"Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Астана қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 06-2216 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2015 жылғы 16 қаңтарда № 874 болып тіркелді. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 06-400 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 28.02.2018 № 06-400 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2014 жылғы 29 қыркүйектегі заңдарына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, оны кейіннен ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін интернет-ресурста және Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары С.М. Хорошунға жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Әкім

Ә. Жақсыбеков


  Астана қаласы әкімдігінің
2014 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 06-2216 қаулысына
қосымша

"Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау
басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
ереже
1. Жалпы ережелер

      1. "Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) өзіне берілген өкілеттіктер шегінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиардың функцияларын жүзеге асыру саласында басшылық жүргізетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы заңдарына және Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасын сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, "Алматы" ауданы, Республика даңғылы, № 28/1.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарма қызметін қаржыландыру Астана қаласының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: ведомстволық бағыныстағы аумақта сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асырған кезде азаматтар мен қоғамның заңды құқықтарының бұзушылығын болдырмау.

      15. Міндеттері:

      1) Астана қаласының аумағында салынып жатқан объектілерге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен қадағалауды жүргізу;

      2) Астана қаласының аумағында лицензиялау мен аттестациялауды жүзеге асыру;

      3) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының нормаларын сақтау;

      16. Функциялары:

      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекет ету;

      2) салынып жатқан құрылыс объектілерінде объектілердің салыну сапасына, Қазақстан Республикасы аумағы қолданысындағы мемлекеттік, сондай-ақ мемлекетаралық нормативтердің сақталуына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырады;

      3) жобалау-іздестіру, сараптау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жеке және заңды тұлғалармен орындалуына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

      4) объектілерде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушілердің техникалық қадағалау, жобаларды әзірлеушілердің авторлық қадағалау және мердігерлердің (бас мердігерлердің) қадағалау қызметіне бақылау және қадағалау жүзеге асыру;

      5) құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірісінің басталуы туралы хабарламада көрсетілген деректердің анықтығын белгілеу бойынша тексеруді жүргізу;

      6) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте нормативтік құқықтық актілерді және сәулет-құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік талаптарды бұзушыларға тиісті шаралар қолдану;

      7) Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртібінде қабылдау және мемлекеттік қабылдау комиссияларының жұмыстарына қатысу;

      8) берілген хабарламаларды қабылдау туралы берілген талондарға, қол қойылған келіспеушілік актілерге, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізе бастағаны туралы келіп түскен хабарламаларға талдау және есеп жүргізу;

      9) салынып жатқан объектілердің мониторингісі және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендердің сапасын бақылау;

      10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиар функцияларын жүзеге асыру;

      11) лицензия және лицензияға қосымша берген кезде өтініш берушінің біліктілік талаптарға сәйкестігін анықтау;

      12) лицензиялық бақылауды жүзеге асыру, оның ішінде тексерудің нәтижесі бойынша лицензиялау нормаларын бұзушыларға тиісті шаралар қолдану;

      13) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру;

      14) өтініш берушілердің құжаттарын қабылдау және қарау;

      15) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау жөнінде ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу;

      16) Басқарманың мүліктік және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін құқықтық құралдармен қорғау;

      17) құқықтық мәселелерді қарау кезінде Басқарманың мүддесін сотта және өзге де органдарда таныстыру;

      18) жүргізілген тексерістердің нәтижесі бойынша әкімшілік жазалауды қолдану туралы қаулыны шығару;

      19) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      17. Құқықтары мен міндеттері:

      1) Басқарма құзыретіне кіретін өндірістік қызмет мәселелері бойынша жедел шешім қабылдауды қамтамасыз ету үшін Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерімен өзара қарым-қатынасқа түсу;

      2) өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратқа, құжаттар мен материалдарға сұрау салу және алу;

      3) Басқарма қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласы субъектілерінен салынып (қайта жаңартылып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөнделіп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпаратқа сұрау салу және алу;

      5) танысу үшін тапсырыс берушілерден аталған құрылыс бойынша қажетті жобалау және атқарушы құжаттамаларын, сондай-ақ, тиісті жобалардың сараптамалық қорытындысын алуға сұрау салу және алу;

      6) салынып (қайта жаңартылып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөнделіп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз кіреді және онда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарына жедел инспекция жүргізу;

      7) бақылау және қадағалаудың өзге нысандарын жүзеге асырған кезде объектілерге барады;

      8) мемлекеттік нормативтерді бұзуға және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалық шешімдерден) ауытқуға жол берілгендігі анықталған жағдайда мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы жол берілген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердігерлік құрылыс-монтаждау ұйымының (кәсіпорнының) белгіленген мерзімде жоюы туралы нұсқама шығарады;

      9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманың белгіленген талаптарын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдайды.

      10) сотта талапкер және жауапкер болады;

      11) нұсқаманың талаптарын орындамаған жағдайда азаматтық және әкімшілік іс жүргізу тәртібінде: нұсқаманың талабын мәжбүрлеп орындау туралы, нұсқаманың талабын орындағанға дейін қызметін тоқтату және тыйым салу туралы.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      19. Басқарма басшысы Астана қаласы әкімінің өкімімен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма басшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары (орынбасарлары) бар.

      21. Басқарма басшысы Астана қаласының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып табылады, басшының орынбасарлары Астана қаласының бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасарлары болып табылады.

      22. Басқарма басшысының өкілеттігі:

      1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелеріндегі басшылардың міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды, лауазымдық жауапкершілігін белгілейді;

      2) Басқарма қызметкерлерін лауазымдық қызметке тағайындайды және босатады;

      3) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

      4) Басқарма қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтамағаны үшін жауапты болады;

      5) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері үшін орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;

      6) Басқарма құзыретіне кіретін құқықтық актілердің және басқа да мәселелер жөніндегі құжаттардың әзірленуін бақылайды;

      7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында Қазақстан Республикасы заңнамасын орындауға бақылауды жүзеге асырады, оның бұзылу дерегін қарастырады және өз құзыреті шегінде сол бойынша шешім қабылдайды;

      8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      9) Басқарма әкімшісі болып табылатын төлемдер мен міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      10) Бөлімдер туралы ережені және Басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      23. Басқарманың басшысы өзінің орынбасарларының өкілеттігін қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықтайды.

4. Басқарманың мүлкі

      24. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      25. Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік есебінен, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      26. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      27. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады