Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық мәслихатының 30.06.2015 № 41/9-05 шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Түлкібас аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.
2. Осы шешiм алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы Е.Сартбаев
Аудандық мәслихаттың хатшысы А.Сапаров
Түлкібас аудандық мәслихатының
2013 жылғы 21 тамыздағы
№ 18/2-05 шешімімен бекітілген
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – қағида) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Әлеуметтік көмек Түлкібас ауданының аумағында тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.
1. Жалпы ережелер
3. Осы қағидада қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
9) уәкілетті ұйым – «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
4. Осы қағиданың мақсаты үшін әлеуметтік көмек ретінде Түлкібас ауданы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
5. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.
6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
7. Әлеуметтік көмек мынадай мереке күндеріне көрсетіледі:
1) 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күніне» орай – Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылда еңбек еткен ардагер әйелдеріне, көп балалы аналарға, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
2) 9 мамыр «Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне» орай-Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, біржолғы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін.
Ұлы Отан соғысында қайтыс болған жауынгерлердің жесірлеріне, Ұлы Отан соғысына қатысушыларына теңестірілген және тыл еңбеккерлеріне, бір жолғы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
3) 1 маусым «Балаларды қорғау күніне» орай – үйде оқып және тәрбиеленетін мүгедек балаларға, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
4) 1 қазан «Халықаралық қарттар мен мүгедектер күніне» орай – 80 жастан асқан қарттарға, мүгедектерге, жалғызілікті зейнеткерлерге, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
5) 15 ақпан «Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні» мерекесіне-бұрынғы кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі-КСРО) үкімет органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан – Совет Армиясының, Әскери-Теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Ішкі істер министрлігінің қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер; ұрыс қимылдары жүріп жатқан осы елге жүк жеткізу үшін Ауғанстанға жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілері; бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшілері; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған жұмысшылар мен қызметшілер, бір жолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
6) 26 сәуірге «Чернобыль атом электрстанциясы апатының құрбандарын еске алу күні»- 1986-1987 жылдары Чернобыль Атом Электро Станциясіндегі апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға, біржолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық мәслихатының 30.09.2014 № 33/9-05 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
9. Әлеуметтік көмек мынадай санаттағы азаматтарға ұсынылады:
1) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен алпыс пайыздан аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтамасыз етілген отбасыларына, жұмысқа қабілетсіз аз қамтамасыз етілген мүгедектерге, біржолғы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
2) Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен алпыс пайыздан аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтамасыз етілген отбасыларына, жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның тұрғын үйіне зиян келтіруіне байланысты, біржолғы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
3) туберкулез ауруларының жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға және созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан азаматтарға, біржолғы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
4) Адамның Имун Тапшылығының Вирусы (бұдан әрі-АИТВ) жұқтыру немесе Жұқтырылған Имун Тапшылығының Синдром (бұдан әрі-ЖИТС) ауруы медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінан болған олардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге өтемақы, ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі-АЕК) мөлшеріне дейін;
5) Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге, тұрғын үйін жөндеуге, біржолғы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
6) Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, басылымдарға жазылу үшін, жартыжылдықта бір рет 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
7) 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға, үйде оқып және тәрбиеленетін мүгедек балаларға, ай сайын 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
8) жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектерге қоларбамен қамтамасыз етуге:
серуендеуге арналған қоларбаға 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
бөлмеге арналған қоларбаға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
9) зейнет жасындағы азаматтарға және мүгедектерге санаторлық-курорттық емдеуге жолдама алу үшін, жылына бір рет 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін.
Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста алпыс пайызынан аспайтын табыстың болуы.
Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтар бір ай мерзім ішінде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру қажет.
Арнайы комиссия өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсету кажеттілігі туралы қорытынды шығарғанда азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін осы қағидаларда белгіленген негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.
Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық мәслихатының 30.09.2014 № 33/9-05 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
11. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия осы қағидада белгіленген шегінде айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Түлкібас ауданы әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларға (одан әрі - Үлгілік қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе кент, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауылдық округтің әкіміне жібереді.
Кент, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы қағиданың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
23. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін аудандық мәслихат белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
25. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Түлкібас ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер
26. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.
5. Қорытынды ереже
28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган «Е-собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.