РҚАО ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1998 жылғы 24 наурыздағы "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Заңдарына сәйкес, Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
2. "Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. "Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Қарағанды облысы әкімдігінің 2005 жылғы 14 қаңтардағы № 02/20 қаулысы жойылсын.
Ескерту. Қарағанды облысы әкімдігінің 14.01.2005 № 02/20 қаулысы РҚАО-ға түскен жоқ.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік жасайтын орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Б. Әбдішев |
Қарағанды облысы әкімдігінің 2014 жылғы 06 маусымдағы № 27/09 қаулысымен бекітілген |
"Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің
Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. "Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (одан әрі – Басқарма) жолаушылар көлігі, байланыс және автомобиль жолдарының қызметін қамтамасыз ету саласында жергілікті деңгейде басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдастыру-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілдегі атауы жазылған өзінің мөрі мен мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
8. Заңғы тұлғаның орналасқан жері: 100000, Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Қазыбек би атындағы аудан, Әлиханов көшесі, 13 үй.
9. Мемлекеттік органның мемлекеттік тілдегі толық атауы: "Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі;
мемлекеттік органның орыс тіліндегі толық атауы: Государственное учреждение "Управление пассажирского транспорта и автомобильных дорог Карагандинской области".
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарма қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері
13. Миссия:Басқарма жолаушылар көлігі, байланыс және автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету саласында жергілікті деңгейде бірыңғай саясат жүргізеді, сондай-ақ үйлестіру, тәртіптеу және бақылау бойынша жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды жүзеге асырады.
14. Міндеттер:
1) көліктің барлық түрімен жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру;
2) жергілікті деңгейдегі жолдардың құрылысы, жөнделуі және ұсталуына байланысты жұмыстарды ұйымдастыру.
15. Функциялар:
1) өзінің өкілеттігі шеңберінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары дамуының басым бағдарламаларын жасау және жүзеге асыру;
2) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының жағдайын талдау мен болжамдар жасауға, Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша инвестициялық бағдарламалар жасауға қатысу;
3) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыс әкімдігінің отырыстарына материалдар даярлауға қатысу;
4) қаларалық облысаралық, ауданаралық (облыс ішіндегі қалааралық) бағыттарды жалғастыратын жолаушылар мен жүктерді тұрақты автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру, оларға қызмет көрсету құқығын беретін конкурстарды ұйымдастыру және өткізу;
5) автомобиль көлігімен тұрақты ауданаралық (қаларалық облысішілік) жолаушыларды және жүк тасымалдау маршруттарын және қозғалыс кестелерін бекіту;
6) тұрақты қаларалық облысаралық жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдаудың маршруттары мен қозғалыс кестелерін келісу;
7) автовокзалдар мен автостациялардың тізілімін жүргізу;
8) тұрақты ауданаралық (қалааралық облысаралық) жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдаудың маршруттары тізімін жүргізу;
9) автомобиль көлігімен ауданаралық (қалааралық облысішілік), әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыру барысында тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауды жүзеге асыру;
10) теміржол көлігімен ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы жолаушылар қатынасын ұйымдастыру;
11) әлеуметтік мәні бар ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы жолаушылар қатынастары (маршруттар) бойынша теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының залалдарын субсидиялау;
12) төтенше жағдайлар болған жағдайда тасымалдауды уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдау;
13) ауданаралық (қалааралық облысішілік) және қала маңындағы бағыттарды анықтау;
14) авиамаршруттың тиiмдi жұмыс iстеуiне қажеттi кiрiс деңгейiн қамтамасыз етпейтiн тұрақты ішкі (облысішілік) тасымалдарды субсидиялауды жүзеге асыру;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жол қызметін қаржыландыруға арналған қаржыны пайдаланудың тәртібін анықтау және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету;
16) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес, облыстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының құрылысы, қайта жаңартуы, жөндеуі және күтіп ұстауы бойынша жұмыстарды ұйымдастыру.
Көлік инфрақұрылымын дамыту саласында мемлекеттік сатып алудың ортақ ұйымдастырушысы болып автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету, облыстық бюджеттік бағдармалар әкімшілері үшін қызметтік автокөлікті ұстап-күту және қызмет көрсету бойынша қызметтер;
17) облыстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары торабын басқару;
18) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы, қайта жаңартуы, жөндеуі және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу барысында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
19) теміржол, автомобиль көлігі және автожолдар бойынша заңнамалар талаптарын орындау мәселелері бойынша аудандық және қалалалық аумақтық органдар қызметін үйлестіру;
20) байланыс қызметтерін ұсынуды ұйымдастыру;
21) мемлекеттік орган қызметінің бағыттары бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру;
22) тахографтарды орнату және оларға қызмет көрсету жөніндегі қызметтің жүзеге асырылуының басталғандағы туралы хабарлама берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізеді;
23) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауды жүзеге асырады;
24) халықаралық техникалық байқау сертификаттарын беру;
25) механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу кестесін келісу;
26) таксимен тасымалдаушы ретінде қызметін жүзеге асыруды бастағаны туралы хабарлама берген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың тізілімін жүргізеді.
16. Құқықтары мен міндеттері:
1) жергілікті атқарушы органдардан, облыстық комитеттер мен басқармалардан, ведомстволық бағыныштылығы мен меншік түріне қарамастан облыс территориясында орналасқан кәсіпорындар мен ұйымдардан Басқарманың функциясын орындау үшін қажетті ақпараттарды сұрауға және алу;
2) жергілікті атқарушы органдарына Басқарма өкілеттігі шеңберіндегі жекелеген мәселелерді шешу үшін материалдар даярлауды тапсыруға, Басқармаға жүктелген функцияларды орындау үшін басқа басқармалар мен ұйымдардың басшыларының келісімімен олардың қызметкерлерін тарту туралы ұсыныстармен шығу;
3) белгіленген тәртіп бойынша Басқарма жанынан мамандар құрамынан консультативтік, қоғамдық кеңестер, сарапшылар тобын құру;
4) міндеттерді жүзеге асыруға байланысты шешімін табу республикалық деңгейде қамтамасыз етілетін ұсыныстарды тиісті министрліктер мен ведомстволардың қарауына енгізу;
5) облыс әкіміне және облыс әкімінің жетекшілік жасайтын орынбасарына Басқарма жұмысын жақсарту туралы ұсыныстар енгізу;
6) белгіленген тәртіппен Басқарманың өкілеттігіне жататын мәселелер бойынша кеңестер шақыру;
7) Басқармаға заңнамамен жүктелген басқа да құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
17. Басқармаға басшылықты басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.18. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
19. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыс әкімі аппаратының басшысы және жетекшілік жасайтын орынбасарының келісімімен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
1) өзінің орынбасарлары мен Басқарманың құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттерін және өкілеттіктерін айқындайды;
2) өзінің өкілеттігі шеңберінде Басқарманың барлық бөлімшелері үшін орындалуға міндетті бұйрықтар, тапсырмалар және нұсқаулар береді;
3) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережені, сол сияқты тиісті мерзімге бекітілген қаржының шеңберінде Басқарма аппаратын ұстауға арналған сметаны бекітеді;
4) заңнамаға сәйкес штаттық кесте бойынша Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және босатады;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жазалар қолданады;
6) құжаттардың орындалуына бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады, олардың сақталуына жауапкершілік алады;
7) банк мекемелерінде есеп айырысу және басқа есеп-шоттар ашады;
8) стратегиялық және ағымдағы жоспарларды бекітеді;
9) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерді марапаттауды жүзеге асырады;
10) өзінің өкілеттігі шеңберінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарманың атынан басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдарға шыға алады;
11) өкілеттігіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;
12) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды сақтау бойынша жеке жауапты.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
21. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4. Мемлекеттік органының мүлкі
22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.