"Темір жол көлігіндегі сигнализация жөніндегі нұсқаулықты бекітуге туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 209 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 212 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 26 сәуірде № 9358 тіркелді.

      "Темір жол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Темір жол көлігіндегі сигнализация жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 209 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6954 болып тіркелген, 2011 жылғы 8 қазандағы № 144 (2134); 2011 жылғы 6 қазандағы № 145 (2135); "Заң газеті" газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Темір жол көлігіндегі сигнализация жөніндегі нұсқаулықта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Темір жол көлігіндегі сигнализация жөніндегі нұсқаулық поездар қозғалысына және маневрлік жұмысқа қатысы бар бұйрықтар мен нұсқауларды беруге қажет, көрінетін сигналдарды және дыбыстық сигналдарды және ол сигналдар берілетін сигналдық аспаптардың түрлерін, сондай-ақ поездар қозғалысымен байланысты қызметкерлерде қызметте болған кезде тәуліктің жарық немесе қараңғы кезіне қарай өзімен бірге болуы тиіс сигналдық аспаптарды беру шарттарын белгілейді.";

      мынадай мазмұндағы 7-тараумен толықтырылсын:

      "7. Сигналдық аспаптарды беру, есепке алу және сақтау шарты.

      §1. Сигналдық аспаптарды беру

      127. Станция, дөңес, қосын және парк бойынша кезекшіге сары, жасыл, қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар, қол дискісі және қол ысқырығы беріледі. Ысқырықтан басқа, аталған сигналдық аспаптар қосынға беріледі және кезекшілік ауысқан кезде тапсырылады. Қол ысқырығы әр қызметкерге беріледі.

      128. Поездарды құрушыға және оның көмекшісіне қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары сигналдық жалау және қол ысқырығы беріледі. Аталған сигналдық аспаптар әр қызметкерге беріледі.

      129. Бағыттама қосындарының кезекшілеріне және поездарды қабылдаумен, жөнелтумен және өткізумен байланысты мамандарға, сондай-ақ станцияның маневрлік аудандарында жұмыс істейтін сигналшыларға сары, қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар, үрмелі керней беріледі. Сигналдық фонарь мен сигналдық жалаулар қосынға беріледі және кезекшілік ауысқан кезде тапсырылады. Үрмелі керней әр қызметкерге беріледі.

      130. Вагондардың қозғалыс жылдамдықтарын реттеушіге қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар екі қол сигнал фонары, тыстағы сары сигналдық жалау және қол ысқырығы беріледі, олар кезекшілік ауысқан кезде тапсырылады. Қол ысқырығы әр вагондардың қозғалыс жылдамдықтарын реттеушіге беріледі.

      131. Станция бастығы мен станция бастығының орынбасарына әр станцияға сигналдық аспаптар жиынтығы беріледі:

      сары, жасыл, қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары;

      тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулардың екі жиынтығы және қол ысқырығы беріледі. Аталған сигналдық аспаптар станцияға беріледі. Қол ысқырығы әр қызметкерге беріледі. Ірі екі жақты сұрыптау станцияларында бір станцияда сигналдық аспаптардың екі жиынтығының болуына жол беріледі.

      132. Поездық, шығарушы, тапсырушы, маневрлік, итермелегіш локомотивтің және мотор-вагондық жылжымалы құрам (локомотивтегі, электр поездағы және дизель-поездағы) машинисіне қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар, жүк және жолаушы қозғалысындағы электровоздар мен тепловоздарда жарық шағылыстырғыштары бар екі қызыл сигналдық диск, паровоздардағы үш буферлік фонарь, тек стандартты ойып орнатылған тұрақты қызыл сигналдармен жабдықталмаған локомотивтерде қабы бар екі қызыл шыны беріледі. Жолаушы қозғалысындағы локомотив және мотор-вагондық жылжымалы құрам машинисінде петардалар қорабы (6 дана), ал жүк және жолаушы қозғалысындағы локомотивтерде екі петардалар қорабы (12 дана) болуы тиіс.

      133. Жол бригадиріне, жол монтеріне (дербес жұмыс істеген кезде), темір жолдар мен жасанды құрылыстарды байқаушыға, жолды тексеріп қарау үшін тағайындалатын жол монтеріне, ақаутапқыш және жолөлшегіш арбашалар операторына, түйіспелі желі жұмыстарының басшысына, түйіспелі желі электр монтеріне, алынбалы автодрезина жүргізушісіне, сигналшыға (III разрядтан төмен емес жол шеберіне), түйіспелі желі электр монтеріне жол жұмыстарын және түйіспелі желідегі жұмыстарды қоршау үшін қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар, бір жолды учаскелер үшін петардалар қорабы (6 дана), қос және көп жолды учаскелер үшін екі петардалар қорабы (12 дана) және үрмелі сырнай беріледі.

      134. Мотовоз, автомотриса және алынбайтын үлгідегі дрезина жүргізушісіне қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы екі сары және екі қызыл сигналдық жалаулар, бір жолды учаскелерде петардалар қорабы (6 дана), қос және көп жолды учаскелерде екі петардалар қорабы (12 дана), үрмелі сырнай беріледі.

      135. Өтпе бойынша кезекшіге қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары (өтпеде әр өтетін жолға қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар екі жақты қол сигнал фонары қосымша және бір запастағы фонарь болуы тиіс), тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар, бір өтпеге бір жолды учаскелерде петардалар қорабы (6 дана), қос учаскелерде екі петардалар қорабы (12 дана) және көп жолды учаскелерде үш петардалар қорабы (18 дана), үрмелі сырнай, қол ысқырығы беріледі.

      136. Жолаушы вагонының жолсерігіне қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар беріледі.

      137. Соңғы жолаушы вагонының жолсерігіне қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы екі сары және екі қызыл сигналдық жалау, петардалар қорабы (6 дана) беріледі. Поезд жол жүргенде петардалар жұмсалған жағдайда поезд бастығы (жолаушы поезының механик-бригадирі) петардалардың жетіспейтін санын поезға жеткізу туралы талабын жақын жердегі станцияға жолсеріктер резерві бастығының атына телеграф арқылы хабарлайды. Жетіспейтін сигналдық аспаптарды жеткізуді жолсеріктер резерві қызметкерлері жүргізеді.

      138. 1-санатты әскерилендірілген күзет қарауыл бастығына, жасанды темір жол құрылыстарын күзететін сақшыға қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар, үрмелі сырнай, қол ысқырығы, петардалар қорабы (6 дана) беріледі. Қол ысқырығы әр қызметкерге беріледі. Темір жол көпірлерін күзететін сақшыға қалқымалы құралдарды тоқтатуға арналған сигналдар: электр мегафон, ақ түсті сілтеу-жалауша және рупор беріледі.

      139. Келу, жөнелту және транзиттік парктер құрамдарды орталықтандырып қоршау құрылғыларымен жабдықтау болмаған кезде осы парктерге қызмет көрсететін техникалық қызмет көрсету пунктіне осы парктерде жұмыс істейтін әр бригада үшін қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар екі қол сигнал фонары, екі тасымал қызыл қалқан беріледі.

      140. Барлық жүйедегі қар тазартқыштардың, жоңғы-қар тазартқыштардың, қар тазалау машиналарының машинистеріне, сондай-ақ қос жолды учаскелерге шығатын жол өлшегіш және ақау тапқыш вагондардың бастықтарына сары, қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар екі қол сигнал фонары, шынысының түсі белгіленген үш бүйірлік вагон фонары, үш сары жалау, үш қызыл жалау, екі петардалар қорабы (12 дана), үрмелі сырнай беріледі.

      Дара жолды учаскелерге сары, қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, шынысының түсі белгіленген үш бүйірлік вагон фонары, үш сары жалау, бір қызыл жалау, петардалар қорабы (6 дана), үрмелі сырнай беріледі.

      141. Жол машиналарының, жолтөсегіштердің, рельстөсегіштердің, темір жолмен жүретін крандардың, қиыршықтас тазалағыш, балласттағыш, түзегіш-ұрғылағыш-қалыптағыш машиналардың, аспалы түзегіш құрылғылармен жабдықталған электр балласттағыштардың машинистеріне сары, қызыл және мөлдір ақ белгілерінің оты бар қол сигнал фонары, тыстағы сары және қызыл сигналдық жалаулар, петардалар қорабы (6 дана), үрмелі сырнай беріледі.

      §2. Сигналдық аспаптарды есепке алу және сақтау

      142. Темір жол көлігі ұйымдарының шаруашылық бөлімшелерінің қоймаларында сигналдық аспаптарды есепке алу мүкәммалдық карточкалар және кіріс-шығыс кітаптары бойынша жүргізіледі. Жекелеген сигналдық аспаптарды беру және қабылдау да осында тіркеледі. Есепке алу карточкаларының жүргізілуіне қарамастан петардаларға олардың келіп түсуін және босатылуын жазуға арналған баулықтап тігілген дәптерлерді жүргізу қажет.

      143. Ысқырықтар мен петрадтарды қоспағанда, қызметкерлерге берілетін сигналдық аспаптар, соның ішінде тасымалдысы, станциялар, қосындар, парктер мен техникалық қызмет көрсету пункттері бойынша кезекшінің жайында сақталады.

      Жолаушы вагонының жолсерігіне берілетін сигналдық аспаптар жолсеріктің купесінде сақталады.

      Темір жол көлігі ұйымдарының шаруашылық бөлімшелерінің қоарындағы сигналдық аспаптар осы мақсат үшін тиісті сөрелермен жабдықталған қоймаларда сақталады. Жауапты қызметкерлер сигналдық аспаптарды сүртуді, тазалауды, желдетуді және кептіруді кезең-кезеңмен жүргізеді.

      144. Ақаулы қол аккумуляторлық фонарьларды ауыстыру, сондай-ақ аккумуляторлар зарядтауда немесе жөндеуде болған кезде оларды ауыстыру үшін фонарьлар мен шынылардың қажетті қоры жасалып, белгіленген жерлерде сақталуы тиіс.

      145. Петардалар зауыттық орамында сақталуы тиіс. Петардалары бар жәшіктер бір қатар етіп қойылады. Қойма жайында петрадалармен жұмыс жүргізуге (жәшіктерді ашу, сұрыптау) рұқсат берілмейді.

      Петардалары бар жәшіктерді ашу қоймадан тысқары жерде, петардалар қоймасынан кем дегенде 50 метр қашықтықта тұрған оқшауланған қоймада жүргізіледі.

      Петардалары бар жәшіктерді ашқан кезде металл саймандар қолданылмайды.

      146. Саны 1000 данадан асып түсетін петардаларды сақтау өндірістік, қызметтік және басқа ғимараттардан кем дегенде 50 метр қашықтықта орналасқан оқшауланған жайларда жүргізілуі тиіс.

      Петардаларды сақтауға арналған жайлар жанбайтын, құрғақ, жылу берілмейтін, шатырсыз, жабыны жеңіл болуы тиіс. Бұл жайлардың терезелері металл тормен қорғалады, ал шынылары ақ сырмен боялады.

      Қоймадағы желдеті табиғи, жайдағы ауа температурасы +30 оC-тан аспауы болады. Жайдағы жарық беру қымталған арматурасы бар электрлік болады. Ажыратқыштар мен сақтандырғыштар жайдан тысқары жерде орнатылады.

      Саны 1000 данадан аспайтын петардаларды сақтау жалпы қоймаларда үнемі құлыпқа жабылған арнайы тағайындалған металл шкафтарда немесе ішіне киіз салынған жәшіктерде жүзеге асырылады.

      Петардаларды сақтауға арналған жайлар тиісті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі.

      Қызметтік міндеттерін атқарған кезде петардалары болатын адамдарда әрқашан олардың көзделген толық жинағы болуы үшін петардалар пайдаланылуына қарай толықтырылып отыруы тиіс. Петардаларды пайдаланудың әр оқиғасы туралы акт жасалады, ол темір жол көлігі ұйымының тиісті шаруашылық бөлімшесінің оларды есептен алу үшін негіздеме болады.

      147. Қызметкерге петардалардың белгіленген жиынтығын осы мақсатқа арнайы әзірленген металл қораптарда ғана өзімен алып жүруге рұқсат етіледі.

      148. Петардалардың кепілдік қызмет ету мерзімін оларды талаптарға сәйкес сақтау шартымен әзірлеуші белгілейді және петардаларға арналған нұсқаулықта көрсетіледі.

      149. Белгіленген кепілдік сақтау мерзімі аяқталған соң жауапты өкіл сынау арқылы сыртқы түрі бойынша комиссиялық қарап тексеру мен тексеру жүргізеді.

      Петардалар сыртқы бетінің сақталуы олардың жарамдылығының негізгі белгісі болып табылады.

      Сыртын қарап тексеру кезінде қанағаттанарлық баға алған петардалар сол мерзімге әрі қарай сақтауға және пайдалануға жіберіледі.

      Сыртында шамалы коррозиясы бар петардалар 8-10 ай ішінде бірінші кезекте қолданылуы тиіс, ал коррозиясы айтарлықтайлары жойылады.

      Тексеріп қаралған және жарамды деп танылған петардалардың серіппелерінде тексеріп қарау күнін көрсете отырып, "жарамды" деген мастикалы мөртабан қойылады.

      150. Петардаларды сақтаудың ең ұзақ мерзімі 10 жыл деп белгіленеді, бұдан соң пайдаланылмаған петардалар оларды аз пайдаланылатын, станциялардан алыс тұйықтарда рельстерге салу және олар бойынша локомотив жүргізу арқылы жойылуы тиіс.".

      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Е.Н. Мейрбеков):

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген соң бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын, соның ішінде оны Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген соң он күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық-ақпараттық орталық" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялау үшін көшірмесінің жіберілуін;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген соң 5 жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментіне мемлекеттік тіркеу туралы және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жіберу туралы мәліметтердің берілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Ж. Қасымбек


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады