Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 2013 жылғы 16 тамыздағы № 17/103-V шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 16 қыркүйекте № 2378 болып тіркелді. Күшi жойылды - Оңтүстiк Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 2016 жылғы 11 шілдедегі № 3/19-VI шешiмiмен

      Ескерту. Күшi жойылды - Оңтүстiк Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 11.07.2016 № 3/19-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Отырар аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы Ә.Махатай
      Аудандық мәслихатының хатшысы Б.Зұлпыхаров

  Отырар аудандық мәслихатының
2013 жылғы 16 тамыздағы
№ 17/103-V шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
      2. Әлеуметтік көмек Отырар ауданының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінде тұрақты тұратын мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

1. Жалпы ережелер

      3. Осы қағидада қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
      9) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      4. Осы қағиданың мақсаты үшін әлеуметтік көмек ретінде Отырар ауданы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      5. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.
      6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
      7. Әлеуметтік көмек мынадай мереке күндеріне көрсетіледі:
      1) 8 наурыз "Халықаралық әйелдер күніне" орай – Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылда еңбек еткен ардагер әйелдеріне, көп балалы аналарға, біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      1-1) 21-23 наурызда (Наурыз мейрамы) - Қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасылары, атап айтқанда:
      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) "7 мамыр "Отан қорғаушы күні" - жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      3) 9 мамыр "Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне" орай - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, олардың жесірлеріне, біржолғы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және қосымша тұтыну заттары түрінде 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      Ұлы Отан Соғысына қатысушыларына теңестірілген және тыл еңбеккерлеріне, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      4) 1 маусым "Балаларды қорғау күніне" орай – үйде оқып және тәрбиеленетін мүгедек балаларға, біржолғы 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      5) қарттар мен мүгедектер күніне орай – қарттарға, мүгедектерге біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      6) жаңа жылдық шыршаға мүгедек балаларға біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 19.12.2014 № 33/189-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      8. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
      Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді орталық атқарушы орган бекітеді.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау
және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу
тәртібі

      9. Әлеуметтік көмек мынадай санаттағы азаматтарға ұсынылады:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне біржолғы 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдарға, біржолғы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
      2) күтім көрсетуге мұқтаж сексен жастан асқан қарттарға, жол жүрумен байланысты шығындарын өтеуге, ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
      3) үйде оқып және тәрбиеленіп жатқан мүгедек балаларға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
      4) жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектерге қоларбамен қамтамасыз етуге:
      серуендеуге арналған қоларбаға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
      бөлмеге арналған қоларбаға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
      мүгедек балаларға 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне дейін;
      5) зейнеткерлер мен мүгедектерге шипажай немесе оңалту орталықтарына жолдама үшін, біржолғы 37 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
      6) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған азаматтары бар отбасыларына ай сайын 22 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне дейін;
      7) өмірлік қиын жағдайларға ұшыраған азаматтарға бiржолғы 300 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне дейін;
      8) халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін қолдау мақсатында, Ұлттық валюта курсының төмендеуі орын алған айдан бастап үш ай мерзімде отбасыға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсету. Әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап үш айға тағайындалады және ай сайын төленеді;
      9) жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне дейін.
      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста алпыс пайызынан аспайтын табыстың болуы.
      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтар бір ай мерзім ішінде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру қажет.
      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 21.02.2014 № 23/138-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 19.12.2014 № 33/189-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Отырар ауданы әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларға (одан әрі-Үлгілік қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.
      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы қағиданың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      23. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін аудандық мәслихат белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      25. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Отырар ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      26. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады