"Қызылорда облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық әкімдігінің 2014 жылғы 30 маусымдағы N 625 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 04 шілдеде N 4717 болып тіркелді.

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 30.09.2014 № 724 қаулысымен

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. "Қызылорда облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары А.Ш. Әлназароваға жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қызылорда облысының әкімі

Қ. Көшербаев


  Қызылорда облысы әкімдігінің
2014 жылғы "30" маусымдағы
№ 625 қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қызылорда облысында білім саласында (-ларында) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.

      2. Қызылорда облысының әкімдігі Басқарманың құрылтайшысы болып табылады.

      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.

      9. Басқарманың орналасқан жерi: Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, 120014, Қызылорда қаласы, Бейбарыс Сұлтан көшесі, нөмірсіз.

      10. Мемлекеттiк органның толық атауы – "Қызылорда облысының білім басқармасы" мемлекеттiк мекемесi.

      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарманың қызметiн қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Басқарманың миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi

      14. Басқарманың миссиясы:

      облыстың білім саласының дамуының негізгі мақсаттарын іске асыру және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге негізделген білім берудің тиімді және біртұтас жүйесін қалыптастыру, білім беру сонымен қатар бала құқықтары туралы Конвенция мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында көрсетілген заңды құқықтарды сақтау негізінде баланың үйлесімді дамуына жағдай жасау, қоғамда адамгершілік басымдықтар мен рухани бағдарларды қалыптастыру, сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестірудің тиімді жүйесін құру.

      15. Мiндеттерi:

      1) облыста білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      2) Қазақстан Республикасы Конституциясының, Бала құқықтары туралы Конвенцияның, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы", "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңдары мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесі бойынша басқа да заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес барлық санаттағы балалардың құқықтарын жүзеге асыруға байланысты кешенді шаралардың іске асырылуы бойынша бақылау мен ведомствоаралық ыңтымақтастықты жергілікті деңгейде үйлестіру;

      4) әлеуметтік жетімдіктің, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастың, бала еңбегінің ең нашар түрлерін алдын алу және болдырмау, өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға көмек көрсету, балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жағдайлар жасауға ықпал ету;

      5) бала құқықтары туралы Конвенция ережелерінің, адамгершілік-рухани тәрбие бағдарламаларының жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу, балалардың рухани өсуі мен әлеуметтік жағдайларының қолайлылығына талдау мен болжам жасау, өңірде балалардың өмір сүру жағдайларының сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Көпшіліктің бала құқықтары мен оны жүзеге асыру жолдары туралы ақпараттану деңгейін көтеру;

      6) балалардың өзін-өзі дұрыс қалыптастыруына жағдай жасау, адамгершілік-рухани құндылықтар негізінде балалардың қоғамға жақсы енуіне бағытталған балалардың әлеуметтік бастамалары мен балалардың қоғамдық ұйымдарын қолдау және ынталандыру;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге міндеттерді жүзеге асыру.

      16. Функциялары:

      1) азаматтардың құқықтық тәрбиесiн ұйымдастыруды қамтамасыз етедi;

      2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді қамтамасыз етеді;

      3) балаларды арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқытуды қамтамасыз етеді;

      4) мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балаларды оқытуды қамтамасыз етеді;

      5) білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді және негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын солармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады және олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;

      6) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы туралы облыс әкімдігінің шешімінің жобасын дайындап бекітеді;

      7) білім алушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуын ұйымдастырады;

      8) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ, арнайы және мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      9) мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiнiң мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасынан төмен отбасылардан шыққан бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлеріне және жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемдi талап ететiн отбасылардан шыққан балаларға және бiлiм беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге жалпы бiлiм беретiн мектептердi ағымдағы ұстауға бөлiнетiн бюджет қаражатының кемiнде бiр пайызы мөлшерiнде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсайды;

      10) мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң кәсiптiк бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын, сондай-ақ, мамандандырылған және арнайы жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары үшiн қағаз және электрондық жеткiзгiштерде оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн сатып алуды және жеткiзудi қамтамасыз етедi;

      11) облыс ауқымында жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша мектеп олимпиадаларын және ғылыми жобалар конкурстарын, орындаушылар конкурстары мен кәсiби шеберлiк конкурстарын ұйымдастыруды және өткiзудi қамтамасыз етедi;

      12) балаларға облыстық деңгейде жүзеге асырылатын қосымша білім беруді қамтамасыз етеді;

      13) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрларын қайта даярлауды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      14) балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын тексеруді және халыққа психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

      15) дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз етеді;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастырады;

      17) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде бітірген адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді;

      18) берілген өтінімдерге сәйкес кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, ауылдық жердің кадрлар қажетсінуі туралы өтінімді білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға жыл сайын 15-ші сәуірге дейін ұсынады;

      19) білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруі туралы мәслихатқа ұсыныс енгізеді;

      20) білім беру мониторингін жүзеге асырады;

      21) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      22) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында ұсталатын адамдарға жағдай жасайды;

      23) қамқоршылық кеңестерге жәрдем көрсетеді;

      24) конкурс жеңiмпаздарына – мемлекеттiк орта бiлiм беру мекемелерiне "Орта бiлiм беретiн үздiк ұйым" грантын төлейдi;

      25) мамандандырылған және арнайы жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында экстернат нысанында оқытуға рұқсат бередi;

      26) балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысу;

      27) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi консультацияларды хабарлау мен өткiзу, iс-шараларды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу туралы облыс әкімдігінің қаулысы жобасын әзірлеу;

      28) тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi және спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласында балалар мүдделерiне орай орталық атқарушы органдар айқындаған мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады;

      29) жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды міндетті түрде жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етудi белгiленген тәртiппен жүзеге асыру;

      30) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың дербес құрамын бекiту үшiн тиiстi мәслихаттарға ұсынады және олардың жұмысын ұйымдастырады;

      31) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың және жайсыз отбасылардың өңiрлiк есебiн жүргiзеді;

      32) өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жұмысқа орналастыру және тұрмыстық жағдайын жасау, өзге де көмектер көрсету жөнiндегi шараларды қолданады;

      33) қызметтерi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, жасөспірімдердің салауатты өмiр салтын насихаттау, құқықтық сауаттылығын арттыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға байланысты коммерциялық емес және өзге де ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдiстемелiк көмек көрсетеді;

      34) үш жастан он сегіз жасқа дейінгі қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандарды, ата-анасының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілетін кәмелетке толмағандарды заңда белгіленген тәртіппен бейімдеу орталықтарында ұстайды;

      35) кәмелетке толмағандар үшiн, оның iшiнде бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардың әлеуметтiк инфрақұрылымының қалыптасуын қамтамасыз етеді және олардың қызметтерiнiң мониторингiн жүргiзеді;

      36) жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды белгiленген тәртiппен мемлекеттік қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      37) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданады;

      38) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады;

      39) мемлекеттік орган жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында оның қызметінің бағыттары бойынша ішкі бақылауды жүзеге асырады.

      17. Құқықтары мен мiндеттерi:

      1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру барысында заңнамада бекiтiлген тәртiппен:

      мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;

      құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;

      қолданыстағы заңнамалық актiлерде қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы.

      2) Басқарма:

      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;

      қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;

      қолданыстағы заңнамалық актiлерде қарастырылған өзге де өкілеттіктерді атқаруға міндетті.

3. Басқарманың қызметiн ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бiрiншi басшы жүзеге асырады.

      19. Басқарманың бiрiншi басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      20. Басқарманың бiрiншi басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) өз қызметін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;

      2) барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда өз өкілеттігі шегінде Басқарманы бiлдiредi;

      3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;

      5) еңбек қатынастары мәселелері өз қызметіне жататын Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

      6) бұйрықтарға қол қояды;

      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      8) шарттар жасасады;

      9) сенімхаттар береді;

      10) өз өкілеттіктерін ұйымдастыру және ішкі тәртіп мәселелері бойынша регламент қабылдайды;

      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша дербес жауапкершілікте болады;

      12) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      13) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;

      14) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;

      15) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;

      16) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      17) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;

      18) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;

      19) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен, облыс әкімдігімен, әкімнің және оның орынбасарларымен, облыс әкімінің аппаратымен жүктелген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      22. Бiрiншi басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.

      23. Басқарманың жұмыс режимі:

      1) басқарма аптада 5 (бес) күн жұмыс істейді;

      2) басқарманың жұмысы жергілікті уақыт бойынша сағат 09-00 де басталып, сағат 19-00 де аяқталады. Сағат 13-00 ден сағат 15-00 ге дейін үзіліс;

      3) Сенбі және жексенбі күндері сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері басқарма жұмыс істемейді.

      24. Басқарманың жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

      25. Басқарманың әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және мемлекеттік қызмет туралы заңына сәйкес реттеледі.

4. Басқарманың мүлiгі

      26. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлігi болуы мүмкiн.

      Басқарманың мүлігі оған меншiк иесi берген мүлiктен, сондай-ақ, өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiктен (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.

      27. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық меншiкке жатады.

      28. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады