Учаскелік полиция инспекторларын тағайындау қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 шілдедегі № 438 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2014 жылы 19 тамызда № 9696 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі Заңының 11-бабы 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Учаскелік полиция инспекторларын тағайындау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (И.В. Лепеха) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. "Учаскелік полиция инспекторларын әкімшілік учаске тұрғындарының пікірін ескере отырып тағайындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 538 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2011 жылғы 9 ақпанда № 6770 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2011 жылғы 5 наурызда № 69 (26471) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Министр
полиция генерал-лейтенанты
Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 17 шілдедегі
№ 438 бұйрығымен бекітілген

Учакелік полиция инспекторларын тағайындау қағидасы

      1. Осы Учаскелік полиция инспекторларын тағайындау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі Заңына сәйкес әзірленді және ішкі істер органдарының (бұдан әрі – ІІО) учаскелік полиция инспекторларын тағайындау тәртібін анықтайды.
      2. Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторларын тағайындау рәсімін енгізудің мақсаты полиция мен тұрғындар арасында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру процесінде серіктестік қарым-қатынас құру және дамыту, учаскелік полиция инспекторларының азаматтар алдында жауапкершілігін арттыру, тұрғындардың ішкі істер органдарының қызметіне деген сенімін ұлғайту болып табылады.
      3. Үміткер (жұмыс істеп жүрген қызметкерлер) учаскелік полиция инспекторының бос лауазымдық орнына кадр қызметіне баянатты тапсырғаннан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде және ішкі істер органдарына қызметке жаңадан келген үміткерлер учаскелік полиция инспекторының бос лауазымдық орнына кадр қызметіне тапсырғаннан кейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей тиісті әкімшілік аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына ІІО басшылығы жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) өткізу қажеттігі, оның уақыты мен орны туралы өтініш енгізеді.
      Жергілікті қоғамдастықтың жиналысында (жиынында) ІІО басшылығы әкімшілік учаске тұрғындарына танысу үшін учаскелік полиция инспекторының лауазымына тағайындалғанды, сондай-ақ оның қызметтік тізімі мен қызметтік мінездемесін ұсынады.
      4. Жергілікті қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) ұйымдастыру және жүргізу "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңында көзделген тәртіппен өткізіледі.
      5. Учаскелік полиция инспекторларының бос лауазымдарын жұмыс істеп жүрген қызметкерлер алмастырады, кандидаттар болмаған жағдайда алмастыру конкурстық негізде "Конкурстық негізде орналастырылатын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының лауазымдар тізбесін және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарына қызметке орналасу кезінде конкурс және тағылымдама өткізу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 31 тамыздағы № 870 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14305 болып тіркелген) көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 06.02.2020 № 91 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады