Байзақ ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Байзақ аудандық мәслихатының 2013 жылғы 10 кыркүйектегі № 20-3 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 1 қазанда № 2017 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Байзақ аудандық мәслихатының 2017 жылғы 23 қазандағы № 19-12 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Байзақ аудандық мәслихатының 23.10.2017 № 19-12 шешімімен (алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк 10 күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес Байзақ аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Байзақ ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасы бекітілсін.

      2. Осы шешiм әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Байзақ аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы А. Жамишжанов
      Байзақ аудандық
      мәслихат хатшысы Н. Үкібаев

  Байзақ аудандық мәслихатының
2013 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 20-3 шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – Жамбыл облысы Байзақ аудандық мәслихатының 30.06.2017 № 16-7 (алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк 10 күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасы (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Әлеуметтік көмек Байзақ ауданының аумағында тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.

1. Жалпы ережелер

      3. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімдігінің қаулысымен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесіне (бұдан әрі–Жиынтық табысын есептеу ережесі) сәйкес белгіленген айына отбасының әр мүшесіне келетін отбасының жиынтық табысының үлесі;

      6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      4. Осы қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      5. Атаулы және мереке күндеріне бір рет әлеуметтік көмек:

      9 мамырға:

      - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      - қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерiне (күйеулерiне), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргiзген адамдардың, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған, жалпы ауруға шалдығудың, еңбек ету кезiнде зақым алуының нәтижесiнде және басқа себептерге (құқыққа қайшы келетiндерiнен басқаларына) байланысты мүгедек деп танылған азаматтардың екiншi рет некеге тұрмаған әйелдерiне (күйеулерiне) 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      - Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай- ақ 1941 жылғы 22 маусым -1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.

      15 ақпанға:

      - Ауғанстанда әскери міндетін өтеген әскери қызметшілерге және Ауғанстанда әскери мiндетiн өтеу кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 15000 (он бес мың) теңге көлемінде;

      - 1979 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың желтоқсаны аралығында Ауғанстанға жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.

      26 сәуірде:

      - 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан және Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - 1988-1989 жылдардағы Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасына 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.

      29 тамызға:

      - Азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Өтініші бойынша бір рет әлеуметтік көмек:

      -жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселік көлемінен аспайтын орташа табысы бар бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққан азаматтарға бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандығы туралы анықтама негізінде 5 айлық есептік көрсеткіш шегінде көрсетіледі;

      - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселік көлемінен аспайтын орташа табысы бар, әлеуметтік мәні бар туберкулез ауруымен ауыратын, амбулаториялық жағдайда ем жалғастырушы тұлғаларға бір күнкөріс деңгейі мөлшерінде, мерзімді (ай сайын, 12 ай бойында) әлеуметтік көмек көрсетіледі. Әлеуметтік көмек жүгінген айдан бастап көмек алу құқығы туындағаннан кейін тағайындалады;

      - табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде мұқтаж азаматтар бір ай ішінде уәкілетті органға өтініш береді.

      - бір жолғы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспайтын санаттағы азаматтар (отбасылар) үшін әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайда 25 000 (жиырма бес мың) теңгеден 80 000 (сексен мың) теңгеге дейінгі мөлшерде көрсетіледі.

      7. Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспайтын санаттағы азаматтар (отбасылар) үшін әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайда бір рет көрсетіледі.

      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.

      8. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      9. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштері талап етілмей, уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша, Байзақ аудандық әкімдігінің бекітетін тізімі бойынша көрсетіледі.

      10. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысының № 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      11. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      12. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      13. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысының № 2 және № 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      14. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      15. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      16. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      17. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      18. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағиданың 14 және 15 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      20. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.

      21. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспайтын санаттағы азаматтар (отбасылар) үшін әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайда бір рет жүзеге асырылады.

      22. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асыралады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      23. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      24. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      25. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады