аймағында "Алматы облысының аумағындағы Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимін белгілеу туралы" облыс әкімдігі қаулысына қосымшаның 3 тармағында аталған қызмет түрлерін жүзеге асыру кезiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөнiндегi iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құнды учаскелерге, сондай-ақ табиғи қорық қорының өзге объектiлерiне қол сұғылмауы қамтамасыз етiлуге тиiс.