Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарлардың келіп түсү және пайдалану қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 11 қарашадағы № 984 қаулысы. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 12 желтоқсанда № 2071 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 13 қаңтардағы № 9 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің 13.01.2014 № 9 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттiк мүлiк туралы" Заңының 18-бабының 22-тармақшасына және 31-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 31-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, Тараз қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған коммуналдық меншiкке келiп түскен қараусыз қалған жануарларды келiп түсу және пайдалану қағидасы бекiтiлсiн.
      2. «Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарлардың келіп түсу және пайдалану жөніндегі жұмыстарын ұйымдастырсын.
      3. «Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аталған қағиданы баспасөз беттерінде және жергілікті атқарушы органның интернет-ресурстарында жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкiмiнiң орынбасары Жақсылық Мырзабекұлы Сапаралиевке жүктелсін.
      5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      
      Қала әкімі                                 Б. Орынбеков

Тараз қаласы әкімдігінің
2013 жылғы 11 қарашадағы
№ 984 қаулысымен бекітілген

Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану Қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық Кодексіне, 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес жасалынды және коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Қараусыз қалған жануарлар аудандық коммуналдық меншікке Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес оларды ұстап алған адамдардың өз меншігіне алудан бас тартқан жағдайда қабылданады.

2. Қараусыз қалған жануарлардың келіп түсуі және
оны пайдалану

      3. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қала, ауылдық (селолық) округі жергілікті атқарушы органына мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.
      Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi қалалық жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

3. Қараусыз қалған жануарларды қаланың коммуналдық
меншігіне түсуі

      4. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
      Бұл адам бағуында болған жануарларды меншiгiне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншiкке түседi және жергілікті атқарушы органдары белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады.
      5. Қалалық коммуналдық меншікке түскен жануарларды одан әрі пайдалану үшін оларды қалалық коммуналдық мүліктер тізбесіне енгізіп есепке алу және бағалау жүргізіледі. Бағалау жүзеге асырылғаннан кейін жануарлар қалалық әкімдіктің қаулысымен тиісті әкім қабылдау - өткізу актісі негізінде аппаратының теңгеріміне бекітіліп беріледі. Есепке алу және бағалау, сонымен қатар теңгерімге алу Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен қабылдау - өткізу актісі негізінде жүзеге асырылады.
      6. Жануарларды есепке алу, бағалау, сату шығындары жергілікті бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      7. Қалалық коммуналдық меншiкке келіп түскен жануарлар оларды уақытша күтiмге алу үшiн жергілікті атқарушы орган анықтаған жеке немесе заңды тұлғаларға «Тараз қалалық қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – қаржы бөлімі) келiсiм шарт негiзiнде бекiтiлiп берiледi.
      8. Жануарларды уақытша күтiмге алатын тұлғаларды анықтау кезiнде мiндеттi түрде жануарларды күтімге алу үшiн қажеттi жағдайы (жануарлар үшін арнайы орын-жайы, табиғи қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға арналған жабдықтары, оларға күтім жасау тәжірибесі) болуы ескерілуі қажет.
      9. Жануарларды ұстаған тұлға бағу мен пайдалануға берiлген, жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.
      10. Қалалық коммуналдық меншiкке түскен жануарларды ветеринариялық қадағалау және жұқпалы ауруларға қарсы егу iс-шаралары «Тараз қалалық ветеринария бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қадағалауымен жүзеге асырылады. Ветеринариялық қадағалау және егу шығындары жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландырылады.
      11. Қалалық коммуналдық меншiкке түскен қараусыз қалған жануарлар мынадай тәсілдердің біреуімен пайдаланылады:
      1) қосалқы шаруашылығы бар мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне өтеусіз беру;
      2) аукцион арқылы сату;
      3) сауда ұйымдары арқылы сату.
      12. Қалалық коммуналдық меншікке түскен жануарларды одан әрі пайдалану тәсілін әрбір нақты жағдайда аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған комиссия (бұдан әрі-комиссия) жануарлар уақытша күтімге берілген мерзім ішінде шешеді. Комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді.

3. Жануарларды бұрынғы меншiк иесiне қайтару тәртібі

      13. Жануарлар қалалық коммуналдық меншiкке өткеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген жағдайда, осы жануарлардың бұрынғы меншiк иесi жануарларға құқық белгілейтін құжаттары және осы жануарлардың оған тиесілілігі туралы, немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн мән-жайлар болған кезде - тиісті жергілікті атқарушы органымен келiсiм бойынша айқындалатын шарттары бойынша, ал келісімге қол жеткізілмеген кезде сот тәртібімен оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.
      14. Жануарларды қайтару бұрынғы меншiк иесiнiң оларды бағуға байланысты шығынды жергiлiктi бюджет кiрiсiне өтегеннен кейiн жүзеге асырылады.
      15. Жануарлар бұрынғы меншiк иесiнен оларды қайтару жөнiнде өтiнiш түскенге дейiн сатылып кеткен жағдайда жануарларды сатудан түскен түсiм немесе оның құны жергiлiктi бюджет есебiнен өтеледi. Бұл жағдайда жануарларды бағуға және пайдалануына байланысты жұмсалған қаржының мөлшерi шегерiледi.
      16. Жануарларды қайтару немесе оның құнын өтеу бұрынғы меншiк иесi мен қаржы бөлiмi арасында жасалатын келiсiм – шартпен рәсiмделедi.

4. Қорытынды ережелер

      17. Жануарларды сатудан түскен қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен жергілікті бюджет кірісіне жатқызылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады